ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ КАРСЕНБАЙ ҚУНАҚҰЛЫНА МЕМОРИАЛ ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ

Руханият Қоғам
1 452 Views

Карсенбай Қунақов оңтүстік өңірге елеулі еңбек сіңірген ардақты азаматтардың бірі. Облыстың құрылыс саласында абыройлы қызмет еткен, еңбек жолын білікті маман, құрылысшы, механик болып бастаған азамат кейін өлкемізге танымал тұлғалардың біріне айналды. Оның елге еткен еңбегінің өлшемі ретінде Шымкент қаласында өзі тұрған үйге көпшілік жиналып ескерткіш тақта орнатты. Игі шараға қайраткердің ет жақын туыстары, замандастары мен қызметтес достары келді.

Шымкенттің орталығындағы С.Пазылбеков көшесіндегі үйдің қабырғасына орнатылған тақтаның шымылдығын Қазақстан халық әртісі, Мемлекет және қоғам қайраткері Асанәлі Әшімов, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, қоғам қайраткері Бекет Тұрғараев сынды қадірлі азаматтар ашты. Құттықтау сөз сөйлеген ел ағалары Карсенбай Қунақұлының парасатты болмыс-бітімін сөзге арқау етті.

Асанәлі ӘШІМОВ, Қазақстан және КСРО Халық әртісі, «Қазақстанның Еңбек ері» орденінің иегері, мемлекет және қоғам қайраткері:

— Карсенбай менің әрі досым, құрдасым, әрі туысым. Ауылымыздан шыққан жаны жайсаң, жанұяға жайлы, өте білімді, зиялы да, халқына қадірлі азамат еді. Қай ортада жүрсе де, бәріне тең қарайтын. Карсенбаймен мақтанып жүруші едік. Өмірде аяқ астынан бақиға кетіп қалғаны қабырғамызға батты. Жақсы адамның өмірден озуының өзі тарих. Оның жасаған еңбегін ел біледі. Жергілікті әкімдік бағасын беріп, үлкен тақта орнатып жатыр. Кейінгі буын ескеріп елеп жатқанына үлкен рахметімізді айтамыз, мынау ескерткіш тақта сол қалтқысыз қызметінің жемісі. Карсенбайды ұмытпаймыз, Құранымызға қосып отырамыз. Қош, айналайын!

Карсенбай Қунақұлы 1936 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданының Байқадам ауылында дүниеге келген.

Одан кейін 1957 жылы мемлекеттік ауыл шаруашылық институтына түсіп, оны 1962 жылы бітіріп ауыл шаруашылығы инженер-механигі мамандығын алған.

Институт бітіргеннен кейін 1962-1964 жылдары Сарысу ауданында механик, Мойынқүм ауданында бас инженер-механик, 1967-1969 жылдары Шымкент облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бас инженері, 1969-1973 жылдары облыстық ауыл шаруашылық басқармасының мемлекеттік тех бақылауының бастығы болып қызмет атқарған. 1973-1975 жылдары облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылық бөлімінің нұсқаушысы, ал 1975-1980 жылдары Ленгер аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып қызмет жасады. 1980-1994 жылдары «Шымкент ауылшарқұрылыс монтаж» трестінің бастығы болған. 1994-2005 жылдары «Кавекс» бірлескен қазақ-германия фирмасының директоры қызметін атқарған. 1997 жылы зейнеткерлікке шыққан.

Зейнеткерлікке шыққаннан бері де қоғамдық өмірге үлкен үлес қосқан. Облыстық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі ретінде халық арасында жүргізілетін іс-шараларға аянбай араласып, әсіресе жас ұрпақ тәрбиесіне қажыр-қайратын да, тәжірибесін де, уақытын да қалтқысыз жұмсаған. Өзінің өмірлік және қоғамдық тәжірибесін жастарға үйретуден жалықпаған. Жастарды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа, парасаттылыққа тәрбиелеуде өзінің қомақты үлесін қосқан ардагерлердің бірі де, бірегейі. Жергілікті өкілетті және атқарушы органдар мен жұртшылық алдында абыройлы ел ағасы бола білді.

Карсенбай ақсақал ауыр науқастан сексен үш жасында дүниеден қайтты.

Өмірзақ Озғанбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

— Карсекең адамгершілігі мол, парасатты жан болатын. Пенделікпен адамға қиянат жасау деген болмайтын. Қарамағындағы азаматтардың өзін сөкпей, жұмысты ақылмен шешетін. Шымкенттегі ірі ғимараттарды осы Карсекең тұрғызды. Солардың бірі Құс фабрикасын, зауыттар мен фабрикаларға оның қолының ізі қалды. Өзінің өмірлік және қоғамдық тәжірибесін жастарға үйретуден жалықпаған. Ең басты жетістігі, Шымкент қаласы мен облыстың ауыл шаруашылығына, құрылыс саласына, экономикасының ілгерілеуіне қосқан сүбелі үлесі болды.

Бекет ТҰРҒАРАЕВ, Қазақстанның Құрметті судьясы, қоғам қайраткері:

— Азаматтың елге сіңірген еңбегі елеусіз қалмайды. Халқы өзіне лайықты құрметін жасайды. Сондай ұсыныстың өзі тұрған үйіне мемориалдық тақта қою, көшеге есімін беру секілді ізгі әрекеттерді біз де жасадық. Оның елге сіңірген қызметі жайлы әлі талай кітап жазылар, мақала да жарық көрер. Ұл-қыз өсірді, отбасына ғана елге үлгі болды. Осы ескерткіш тақта орнатылып жатқан тұрғын үйде қырық жыл бірге тұрдық. Тумаса да, туғандай ағалы-інілі болып кетіп едік. Міне, Шымкент қалалық әкімдіктің мақұлдауымен мәдениет басқармасы Карсекең тұрған үйге құрметті мемориалды тақта орнату жөнінде шешім қабылдады.

Білімді заңгер, қарымды қаламгер Бекет Тұрғараев Карсенбай Қунақұлының адами келбетін ерекше бағалайтын замандасы ретінде ескерткіш тақтаның орнатылуына мұрындық болды.

Салтанатты шараға қатысқандар бір сәт ескерткіш тақта басына құран оқып, қадірлі жанның құрметіне тағзым етіп, алқызыл гүл шоқтарын қойды.

«Әділет-ақпарат»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *