БАЛАЛАР СУИЦИДІ – ҚОҒАМНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕСІ

Жастар Қоғам Құқық
937 Views

Қазақстанда өзіне-өзі қол салу оқиғаларының 60 пайызыжасөспірімдерге тиесілі екен. Яғни, 2021 жылдың соңғы алты айында 15-17 жасаралығындағы 105 кәмелетке толмаған жасөспірімнің өмірі өліммен аяқталған.200-ге жуық жеткіншек өзін өлтіруге талпынған, дегенмен аман қалған. Психологмамандар мұндай қайғылы жағдайдың орын алуына онлайн оқудың да әсері болды депотыр. Мұны «Жастар арасында суицидтің алдын алу бойынша шаралар кешенін іскеасыруды әзірлеу» әлеуметтік жобасының үйлестіруші Айгүл Беймишева мәлімдеді.Өкініштісі, Орта Азия мемлекеттері арасында Қазақстан өзін-өзі өлімге қиюжағынан үшінші орында тұр.

ТЕЛЕФОН БЕРМЕДІҢ ДЕП, ТЕРЕЗЕДЕН СЕКІРІП КЕТТІ…

Шын мәнінде бүкіләлемдік пандемияның салдары тек ересектер өміріне ғана емес, балаларға да залалын тигізгені рас. Олар оқу бағдарламасынан кенжелеп қалды, уақытша болса да үйде қамауға алынған адамдай күй кешті, еріксіз аяқ-қолы маталғандай, бұрынғыдай мектептегі құрбы-құрдастарымен аралас-құраласып тілдеспеді, кейбірі отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болды. Міне, осының бәрі балалардың өзіне қол жұмсауына түрткі болған жайттар. Карантин балалар суицидінің көрсеткіші жағынан жоғарылауына себеп ғана болды. Әйтпесе суицид пандемиядан бұрын да жиі көрініс табатын.

Жалпы балалардың өзіне қол салуының негізгі түпкі себебі не?

Ұзақ жылдар бойы балалар суицидінің себеп-салдары жөнінде ашық сабақтар,семинар-тренинг өткізіп келе жатқан, тәжірибелі маман, Шымкент қаласындағы«Лидер» жалпы орта мектебінің психологы Жұмагүл Ахметшеева бізбен әңгімелесубарысында проблеманың түрлі себептерін ашып айтты.

– Иә, жыл басынан бері балалардың жүйкесі бұзылуына пандемияның да кесірі тиді. Жалпы балалардың өзіне қол жұмсауының мынадай себебі бар деп нақты кесіп айтуға келмейді. Қанша оқиға болса, сонша себеп. Көбіне жалғыздық, жабығу себеп болып жатады. Әр баланың отбасылық тұрмыстық жағдайы, ситуациясы, шиеленісі әр бөлек. Кейбірі ата-анасынан, кейбір балалар құрдастарынан, мектептегі мұғалімдерден қысым көреді, – дейді. – Мәселен, ата-ана немесе мұғалім тарапынан балаға гипер жауапкершілік жүктелуі мүмкін және шектен тыс көп нәрсе талап етеді. «ҰБТ-да жоғары балл алмасаң, бізді ұятқа қалдырасың, осы олимпиада жоғары орын алмасаң, мектептің абыройын түсіресің». Сондай-ақ, кей ата-аналар баланы кәмелет жасқа толмай тұрып, отбасында ақша табуға міндеттей бастайды. «Малға осы кезден қара, ертең малдың басын көбейтіп, өзің ақша тауып үйленесің», не болмаса «мынадай қалыңдық аласың, мұндай келін керек емес» деген секілді баланың болашағын өзіне таңдау құқығын қалдырмайды. Баланың талабын, таңдауын, өзінің еркін шектейді. Суицидтің тағы бір себебі, толыққанды отбасының болмауы, балаға жеткілікті көңіл бөлінбеуі…

Осыдан бір-екі жыл бұрын орта сыныптың оқушысы көп қабатты үйдің терезесінен секіріп кетті. Ұрыс ұялы телефоннан туындаған, анасы қызынан мұнан былай смартфон қолданбауын, сабақ үлгерімінің төмендеп кеткенін ескертіп, қолынан тартып алып қояды. Ізінше жасөспірім дереу өзін терезеден тастап жібереді. Аяқ-қолы сынғанмен әйтеуір аман қалды. Бұл жерде бала физикалық соққы ғана алған жоқ, жылдар бойы психологиялық соққы да алған. Яғни, кикілжің, баланың ішкі қарсылығы телефонды тартып алған күннен басталып тұрған жоқ, бұрыннан ата-ана мен бала арасында дұрыс қарым-қатынас болмағандықтан.

Сөйлесе келе, қыздың әкесі бөлек тұратыны, анасының ылғи жұмыстан қолы тимейтіні, демалыс күндері де шешесі өз шаруасымен үй бетін көрмейтіні, қыз баланың әжесінің тәрбиесінде екені, ал әжесі немересін тым қатаң ұстайтыны белгілі болды. Бір сөзбен айтқанда, әлгі қыз баланың сөйлесер, сырласар ешкімі жоқ, жанына серік болар жалғыз телефоны… оны да тартып алып қойды…міне, оқушы қыз бұл жерде терезеден құлау арқылы өзіне назар аудартқысы келді. Анасын, әжесін, жалпы бұл өмірде өзінің бар адам екенін білдіргісі келген жан айқайы еді… Бұл «маған назар аударыңдар!» деген белгі…

ЖАСӨСПІРІМ ШАҚТАҒЫ БАЛАЛАРДЫҢ ПСИХИКАСЫ ӨТЕ НӘЗІК, ТЕЗ ЖАРАЛАНҒЫШ

Сондықтан кішкентай нәрсенің өзін ауқымды проблема ретінде қабылдайды дейді психологтар. Оларға қашанда ата-ананың өздерін түсіне білетіндігі мен арнайы маманның көмегі қажет. Осы бағытта мектеп мұғалімдері мен психологтары баланың мінез-құлқындағы өзгерістерді бақылап, аңғара отырып, оқушылармен жұмысты жандандыра түсуі тиіс. Ал ата-аналарға артылар жауапкершілік тіпті көп. Балада суицидке бой алдыру әрекеті бар екенін, не болмаса соған бейім тұрған оқушыны қалай алдын-ала байқауға болады?

– Иә, алдын-ала белгілерімен білдіреді, – дейді Жұмагүл Сапарбекқызы өз кабинетіндегі тестілеу жинақтарын жиыстыра отырып. – Егер әңгімелерін зер салып тыңдасаңыз, өлім туралы көп айта бастайды. Әлеуметтік желілерде өлім туралы цитаталарды оқиды, сонымен ой бөліседі, өлім туралы жазады. Қуыс қалталарын ақтарып қарасаңыз, ең жақын адамдарымен қоштасу хаты жүреді… Тұйықтала бастайды, ешкіммен сөйлеспейді, жырақ тасада жүретін әдет шығарады. Мұндай кезде тез арада оны әңгімеге тарту керек, сұрақтардың астына алып, қорқытып-үркітіп, ақылгөйсіп керегі жоқ, сенім білдіре жылы сөйлеп жәй ғана сырласу баланың бетін бері қаратады. Балаға жетпей жатқаны әңгімелесу… Оған қолдау білдіріп, өміріндегі ең сенімді адам екеніңізді танытсаңыз болды. Балаңызды тыңдай біліңіз: ол сізден қашатындай емес, керісінше өз жан-дүниесімен бөліскісі келетіндей болсын.

Мен психолог кабинетінің үстелінде тұрған түрлі суреттер мен картиналарға, психологиялық тест сұрақтарға көзім түскенін байқаған Жұмагүл Сапарбекқызы:

– Мәселен, сурет салғызу арқылы баланың бойкүйездікке салынып жүргенін байқауға да болады. Бала отбасының суретін салғанда кейде ата-анасын өзінен жыраққа салады, бұл бір үйде болса да әке-шешесі балаға жеткілікті көңіл бөлмейді деген сөз. Егер бала өзін төменге, бір бұрышта отбасы мүшелерінен алшақ салса, онда бұл баланың өзін бағалауы төмен. Мұнан соң сауалнама жүргізе отырып, қауіпті факторларды анықтай аламыз, – дейді мектеп психологы.

Қазір Шымкент қаласындағы мектептерде 2 маман педагог-психологтан бекітілген. Қала бойынша мектептердегі психолог саны 304. Өкінішке қарай, Шымкент қаласында биыл балалар арасында 4 суицид тіркелді, 2 өзіне-өзі қол жұмсау әрекеті болған.

Құралай АХМЕТОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *