ЖЕР ЖҮРЕГІ (Повесть)

Әдебиет
605 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Қазір жерді тесіп, бұрғылап, ұңғып, астын үңірейтіп жатырмыз. Жердің астында да, үстінде де атом бомбасын гүрс-гүрс жаратын болдық. Адамзат баласы ойлануы керек. Жердің өзегі талып, ядросынан шығып кетсе не боламыз? Жер-Ана қасиетті, киелі. Оныңкиесіне ұрынбауымыз керек. Уранды бейбіт өмірге пайдалануға күш салуымыз қажет.Уранмен әлемде қаншама атом бомбаларын дайындап қойдық. Біреуі жарылса бүкіләлемде бар бомбалар гүрсілдеп бірінен соң бірі жарылып, әлем тып-типыл күйіп,жер кіндігінен шығып, айдалаға басқа галактикаға сіңіп, быт-шыт болып, құрыпкетеді. Ұқтың ба? Бүкіл тіршілік жоқ болады. Ақыл-ой құдіреті тек адамға ғанаберілген, бүкіл тіршілік иелерінен санасы биік, ойлау, болжау, еңбек ету әлемдіосындай адамзатқа қызмет ететін құлпырған жағдайға жеткізді. Енді соны өздерібіржола қиратып, түп-тамырымен түгел жоятын не сұмдық қарулар ойлап табуда.Адамзат зұлымданып барады. Өте қауіпті, үрейлі замандамыз, алапат апаттан жершарын, бүкіл адамзатты қалай құтқарамыз? Ядролық бомбалары бар елдер басшыларымәмілеге келе ме? Міне, ең өзекті мәселе деп осыны есіңе сақта! Біз бүгінгітапқан кенімізге, қаражат-байлығымызға мәз бола бермей, осы ураннан жасалғанбомбаларды залалсыздандырсақ, бейбіт өмірге пайдалансақ – қандай тамаша болареді.

Бобров түрін қатқылдандырып, әр сөзін атқан оқтай қадап-қадап, көзін тіктеп қарап айтқан сәтте бойы шімірікті. Осы жасқа келгенше мына данышпан геолог шал айтқан жайттарды мүлде ойламапты. Бар арман-қиялы жаңа кен орындарын тезірек тапсам деп жанталасып жүр емес пе?!

Түнгі сағат бірде жан жадыратар мақпал жып-жылы түнде қонақтарын аэропортқа шығарып салды.

– Ғалеке, сені туған баламдай жақсы көріп кеттім. Жөні келсе анау Новосибирскідегі Мишаға-Михаил Каширин деген кенжеме көз қырыңды сала жүр, – деп мұнысын әйеліне естіртпей Вася ағай құшақтасып қоштасты…

* * *

Самолет қайқаң етіп аспанға көтеріліп, бетін шығысқа қарай бұрған сәтте иллюминатордан Алматыны көзі шалып қалды. Алматы самаладай жарқырап асқар таулардың бөктерінде бұған өте жақын, тым ыстық көрініп кетті. Қайран алтын бесігім – Алматым, сенен небәрі елу шақырым жерде туып-өсті де он жеті жасынан бастап осы шаһарда жастық дәуренін өткізді, үйленді, бала сүйді, диплом алып, жұмысқа тұрды…

Әлемнің қаншама жерін шарлады, талай-талай елдің аузының суы құрыған алып қалаларын көрді. Ауасы жұпар, суы бал қасиетті көркем қала, жасыл желекке оранып, көше түгел тоғай – баққа малынып, жасанып жаңғырып тұратын Алматыға әрқашан сағынып жетеді. Алматыдай әсем шаһар әлемде жоқ-ау.

Аэропортта самолеттен түсісімен бұрындары Алатауына қарайтын, сеңгір-сеңгір басына буда-буда ақмұнар бұлт оранған шыңдары қысы-жазы ақкүмістеніп жарқырап, баурайы көк-жасылға бөленген асқақтаған таулардың биіктігіне қарап, сәлем беруші еді-ау…

Жас кезінде арқасына жолқапшығын іліп алып осы керілген кербез таудың қойнау-қойнауларын аралап, ақмаржан тамшыларынан рахат-буы бұрқыраған сай-салаларындағы сұлудың бұрымындай өзен-бұлақтардың жағасында, нән-нән қарағай шыршалардың аясында сан-мәрте рахаттана саяхаттағаны, демалғаны қандай еді, шіркін!

Ақ қалпақ киген абыз Алатауының, алтын алқа, сәні мен салтанатын бойына жинаған құты арылмаған Алматының күн сәулелі, ай дидарлы адамдарының мейірім-шапағаты қандай?!

Ылғи жанталас, асығып-үсігіп жүріп, төңірегімізге тоқтап, зерделеп қарай да бермейміз. Неге сонша жұлқынамыз, неге?

Өзегіне құрт түскен кемік, қураған ағаштай үш ай бойы тар төсекте таңылып, екі көзі төрт болып жатқанда баршаның қадір-қасиетін екшелеп, таразылап шықты. Белден төменгі жағы, екі аяғы салдырап жансызданып қалғанда талқаным таусылып, өмірім өшті-ау деп опынды. Кеуде сарайыңды шайдай ашатын Алатаудың ақсаумал самалын сағынды, шекеңнен шығатын тастай балбұлақтардың суын сағынды, кешке кереметтеніп кететін Алматының көшелеріндегі ерсілі-қарсылы күлкі, қуанышқа көмілген жұрттың шуылын сағынды.

Ақ сауырлы самолет қалың бұлттарды қақ жарып биіктеп шырқаған сайын Ғалымжан Жартыбаевтың кеудесін сағыныш буып, жүрегі елжіреді. Нар шыңдары күнмен таласқан Алатауға ұзақ-ұзақ сүйсіне қарап, айнадай жарқыраған екі шетін ағаштар көмкерген көшеде алшаң басып жүрген ей, туыс бауырларым, сендер не деген бақытты едіңдер! Төрт мүшесі түгел, жандүниесі орнында, жүрегі ешнәрсеге алаңдамайтын сендер бақытты да тамаша өмір сүріп жүргендеріңді білесіздер ме? Қаншама бейбақ тұра алмай, жүре алмай, бір адым аттауды армандап құсалықтан – қапаланып, булығып тас мешел мүсәпір болып жатқанын сезесіздер ме? Ей, бауырларым-ай, асыл ағайындарым! Біз Адам болып туған соң, шіркін-ай, бұл жарық дүниеде елмен терезең тең болып, денің сау, аяқ-қолың аман болып, жүгіріп жүргендеріңе шүкіршілік етіңдерші! Шіркін, қайран дүние?!

Осыдан аман оралсам…

Ғалымжан ұйықтағансымақ болып, көзін жұмып жатқанымен санасы сапырылысып, әлдебір іңкәр сезім кеудесін буып, ойдан ой қуалап, туған ауылын еске алды.

Кішкентай ғана шойын жол бойындағы станцияға бармағалы үш жылдан асыпты. Барайын деген, бірақ сан-сапалақ шаш-етек шаруаларынан қолы тимеді.

Шешесін Алматыға көшіріп алмақшы еді, кәртайып қалған анасы азар да безер болды. «Шалымның қара шаңырағын тастамаймын» – деген соң үйінің жанындағы бақта дүңгірлетіп жаңа үй салып берді. Каникул-демалысы болса болды кідіріс, бөгеліссіз Үміт әжесіне қарай ұшып тұрады.

* * *

Ең үлкен қорлық – бір адым жер жүре алмау екен ғой. Әлемді олай-бұлай шарлап, түстікті Астанадан, кешкі асты Алматыдан ішіп, ертеңгісін Созақта жиналысын өткізіп жүрген бұл енді тік тұруға да жарамай, сал болып жатқанда Сеулде ғұлама хирург-онкологқа баратын болып, сол үміт қолтығынан демеп, қос қанаты болып небір қиялдарға берілетін болды.

Вася ағай берген карта – бұған бақыт құсындай даңқ пен байлыққа кенелтті. Жаңа кен орындарын бірінен соң бірін ашып, оффшор аймағындағы шотына түсіп жатқан қаржыға өзі сенбей жүрді. Аз жылда миллионер болып, Мәскеуден докторлығын қорғаған сәтте баяғы Алматыдағы бұғақты бастығы мұны мақтап тұтып алғанын айтпа!

Созақтың шетінде салынған коттеджге әйелі бір жеті тұрды да:

– Аллергиям бар, жақпады. Қапырық екен, мен Алматыда тұра берейін, – деген соң орталықтан кең төрт бөлме үй алып берді. Қаланың тау жақ бөктерінен үш қабат дача салдырып, оған күзетші, бақ күтуші қойды. Әйеліне жеке баспа және бір сұлулық салонын сатып әперіп қойды.

Баяғы жіп-жіңішке сидым денесі толысып, жүзі райланып, бастықтардың әйеліне тән кербездік пен айбарлылық мінез тауыпты.

Ғалымжан Райханды ойлағанда тәтті жымиды. Өткір, пысық осы бір дөңгелек жүз әңгелектей сары қыз:

– Аға, мен пейдждокторлық тақырып алдым. Жетекшіме Сізді таңдадым, – деді бірде кабинетіне кіріп.

– Қайда істейсің? – деді бұл орнынан түрегеліп.

– Картография кеңсесінде. Ағай, мені геологтар партиясына алыңызшы. Барлаушы-зерттеушімін ғой, – дегенде қалай келісімін беріп қойғанын өзі де білмейді.

Экспедицияға шықса Райханды ала кетеді, тіпті ол мұның сенімді көмекшісіне айналды. Әлемдегі ең озық жаңалық атаулыны интернеттен тауып, айтып отырады, өзі ағылшын тіліне судай, сөйлейтін сөздерін жазады, мақалаларын дайындайды.

Райхан кейде мұның коттеджіне қонып қалып жүрді. Кейін қоя салармын деп жүруші еді, келе-келе бір-бірін іздейтін, бір-бірінсіз тұра алмайтын, ұзаса сағынып көрісетін сезімге тап болды. Ақыры Райхан жатақханасындағы шабаданын көтеріп, мұның даңғарадай коттеджіне көшіп кіріп алды. Ер азамат сыртта әйелсіз жалғыз ұзақ жүрмесін де, әсіресе дәулетті қалтасы қалың еркекке балға үймелеген арадай жабысатын етектілер тым көп. Ғалымжан қырықтан жаңа асқан жаужүрек дүр шағы, қыз жиырма бесте құлпырып тұр.

Райхан алғыр, мақсатына жетпей қоймайтын өжет қыз. Ғылыми жұмысын да жазып тастап, қорғап алды. Айтарын емеуірінен танып, мұның бар шаруасын тап-тұйнақтай орындап тастайды. Жатса да, тұрса да, экспедицияға шықса да – екеуі бірге жарасып құлшыныспен жүрді.

Қалта телефонымен әйелімен сөйлесіп, анда-мұнда жол-жөнекей барып тұрады.

Райхан жаңа қауызын ашқан жауқазындай үлбіреп, елжіреп қарсы алады. Иықтан ғана қиған сап-сары сусыған шашы қандай, аса арық та емес, әдемі толмаған құлын мүсінді сұлу денесі қандай, еркелеп, назданып сыңғырлай күлгені қандай!

Қанша шаршап-шалдығып келсе де Райхан мойнына асыла кеткенде жұпар иісіне, мақпал жұмсақ денесіне балқып, шалқып көңілі аспандап көтеріліп кететінін қайтерсің?..

Тек бірде ертеңгі асты ішіп отырғанда Райхан бұған мұңая қарап:

– Сізге бірдеңе айтсам ренжімейсіз бе?.. – дегені.

– Айта бер, Райхан! – деді бұл ойында ештеңе жоқ.

– Мен жүкті болып қалыппын. Айтпасыма болмайды, уақыт өтіп барады. Не істейін? – деп бұған сынық жүзбен сынай қарады.

– Тез алдырып таста! – деп даусы қатты шығып кетті. – Жұмысқа бармай-ақ қой, алдырт! – деп апыл-ғұпыл киініп шығып кетіп қалды.

Кешке келсе төсекте жатыр, құп-қу болып кетіпті.

– Райхан! Қалың қалай? – деп еді, ол теріс қарап екі иығы селкілдеп жылап жіберіп:

– Өзім үшін болса да туып алуым керек пе еді! Қайран нәрестем-ай, Алла өзі екеумізге сыйлады ғой. Өзіміз жоқ қылдық. Бір ауыз ақылдасуға, кеңесуге жарамадың. Мен ішіме біткелі саған айтуға сан оқталып, неше түрлі ойға беріліп жүрдім. Сіздің де бір тал қызыңыз ғана бар, ұлыңыз жоқ. Адам ұрпағымен көбейеді, неге қорықтыңыз. Тіпті болмаса мен балаңызды құшақтап, Астанаға не басқа қалаға көшіп кетер едім ғой, – деп өксіп-өксіп айтқан сөздері дәл шекесін көздеп атқан оқтардай басын дың-дың еткізіп, есеңгіретіп, төсектің шетіне шөкелеп отыра кетті. Райхан танысқалы бері бірде-бір рет дауыс көтеріп, бөтен мінез көрсеткен емес-тін. Жүрегі аударылып түсіп, түтігіп не істерін білмеді.

Қайта шоферін шақырып алыс рудниктерді аралап, үш күннен кейін ғана оралды.

Көңілі күпті болып, Райхан қалай қарсы алар екен деп, жүрексіне үйіне кіргенде алдынан жарқырай күліп, құшақтай қарсы алған оның алтын түстенген шашынан иіскеп, аймалап тұрып алды.

* * *

Арқаның арқыраған бораны бір апта тоқтамады, қар қалың жауып, жол жабылып қалды. Ғалымжан Бетпақдаладағы кен орнын барып көруге асықты. Өзі қасына көмекшісімен бір машинада, екіншісінде орынбасары Бармақов, үшінші джипте Райхан бастаған ғалым барлаушылар оппа қар көмген жолмен экспедицияға шықты.

Жаз басталмай тұрып-ақ геологтарды апарып Күмістаудағы төрт-бес нүктені белгілеп, уақытша жасата бастаған. Қанша тереңдетсе де ешбір нәтиже бермей, енді тоқтатамыз ба дегенде, рациямен жақсы хабар жетті. Енді соны өзі көзімен көріп, белгілеп, қанша кен қоры бар екенін анықтап қайтуы керек. Талай ғалымдар бұл өңірді шарлап ештеңе жоқ деп мүлде қазуды тоқтатса да, Жартыбаев қадалып, осы тауды төрт бүйірінен тесіп, ақыры мол олжаға кенелмекші.

Міне, үш жыл болды әр кен орнын тек өзі ғана тауып, авторлық құқық тек өзінде ғана болуды қадағалайды. Әрине, кейін жоғарыға барғанда министр мен орынбасарының аты-жөндері қосылып, үшеуі зор жаңалық ашқаны үшін өте мол қаржы алып, оффшор аймағына аударылады. Жазда Жақан Сарбасов екеуі сол жақта он күн демалып, есеп-шоттарын анықтап қайтты. Бес миллион доллар қаржысы бар миллионер Жартыбаевтың арқасынан қаққан Жақан:

– Осы бағытыңнан таймасаң әлі талай жақсылыққа ие боласың, – деген еді. Жаңа кен орнының әрқайсысынан бір-бір лимоннан – миллионнан пайда түсейін деп тұр. Астанадан министр мен орынбасары да қайта-қайта телефон шалып асықтырып, қатты қадағалап отыр. Академик Бобровтың картасы бойынша әлі зерттеуді күтіп жатқан қаншама нүктелер бар десеңізші. Оның бәрін ашқан кезде дүниежүзінде алдыңғы орынға шығады. Әрине ол үшін біраз уақыт керек, ол орасан табыс көзі.

Піскен сүттей теңіздің жып-жылы суына шомылып, аспаннан рахман нұры төгілген ұжмақ өлкесінде демалып жатқанда сол кезде Сарбасов ешкімге айтпа деп бір жақсылықтың басын қылтитты.

– Келер жылдары министр өсіп кетпекші. Орнына мені, ал менің орныма сені дайындап жүрген ойымыз бар. Тек сенімнен шығып кетпе, ісіңе мығым бол. «Бал ұстаған бармағын жалайды» демекші нәпақамыз көбейе берсін. Мына шіренген шенеуніктердің көбісінің өстіп жасырып жинаған байлығын көрсең біздікі биік таудың қасындағы қос уыс топырақтай ғана кіп-кішкентай дүние. Байлығың болса – барлығы болады. Министр көкеміз не деген көреген, ақылды, сол кісі аман болсын! – деп талай-талай ақыл-кеңесін айтқанда жаны жадырап, балқып жүрді. Енді Жақанның орнына барса елдегі барлық түрлі-түсті кеннің бәрі уысында болады, одан ары бір секірсе министр болып шыға келмей ме? «Мақсаты, арманы жоқ жан – өлген итпен тең» – деп қаракемпір шешесі айтып отырушы еді. Әкесі бұл туғанда «Бұл балам үлкен оқымысты ғалым болсын, атын Ғалымжан деп қоямын» – деп өзі атын қойыпты. Әке аруағы шығар міне, бар атақ-даңққа ие болды. Баяғы мұны көзіне ілмей бәленбай жыл кіші ғылыми қызметкер қылып, диссертациясын қорғағанда қайта-қайта құлатқан қасқабас, салпақ бұғақ институт директоры қазір мұның алдында «Ғалеке» – деп құрақ ұшады. Бөтен елге «Жартыбаев менің шәкіртім» – деп қыр да көрсетіп қоятын көрінеді.

Екі айдай бұрын бұған жаңа орынбасар етіп Бармақовты жіберді.

Министрлікте істеп жүрген, өндірісті білмейтін көзі шегірейген жіңішке ұзынтыра бұл жігітті ә дегеннен суқаны сүймеді. Сарбасов: «Бұл министр көкеміздің әйелінің інісі. Болашақпен шетелде оқып келген, тәрбиеле, шыда» – деген соң ғана, орынбасарлыққа әзер тағайындады. Бармақовтың не болса соны тіміскіленіп, сумақайланып жүретінін байқап бойын ары салып, ішке тартпайды.

Арқаның бораны ышқына соғады, күрдек қарды суырып, жолдың кей тұстарын жауып тастаған. Үш джип сақылдаған сары аязға, буырқанған боранға қарамай Бетпақдаланың таулы-тасты даласын тіліп салған жолмен зулап келеді. Кенет анадайдан ақбөкен текесі ойқастай шығып, қалың қарда секектей секіріп, жолда қасқая қарап тұрып, оңға ауып кетті.

– Ақбөкендер келген екен ғой, көп болып еді көрінбегелі, – деді мосқал тартқан көп сөзге жоқ шофер жүрісін тежеп, жан-жағына қарап. – Әп бәсе, әне ана қырқадан бері қаптап шықты. Ақбөкендер үйірін текесі осылай бастап, алға түсіп байқап жүреді.

Ақ қар, көк мұзда бірінің ізін бірі басып, тізбектелген ақбөкендер шұбырып келеді.

– Бұл араға бұл жануарлар неге ауып келді екен? – деп шофер таңдайын қағып қойды.

Іле артында келе жатқан машинадан тарс еткен мылтық дауысы естілді.

– Тоқта! – деді Ғалымжан ышқынып. Далаға тонының алдын түймелеп үлгермей атып шықты. Артындағы машина да тездете тоқтап, одан орынбасары Бармақов ыржия күліп түсе бергенде, оның қолындағы мылтығын жұлып алды.

– Ғалымжан Жартыбаевич! Семіз қуырдақ жейтін болдық! – деп ол мәз болып тұр. Ашудан қалшылдаған Ғалымжан жұдырығын тастүйін түйіп, дәл құлақ шекесінен бір перді. Анау мұны күтпесе керек, ербең етіп көкше мұзға тайғанақтап ұшып түсті. Басындағы құндыз малақайы сайға дөңгелеп кетті.

– Оңбаған! Атуға кім рұқсат берді саған! Осыдан барған соң сені соттатам, міне мыналар бәрі куә! – деп жиналып, үркіп қалған жүргіншілерді нұсқады.

Жолдың жиегінде ақ қарды қызыл қанға бояп жаңа ғана ойнақтаған ақбөкен текесі қансырап, тыпырлап жатты.

– Кеттік! – деді әмірлі үнмен. Бармақов үсті-басын қаққыштап, жылан көзі шегірейіп, ашудан түтігіп, бет-аузы құрысып, машинасына қарай шатқаяқтай кетіп бара жатып «Көрерміз» – деді ол ашудан қалшылдап, тістене күбірлеп.

Жол тау арасына кірген соң, ию-қию бұрылыстары көп. Ғалымжан ашуы басылған соң, енді жаңа орынбасарына қол жұмсағанына өкіне бастады. Осы ғұмырында төбелесіп, біреуді ұрып, не өзі таяқ жеп көрмепті. Шешесі: «Қу жалғыз, өмірі біреумен төбелесіп, ерегіспе, жауласпа! Артыңда тіреп тұрған ешкімің жоқ, құрып кетесің» – деп зарлап отыратын. Енді ай-шай жоқ дүйім жұрттың көзінше жұдырық ала жүгіргені, ананы қалпақтай ұрып ұшырып түсіргені – ертең қалың жұртқа жайылады, басшылар естісе не дейді?

Іштей үгіліп, опық жеп, сабырға келген соң енді не істерін ойлай бастады. Қазір Күмістауға барған соң, Бармақовты жеке шақырып алып кешірім сұрағаны жөн-ау деген тоқтамға келді. «Ерегістен – ер өледі, екі ердің бірі өледі» демей ме. Бұл қатты шу болып кетсе министр де маңдайынан сипай қоймас. Әуелі ұжым көзінше төбелесіп, қол жұмсағаны үшін деп қызметінен жұлып алып тастаса қайтеді.

«Қап! Қап-ай, бекер істедім» – деп шекесін қос қолымен сығымдай ұстап, іштей күйзеліп кетті.

Сайдан өтіп қарсы белге көтеріліп келе жатқан сәтте гүжілдеген нән Камаз бұлталақтап кеп бұлардың джипіне қарай төне жөнелгенде, шофер машинасын оңға бұра бастады. Үстіне руда тиеген алып Камаз шақыр-шұқыр етіп қаға-соға, сай табанына қарай ысыра сүйретіп барып, аудара төңкеріп быт-шыт қылды.

* * *

Ғалымжан ауруханада ғана есін жинады, шофері тіл тартпай кетіпті. Камаз жүргізушісі удай мас екен, ол дін аман, қамауда. Ғалымжанның қасында күтіп отырған Райхан сасып-абдырап:

– Жаным-ау, үрейімді ұшырдың ғой. Әйтеуір сүйегің, ішкі-дүниең сау екен. Шекең қатты соғылған, сосын беліңе зақым келген, – деп болған жайды баяндап берді. Райхан мінген машина мұны ауруханаға ала жөнелгенде Бармақов Күмістауға кетіп, жаңа кен орнын ашуға барып, сөз сөйлеп, теледидарға түсіп, бар марапатты өзіне жапсырыпты.

Ауруханада екі апта жатып, «әлі толық емделіп бітпедіңіз» – деген дәрігерлер сөзіне құлақ аспай жұмысына шығып кетті. Апат салдарынан арқасындағы екі омыртқаға зақым келген, күтініп, деміл-деміл қаралып, емдетіп тұруын қатты ескертті.

Жұмысқа шыққан кезде тексерушілер көбейіп кетті, үстінен арыздар түскен. Құзырлы орындар мұндайды күтіп, жанып түседі ғой. Бірі кетсе, бірі келіп, бүкіл жұмысын тексеріп, бар қағаз-құжатты астан-кестең етіп, жазып, қарап, есін шығарды.

Кеңсесіне келісімен Бармақовты оңаша шақырып алып:

– Сен ағаңның бір ашуын кеш. Әнеукүнгі ісіме өзім қатты өкіндім. «Бас сынса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» – дегендей бұрынғыдай тату-тәтті бірге жұмыс істей берейік! – деп орнынан тұрып барып құшақтаған.

– Жарайды. Ғалымжан Жартыбаевич! – деп шегір көзімен жымсия қарап кешірген болған сияқты көрінгенімен, мына жоғарыға түскен арыздардың артында осы жыланкөз тұрғаны анық.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері, «Әділет. Рухани жаңғыру»

газеті редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *