«ЖАППАЙ ҚЫРЫП-ЖОЮҒА БАҒЫТТАЛҒАН ҚАРУЛАРҒА ҚАРСЫ КҮРЕС – ОҢАЙ ЕМЕС»

Ақорда
722 Views

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық қауіпсіздік және жаһандық ядролық диалогты қайта бастау мәселелері бойынша халықаралық онлайн конференциясынақатысушыларына алғысын білдірді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Айта кетсек, бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Нұрсұлтан Назарбаев Қоры және Әлемдік экономика және саясат институты бірлесе отырып Халықаралық қауіпсіздік және жаһандық ядролық диалогты қайта бастау мәселелері бойынша халықаралық онлайн конференция өткізген болатын. Ядролық қауіпсіздікті қолдайтын және ядролық қарудан азат әлемнің Жаһандық көшбасшылар альянсын (ЖКА) құру идеясын – Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы қарашада Астана клубының 5-ші отырысы барысында жария еткен еді. Бүгінгі шараның басты мақсаты да осы бастаманы ілгерілету болды.

– COVID-19 пандемиясы дағдарысқа ұшыратты. Бірақ адамзат өз тарихында мұндай деңгейдегі тегеуріндермен бұрын да кездесіп, жеңіп келді. Халықаралық бірлестіктер бұл стрес-тесттен де аман өтіп, бұл жолды жеңімпаз ретінде басып өтетініне сенімдімін. Құрметті достар! Биыл әлем трагедиялық датаны атап өтті. Осыдан 75 жыл бұрын ядролық қару бірінші рет жарылған болатын. Содан бері адамдардың бірнеше буыны өсіп жетіліп, Хиросима мен Нагасаки апатын естен шығара бастады. Алайда жаһандық ядролық архитектураға жүргізілген талдау жағдайы бұл бұрыс әрі қауіпті жол екенін көрсетіп отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының айтуынша, «ядролық бестікке» де-факто ядролық қаруларға ие мемлекеттер де қосылған. Оларға бұл қаруға ие болуға жақын елдерді тағы қосуға болады.

– Екіншіден, ядролық арсеналдың 90 пайызы тиесілі Ресей мен АҚШ-тың қарым-қатынасы өте төменгі нүктеде тұр. Үшіншіден, жарылу қаупі бар тағы бір сюжет қиындап барады. Ол – Вашингтон мен Бейжіңнің текетіресі. Төртіншіден, АҚШ-тың бәрін тегіс қамтитын әрекеттер жоспарынан шығуы Иран және Солтүстік Кореяның ядролық түйінін шешу жолында қосымша кедергілерді туындатты. Бесіншіден, әлемнің жетекші елдері жоғары технологиялы, оның ішінде ғарыштық қарулану көрсеткішінің жаңа бәсекесін қыздыра бастады, – деді ол.

Елбасы Қазақстанның бастамасы бойынша 2010 жылы 29 тамызды – Біріккен Ұлттар ұйымы ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күні деп жариялағанын еске салды. Содан бері осы күн бүкіл әлемде жыл сайын аталып өтеді.

– Екіншіден Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қуаты төртінші орында тұрған ядролық қару арсеналынан бас тартты. Тарих бұл қадамның дұрыстығын растап берді. Біз өзіміздің осы батыл үлгімізбен прогрес мен гүлдену жолына бейбіт жолмен жетуге болатынын көрсеттік. Үшіншіден, Қазақстан ядролық қарусыздандыру бойынша барлық келісімдерге қатысты. Осынау маңызды бастамада бізге қосылғандарға алғыс ретінде мен «Ядролық қарусыз әлем мен жаһандық қауіпсіздік үшін» сыйлығын бекіттім. Қазақстанда одан бөлек кез келген мемлекетке бейбіт атом саласын дамытуға мүмкіндік беретін МАГАТЭ банкі құрылды», – деді ол.

Сөз соңында Елбасы кеңеске қатысушыларға жаппай қырып-жоюға бағытталған қаруларға қарсы күрес – оңай емес екенін есіне салды.

– Алайда Рузвельт айтқандай, «Істеген ісіңе сенсең, оның өзі шаруаның жартысын еңсергенің» деп кеткен. Осыған байланысты ядролық қауіпсіздік пен ядролық қарулар еркін әлем көшбасшыларның жаһандық альянсын құру жолындағы менің бастамамды қолдаған баршаңызға алғысымды білдіремін. Альянсты құру және мақсатын айқындау жолында қабылдаған ашық мәлімдемеміз – бұл бағыттағы нақты практикалық қадам. Мен Жер шары ерте ме, кеш пе ядролық қарудан босайтынына, менің «ӘЛЕМ. ХХІ ҒАСЫР» манифестімнің басты міндеті орындалатынына сенімдімін, – деп түйді Елбасы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *