Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының экс орынбасары Айгүл Текебаева мемлекет қаржысын талан-таражға салғаны үшін Шымкент қалалық соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 16 қыркүйектегі қаулысы бойынша қамауға алынды.
Жыл басынан бері «Риана» мектебінің үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағына бойынша іс қозғалып, білімге бөлінген қаражатты жымқыру фактісімен тергеу жұмыстары жүргізіліп келе жатқанын мұнан бұрын да жазған болатынбыз. Яғни, «Риана» ЖШС-іне 2019-2020 жылдары Шымкент қалалық білім басқармасы арқылы жеті жүз миллионнан астам қаржы қаралған. Шымкент қаласы Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің тексерістері кезінде соның ішінде 230 миллионға жуық қаржы заңсыз жұмсалғаны белгілі болды. Бұл іс Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаментіне жолданып, тергеп тексеру жұмыстары нәтижесінде қаржыны заңсыз пайдаланудың бір ұшы 2019-2020 жылдары Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаеваға келіп тірелген.
Шымкент қалалық білім басқармасының бұрынғы орынбасары Айгүл Текебаева, «Риана» жекеменшік мектебінің құрылтайшысы Эльмира Дүйсенқызы, басқарманың жауапты қызметкерлерінің бірі Марат Айкөзов қамауға алынды.
Алдағы уақытта нүктені сот шешімі қояды. Осы мәселеге қатысты толыққанды мәліметті сот шешімінен кейін жариялайтын боламыз.
«Әділет — ақпарат»