АТАМЕКЕН АТАУЛАРЫ: МӘН МЕН МӘНІС

Қоғам
1 301 Views

Жалпы, қай нәрсенің де алдымен аты, содан соң заты ойға түседі. Сол ойға алған дүниеміз атына сай болса, көп мәселе туындамайды. «Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл» дейді халық даналығы. Ат пен заттың үйлесімділігі сақталмаған жерде кейде ономастикалық мәселеге өзек болатын түйін түзіледі. Сосын сол түйінді тарқату оңайға соқпайды.

Академик Әбдуәли Қайдар: «Жер-су, мекен-жай атаулары сияқты қала көшелері мен алаңдарының аттары да – ұлттық мәдениеттің көрнекі саласы. Олай болса, бұл мәселеге ел-жұрт болып атсалысу керек. Әлеуметтік пікірмен есептесе отырып, ең алдымен жергілікті халық мүддесі ескерілуі тиіс. Оны талап етуге қазақ халқының да моральдық құқы бар. Ол – парасаттылықпен, ұлт өкілдерінің өзара түсінісуімен, келісуімен істелетін жауапты шаруа», – деп бүгінгі ономастикалық ұстанымның мақсаты мен міндетін атап көрсетеді.

Республикалық және жергілікті ономастикалық комиссиялардың жұмысын жүргізетін өкілетті мемлекеттік орган мен облыстық басқармалар осы талапты басты назарда ұстауға әрекет жасайды. Ол үшін ономастикалық саясатты орнықты қолданып, тиянақтылықпен жүзеге асыруға арналған нормативтік-құқықтық актілер топтастырылған арнайы жинаққа жиі жүгініп отырған жөн. Бірақ мұндай құжаттардың уақыт ағымына сәйкес ұдайы жетілдіріліп тұратынын да ұмытпаған абзал.

Атамыз қазақ жер-су атауларын кең даламызға мөр етіп басқан. Тілге оралымды, көкейге қона кететіндей етіп көркем кестелеген. Қазақтың ұлы даласындағы жер-су атауларының бәрі бедерлі поэтикамен өрілген. Желмая мініп, жер шолған Асан Қайғы бабамыз өзі тоқтаған мекенінің аты мен затын салмақтап тұрып саралап бергенін қайда қоямыз?! Ата-бабаларымыз Хан тәңірі мен Алатауды, Бетпақдала мен Қаратауды, Арал мен Ұлытауды, Сығанақ пен Сарайшықты, Қарасаз бен Қараойды, Шалкөде мен Көлсайды, Бақанас пен Кербұлақты, Ақши мен Қапалды, Желтораңғы мен Балатопарды ономастика комиссиясынсыз-ақ сәтімен атап, санамызға сіңіріп жібергенін жоққа шығаруға болмас.

Ұлттық атаулардың өмірімізге дендеп енуі – рухани құндылығымыздың көрсеткіші, елдігіміздің ерекше белгісі. Атажұрт атауы – талайғы тарихымыздың бөлінбес бөлшегі, тамырымыздың тереңге тартқанының айқын көрінісі. Қазақтың жер-су атаулары ономастика ғылымы өрістемей тұрған кезде де жадымызға жатталды, санамызға сіңді, жүрегімізге ұялады. Бұл тұрғыда, академик Ә.Қайдардың тағылымды тұжырымына тағы да ден қойсақ, «Халқымыздың сан ғасырлық тарихына тән дәйекті деректердің бірі – оның тірлік-болмыс, дүниетаным көзқарасын, тарихи-әлеуметтік жайы мен ұлттық мәдениетінің нышанын, ана тілінің бәз қалпындағы табиғи бітім-бейне, халықтық көрінісін замандар бойы сақтап келе жатқан қазынамыз – атамекен, туған жер атаулары» екеніне көз жеткіземіз.

Ұлы даланың атаулары өзінен-өзі сөйлеп тұр. Мұзтау, Биікжал, Амантоғай, Ақкиізтоғай, Алтынемел, Қызбел, Қабырғатал, Барсакелмес, Елтінжал, Айдарлы, Қосқұдық, Қызкеткен… Осындай тарихи тұнық бастауы, эстетикалық әсері, поэтикалық пішіні бар әдемі атауларды қатарға қосуды сұраған ұсыныстар республикалық ономастика комиссиясына ағылып келіп жатса кәнекей. Өкінішке қарай, олай бола бермейді.

Оның есесіне ономастика комиссиясына неше түрлі нысанды кісінің атымен атау туралы ұсыныстар жаңбырша жауады. «Кісідегінің кілті аспанда» дейді халқымыз. Сол секілді кісі есімінің де кілті аспанда секілді. Ол кісіміз аты әлемге әйгілі тарихи тұлға болса, кім қарсы тұрар? Тұлға да емес, тұлпар да емес, ауыл-аймақтың етек-жеңін жинауға азды-көпті еңбегі сіңген абыройлы азамат қана болып тұрғаны қинайды.

Міне, осы іздеушілер мен жоқтаушылар ономастикалық кеңістіктің тепе-теңдігін бұзады. Бедел салады, сауын айтады, омыраулатады, қоңыраулатады, әйтеуір дегеніне жетіп тынады. Енді олар одан кейін Астанаға кеткен құжаттың ізін қуалап, республикалық ономастика комиссиясына «шабуыл» жасай бастайды. Мұндай талпыныстары нәтижелі аяқталғандар да жоқ емес.

Сөз зергері Қадыр Мырза Әли ақын: «Халық деген мықты ғой, керек болса, кезінде, Қолдан жасап алады әулиенің өзін де!», – дейді. Сол кісі айтқандай, мұндай нәрселердің алдын алмасақ болмайды. Сондықтан жеке адамдардың атымен мектеп, елді мекен, көше атауларының атын атаған кезде аса талғампаздық танытқанымыз жөн болар еді. Ұлы мен ұлықты, тұлға мен тұлыпты, жүйрік пен жабыны шатастырмасақ екен.

Мынадай мектептердің атауларына зер салайықшы… Жарсуат жалпы орта мектебі, Жақсықылыш жалпы орта мектебі, Сағабүйен жалпы орта мектебі, Қызылағаш жалпы орта мектебі, Тұздыбастау жалпы орта мектебі, Қаратерең жалпы орта мектебі… Діңгек жалпы орта мектебі, Көктал жалпы орта мектебі, Қоңырөлең жалпы орта мектебі… Қандай әдемі! Осындай онсыз да келісті атауларды сол күйінде қалдырса болмай ма?! Жамауды да жарасатын жерге жамаған дұрыс. Құрықтың да сырыққа лайықты болғаны жөн. Құйрықтың да жүйрікке сай болғаны абзал.

Қазақ жерінің еңісінің есепсіз, қыратының қисапсыз екендігі секілді бұл ономастиканың да ой-шұқыры көп. Бір мәселенің тігісін жатқызсаң, екіншісі андағайлап шыға келеді. Сол себепті де ономастикалық жұмыстардың түйінделген тұстарын шешу үшін бұл мәселелерді зерттеу мақсатымен ауық-ауық мораторий жарияланып тұрады. Бірақ соған қарамастан, мораторий мерзімі аяқталған соң жөнсіз ұсыныстар легі қайта жалғасады.

Қазіргі күні «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңы бүгінгі кезеңдегі әкімшілік-аумақтық мәселелерді толық реттей алмай отыр. Ауылға атау беру мәселесін алдымен жергілікті органдар шешетін кезең болды. Содан келіп, балпанақтай баласын бастық етіп өсірген қатардағы қадірлі қарттар ауылдардың атын иеленіп кетіп жатты. Ал ол ауылдардың бәрінің де халық қойған әдемі атауы бар еді. Енді жаңа мемлекеттік бағдарламаның талаптарына сәйкес мұның бәрі республикалық ономастика комиссиясының шешімімен жүзеге асырылады. Тіпті облыс орталығындағы көшелердің атауларына дейін республикалық ономкоммен келісу жөнінде мәселе қойылды.

Осы саланың асқан білгірі, профессор Телқожа Жанұзақ: «Қазақ ономастикасының бір бөлігі саналатын жер-су аттары (топонимдер) ғасырлар жәдігері, мәдениетіміз бен тарихымыздың құнды қазына байлығы, мәдени мұрамыздың бір бұлағы деп айта аламыз. Республикамызда тек қана өзен аты 85 мың болса, көл аттары 50 мыңның үстінде», – дейді. Ендеше, осыншама бай атаудың иесін де, киесін де естен шығармай, ономастиканың мемлекеттік мүдде мен ұлттық ұғымға сай келуіне бәріміз дәнекер болуымыз керек.

Тәуелсіздік алған кезден бастап күні бүгінге дейін бірқатар облыстардың, қалалардың, аудандардың, қалалық аудандардың, теміржол стансалары мен бекеттерінің атаулары өзгерді. Сондай-ақ, елді мекен атауларының орыс тіліндегі транскрипциясы нақтыланды. Елдегі жер-су және нысан атауларының 80-85 пайызы ана тілімізге табан тірейді. Бірақ солай болғанына қарамастан, солтүстіктің тоңы жібіңкіремей, қазақы ұғымға қақпасын ашпай тұрғанын айтуға тиіспіз. Демек, бұл – уақыттың еншісіндегі мәселе. Оң көзқарасты ояту үшін әлі де біраз жұмыс жүргізуге тура келеді.

Қарасаздың тумасы, қара сөздің бурасы Мұқағали Мақатаев былай дейді:

Барлығы да менікі:

Мына дәуір мына өмір,

Мынау аспан, мына күн.

Мына мұхит, мына жер –

Мына менің тұрағым.

Барлығы да менікі:

Жұлдыздардың шырағы –

Жердің ұшқан Сыңары,

Еділ, Жайық, Дон, Дунай,

Қарасаздың бұлағы,

Барлығы да менікі.

Қиыр Шығыс, қарт Сібір,

қарт Оралдың қойнауы,

Балтық, Қырым, Кавказ бен

Қарқараның жайлауы,

Өзендер мен көлдер де,

ормандар мен таулар да,

Астана мен одақ та,

облыс пен аудан да,

Манаураған түндер де,

алаулаған таңдар да –

Тиген менің еншіме,

қолым жеткен арманға.

Біз де ел мен жерді, өзен мен көлді, дала мен қаланы, бақша мен бауды, орман мен тауды Қарасаздың түлегі, қара өлеңнің үлегі Мұқағалиша жақсы көруіміз керек. Сол кезде ғана оны аяй да, аялай да аламыз. Сол кезде оның атына да, затына да жанымыз ашиды.

«Содан жаз кеп, ен жайлауға – Шалкөдеге көшкенде, Алдымыздан аңқушы еді Айғайтастан ескен жел», – деп тағы да сол Мұқағали жырлағандай, атау деген айғай сап, есім деген есіліп тұруы керек. Көңілге қонымды, ойға оралымды, санаға сіңімді болғаны жөн. Жергілікті ономастика комиссияларының мүшелері осыны да ескерсе екен.

Ертіс – ерке,

Жайық – ақ,

жайырақ ақ, жайырақ!

Арғы беттен келе қойшы қайық ап,

алғы күнге өткізейін тілімді,

Ертіс, Жайықтан да тілім байырақ,

тереңірек;

мына ғажап көктемде

тілім өлер деген қауіп жоқ менде, – деп «Ана тілі туралы сөз» деген әйгілі өлеңінде Жұмекен Нәжімеденов ақын айтқандай, тіл саясатын ұстанушылар жер-су атауларының да, жалпы атаулардың да мемлекеттік мүддеге, ұлттық ұстанымға, қазақы қалыпқа, тарихи тұрпатқа сай болуын көздейді.

Кезінде Жамбыл Жабаев атамыздың өзі де «Атыңнан айналайын Әулие Ата, Атыңды ап қойды деп болма, қапа», – деп ономастикалық мәселеге жете мән беріп еді. Жәкемнен әулие емеспіз, бабаларымыздың жан алысып, жан берісіп қорғап қалған ұланғайыр даласындағы әрбір елді мекенді, әрбір нысанды атасақ, жөнімен атайық. «Туған жер» концептісінің ұлттық-мәдени ерекшелігі және оның қазақ әдебиетінде көркем бейнеленуі» атты ғылыми жоба аясындағы ой-тұжырымдарымыз осыған міндеттейді.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

әдебиеттанушы, публицист

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *