Ө.ШӨКЕЕВ: КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫН МЕРЗІМІНДЕ АЯҚТАЙМЫЗ

Билік Экономика Қоғам
1 069 Views

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы баяндады. Биыл егіс көлемін 843,4 мың гектарға орналастыру межеленіп отыр. Егістікті әртараптандыруға сәйкес, өткен жылмен салыстырғанда картоп, көкөніс, бақша дақылдарының егіс көлемі 5,3 мың гектарға артып, 125,5 мың гектарға жетті. Майлы дақылдар 9,2 мың гектарға артып, 92,7 мың гектар, мал азықтық дақылдар 2,9 мың гектарға артып, 215,6 мың гектарға орналастырылады.

«Көктемгі дала жұмыстарын мерзімінде аяқтауға толық мүмкіндік бар. Биылғы жылдың өнімі үшін егілген 177,6 мың гектар күздік бидайдың жағдайы жақсы, үстеп қоректендіру жұмыстары басталды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қолда бар 21,4 мың дана ауыл шаруашылығы техникаларының 92%-ы дайын. Бүгінгі күнге, жоспарланған жаздық егістіктің

(506,0 мың га.) 59,3 мың гектары егілді немесе 12%-ға орындалды. Агроқұрылымдар жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілген», – деді Өмірзақ Шөкеев.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 37 мың тонна жанармай бөлінді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы тарапынан несиелендіруге 4,5 млрд. теңге қаржы бөлініп, оның 3 млрд. теңгесіне өтінім түсіп, мақұлданды. Бұдан бөлек, өсімдік шаруашылығын қолдауға 7,4 млрд. теңге бағытталып отыр. Былтыр «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» бағытында 2 мыңдай жоба жүзеге асырылып, 262 мың тоннадан астам өнім өндірілді. Нәтижесінде қосымша 18,4 млрд. теңгенің өнімі шығарылды. Осы жобаның тиімділігіне орай, ағымдағы жылы 6 мың гектарға 2 760 жобаны жүзеге асыру басталды.

«Сондай-ақ, жеке қосалқы шаруашылықтарға тамшылатып суғару технологиясын ендіру арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру жобасы қолға алынды. Нәтижесінде 286 жоба жүзеге асырылып, әр отбасы 1 млн. теңгеден табыс тапты. Оның ішінде «Еңбек» бағдарламасымен жаңа бизнес-идеяларды іске асыру мемлекеттік гранты есебінен 105 жоба қаржыландырылды. Ағымдағы жылы 300 жоба жүзеге асыру жоспарлануда.

Облыста жылыжайлар көлемін 1 400 гектарға ұлғайту көзделуде», – деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Сонымен қатар, Түркістан облысында қарқынды бау шаруашылығы кеңінен дамып, көлемі 3 мың гектардан асты. Бір мың гектардан асатын алқапқа қосымша отырғызылмақ. Су үнемдеу технологиялары 24,1 мың гектарға ендіріліп, 10,2 мың гектарға ендіру жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда, «Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру» жобасы аясында 11 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиясын ендіру көзделіп отыр. Қазіргі таңда азық-түлік белдеуінде 1,6 мың гектарға 33 жаңбырлатып суғару машиналары орнатылып екі өнім алынуда. Тәжірибе технологияның тиімділігін көрсетті. Дақыл түріне қарай ағын суды 2-3 есеге үнемдеп, өнімділік 2-3 есеге артты.

ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ АҚСАҚАЛДАРЫ ОБЛЫС ӘКІМІМЕН КЕЗДЕСТІ

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Ордабасы ауданының ардагерлерімен және зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, өңірде атқарылған жұмыстарды саралады.

Ашық әңгіме барысында аға буын өкілдері облыс басшысының алдында бірнеше мәселені көтеріп, көкейде жүрген сауалдарын қойды. Өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Карантин талаптарын сақтай отырып өткізілген кездесу барысында ауданның әлеуметтiк-экономикалық дамуы, қоғамдық-саяси тұрақтылықтың сақталуы мәселелері ортаға салынды.

«Әлемді жаулаған індетке байланысты өздеріңізбен ұзақ уақыт жүздесе алмадық. Пандемия талаптарын сақтай отырып, барлық аудан ақсақалдарымен тұрақты түрде кездесу өткізіп тұруды жөн санадық. Барлық аудан, қалалардың ақсақалдарымен жүздесіп, орын алып жатқан оңды жағдайлар мен олқылықтар жайлы талқылаймыз. Сіздердің ақыл-кеңестеріңіз бен ой-пікірлеріңіз біз үшін өте маңызды», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Абыз ақсақалдар ауыл шаруашылығы мәселесі мен ағын су және туризм жайлы сөз қозғады. Егістікте пайдаланыланатын ағын су бағасы еліміз бойынша ең төменгі мөлшерде. Отырыста осыған дейін жеке қолда болған бұл саланың бүгінде мемлекет меншігіне өтіп, заңдастырылғаны жайлы айтылды. Нәтижесінде су арналары механикалық тазалаудан өткізілуде. Туризмді дамыту да – басты назарда. Ардагерлер ауданда «саумалмен емдеу» секілді сауықтыру орындарын ашуды қолға алуды ұсынды. Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы ортаға салынған ұсыныстардың ескерусіз қалмайтынын ескертті.

Аймақ басшысы аудандағы сауықтыру туризмінің даму барысымен де танысты. Денсаулыққа пайдасы көл-көсір жерасты суын Ордабасы ауданында емдік мақсатта пайдаланып, сауықтыру туризмін дамыту көзделіп отыр. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Ордабасы ауданында қолға алынған жаңа жобаларды қолдады. Бөген ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның ескі ғимаратын жерасты минералды суын тиімді пайдалану мақсатында жанға дауа, дертке шипа іздегендер үшін оңалту-сауықтыру орталығы ретінде қолдану көзделуде. Екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы 14 мың ш.м.-ді құрайды. Осылайша ауданда шипалы табиғи минералды су көздерін пайдалану дамиды.

Сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапарымен Ордабасы ауданындағы бірқатар нысандарды аралады. Облыс басшысы іс-сапарын Шұбарсу ауылындағы күрделі жөндеуді қажет ететін Б.Нұрлыбеков атындағы жалпы орта мектептің жағдайымен танысудан бастады. Білім беру нысаны 2004 жылы іске қосылған. Қазіргі таңда мұнда 2 мыңнан астам бала білім алуда.

Ордабасы ауданы бойынша жалпы 65 мектеп бар. Облыстық бюджет есебінен 6 мектептің құрылысы жүргізілуде.

Сапар барысында облыс басшысы Шұбарсу ауылындағы жекеменшік емхананың жұмысымен де танысты. Ауысымына 250 адам қабылдауға қуатты медициналық мекемеде 125 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Ауданда 51 денсаулық сақтау мекемесі бар. Облыс әкімі экспортпен айналысатын жылыжайда болды. Екі гектарға қызанақ, қияр өсірумен айналысатын азаматтар облыстың ғана емес, республикасының бірқатар қалаларын қамтиды. Ордабасы ауданында жылыжайдың жалпы аумағы – 87 гектарды құрайды. Оның 21 гектары – өндірістік жылыжай, 66 гектары – фермерлік. Шұбарсу ауылында былтыр 15 гектар жылыжай аумағы құрылып, өтініш берген азаматтарға үлестірілді. Биыл жылыжай көлемін тағы 20 гектарға арттыру көзделуде. Өткен жылы осы жылыжайларда 10 мың тоннаға жуық өнім өндірілген.

Аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков облыс басшысын Боралдай су қоймасының жобасымен таныстырды. Суғармалы жердің көлемін ұлғайту, ағын су мәселесін шешу мақсатында Ордабасы ауданында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Аудан аумағында жалпы ұзындығы 800 шақырымнан асатын 87 канал бар. Оның 215 шақырымы өткен жылы механикалық тазалаудан өтті. Жұмыстар жалғасуда. Нәтижесінде егістік алқаптардың суғарылуы жақсарды.

ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ СЕНБІЛІККЕ ҚАТЫСЫП, ТАЗАЛЫҚ ШАРАСЫНА АТСАЛЫСТЫ

Өткен аптада облыстық жалпыхалықтық сенбілік өтті. Аталған сенбілік барысында бүкіл облыс тұрғындары атқарушы билікпен бірігіп көшет егіп, ауланы тазалау жұмыстары және мекемелердің аумағын күл-қоқыстан тазартты.

Атап айтар болсақ, Келес ауданы аумағында тұрғындардың қатысуымен санитарлық-тазалық жұмыстары ұйымдастырылып 2 000-ға жуық ағаш көшеттері егілді. Жалпыхалықтық сенбілікке 1 000-ға тарта аудан тұрғындары қатысты. Олар көшелерді қоқыстан тазартып, ағаш көшеттердің түбін әктеп, саябақтардың ішін тазалады. Сонымен қатар, ұзындығы 38 шақырымға жететін көпірлер мен өзен, су арналарын жинап-тазалау жұмыстары жүргізілді.

Тазалық жұмыстарына мемлекеттік мекеме қызметкерлері де белсене араласты. Олар аудан аумағынан өтетін республикалық маңызы бар жолдардың бойын абаттандырып, облыстық, аудандық маңызы бар көшелердің бойына ағаш көшеттерін екті. Санитарлық-тазалық күнінде 50 тоннадай күл-қоқыс жиналып, арнайы полигонға тасталды. Алты автобус аялдамасында әктеу, сырлау, тазалау жұмыстары жүрзілді.

Сонымен қатар, Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібекұлының тапсырмасына сәйкес, Көлкент ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен, округке қарасты 9 білім беру мекеме басшыларының бірлесуімен Сенбілік ұйымдастырылып, мекемелерде ағаш отырғызу, әктеу, сырлау жұмыстары жүргізіліп, ретсіз күл-қоқыстар алынып тасталынды.

Акция Төлеби ауданында жалғасын тапты. Аудан аумағын таза ұстау мақсатында Төлеби ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен сенбілік өтті. Сенбілікте республикалық маңызы бар А-2 «Харгос-Алматы-Тараз-Шымкент-Ташкент» тас жолы бойындағы ретсіз күл-қоқыстар жиналды. Бұл жұмыстарға мекемелерден 100-ге жуық адам, 5 техника жұмылдырылды.

Сондай-ақ қала, ауылдық округтерде де тазалық жұмыстары жасалды. Қоршаған ортаны қорғау бағытында жасалған шарада көше бойлары реттеліп, арық-атыздар қоқыс-қалдықтардан тазартылды. Жалпы 1000-ға жуық адам туған жер табиғатының түрленуіне үлестерін қосып, белсенділік танытты.

КӨКТЕМГІ СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ БАҚЫЛАУДА

Түркістан облысында нөсерлі жауын-шашын әсерінен бір тәулікте Боралдай, Арыс, Бөген өзендерінде су деңгейі 25-30 сантиметрге дейін көтерілген. Дегенмен, елді мекендерде су басу қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев мәлімдеді.

Сонымен қатар, департамент қызметкерлері құзырлы мекемелердің мамандарымен таулы аумақтардағы қар қорының жағдайына аэровизуалды бағалау жұмыстарын жүргізген. Мамандар қар мөлшері аз болуына байланысты су тасқынына қауіп жоқтығын айтады.

– «Қазгидромет» РМК-ның ақпаратына сәйкес, Түркістан облысы аумағында осы аптада жауын-шашынды ауа райы сақталатын болады. Келесі айдағы болжам 2 сәуірден бастап қосымша ұсынылады. Негізінен облыс аумағында 39 гидробекет орналасқан. Егер де табиғи апат орын алып, эвакуацияның басталуы туралы сигнал алған кезде азаматтар тиісті құжаттарды, дәрі-дәрмектер мен маусым бойынша киім-кешек алуға дайын болған жөн, – деді Ерік Темірханұлы.

Облыстағы су тасу қаупі бар өзендер мен су қоймаларына күнделікті мониторинг жүргізілуі төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің тұрақты бақылауында. Бүгінгі таңда аймақтағы су қоймаларындағы судың жиналуы 60-65 пайызды құраған.

ТҮРКІСТАНДА «ПРЕЗИДЕНТ НАЗАРБАЕВ» ҚЫЗҒАЛДАҒЫ ӨСІРІЛУДЕ

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университитінің Ботаникалық бағында отырғызылған 3000 түп Назарбаев қызғалдағы гүлдеді. «Президент Назарбаев» деп аталатын қызғалдақтың жаңа сұрыпы былтыр егілген. Түркі елдерінің саммитіне орай Назарбаев қызғалдағын арнайы жылыжайда өсірумен және күтім жасаумен ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Апушев және биология ғылымдарының кандидаты Бахадур Юсуповтың жетекшілігімен жүзеге асуда. Алдағы уақытта қызғалдақ гүлінің санын едәуір арттыру көзделген.

«Қазақстан – қызғалдақтың отаны болып саналатынын ғалымдар ғылыми еңбекте де дәлелдеген және Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да ерекше атап өтті. Қазақстан жерінен алғаш рет дала қызғалдақтары XVIII ғасырда түрік падишахтары арқылы Түркияға, одан әрі Австрия мен Голландияға таратылды. Қазіргі кезде Голландия елі қызғалдақтың түрлі сорттарын шығаруда. Елбасы Н.Назарбаевтың мақаласы шыққаннан кейін, Голландияда 3 түрлі сортты қызғалдақтың түрі дайындалды. Атап айтқанда, «Президент Назарбаев», «Республика Казахстан», «Астана» сорттары», – дейді биология ғылымдарының кандидаты Бахадур Юсупов.

Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтары Елбасы атымен аталатын әсем қызғалдақ гүлін университеттің ботаникалық бағынан тамашалай алады. Университет ғалымдарының қызғалдақ өсірудің заманауи технологияларын игеруінің арқасында биылғы жылы Ботаникалық бақта қызғалдақтың 7 сорты өсіріліп, гүлдеді. Университет ғалымдарының қызғалдақтың бұл түрін жаппай өсіруді қолға алмақ. Сондай-ақ қызғалдақ гүлінің жаңа сұрыптарын шығару бағытында да зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

ЖЕТІСАЙЛЫҚ ДЕПУТАТ 10 ОҚУШЫҒА ПЛАНШЕТ ТАРТУ ЕТТІ

Түркістан облысы, Жетісай аудандық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Жұмағали Төреқұл Жетісай қаласы мен Атамекен ауылдық округінен әлеуметтік қолдауды қажет ететін, көпбалалы 10 отбасының балаларына Наурыз мерекесіне орай тарту жасады. Қайырымдылық іс-шарасына Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Нұрлыбек Сағынбекұлы мен орынбасары Құрманбек Рысмаханов қатысты.

Жас депутат пандемияға байланысты онлайн форматта қашықтықтан білім алып жатқан бүлдіршіндерге «SAMSUNG Tab A» планшеттерін үлестірді. Осылайша халық қалаулысы балаларға Наурыз мерекесінің ізгілігін сезіндіріп, олармен тілдесті. Арман-мақсаттарын тыңдады. Сабаққа қажетті құрал-жабдықтары және өзге де қажеттіліктері бар-жоқтығына көз жеткізді.

«Балалардың кіршіксіз көңілдерінен шыққан алғыстары маған үлкен күш берді. Өйткені мен депутат ретінде ғана емес, адами тұрғыда да бүлдіршіндерге, 10 отбасына қуаныш сыйлай алдым», – дейді Жұмағали Төреқұлұлы.

Одан бөлек депутат аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы ретінде отбасылардың атаулы әлеуметтік жәрдемақы алатын, алмайтынымен танысты. Өз мамандарына құжат тапсыруда қиындықтарға тап болған жандарды арнайы заң аясында көмек көрсетуді тапсырды.

Жұмағали Төреқұл былтыр «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысып, жеңіске жеткен. Партия фракциясына еніп, мәслихат депутаты атанған ол бұған дейін де үнемі қайырымдылық іс-шараларымен айналысып келе жатыр. Мәселен 2020 жылы Жетісай ауданында карантинге жабылған ауыл тұрғындарына 1 млн. теңгенің қайырымдылық көмегін көрсетсе, аудандық ауруханаға жасанды тыныс алу аппаратын алып берген. Сонымен бірге аудан аумағында көпір, аллея салуға да үлес қосқан.

ЖОЛ КАРТАСЫ ШЕҢБЕРІНДЕ 34 ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБА БЕКІТІЛГЕН

Апталық аппарат отырысында облыстағы бюджет есебінен құрылысы жүргізіліп, аяқталған газбен қамтамасыз ету нысандарын «ҚазТрансГаз» АҚ-ның теңгеріміне өткізу жұмыстарының барысы талқыланды. Түркістан облысында құрылысы аяқталған 298 газбен жабдықтау нысанын коммуналдық меншіктен республикалық меншікке беру бойынша жұмыс жүргізілуде. Дегенмен кейбір аудан, қалаларда қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары баяулаған. Осыған орай Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жауапты тұлғаларға құжаттарды рәсімдеп, тапсыру жұмыстарын тездетуді тапсырды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Тұрғамбаев «ҚазТрансГаз» АҚ-ның жетекшілері жаңа нысандарды табиғи газға қосылғаннан кейін ғана рәсімдеуді алға тартып, келісуді кешіктіріп жатқанын жеткізді. Соның салдарынан 44 елді мекен газға қосылмаған. АҚ-ның жетекшілері жауапкершілікті жергілікті әріптестеріне жүктеді.

«Жергілікті болса, сіздердің мекеме емес пе? Газды экспорттау созылып кетті. Халықты ойлаңдар. Газ жетеді. Шешіңдер», – деді облыс әкімі.

Өмірзақ Шөкеев созбалаңға салынған істі бірігіп шешуге тапсырма берді. Аталған жұмыстарға тиісті басқармалар мен аудан, қала әкімдерінің тікелей жауапты екендіктерін ескертті.

Жиында «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде тұрақты және уақытша құрылатын жұмыс орындары мен әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары баяндалды. Жол картасы шеңберінде 34 инфрақұрылымдық жоба бекітілген. Жаңа талаптарға сәйкес жоба аяқталған соң тұрақты жұмыс орындарын құру міндеттелді. Сондай-ақ тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде отандық жергілікті қамту көзделген қаражаттың жалпы көлемінің кемінде 90%-ы құралуы тиіс. Облыс басшысы тиісті жұмыстарды өз деңгейінде жүргізіп, межелі көрсеткіштердің толық орындалуын міндеттеді.

Мәжілісте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша бекітілген іс-шаралар баяндалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуінің алдын алу мақсатында, ірі сауда орындары, дүкендері және әмбебап базарлармен бағаны негізсіз өсірмеу бойынша облыс көлемінде 1088 меморандум түзілген. Мобильдік топтар Түркістан облысындағы 1000-нан астам сауда орындарына рейдтік шаралар жүргізіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын негізсіз көтермеу жөнінде 752 кәсіпкерге ескертулер мен нұсқамалар берілген.

МЕКТЕПТЕР IV ТОҚСАНДА ОҚЫТУДЫҢ АРАЛАС ФОРМАТЫНА КӨШЕДІ

Түркістан облысындағы мектептер IV тоқсанда оқытудың аралас форматына көшеді. Яғни, пәндердің бір бөлігі дәстүрлі түрде, бір бөлігі қашықтан оқытылады. Ал, 300 оқушыға дейінгі контингенті бар білім ұялары дәстүрлі жұмыс режимін жалғастыра береді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев мәлімдеді.

Оның сөзінше, министрлік негізгі пәндерді штаттық форматта, музыка, көркем еңбек, информатика, құқық негіздері, графика және жобалау, кәсіпкерлік және бизнес негіздері сияқты пәндерді қашықтан өткізуді ұсынған.

«Баршаға мәлім 25 наурызда Мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің коронавирустық инфекцияны таратуға жол бермеу бойынша жаңа қаулысы шықты. Осыған байланысты биылғы оқу жылының соңғы тоқсанындағы оқу процесіне аз-кем өзгерістер енгізіліп отыр. Алдағы күндері 1 сынып – 1 кабинет қағидаты бойынша сыныптарды 25 оқушыдан артық толтырмай оқытуға жол беріледі. Сабақтың ұзақтығы — 40 мин. Ауысымдар бойынша сыныптар санын, сондай-ақ жекелеген пәндерді қашықтан оқытуды мектеп белгілейді. Ерекше жағдайларда ата-аналардың өтініші бойынша балаларды қашықтан оқыту форматында қалдыруға рұқсат етіледі. Мектептерде оқу процесін ұйымдастыру кезінде барлық эпидемияға қарсы іс-шаралар қарастырылатын болады», – деді Р.Қуатбекұлы.

Сонымен қатар, білім беру нысандарындағы асханалардың жұмысы санитарлық эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылады. Ал, оқушыларға мектеп формасын кию міндеттелмейді, сабаққа еркін және ұқыпты киімде қатысуға рұқсат етіледі.

Айта кетейік, облыста III тоқсанда 13 2064 оқушы дәстүрлі форматта, 28 6168 оқушы қашықтан оқытылған.

СОЛТҮСТІККЕ КӨШУ БОЙЫНША 4 ОБЛЫСПЕН ТАЛҚЫЛАУ ӨТТІ

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының мәжіліс залында еңбек күші жетіспейтін Солтүстік өңірлеріне халқы тығыз орналасқан Оңтүстік өңірінен тұрғындарды көшіру мәселесі талқыланған жиын өтті. Zoom жүйесі арқылы өткен жиынға Түркістан, СҚО, ШҚО, Қостанай мен Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары мен жауапты өкілдері, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, жұмыспен қамту бөлімдерінің басшылары қатысты. Мәжілістің модераторы – «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Бейсенбай Тәжібаев көші-қон саласы стратегиялық маңызы бар мәселе екенін атап өтті.

«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасында облыс тұрғындарының әл-ауқатын көтеру көзделген. Бұл ретте өңір тұрғындарын жұмыс орындары көп Солтүстік өңірлерге көшуіне қолдау көрсету арқылы еңбек ресурстарын тиімді үйлестіруге мүмкіндік мол. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы жүзеге асқан 5 жылда ШҚО, СҚО, Павлодар және Қостанай облыстарына 20 мыңнан астам адам қоныс аударған болса, оның 6 мыңдайы немесе 1700-дей отбасы – Түркістан облысының тұрғындары. Біз көшуге ниет білдірген азаматтарға көмектесу, осы бағытта ақпараттық және түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жандандыруымыз керек. Әрбір азамат Солтүстікке қалай көшу керектігін, оларға мемлекеттен қандай қолдау болатынын білуі тиіс», – деді Б.Тәжібаев.

Көші-қон саласына үлес қосып жүрген белсенді азамат «Евроремонт сервис» ЖШС-нің директоры Жаңабай Ағабеков «Қоныстанушылардың несие қарызына 6 айға дейін каникул берілсе, өңірлердің ерекшелігімен таныстыратын бейімдеу орталықтары ашылса, әр ауылға кем дегенде 5-10 отбасын бірге қоныстандырса, көш жанданар еді. Қазірдің өзінде Түркістан облысынан көшуге ниет білдіріп отырған азаматтар жетерлік», – деді. Ал Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов «Еңбек» бағдарламасы бойынша қоныстанушылардың 30 пайызы Түркістан облысының тұрғындары екенін баяндады. Оның мәліметінше, атқарылған жұмыстар нәтижесінде жыл басынан бері Түркістан облысынан 36 отбасы, 117 адам қоныс аударған. Жалпы 5 жыл ішінде Түркістан өңірінен көшкендердің 2286-сы жұмысқа қабілетті болса, оның 1545-і тұрақты жұмыспен қамтылған.

Егер Солтүстікке қоныс аударсаңыз «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК (102095 теңге) мөлшерінде материалдық қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ он екі ай ішінде тұрғын үйді жалдау бойынша шығыстарды өтеуге субсидия қаралған. Қалаға қоныс аударған бір адам 20 АЕК (58340 теңге) мөлшерінде көмек алса, отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса, 25 АЕК (72925 теңге) мөлшерінде пәтерақыға көмек беріледі. Ауылдық жерге қоныс аударған бір адам үшін 15 АЕК (43755 теңге) мөлшерінде пәтерақы берілсе, отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болған кезде 18 АЕК (52506 теңге) мөлшерінде қолдауға ие болады.

Осы және өзге де деректер сөз болған жиында 5 облыстың әлеуметтік салаға жауапты басқарма басшылары мен өкілдері өз пікірлері мен ұсыныстарын айтты. Солтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ринат Елжасов өңірде 1000-нан астам бос жұмыс орындары бар екенін мәлімдеді. Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Меруерт Есенбаева жұмысқа жарамды қоныстанушылардың 78 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылғанын айтты. Сонымен бірге Қостанай, ШҚО облыстарының жауапты өкілдері де өз ұсыныстарын ортаға салды. Әсіресе, тұрғындарды баспанамен қамтуда мәселе бар екені сөз болды. Олар осы саладағы өзекті мәселелерді тізбектеп, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына ұсынуға уағдаласты.

Жиын нәтижесінде алдағы айларда аудандық, қалалық «Жұмыспен қамту орталықтарында» «Еңбек» бағдарламасы арқылы көшкісі келетін азаматтарға кеңес беретін бөлме ашу, отбасылардың көшіп-қонуына көмектесетін демеушілер табу және отбасылардың тізімін анықтау, ақпараттық жұмысты күшейту жөнінде шешім қабылданды. Сондай-ақ ғаламторда Түркістан облысының көшуге ниетті тұрғындарына арналған ортақ ақпараттық кеңістік құру жөнінде ұсыныс берілді. «Nur Otan» партиясының Түркістан облысындағы барлық филиалдары әкімдіктермен бірлесіп, осы бағытта жұмыс жүргізіп, көші-қонға тікелей атсалысатын болды.

Бүгінде Солтүстік өңірлерге қоныстанғандар саны бойынша Түркістан облысының Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Сайрам аудандары мен Арыс қаласы көш бастап тұр. Бұл – осы аймақтарда түсіндіру, ұйымдастыру жұмыстары жолға қойылғанын білдіреді.

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын бекітті. Осыған сәйкес, 2021 жылы Ақмола, ШҚО, Қостанай, Павлодар СҚО облыстарына көшу үшін 6039 адамға квота бөлінген.

ҚАТТЫ ЖЕЛДЕН ҚҰЛАҒАН ЭЛЕКТР БАҒАНАЛАРЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛУДЕ

Түркістан облысында қатты жауған жаңбыр мен соққан желдің салдарынан зақымданған электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Наурыз айының 13-14 күндері ауа райының қолайсыздығынан аудан, қалалардағы 5 338 дана электр бағана құлап, 100-ге жуық елді мекен жарықсыз қалған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Полатбеков мәлімдеді.

Оның сөзінше, бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстары үшін облыстық бюджеттен 260 млн. теңге қаражат бөлінген.

«Оқиға салдарынан Арыс, Кентау қалалары мен Бәйдібек, Ордабасы, Отырар аудандарының электр желілеріне айтарлықтай зиян келді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен зардаптың салдарын жою бойынша арнайы штаб құрылып, тиісті шаралар дер кезінде ұйымдастырылды. Нәтижесінде «KEGOC» АҚ-на қарасты 110 дана электр бағанасы толығымен орнатылып, іске қосылды. Сондай-ақ, 62 дана СК-26 маркалы электр бағаналары және 3 400 дана оқшаулағыш жеткізілді. Тасымалдау және қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда», – деді Б. Әнуарбекұлы.

Қалпына келтіру жұмыстарына жалпы 170-тен астам техника, 473 адам жұмылдырылған. Жауапты мамандар жөндеу жұмыстары 10 сәуірге дейін толық аяқталатынын айтты.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕҢ ҮЛКЕН АЛХОРЫ БАҒЫ ЕГІЛУДЕ

Түркістан қаласында еліміздегі ең үлкен алхоры бағы егіле бастады. Халықаралық әуежайға барар жолдың бойындағы бақтың жалпы аумағы 400 гектар. Онда 3-5 жылда өнім беретін алхорының «Black Splendor», «Black Diamond» және «Angeleno» сұрыптары отырғызылуда. Бақша өнім берудің толық мерзіміне жеткенде әрбір гектардан 20 тонна алхоры береді деген жоспар бар.

Жобаның иесі, кәсіпкер Болатбек Әлиев израильдік озық технологиямен егіліп жатқан баққа мол сенім артып отырғанын айтты.

«Басқа жеміс отырғызбай алхоры егуіміздің бірнеше себебі бар. Жемістің бұл түрі базар нарығында сирек кездеседі және бағасы да жоғары. Сондай-ақ, көшеттің бұл сорттары Түркістан қаласының климатына шыдамды. Әдеттегідей тамшылатып суару жүйесі енгізілгендіктен су айтарлықтай үнемделетін болады. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, тұтынушылардың сұранысын қамтамасыз етуді өзімізге басты мақсат етіп алдық», – дейді Б.Нәжметдинұлы.

ТҮЛКІБАСТА ҰСАҚ МАЛДЫ АСЫЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ

Түркістан облысы Түлкібас ауданының тұрғыны Нұржан Құрманбеков меринос қойларын асылдандыруды қолға алған. Қазіргі таңда, оның «Санжар» шаруа қожалығында 1660 меринос қойы бар. Алдағы уақытта мал басы санын 5 мыңға жеткізіп, асыл тұқымды қойдың санын арттыра түсуді көздеп отыр.

Ол бұл шаруамен айналысуды осыдан 6 жыл бұрын бастаған. Бастапқыда еті мен жүніне сұраныс жоғары болатын меринос тұқымды қойдың 50 данасын бағудан бастаған. Асыл тұқымды қойдың етіне деген сұраныс Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында өте жоғары. Сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан сияқты көршілес елдерден де тапсырыс бар.

Айта кетейік, «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламасы аясында шаруа қожалықтардағы асыл тұқымды әрбір қойдың аналық басына 2500 теңгеден, қошқардың әрқайсысына 15 мың теңгеден субсидия берілуде.

Беттерді дайындаған Зерек МҰРАТБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *