АТАҚ ЕМЕС, АЗАМАТТЫҚ ҚЫМБАТ

Көзқарас Рухани жаңғыру
565 Views

Ұлт жазушысы Мұхтар Әуезов: «Адамда екі түрлі қылықтың жолы бар: бірі – тіршілік қамы, бірі – адамшылық қамы» дейді. Осы күні көбіміз тіршілік қамындамыз.

Иә, ол керек, бірақ сол тіршілік қамынан адамшылық қамы биік тұрған жерде әттегені-ай аз болары хақ. Кейде осы бітпес, алдамшы тіршілік қамын запыраны көбейіп тұрған заманға, бұралаңы көп уақытқа теліп, өзімізді өзіміз ақтап алуға талпынатынымыз бар. Ертең әлгі заман мен уақыт ақтап алатынына көзіміз жетіп тұр ма? Қайдам, «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп, Өткіздік бір нәрсеге болмай жетік…Артық жолдас таппадым татулықтан» (Абай) деп неше түрлі жағдаяттар жағаласып, біреу олай сүйреп, біреу былай тартып жүр емес пе?

Бұлай ой қозғауға себепкер, рухани басылым «Қазақ әдебиеті» газетіндегі «Айтайын деп айтпайсың…» (16.Х11. 2022) деген мақалада алға тартылған жайлар еді. Бекет Тұрғараевтың ұлт ісіндегі, жұрт жұмысындағы, жақсылар мұрасына ден қойып, жаңғыртудағы, батыр-бағландардың ерлігін әспеттеудегі мұрат-мақсаттарынан бір кісідей таныспын.

«Қожаберген — сөз жоқ, қазақ елі тарихындағы тұтас бір құбылыс… Ол – ұлт ерлігінің символы» ( С. Зиманов) болған жыраудың өнегелі өмірін жеріне жеткізіп, аңыз емес, ақиқат екенін орнықтырудағы қосқан үлесі қалың қазаққа мәлім. Қалайша дейсіз ғой. Бұл күнде қаржы болмаса ісің ілгері жылжымайды, сөзің зая кетеді, өзің дағдарып далада қаласың. Қандай істі бастаса да ол осы жағын тиянақтап отырады. Елдік жұмысқа келгенде барын жамбасқа басып жантайып қалмай, қаржылай демеп,азаматтармен тізе қосып, береке-бірлікте, парасат пайымды алтын арқауда ұштастырып адал қызмет етті. Көрер көз, естір құлақ табылса, бұл жағы мақалада жан-жақты көрсетілген екен.

Қасиетті Қазығұртта сөз жүзінде емес, нақты іспен шешімін тапқан ұлттық идея аясындағы алып кешен — қазір Тұрғараевтың емес, халық қазынасына айналып, жұрт қажетін өтеп отыр десек, артық айтқандық болмайды. Шымкент-Ташкент халықаралық күре жолының бойындағы, биік төбе үстіндегі айбынды қаһармандар, жоңғарды жайратқан Салқам Жәңгір мен Жалаңтөс баһадүр, «Елім-ай!» деп өткен Қожаберген жырау мемориалы, «Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар – арттарыңнан алаш адасады, арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар»,- деген Ахмет Байтұрсынұлы бастаған 144 Алаш арыстарының шоғыр мүсіні, Қажымұқан тұлғасы, «Бабалар рухына тағзым», «Анаға тағзым», сан түрлі ағаш сап түзеп, орманға айнала бастаған «Мәңгілік ел», қазақтың қараша үйіндей жапсарласқан мейрамхана мен дәмханалар жүргіншілерге қалтқысыз қызмет көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, төрт құбыласы түгел дерлік алып кешенде ұлт жақсылары мен салт-санамыз, ұлттық рух үйлесім тапқан. Бұл кешенді де бір замандары кейінгі толқын алдыңғы зиялы толқыннан қалған құндылық деп бағалайтынына иманымыз кәміл. Қазір бағалап, үлгі етіп жүрген әр алуан жәдігерлеріміз де бір замандары осылай бой тіктеп, бізге жеткені ақиқат.

«Сегіз қырлы, бір сырлы» демекші, бұл Тұрғараевтың бір қыры болса, біз білетін екінші қыры да жұртым деген жұмыр жұмыс еді. Ол — алтын бесік ауылына қол созуы болатын. Төрт түлікті түгендеп, таза тағам өндіру ісіне ұйтқы болды. Әсіресе, жылқы шаруашылығын дамытудағы серпінді ісі кімді де болса сүйсінтті. Денсаулыққа бірден бір пайдалы ас асылы бие сүтінен алынатын өнімді өндіріп, талай зәру жанның қажетін өтегені, алғыс алып, ілтипатқа бөленгеніне куәміз.Басқа жылқы санын айтпағанда, сауын биенің санын бес жүзге жеткізгені және бар.

Қоспасыз табиғи қазақ тағамын, оның ішінде ана сүтімен пара пар бие сүтін, өзге де өнімдерін ұлт брендіне қайтсек айналдырамыз деп шарық ұруы, осы жолда да тың бастамаларға баруы, Нидерланды, Испания, өзге де дамыған елдерде «мәрмәр» деп аталатын сапалы еттің барын, ондай өнімге кедергілерді жоя алсақ өзіміз де қол жеткізуге болатынын шырылдап айтып, Израильден қымбат балық алдырып, сорпасын қымбат қонаққа беретінімізге өкініш білдіріп, ондай өнім өзімізде барына дәйектер келтіріп еді. «Мемлекеттің тәуелсіздігін сақтап қалудың бірден бір жолы – бұл ауылшаруашылығы. Әлемнің бар байлығының иегері болғаныңызбен, ішерге асыңыз болмаса, сіз басқаларға тәуелді боласыз. Сауда баюға апаратын жол болса, ауылшаруашылығы еркіндікті қамтамасыз етеді» деп Жан-Жак Руссо сөзін алға тартқаны да есімізде.

Бекет Тұрғараевпен біз қымыз патенті туралы жел сөз өршіген тұста танысқан едік. Ұлт жұмысы, халықтық іс дегенде жан ұшыратын азаматты да бұл мәселе толғандырып жүреді екен. Сол тұста, таяуда ғана 100 жасқа толған айтулы ғалым Зұлқарнай Сейітовпен «Патент кімде?» деген тақырыпта сұхбаттасып, әлемдегі № 330 патент қазақтыкі екенін жеткізіп едік жұртқа.

Германияға арнайы сапармен барып, иеленіп кетіпті деген Ганс Цольманмен жүздесіп, «Менде патент жоқ, патент қазақтікі, тек жұмыс істеуі керек» деген ақиқат сөзін елге әспеттеп әкелгеніміз бар. Мұны неге еске түсіріп отырмыз, себебі заңгер саумал мен қымыз өнімін өндіруді сол патент аясында қолға алды. Бар мақсаты — ұлан байтақ жерімізді ауылшаруашылығына тиімді пайдалану, табиғи өнім өндіруді дұрыс жолға қою еді.

Қазағым деген сана сәулесіндегі талмас талпыныс оны алға жетелеумен келеді. Тұрғараевтың шарапатына бөлендік, қамқорлығын көрдік деген қарапайым бұқарадан бастап, ұлт ардақтылары қаншама! Күні кеше мына жалған дүниеден өте шыққан ұлы Әбең — Әбдіжәміл Нұрпейісовтің Бекет інісіне дән ризалығын құлағымыз шалғаны бар. Қалтасы қалың дегендердің біразын естіп те, көріп те жүрміз. Бірақ айналасын жарылқапты дегенді білмедік.

Мақалада азат елдің бас сыйлығы жайлы айтылады. Бұл істің тартысы, осы қалай болып кетті өзі деген сұраудың қиын жауабы жүрекке шаншудай қадалатын болып барады. Заманға қарай шыққан атақ қой бұл. Жоқ, бұл атақ қана емес, аброй биігі. Биік аласарса, атақтың құны кетеді. Уақыт өте келе, бағалау атаққа емес еңбекке, ізгілік пен парасатқа тиесілі болатыны айқындала бастады. Оған сыйлықсыз өткен жақсы мен жайсаңдардың әр он жылда жаңғыратын өнеге өмірі дәлел деп білеміз. Ендеше, Тұрғараев атқарған рухани құндылықтар, Қазығұрттағы ұлт бірлігінің алтын діңгегіне айнала бастаған, рухани орталық ретінде аясын кеңейтіп келе жатқан келісті кешен — оның мәртебесін қазақ барда, оның өскін ұрпағы барда биіктете берері сөзсіз. Ұлтқа қызмет сыйлықпен емес, іспен бағаланады десек, «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден»(Ә. Бөкейханов). Мінез ел қызметшісі етсе, оған жансерік болатын атақ емес, азаматтық деп білеміз.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

және «Нұр Сұңқар» сыйлығының лауреаты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *