ҮЛКЕН ҮЙДІҢ ТҮТІНІН ТҮТЕТКЕН ЖАН

Мерей
889 Views

Журналистика жауынгер жанр. Кезінде қазақ журналистикасына нәзік жанды қаракөз қыздарымыз аракідік бет бұра қалса, бұлсаланың өз алдына қиындығын, қайсарлықты, табандылықты талап ететін мінезің,қаламың мұқалмас өр рухың мықты болуы керек деп ескертетін. Ол шақтары баспасөзсаласында әйел заты аз болатын, ал қазір тұтас армия десе болады. Журналистика ауылында ұшқыр қаламымен, елге есімін танытқан талай апаларымыздың арасындашоқтығы биігі Фариза Оңғарсынова, Мағира Қожахметова, Жұмагүл Солтиева, ШәрбануБейсенова болды. Олар қазақ публицистикасында өз қолтаңбасын қалдырған қайраткерқыздар еді.

Бұл көш әлі күнге жалғасып келеді. Киелі Түркістанның төрінде руханият пен журналистиканың шоғын маздатып, алауын жаққан, баспасөз өнерінің ыстық-суығына төзіп келе жатқан бір есім бар. Ол Гүлжан Елібайқызы Әбілдаева. Гүлекең өзі жастық шағынан күні бүгінге дейін баспасөзден қол үзген жоқ. 1960 жылы 27 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында туылған Гүлекең 1977 жылы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепті ойдағыдай бітіріп, қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-ға оқуға түсті. Өзі бала кезінен армандап, мақсат етіп қойған журналист мамандығын бітірген Гүлжан Елібайқызы аудандық «Ордабасы оттары» газетінде корректор, радио хабарларын ұйымдастырушы, тілші, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болады. Шығармашылық қаламынан туындаған талай-талай өткір мәселелер көтерілді. Мұнан соң Түркістан қалалық «Түркістан» газетінде тілші, тәуелсіз «Замана» газетінде хаттар бөлімінің редакторы қызметтерінде істеді.

1994 жылдан бері Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де редакциялық баспа бөлімінің редакторы, «Ясауи университеті» газетінің бас редакторы, «Хабаршы» атты ғылыми журналында аға редакторы қызметін атқарды.

Қазіргі таңда Гүлжан Елібайқызы зейнет жасына қарамастан Ғылыми басылымдар бөлімінде жетекші маман ретінде еңбек жолын жалғастырып, жастарға бай тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін беруде.

Киелі Түркістанға келін болып түскенінде, екі-үш ай жұмыс табылмай қалғаны бар. Республикалық деңгейдегі «Қазақ әдебиеті», «Жаңа фильм» газет-журналдарында қызмет етіп, елге танымал болып қалған сықақшы ақын Мұратбек Дүйсембековтың өзі қаладағы жалғыз басылымнан орын таппай, Ахмет Ясауи кесенесінде ғылыми қызметкер болған екен. Өзінің саяси сауаттылығы, қарымды қаламы, журналистік шеберлігі, ең бастысы туған қаласына деген үлкен сүйіспеншілігі арқасында жолдасы Мұратбек сол кездегі қала басшыларымен қоян-қолтық араласып, Түркістанға, оның ішінде көне шаһардың мәртебесін асырып тұрған кесенеге қатысты күрделі проблемаларды алға тартып жүретін. Өз ойларын ресми басылымдарға жариялап, көптің көкейіндегі жәйттерге қозғау салатын. Оның ең үлкені әрі күрделісі Эрмитаждағы тайқазанды елге қайтару еді. Әрине, Тайқазанның мұражайдың қақ төрінде тұрғанына қазір отыз жылдан астам уақыт өтті. Бүгінде бұл жәдігердің елге қалай алынып келгені туралы мәселе жұрттың есінен де шығып кеткені анық. Десек те кеңестік кезеңнің тұсында бұл үлкен іске атсалысқандар да аз емес еді. Ал о бастағы идея, әрине, сол кездегі мұражай қызметкерлерінен бастау алғаны анық. Қай мекемеге, нақты кімге шығу керек екенін де дөп басқандардың қатарында алдымен Мұратбек ағамыздың тұрғаны да сөзсіз.

– Ойында жүрген барлық мәселені менімен бөлісетін, – деп еске алады журналистің жары Г.Әбілдаева. – Үй жұмысынан қолым қалт еткенде, механикалық мәшеңкеге отыра қаламын. Кімдерге хат жазбадық десеңізші?! Нұртас Оңдасынов, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов… әртүрлі мекеме басшылары өз алдына. Мақсатымыз – тайқазанды қайтару үшін мәскеудегілерге, қала берді ленинградтағыларға кім ықпал ете алатынын білу. Айтпақшы, өзі мұражайда жүрді де, мені көп ұзатпай қалалық «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Түркістан») газетіне орналастырды. Кейіннен облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің сол кездегі басшылары Өмірсейіт Әлиев пен Жұмамұрат Тұяқбаев Мұратбектің қабілетін бағалап, қызметке шақырды.

Иә, жары жайлы үнемі еске алып отыратын Гүлжан Елібайқызының өзі де қос құлынының алдындағы аналық парызын абыроймен орындап келген асыл жан. Сол жолдасы екеуі пәтерден пәтерге көшіп жүріп, облыстық газеттерде қызмет жасады. Екі баланы өмірге әкелген Г.Елібайқызы «Замана» газетіне шақырылды.

– Анасын қатты қадірлейтін Мұратбектің Түркістанға қайтқысы келіп тұратын. Күндердің күнінде «университет ашылды» деген жағымды жаңалық жарқ етті. Бұдан кейін Шымкентте қалудың өзі орынсыз секілді көрінген. Мұратбек жаңа оқу орнының редакциялық-баспа бөлімін ашып, соған басшылық жасады. Туған қаласына оралған оның ғұмыры кенеттен үзіліп кетпесі бар ма?! Жаңа ашылған бөлімнің де, небәрі 5 жасар және 6-дан енді асқан ұл мен қыздың да жанашыры Гүлжан ғана болып қалғандай. Қазақ қашан да қара шаңыраққа ие болатын ұлдың болғанын қанағат тұтады емес пе?! Сол ниетпен түркістандық болып қалған Гүлжан әпкеміз қазір алпыстың үстіне шығыпты. Үлкен үйдің түтінін түтетіп отырған журналист әпкеміз биыл отыз жылдығын тойлағалы отырған қазақ-түрік университетінің редакциялық-баспалық жұмыстарының басы-қасында болып, кезінде М.Дүйсембеков екеуі ақпарат министрлігіне тіркетіп келген «Ясауи универсиеті» газетінің негізін қаласа, одан бергіде «Ясауи университетінің хабаршысы» ғылыми журналының редакторлық қызметін күні бүгінге дейін абыроймен атқарып келді.

Журналистика саласындағы ұстазы, Ордабасы аудандық газетінің редакциясын үздіксіз бірнеше жылдар бойы басқарған Нармахан Бегалиевтің те есімін жиі айтып отырады. Әсем табиғаттың ілкі бір сәттерін поэзияның тілімен жеткізетін суреткер ақынның ерекше ұйқастарына тәнті болып, сол бір суретті көз алдыңа әкелетін жыр шумақтарын жатқа айтқанда, Бегалиевтің шығармашылығынан сусындап, нәр ала түскендей боламыз кейде.

…Қоңырқай күздің алғашқы айының соңғы күндерінің бірінде дүниеге келген Гүлжан Елібайқызы айналасы сарыала түске оранған осы бір уақыт кезеңін өте қатты жақсы көреді екен. Жаздың күзге ұласқан кезі. Жыл маусымының ең берекелі тұсы осы емес пе дейді ол. Шіліңгір шілденің ыстығынан арылып, жеміс-жидектің бәрі дастарханыңнан табылып, табиғат-Ананың өзі кейде бір сілкіністі қажет еткендей нөсерлі жаңбырын төгіп-төгіп алып, енді бірде мамыражай қалыпқа түсе қалады. Сарыала жапырағы тоналып жататын күз дегенің керемет қой…

Ұлы Зерек компьютер маманы, бір баланың әкесі. Ал қызы Зерде PhD. Ғылымның жолына түскен жас өрен. Бала-шағасы өсіп, бір-бір мамандықты игеріп отырған асыл ананың бүгінгі мерейлі мерекесімен біз де құттықтағымыз келеді. Жасыңыз ұзақ, деніңіз сау, отбасыңыз аман, мерейіңіз үстем болсын, Гүлжан Елібайқызы.

Айгүл САДЫҚОВА,

Ахмет Ясауи университеті

ғылыми басылымдар бөлімінің басшысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *