Газеттің 2020.12.25 күнгі №35(114) санында «Құзғындар мен қорқаулар» деген атаумен саяси-құқықтық және заңнамалық мәселелерге қатысты материал жарияланғанеді.
Онда бұрынғы КСРО мен Қазақ КСР-ында орын алған және қазіргі Қазақстанда шешілмей қалған, олардың азаматтарының «өзгеше ойлайтындары» мен «диссидент» деп аталған адамның(дардың) медицинаның «ерекше» саласы – психиатриялық тұрғыдан қудаланып, кезінде қолданыста болған заңдарымен қарастырылған құқықтарының шектелгені және өрескел бұзылғаны жөнінде жазылған болатын.
Автор соған байланысты толық деректі түрде баяндап және ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауды толық аяқтау туралы» Жарлығын қолдау ретінде, осы мәселеге қатысты 1993.04.14 күнгі Заңға толықтыру енгізу туралы бір ғана ұсыныс жасағанын көрсеткен. Сол ұсыныстың ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың, Бас прокуроры Ғ.Д.Нұрдәулетовтің және Мәжіліс төрағасы Н.З.Нығматулиннің аттарына жолданған мәтінін назарларыңызға ұсынамыз.
Арыз иесі «ҚР «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңының 1,3 баптарына «… Сонымен қатар, нақты бір жеке немесе заңды тұлғаның(лардың) ауызша немесе жазбаша талап-тілектерімен (МҚК, ІІД, партия және кәсіподақ комитеттері, әскери комиссариаттар, қоғамдық ұйымдар және т.б) психиатриялық тексеруден амбулаторлық жағдайда өтуге мәжбүрленген/ тартылған, негізсіз психикалық диагноз(дар) қойылған (кейде тексерусіз, сырттай), заңсыз ПНД есебіне алынған және орынсыз әлеуметтік және қоғамдық қауіпті адам ретінде белсенді динамикалық бақылау жүргізілген адамдардың/азаматтардың (көп жағдайда бұл туралы олардың өздеріне немесе етжақын туысқандарынхабардар етпей) барлығы ақталған адамдар/азаматтар болып жарияланады…»,-деп толықтыруды, басқа баптарын соған икемдеуді ұсынған.
Осындай ұсыныс жолданған арызды қарау және шешім қабылдау ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Б.Т.Кесебаеваға, Әділет министрлігіне, Шымкент қаласының әкімдігіне және прокуратурасына жолданған екен.
Енді солардың берген жауаптарының қолда барларының мәтіндерін және олардың кейбіреулерінің үзінділерін келтіруді жөн көрдік.
1. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Б.Т.Кесебаева – «ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының атына «Ұлт тағдыры» ҚБ-гі Түркістан облысындағы филиалының төрағасы А.К.Күмісбектің өз конституциялық құқықтарын қорғауға және қалпына келтіруге қатысты жазбаша арызы келіп түсті. Осы арызда жазылған барлық дәлелдерді тексеріп қарауды, сондай-ақ нәтижелері туралы хат иесіне және ҚР Парламенті Мәжілісіне жауап беруді сұраймын».
2. ҚР Әділет министрлігі департаментінің директоры Т.Исабеков ұсыныс жасаушының арызын, осы министрліктің Сот сараптамалары орталығына жолдаған. Оны қарау нәтижелері туралы ақпаратты өтініш иесіне, Департаментке және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутатына 2020.12.21 күнге дейін жіберуді сұранған. Автор иесіне ондай жауап жіберілді деп хабар берілгенімен, әлі күнге қолға тимеген.
3. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан – «Психикалық денсаулық орталығының (әрі қарай — Орталық) мәліметіне сәйкес, Сіз орталықта диспансерлік есепте тіркелмегенсіз және мұрағатта Сізге қатысты құжаттардың жоқ екендігін хабарлаймын».
4. Шымкент қаласының прокуратурасы 1993.04.14 күнгі ҚР «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңының 1-3 баптарына түсініктеме бере келіп:
«…Әкімшілік тәртіпте немесе сот емес органдар шешімдері бойынша психиатриялық мекемелерде емделуге күштеп жатқызылған адамдардың бәрі ақталған адамдар деп жарияланады»,- деп, осыдан 25 жылдай бұрын берілгенге ұқсас жауап жолдаған. Сөйтіп, аталған арыздағы ұсыныстан «аулақ» кетіп қалған.
Осылардың бәрін зерделей келе:
— Б.Т.Кесебаева «ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының атына «Ұлт тағдыры» ҚБ-гі Түркістан облысындағы филиалының төрағасы А.К.Күмісбектің өз конституциялық құқықтарын қорғауға және қалпына келтіруге қатысты жазбаша арызы келіп түсті,– дегенді қайдан алған?
— Берілген жауаптар арыздағы «ұсыныстың» мәні мен мағынасына дәлме-дәл сәйкес келеді ме?
— Аталған арыз қандай себептермен және қандай мақсат үшін Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығына жіберілген?
— Ұсыныс жасаған «арыз» иесінің психикалық денсаулық орталығының диспансерлік есебінде тұратын-тұрмайтынын және мұрағатында ол туралы құжаттың бар-жоқтығын не үшін тексерген? Ондай тапсырманы қандай мемлекеттік орган және қандай мақсатта берген?
— Мүмкін арыз иесі өз арызын және ондағы жалғыз ұсынысын мемлекеттік тіл – қазақ тілінде анық әрі дұрыс жаза алмаған ба? Жоқ әлде, олар тексерушілермен басқаша қабылданды ма? Олар өз жауаптарында көрсеткендей, алдағы уақытта тағы да қайталанып жазылуы мүмкін шағымдарды, оларда қойылатын сұрақтарға сәйкес жауап алуы үшін арыз иесі өз арыз мәтінін ресми тіл – орыс тілінде жазуына тура келеді ме? — деген сұрақтар толғандырады әрі жауаптарын күтеді.
Қалай болғанда да, бұларды «ұсыныс жасалған арыз» аттарына жолданған тиісті құзыретті мемлекеттік органдар назарларына алып, мүмкін болса сайлауалды науқанда аталған мәндегідей түсініспеушіліктерге тосқауыл қойылып, түзетуді талап етер деген үміттеміз.
А. СӘКЕНҚЫЗЫ