Шымкенттегі облыстық жасөспірімдер кітапханасында Қазақстан Республикасының «100 кітап» жобасы аясында ақын, жазушы, әдебиет сыншысы Тәкен Әлімқұловтың 100 жылдық мерейтойына орай «Ақбозат» романын талқылауға арналған әдеби сағат өткізілді. Оған ақын-жазушылар, студент жастар, 6506 әскери бөлімі сарбаздары мен кітапхана оқырмандары қатысты.
Қазақ прозасының көрнекті өкілдерінің бірі, дарынды прозашы, суреткер қаламгер Тәкен (Тәңірберген) Әлімқұлов 1916 жылы қазіргі Түркістан облысының Созақ ауданындағы Бабата атты тарихи елді мекенде дүниеге келген. 1987 жылы 13 сәуір күні Алматы қаласында дүниеден озған.
“Ақбозат” романы тұңғыш рет 1961 жылы “Жұлдыз” журналында “Қаратау перзенттері” деген атпен жарияланған. Бір жылдан кейін романның бірнеше тарауы қайта жазылып, өзгерістерге ұшырап, толықтырылып, тереңдетіліп, Алматыдағы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан қайта жарыққа шыққан. 1968 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан орыс тілінде “Белый конь” деген жарық көрген. Қазақшадан орысшаға аударған – белгілі орыс қаламгері Н.Кузьмина.
Бұл роман Тәкеннің проза жанрындағы көлемді әрі маңызды шығармаларының бірі. Оның негізгі тақырыптық арқауы өткен ғасырдың 60-70 жылдарының шындығымен сабақтасады. Мұнда бірнеше сюжеттік арналар қатар жарысып келіп бір мәселе төңірегінде тоқайласады. Ол – ауыл өмірі, ауылдан шыққан қазақ жастарының тұрмыс жағдайы. Ауыл мектептерінде сауат ашып, білім алып, кейінгі жылдарында алып қалалар – Мәскеу, Санкт-Петербор сияқты әлемдік ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің кіндігі саналатын жоғары оқу ордаларында студенттік өмірін жалғастырған қазақ жастарының тағдыры қызғылықты баяндалады Көзі ашық, көңілі сергек, білім мен ғылымның биік шыңына қарай ұмтылған осынау жастардың әр сәттегі көңіл-күйіне, олардың жан сезімін, көзқарас ерекшеліктерін қаламгер асықпай, байыппен, барынша жан-жақты, барлық қырынан ашып көрсетуді мақсат етеді. Алғашқы махаббат сезімі, қызғаныш, күйініш, түңілу, бір сөзбен айтқанда, өрімдей жастарға етене жақын ішкі сезім толқындарының барлығы өз арнасында терең көрініс табады.
Басқосу барысында ақын, түркітанушы, тарихшы, Нәзір Төреқұлов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Сәрсен Бек Сахабат, жазушы-журналист Сабырбек Олжабаев, тағы басқалар көтеріліп отырған аса маңызды тақырып бойынша өздерінің ойларын ортаға салды.
Тәкен Әлімқұловтың «Ақбозат» романы желісі бойынша көрме жұртшылық назарына ұсынылды. Ондағы басты назар табиғатқа, ауыл тіршілігіне, ауыл тынысы, мал шаруашылығына аударылған. Сонымен қатар Ақбозатты бейнелеу арқылы романның басты мәселесі арқау етілгені сөз болды.
Алтынай Алжан Нұртай Ерназардың Тәкен Әлімқұловқа арнаған өлеңін оқыды. Ақерке Досқара, Райхан Сейдәлиева әуелетіп ән салды. Кітапхана қызметкерлері жазушының шығармашылығына арналған «Сөз шебері» әдеби композициясын орындады.
«Ақбозат» романын талқылау барысында жас оқырмандардың пікірін білу мақсатында оларға төмендегідей сауалдар қойылды:
1). «Ақбозат» романынан қандай әсер алдыңыз?
2). Роман кейіпкерлерін сипаттап беріңіз?
3). Жазушы «Ақбозат » романындағы кейіпкерлер арқылы оқырманға қандай ой-түйсік жеткізгісі келген?
Оқырмандар назарына төмендегідей викториналық сұрақтар да ұсынылды:
1). Тәкен Әлімқұлов қай жылы, қай жерде дүниеге келген?
1916 жылы 22 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында дүниеге келген. 1987 жылы 13 сәуірде Алматыда дүниеден озған.
2). Тәкен Әлімқұлов оқыған институтты атаңыз?
1953 жылы Мәскеудегі Максим Горький атындағы Әдебиет институтында оқыған.
3). «Ақбозат» романы қай жылы жарыққа шықты?
Бұл роман 1962 жылы жарық көрген.
4). «Ақбозат» романының алғашқы атауы қандай болған еді?
Романның алғашқы атауы «Қаратау перзенттері» болған.
Сөзге шыққандардың бәрі қойылған сауалдарға жауап қайтарумен қатар Тәкен Әлімқұловтың Бейімбет Майлиннен кейінгі қазақтың қара сөзін құлпыртып, мәйегін ұсынған аса талантты прозаик екеніне тоқталып өтті.
«Біз де ұлы суреткер Тәкен Әлімқұловпен ұзақ сырласамыз. Келер ұрпақтар да өз Тәкен Әлімқұловымен ұзақ сырласа беретіні мен үшін кәміл», – деп Сайлаубек Жұмабек айтқандай, жазушымен сырласу қашанда жанымызға шуақ сыйлайтыны белгілі. Келер ұрпақ та Тәкен Әлімқұловтың шығармаларын үзбей оқиды деп кәміл сенеміз.
Құндызай ЕЛЕКЕЕВА,
облыстық жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы.