АЛҒЫСТАН АРЫЛМАҢЫЗ, ХАН АПА!

Мерей
1 475 Views

Қазақ поэзиясының ақ тұйғыны, сөздің сойы, алмас қылыштай өткір тілді Хан апамыз «Барыс» орденімен марапатталды.

Бұл елдігіміздің отыз жылдық салтанатында Ханбибі Есенқарақызына берілген өте лайықты марапат деп білеміз. Елге сіңірген өлшеусіз еңбегіңізге арналған алғаусыз қошемет бұл, құрметті Хан апа!

Қазір біздің қоғамымыз от ауызды, орақ тілді ақындардың өзін сарай ақыны, қараша халық ақыны деп бөліп тастаған заман. Келісіңіз, мейлі келіспеңіз, бүгінгі күннің айпарадай ақиқаты осы. Бірақ сіз сарай ақынына айналып кетпедіңіз, Хан апа, шындықтың шыңында тұрдыңыз, ақиқаттың алдаспаны бола білдіңіз! Өзіңізге тін биігіңізден аласармадыңыз ешқашан. Өлеңдеріңіз қалай өжет болса, өміріңіз де өткірлікке, қайтпас қайсарлыққа, қайраткерлікке толы…

Ақын замандастарыңыз «Хан қызындай Ханбибі» деп дөп басып танып, қас-қабағыңыздан бекер қаймыққан жоқ. Хан қызына тән ақыл мен парасат, айбар мен тектілік, өр мінез бен жүректілік бар бойыңызда. Жүрегіңіз елім деп, әрбір тамырыңыздың бүлкілі өлең болып соғып тұр.

Ханбибі Есенқара апамыз қазақ қаламгерлерінің ордасы Алматыға аттанбай-ақ, бас қаламызға бармай-ақ оңтүстікте отырып атын асқақтатты. Әдебиет қауымына емес, күллі қазаққа есімін мойындатқан арқалы ақын. Тіпті поэзия әлемінің падишасы, өзіңіз ұстаз тұтқан, сізді рухани сіңлісіндей көрген Фариза Оңғарсынова бір сөзінде: «Ақындықтың бір аты – батырлық! Ханбибі, мен саған ризамын, сен менен оздың!» деп еді. Фариза апамыз да ешкімге бас имес, дес бермес адуынды ақын ғой. Демек, поэзиясы от шашып тұрған Есенқарақызына мойын бұруы бұл шын талант иесіне берілген әділ баға.

Ханбибі қазақтың рухты, ұлтжанды, намысты қызы. Бұл қазаққа керек мінез. Қазіргі қазақтан жоғалып бара жатқан мінез. Кей ақындардың өлеңі азулы болғанмен, шын өмірде мінезді болмай шығады. Хан апам олай емес, өлеңіндегі мінезі де өміріндегі мінезі де бір! Өр, өжет, өткір!!!

Ханбибі Есенқарақызы елін сүйетінін сөзбен емес, ісімен де дәлелдеген ақын. Еліміздің егемендігінің он жылдығы қарсаңында республикада алғашқылардың бірі болып Шымкент қаласында қуғын-сүргін музейін ашу туралы бастама көтеріп, ақыры діттеген мақсатына жетті. Сол кездегі облыс басшысы кіріп, идеясын айтып, қолдау тапқаннан кейін де қыруар шаруаны атқарды. Музейді облыс емес, республика деңгейіне дейін көтерді. Ердің жасы елуінде, нар жігіттің ғана қолынан келер істі белі қайыспай көтерген Хан-апам қазақ халқының тарихындағы нағыз қасіретті жылдарды жалықпай түгендеді. Қазақ геноцидіне қатысты мыңдаған құнды мәліметтердің шоғырын жинақтады. Мұнысы нағыз еңбекқорлық, ерен ерлік, қайталанбас қайраткерлік!

Қазақтың қымбат жәдігерін жинап-терген Хан-апам тоқтамады, болдым демеді, алпысында да өзінің мықтылығын көрсетті. Тыңнан түрен салдырып, бұрын-соңды ешкімнің тісі батпаған, қолына түспеген Алаш қайраткерлерінің жазбаларын сонау Мәскеудің, Тәшкеннің архивтерінде төте жазумен сақталған мұраларды алдырып транскрипциялады. Елдіктің іргесін қалаймын деп жанын пида еткен, ел үшін мерт болған Алаш әруақтары риза болар Сізге, Хан-апа! Зобалаңда атылған, сүйегі шашылып қалған, аштықта көмусіз қалған ата-бабамыздың әруағы риза болсын, сізге Хан-апа!

Осынау сансыз жұмыстың барлығын бір Шымкентте отырып абыроймен атқардыңыз, жан апа — Хан апа!

Қазақтың маңдайына біткен жанашыры, тарихын түгендеуші, шындықтың ұстарадай жүзі, халықтың сөзін сөйлеуші, жоғын жоқтаушы Хан апа бар болыңыз, нар болыңыз!

Қуанышбек БОТАБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *