КӨЗ (ШЫТЫРМАН ОҚИҒАЛЫ ҚЫЛМЫС ХИКАЯСЫ)

Әдебиет
428 Views

(Соңы. Басы өткен сандарда).

Көңілі тасып, сыртынан ертеңіне келіп және бір бақылап, енді анау жыпылық көз Шәлтік пен май сасыған Боксшыдан қалай құтылуды ойлады. Оларға осыншама қазынаны қалай қиып береді? Жоқ, бұл бәріне өзі ие, өзі қожа болады. Ол үшін жеңіл-желпі қылмыс жасап, сотталады да, мына байлығынан жырып көмекейлеріне құйып, көп отырмай құтылып кетеді. Жасаған қылмысына ұзаса бір жыл берсе, үш-төрт айда босайды да, жасырған бар ақшаны алып, жоқ болып, оларға таптырмай кетеді. Боксшы мен Шәлтік бір жылдан кейін босап келеді ғой деп күтіп жүргенде бұл шетелде сайран салып, дарияға түскен тастай ізім-қайым жоғалады. Алты миллион евро – бәрін-бәрін жасайды, ақша ашпайтын қамал жоқ.

Ісі оңалып, абақтыда өз үйіндегідей еркінсіп жүргенде кеше Гуля кездесуге рұқсат алыпты. Осы сылаң қаққан келіншек неге сонша бұған құлап түскенін түсінбейді.

Жылап, өксіп отырып:

– Барыс, жаным, саған үлкен жаңалық айтуға келдім. Мен сенен жүкті болып қалдым! – дегенде Шегір селк ете түсті.

– Қой, қашан, қалай? – деп сасып-салбырап, аз күнде көзінің алды көгіс тартып, жүзі солғынданып, жүдеген Гулясына көзі үшбұрыштанып таңырқай қарады.

– Мүмкін күйеуіңнен шығар?

– Жоқ, сенімен жолыққалы оны жолатпаған едім, – деп көз жасын сығып алды.

– Уақыттарың бітті. Иванов екі қолыңды артыңа ұста! Алдыға түс, – деп Шегірді алды да кетті.

«Алдырып таста деп айтпағаным-ай. Мейлі, Шәлтік өзі асырайды» – деп камераға келген соң Гуляның әңгімесін ұмытып та кетті.

Бәрі оңынан туып келе жатқанда Қанжардың сап етіп, келгенін көрмейсің бе? Бұған тең жартысын беріп аман құтылса жақсы. Кектеніп Қанжар мұның көзін құртып, бәрін өзі алып жоғалмаса десеңші?

Өзегін өртеген өкініш тұла бойын дір еткізіп Қанжар жаққа қарауға жасқанып тұрғанда:

– Бұрын алты рет сотталған Иванов Бористі жәбірленушінің кешіргеніне қарамастан ұрлық істеуге пәтерге кіргені үшін сот бір жыл түрмеге отыруға үкім етеді! – деп судья ұстап тұрған қағазын столға қоя бергенде тарс еткен мылтық даусы жаңғырып, көк түтін зал ішін алып кетті.

Оң жақ кеудесін ұстай берген Шегір он шақты қадам жерде Боксшының шолақ қосауызбен мұны көздеп тұрғанын көре сала отыра бергенде және мылтық атылды. Біреулер шыңғырып, бәрі еденге жата-жата кетісті. Солдаттар Боксшыны тарпа бас салды, ол жұлқынып, түк қарсыласпады.

Шегір орнынан тұра берейін дегенде алақанына оң көзі ағып түсті, сол жақ иығынан қан саулай жөнелді. Костюмін шешейін деп еді, әппақ қардай жейдесі қызылжалқын қанға боялыпты.

Төрт солдат қолын артына қайырып, кісен салып жатқанда Боксшы қырылдай айқай салды:

– Шегір! Сені бәрібір өлтіремін. Алдағанның қандай екенін көрсетемін сен итке! – деп бұқадай өкірген даусы жер жарды.

Шегірді қанжоса болып жатқан тор ішінен кешігіп келген жедел жәрдемшілер зембілге салып, көтеріп әкетті. Машина ішіне үш медик және бір күзетші милиция сержанты отырды. Иығын ораған қалың әппақ дәке де қызылға боялып, қан тоқтамады.

Ең болмаса сау көзімді ашайын деп еді, шымқай тігіп тастағандай жұмылған кірпіктерін көтере алмай зар болды.

Бір көзі ағып кеткен, екіншісі жұмулы болса да санасында былғары дәу қара сөмке, ішінде бума-бума бес жүздіктен жап-жаңа евролар… Елестеп, жарқырап жайнап ойында тұрады да, ізім-қайым өше қалады.

Қап-ай, қап! Қайран өмір бойы күткен асылзатына жеттім бе дегенде көрері осы ма еді? Бір көзі жоқ, соқыр Шегір атанатын болды. Иығына қазір операция жасап, біраз күн қиналармын. Тек мына көзі ағып кеткенін қарашы. Әй, дүлей Боксшы-ай, сенің қояншық жынды екеніңді біле тұра алдап кетемін деген өзім де ақымақпын.

Әттең-ай, әттең… – деп қан-сөлсіз қарайып бара жатқан ернін қырши тістенді. – Ол бәрін айтып, жайып салса бәріміз түрмеден шықпаймыз. Сол жақта бұл албасты досының көзін құртармын да бар байлыққа өзім ие болып қалармын. Айтпақшы Қанжар бар екен ғой, ол екеуміз енді теңдей бөліп алуға амал жоқ тура келеді. Ойбай жаным-ай!..

Жындысүрей Боксшы мылтығын қалай ғана сот залына емін-еркін алып кірді?

Бәрі-бәрін күнібұрын ойлап, пішіп, шешіп қойған ғой, әттеген-ай десеңші…

Алматының басындағы Алатаудың бір шоқысы Ақжарға апарып қаражартас қалқасын үңгіп, адам бара бермес қуысқа тыққан байлығын жан адам білмейді.

Ораған ақ дәке қарақошқылданып, қып-қызыл қан тамшылары машина ішіне тырс-тырс тама бастады.

– Ақжар… Ақжар… Қаражартас… – деп сыбырлады кезерген ерні жыбырлап.

– Не дейді? – деді сержант елең етіп.

– Ақ… қара… – деп сандырақтап жатыр, – деп кәртамыс медбике мұрнына нашатыр иіскетті.

– Бір жылға сотталып жатыр еді – деп басын шайқаған сержант темекісін шығарды.

– Мұнда темекі тартуға болмайды! – деп медбике алакөздене қарады.

Бәрі тастай қараңғы, Шегір есін еміс-еміс қана біледі. Ауруханада мұны жалаңаштап, үстін су шүберекпен, ал жарақат төңірегін спиртпен сүртіп, операция залына зырылдаған дөңгелекті арба зембілімен апарды.

Ағып түскен көзіне удай ащы бірдеңені құйып толтырып, бетіне пластыр жапсырды. Ал иығындағы оқ тиген жерге қойған тампонды жұлып алғанда «аһ» деп бір уыс қан құсып жіберді де, бәрі мұнарланып, жанып-өшіп, жанып-өшіп жүре берді.

Ең соңғы сызаттан келген бозғылтым сәуле де жоқ болды. Бетаузын тұмшалап алған оташы-дәрігер:

– Бір оқ бүкіл өкпесін тесіп, ішін талқандапты. Екінші оқ оң көзінен жанай өтіп, ағызып жіберген. Қан өте көп кеткен. Бітті!… – деп қолын сермеді. Бітіпті!…

Серейген жаны жоқ денесін зырылдаған зембілмен мұздатқышы азынап тұрған сұп-суық моргқа апарып, тастай салды.

– Мынаның көзі бақырайып жабылмапты! – деді сұр халат киген санитар әйел.

– Уқаласаң жұмылушы еді ғой! – деп екеуі екі жақтан шақшиған жалғыз көзін жаба алмай әуреленді.

– Онда мына екі монетаны екі көзіне жапсырып қой! – деп бұрышта қобдида тұрған ескі темір монетаның екеуін екі көзінің үстіне қойды.

Бұл қара бақыр – тиын да емес, марқұмдардың жанарларын жабатын дөңгелек қаңылтыр қарабақыр темірлер болатын.

Сирағы сорайып жатқан аяғына «Иванов Б.И.» деген жазуы бар қағаз іліп, екеуі шығып кетті.

* * *

Тергеушілердің алдындағы столда жарты құлаштай ғана қосауыз мылтық, домбыра қабы жатты.

Боксшы әлі өрекпіп, тау қопарғандай долданып, есіріктеніп алған. Есіктен капитан шенді мықынды әйел кіріп:

– Сотталушы ауруханада қайтыс бопты! – деді тергеушілерге бір қағаздарды беріп жатып.

– Ол өліпті ме, анық па? – деп Боксшы басын көтеріп қуана дауыстады. Алақандай жасыл көзі жарқ-жұрқ етеді.

– Иә, қан көп кетіпті! – деп әйел бұған емес, аналарға қарап жауап берді де, шығып кетті.

– Мен бәрін айтамын енді. Әнеукүні банкідегі шетелдіктің алты миллион евросын ұрлаған осы бүгін сотталған Шегір, тоесть Иванов Борис екеуміз – деп айтты да Шәлтікті ләм-лим қоспады.

– Шегірге мен де өлім үкімін шығарып қойдым. Ол мені алдады, отбасымды күйретті, қарызға белшемнен баттым, – деп тістене долданып қырылдап, екі беті қызарып, құтырған иттікіндей көзі қып-қызыл болып бәрін айтып салды.

Жіңішке мұртты подполковникті бірден таныды, Жарас пен Гуляның тойына келгенде көрген, ал ол мұны танымады.

– Сен мына қосауызды сот залына қалай кіргіздің? – деді подполковник мылтыққа көз салып қойып.

– Мына домбыра қабына салып алып кірдім.

– Сотқа кірерде тексермеді ме?

– Таңертеңгілік сотқа келгенімде есік көзіндегі милиция мұны алып қарап, тексерді. Онда ішіне домбыра салып алғанмын. Түстен кейін әдейі кешігіп, жүгіріп ентігіп жеттім де: «Сот басталып кетті ме?» – деп таңертеңгілік тексерген күзетшіден сұрап едім, «Иә» деп басын шұлғып қайта тексермей өткізіп жіберді. Алдын-ала бәрін жобалап ойластырғанымдай болып шықты. Шегір мені көріп мазақтап, кекете бастады, масайрап, мәз-мейрам. Қайда апарып тыққанын айтпай, түрмесіне сотталып кетпекші. Арамдығы, зұлымдығы әбден қанды қайнатты.

Екі тергеуші бір-біріне қарап ымдап, жымың ете түсті. Ешкім таба алмай жүрген алты миллион евроны ұрлаған ұры міне табылды.

Бүкіл қала, интернет шу ете түсті.

– Сот залында сотталушыны атып өлтіріпті!

– Банкіден алты миллион евро тонағандар ұсталыпты!

– Банк бастығы жарты миллион пара алып, тонауды ұйымдастырған дейді.

Жойқын осындай сан-сапалақ хабарды интернет, сайт, телефондар сан-саққа жүгіртіп, жан-жаққа тарап жатты. Шегір мен Боксшының суреттерін қылмыскер қарақшы деп теледидардан қайта-қайта көрсете бастады.

* * *

Он бір қабат банк іші арадай гулеп, жаман хабар сумаң-сумаң етіп әр кабинетке кіріп, біреуді қуантып, біреуді шошытып дүңк-дүңк жетіп жатты. Уатсап, теледидар қарақшы тонаушылар жайлы түрлі-түрлі болжам, хабар, деректерді үсті-үстіне айтып, бұл мекенге тілші-журналистер ағылды.

Көрші отырған Күләнда апай жайлап қасына келіп:

– Жарас Нұрманович! – деді. Орынбасарлықтан алынғалы бұлай атауды бәрі біржола ұмытқан.

– Жарас Нұрманович, енді банк бастығына сіз лайықтысыз. Босқа сізді қызғанып, анау парақор сұмырай бастық пен орынбасарлары қолдан ұйымдастырып, құртып жібермек болды ғой. Ана төрт жандайшап қатындардың біреуін қалдырмай, бәрін босат. Өзіміз бар ғой, маған сеніңіз, бәрін қатырамын! – деп жымың-жымың етіп шыныға шәй құйып әкеліп берді.

Шәлтік жүні жығылып, басының әңкі-тәңкісі шығып, сейфтен әкесінің пистолетін сөмкесіне салып алып шықты да, үйіне тартты.

Бүгін келіншегі де ерте келіпті, тамақ әзірлеп зыр қағып жүр.

– Жарас! – деді тұңғыш рет атын нақты айтып. – Жарасжан, дүние не болып кетті, ә? Кластастарың Барыс пен Ахметті естіген шығарсың? Бастығың да қамалып қалыпты. Сен аман болшы, – деп мауыққан мысықтай сүйене шашынан сипады. Селсоқ ұнжырғасы түсіп, не істерін білмей отырғанда әйелі сыңси жылай бастады.

– Жорж, Жарасжан енді сен аман болшы! Сен болмасаң мен қайтемін?

Бәрі сенің арқаң… Сені банкке бастық қояды деп жатыр. Сен істейсің, бәрі қолыңнан келеді, – дегенде басын көтеріп қараса келіншегінің екі көзінен аққан жас сүрме, бояуларын ерітіп, бүкіл бетәлпетін әлеміштеп тастапты.

– Шегір өліпті, Боксшы түрмеде! – деді аһ ұрып аласұрған ішкі жалынға күйінген ол орнынан тұрып ары бері жүргіштеп кетті.

Сұңқылдап, ыңқылдап жылаған әйеліне де қарамай пистолетті қалтасына салып, көшеге шығып кетті.

Келесі көшеден өтіп, ағашы қалың паркке кіріп, мәңгіріп тас төселген тротуармен ары-бері сенделіп, қапас ойларға тұншығып, бүкшиіп жан-жағындағылардың ештеңесін елең қылмай, удай өкініш, жанын шыжғырған үрей тұлабойын тұмшалап, өксіп-өксіп булыға жылады.

Дел-сал есалаң жандай бүркіп жауған жауынды да елемей басы ауған жаққа сенделіп жүре берді. Бір кезде қараса он бір қабат әйнектелген зәулім өзі жұмыс істейтін банк қасында тұр. Селт етіп, тротуар бойлай ағаштар қалқасымен безіп жоғалды.

Қазір осы арадан ұстап алып, абақтыға апарып қамар. Боксшы бәрін бұлбұлша сайрап айтып, бүкіл полиция мұны шарқ ұрып іздеп жатқан болар. Енді бұған да сот он жылдан кем бермейді. Түрмеде Боксшы мұны түйебас жасап «Ақшаны қай жерге тықтыңдар, айт шыныңды!», – деп күнде буындырып, ұрып-соғып, дүлей неме қабырғаларын сындырып, қан құстырып көрмегенді көрсетеді-ау…

Қайран басым-ай!.. Бір күнгі жан жайлылығы, жүрек тыныштығы не тұрады десеші!.. Сорлы басым қақпанға қалай түсіп қалдым? Бұдан құтылатын жол – жоқ! Ойы шатасып, батпан-батпан қараңғы үрей бойына жайылып, селкілдеп кетті. Сүметіле жауған жауын астында сенделіп, түпсіз зындан тұңғиығынан шығар бір сәуле жоқтығына күйініп, іштей іріп, бордай тозды.

Енді тек тезірек өліп құтылмаса, қас масқара болып, абақтыда Боксшымен кездесіп, үстіне құзар-жартас құлап, басып қалар зауал сұмдықтарды көтере алмайды.

Қалтасындағы пистолетті алып, оқтап өзін-өзі атайын десе қолы бармады. Аяқ астынан қата тиіп, жараланып аман қалса не болғаны. Қалған өмірі мүгедек болып, түрмеде шіриді.

Көшеде жауында анау зуылдап өтіп жатқан машиналардың бірінің астына түссе ше? Мылжа мылжасы шығып, рөлде отырған бір сорлының обалына қалады-ау… Не істесе екен? Тездетіп бітірмесе, мұны тыпырлатып ұстап алса, бітті дей бер. Ол қорлыққа мүлде шыдай алмас…

Балалар асыр салып ойнайтын спорт алаңындағы турникке қалтасына салып алып шыққан жіпті байлап, тартып көріп, тамырлары адырайған қылқиған мойнына іле салды…

Таң бозарып атып, жылауық жауын сұп-суық мұздай боп жауып тұрғанда аула сыпырушы оны бірінші көрді.

Екі көзі ұясынан шыға ақшиып, денесі ұзарып, мойнындағы жіп терісін жыртып, қанталап кеткен жігіттің денесі суып, анық өліп қалғанын ұстап көре сала, қалта телефонымен полицияға хабарлай бастады.

* * *

Түні бойы Боксшыға бірі келіп, бірі кетіп, сұраққа алушылар көбейді.

Таңертеңгілік әлгі шілтік инвестор мен өңкиген оққарғарын әкеп, беттестірді.

– Дәл өзі!

– Осы оңбаған ұрып жықты! – деп екеуі де жазбай таныды.

– Бар ақшамды тауып берсін! – деп шелетдік инвестор шала-пұла орысшалап шәңкілдеді.

– Білеу темірмен басымнан ұрып, миым шайқалды. Ауруханада жатырмын – деп күзетші ежірейді.

– Табамыз. Таптыртамыз. Қарақшылар қолға түсті! – деп бәрі үшін жіңішке мұрт подполковник уәде берді.

Инвестор мен оққағарын алып кеткен соң, Боксшыға бұл оқиға қалай болғаны жайлы басынан бастатып түгел қайта айтқызды. Тек Шәлтікті еш жерде атын атамай, Шегір банк бастығы арқылы бәрін біліп отырды деп өтірік қосып қойды.

Бұйрабас шоферді дедектетіп алып келгенде анау шошып кетті.

– Асқар, бар көрген-білгеніңді жасырмай айт, сенің еш кінәң жоқ. Мен бәрін мойындадым, – деді Боксшы бақакөздене қарап.

Шофер кеткеннен соң ең басты сұрақ:

– Алты миллион евро қайда? – деп бәрі сұраққа алды.

Боксшының білмеймін дегеніне ешқайсысы сенбеді.

Түске салым мұның екі қолын кісендеп, машинаға отырғызып, көрсетуі бойынша «Горный гигант» ауылымен жоғары тау етегіндегі қалың бейіт жатқан жотаға алып келді.

Безеубет, қоңқақ мұрын дәуқара сержанттың оң қолына, ал мұның сол білезігіне кісен салып:

– Қане, тыққан жеріңді көрсет! – деді подполковник бұған сынай қарап. Бүгін түнде банктің жай қызметкері Жарас Нұрмановтың асылып өлгенін естіп, бұл қылмысқа оның да қатысы бар ма екен деп күдіктене ойлап қойды.

Қара нөсер селдетіп төгіп берді. Боксшы пен Сержант малмандай су болып, батыс беткейдегі ескі моланың шетіне барып тұрды. Бірге келген екі автоматты полицей дірдектеп жаңбырдан қорғалап, машинаға барып отырды. Қолшатыр ұстаған подполковник:

– Қане көрсет, қай жерге тыққан едіңдер? – деді сұрлана.

Бокста нокаут берерде оқыс ой кенеттен қылаң ете қалады да, бір соққыдан қарсыласыңды қалпақтай ұшырасың.

Есіне Тоқмақтағы нағашы әпкесі түсті, оған жетсе ары қарай тәжік асып, ауғандарға өтіп кетеді. Барон секілді наркобизнеспен айналысса қайтер еді.

– Міне, мына шұңқырға көміп, бетін жауып, жасырып кеткенбіз. Кейін келсем түк жоқ – деп Боксшы бос қолымен бейіт ішіндегі қазылған жерді нұсқап көрсеткенсіп қасында шатыр ұстап тұрған подполковникті өкпеден періп кеп жіберіп құлатты. Безеу бет сержант кісендеулі қолымен мұны тартқыштай бастағанда оны бүре түсіп, алыса кетті.

Алқын-жұлқын сол қолымен оны әрең дегенде алып ұрғанша ол жан даусы шыға айқай салды.

Безеубетті қылқындырып:

– Аузыңды жап! Кісеннің кілтін бер! – деп екі көзі қан жауып, ысқыра ысылдады.

Астында бауыздалатын қойдай тыпырлап жатқан сержант кілтті алып бұған бере бергенде, артқы шүйдеден тиген соққы қарақұсын опырып, құтырынған Боксшы ауып түсіп, шылқыған балшық толған шұңқырды сүзе құлады.

Автомат дүмімен ұрып жыққан лейтенант қылмыскердің үстіне төне түсіп, шұңқырдағы басын суырып алғанда екі көзіне қара балшық жабысып, шүйдесінен қан саулай жөнелді.

Подполковник келіп, кірқожалақ мойнындағы тамырын басып:

– Бітті! Өлтіріп алдық! – деді өкініп.

Қара нөсер бас көзге қарамай төпеп тұр. Үсті-басы малмандай болған төртеуі Боксшының былқ-сылқ еткен жансыз денесін аударып көріп:

– Тергеушілер мен прокурорға хабарлаңдар. Үшеуің кетпей осыны күзетіңдер! Проблема тауып алдық! – деп подполковник ашуға мініп, машинасына қарай тез-тез жүгіре басып жөнелді.

Перзентханада Боксшы-Ахметтің келіншегі босанып, ұл тауып, борп-борп еткен бөпесін қуана, мейірлене емізіп жатты.

* * *

Үнемі тербеліп тұратын Алматының бас жағындағы Ақжар шоқысы қалың қара нөсер күнгі жер сілкінісіне шыдамай қақ айырылып, бес-алты құлаш қалың көшкін жарқабақты тұтастай басып қалды. Ішінде евро толы былғары сөмке иісін сезген жүні ұйпаланған аш түлкі қаражартас түбін тырмалап қаза бастағаны сол еді, сатұр-сұтыр үстіне құз-жартас құлап, сеспей қатты.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері, «Әділет. Рухани жаңғыру»

газеті редакциясының алқа төрағасы

Қараша, 2020 жыл.

Алматы-Ақжар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *