КЕК (РОМАН)

Әдебиет
191 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

– Келісеміз! – деп жиналғандар шу етісті.

– Ендеше, күні ертең ояз ұлықтары мен болыстың шабармандары келген кезде дәл осылай ұйымдасып, жөнсіз талапқа көнбейтін ел екенімізді білдірейік. Күллі қазақ осылай ұйымдасып қарсылық көрсетсе, патша да өз жарлығының жөнсіз екенін аңдап, елмен санасатын шығар.

Осындай шешімге келіп, бір ойға бекінген көпшілік шуылдаса тарасты. Орынбай біраз кісілерді үйіне ертіп барды. Оның үйінде орта бойлыдан сәл биіктеу, құба өңді, қияқтай мұрты өзіне жарасқан ер-азамат атаулының көріктісі деуге келетін, орыс үлгісімен киген киімі де өзіне құйып қойғандай жарасқан бір қонақ жігіт отыр екен. Орынбай оны қонақтарымен таныстырды. Ол төменгі Сарыүйсін елінен келген Тоқаш деген жігіт екен. Тоқаш бәрімен ықыластана амандасып, қариядан жиынның қалай өткенін сұрады. Орынбай жиынның жағдайын айтты. Риза болған Тоқаш «барлық ауыл осылай бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, біріксе ғой» деді жымиып.

– Бұл Тоқаш – оқыған жігіт. Бернойда орыс ұлықтарының кеңсесі мен Петерборда сотта істеген. Жақында елге келіп, қазақ балаларын заманға сай оқытуға баулып жүр. Жаңағы патша жарлығының мәнісін түсінгілерің келсе, сырын осы Тоқаштан сұраңдар. Түбін қазып айтып береді.

Айтпақшы, Тоқаш, сен сұрап жүрген Омарбек деген жігіт мынау отыр.

Тоқаш бұған қолын созды:

– Сыртыңыздан атыңызға қанықпын, Омарбек аға. Білуімше, сіз менен біраз жас үлкенсіз.

– Жасың қаншада?

– Шешем жарықтық барыс жылы туғансың деп отыратын еді. Орыстар маған қағаз толтырғанда әкем барыс жылы 1890 жылға сәйкес келетінін есептеп, солай жаздырыпты. Қазір жиырма алтыдамын.

– Менен тура он жас кіші екенсің. Менің жылым – ұлу.

– Сіз, Омарбек аға, бүкіл Жетісуға шабандоз, батыр, палуан ретінде атыңыз шыққан жансыз. Үкімет адамы екеніне қарамай талай жоғары шенді ұлықтарды да жазалағаныңызды есіттік. Дәл сіздей батыр тап қазір қара қазаққа керек боп тұр.

– Бүгінгі жағдаятты ауыл жұртының аузынан қарадүрсін ғана түсіндім. Сен, Тоқаш, елдің неліктен дүрлігіп жатқанын түсіндірші.

Тоқаш айтты: батыста құрамында Ресей бар екі блоктың мәнсіз соғысып жатқанына екі жыл болыпты. Екі жылда жеңген жақ жоқ, қарсыласушылар бір-бірімен итжығыс түсіп, адамдары бекерге қырылып жатыр екен. Оған көп елдің араласып кеткені сондай, ол соғыс – дүниежүзілік соғыс деп аталыпты. Аталмыш майданда орыс әскері есепсіз шығынға ұшырап, солдаты азайған, әл-ауқаты кеміген. Осындай қиын шақта патша күллі қазақ даласы мен өзбек, қырғыз, тәжік, түркпен жайлаған өлкелердегі мұсылман балаларын соғыстағы қара жұмысқа алуды ұйғарыпты. Мұсылмандарды былайғы да құл санайтыны аздай, соғыста да екінші қатардағы адамдар ретінде майданға салмай, ондағы ауыр жұмыстарды атқаратын малай, қаңғыған оқтан өлсе, сұрауы жоқ жетім жұрт сияқты пайдаланбақ екен. Бұған ел жақсылары қарсы боп, бас көтеріп жатыр.

– Бас көтергенде, қалай, ел жақсылары патша әскеріне қарсы соғысамыз дей ме? – деп сұрады Омарбек.

– Патша өзі шығарған жарлығын қазақтар мен басқа мұсылмандар наразы болып жатыр екен деп өзі бұзбасы екібастан аян. Сондықтан да, ол жергілікті ұлықтарға қалайда жарлығын орындатуға пәрмен береді. Ал патшаларының пәрменін жерге тастамайтын жер-жердегі жандарм, ояз, әскер бастықтары оның бұйрығын орындау үшін неден болса тайынбайды. Ал қара халық олардың пәрменіне бағынбайтын болса, сөз жоқ, патша әскері бізге қарсы күш қолданатын болады. Ал әскер халыққа оқ ататын болса, амал жоқ, біз де, қарсы шара жасауға көшуге тиіспіз. Сондықтан да, қарап жатпай, бүгінен бастап бір ортаға ұйысуымыз қажет. Қолда бар қарулармен жасақтанып, бар нәрсеге дайын сарбаздар топтарын құруымыз керек.

Орынбайдың үйіндегі қонақтар сары таңға дейін кеңесті. Тоқаш оқығаны мен көп білетінін білдіріп, осы уақытқа дейін орыс отаршылдарының қара қазаққа көрсетіп келген зәбірі жайында ұзақ әңгімеледі: «Бір әңгіме мың әңгіменің түбін түртеді» дегендей, қазақ даласын орыс жаулағалы бері отаршылдардың көрсеткен зорлығының бәрін тізіп шықты. «Бұлай кете берсек, қазақ ұлт ретінде жойылмаса да, рухы жағынан мүлде өзгерген, санасы мен ойы құлдық жүйеге мәңгілік шырмалған, тілі мен дінін жоғалтқан, болмысы жартылай орыс, жартылай қазақ тұрыпты дүбәра халыққа айналады. Басына қанша қасірет төнсе де, үндемей, барлық қорлық пен зорлыққа көніп отыра беретін халық сондай кепке түспегенде кім болсын? Мейлі, бұрындары орыстың озық қаруынан үркіп үндемедік, бізден озған білімінен ығып, басымызды төмен тұқырттық. Енді орыс пайдаланып жүрген қарудың тілін қазақ та біледі, ол оқыған оқуды қазақ та оқып жүр. Бірақ басқа отырып алған отаршылдар оқыған қазаққа өз жерін басқартпайды, үйезді билетпейді. Сотқа бастық, комитетке төраға қоймайды. Ол аздай батыстағы мағынасыз соғыстың ең бір лас, ең бір абыройсыз жұмысына қазақты айдамақшы. Жоқ, бауырлар, көтерейік басты! Ел екенімізді танытатын кез келді бүгін».

Тоқаш әңгімесін ұйып тыңдағандар сілкініп, көңілдеріне қанат бітірді. Соңында патша жарлығын орындамауға және майданға жігіт бермеуге түбегейлі келісті. Бұл жолда қандай қиындық, қандай қақтығыс, қандай талас-тартыс болса да, алған беттен тайынбауға уағдаласты. Алдымен ел ішіндегі, ауыл арасындағы оязға тыңшылық, әскерге жансыздық жасайтын жарамсақтарды анықтап, жазалауды ұйғарды. Ояздың пәрменімен ауылдардағы майданға аттандырылуы тиіс жігіттердің тізімін жасап жатқан жағымпаз болыс-старшындардың қағаздарын өртеп, өздерін елден аластап жіберуді шешті.

– Жарлықтың шығып, күшіне мінгеніне де бүгін тоғыз күн болды. Тоғыз күннен бері болыс-старшындар қанша жігіттерді және кімдерді тізімге алып жатқанын білмейміз. Енді бір үш-төрт күнде болыстар тізімдерін ояздарға өткізеді. Біз тізімдерді ояздарға жеткізбеуіміз қажет. Сол үшін де, ертеңнен бастап әр ауылдың жігіттері өз болыстарынан тізімдерді тартып алып, өртеп жіберсін.

Тоқаш әңгімесін аяқтағанда, Орынбай қай жігіттің қай ауылға барып, әрекет ететінін белгіледі. Ескермес Қастекке, Жақсыбек Ұзынағашқа, Әбдәлі Шамалғанға, Шүкір Самсыға баратын болды. Кезек Омарбекке тигенде ол айты:

– Мен Шиендегі Сабылтайға барам. Осы өңірдегі қазақты ең көп қорлайтын, ұлық орыстарға жағымпазданатын зұлым болыс – сол. Мен соны жазалағым келеді. Тағы бір сөзім: мына Тоқаш алыс-жұлысқа араласпай-ақ қойсын. Бұл бізге әр уақытта жол сілтер, жөн көрсетер, ақылшы көсеміміз болсын! Осыған мақұл дейік.

Бәрі осыған мақұл десіп, құран оқылып, бата жасап, бет сипасты.

БОЛЫС АУЫЛЫНДАҒЫ ДҮРБЕЛЕҢ

Омарбек ауылға оралыпты дегенді естіген мынадай дүрбелең кезде кімнің соңына ілесерін білмей дал болған жігіттер дүрлігіп жанына жиналды. Кеше Орынбай айтқан Нүке мен Мойнақ қастарына он-он жігіт жиып келді. Артынша соңдарында бірталай серіктері бар Бектұрсын мен Қашаған жетті. Аталған төртеуі Шиен өңірінде бұрыннан мықтылығымен аты шыққан жігіттер-тін. Бәрі Қастек өзені жағасына жиналды. Амандық-саулық сұрасып болған соң Нүке ауылдағы жағдайды айтты:

– Тұрап старшынның айтуынша, Сабылтай болыс қазірдің өзінде бір Шиеннен майданға аттандырылатын жүзден аса жігіттің тізімін жасап үлгеріпті. Тізімде осы тұрған бәріміз бармыз. Күлкілісі, болыс ауылдағы Тұрғын мен Оңалтайдың он тоғызға жетпеген төрт баласын және өзіне жақпаған бірталай егде кісілерді де тізімге ілдіріп қойыпты.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті

редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *