ЖІБЕК (Деректі повесть)

Әдебиет
657 Views

Ескеннің шаңырағы бір адамнан аяғын тартатын. Ол – осы ауылдан он шақты шақырым жердегі ауылда тұратын Жібек апа еді. Жібек апаның бұл үйге қандай жақындығы барын жете түсінбесе де, әйтеуір алыс адам емес екендігін іштей сезеді. Өйткені, Баянның анасы Гүлриза әр баласын тапқан сайын, ол кісі осы үйден табылатын. Босанатын күнін дәл білетін сияқты, қыңқыл-сыңқылы басталардан бір күн бұрын, желмаядай есіп келіп, анасының басы-қасында шарқ ұрып, өзі босандырып алатын. Ол кезде әйелдер босанатын аурухана елде атымен болмайтын.

Жібек – сұлу өңді, мойылдай қара көзді, шашы ұзын әрі қалың. Қамшы өріммен арқасына бос тастаған қос бұрымда күміс шашбау сыңғыр қағатын. Ұстап көріп, таңданушыларға: «Е-е-е, қарақтарым, кезінде ақтылы қой айдап, үйір-үйір жылқы ұстаған, он алты қанат ақбоз үй тіккен, мен бір байдың қызы едім ғой… Содан қалған бір белгі осы ғана», – деп күрсінетін.

Сол апа қыстың күнгі қырауда желе жортып, Гүлризаның үйіне келе қалды. Желе жортып деуімнің себебі, ел аузында ол кісінің жылдам жүруі жөнінде, «жолға шыққанда екі пері екі жағынан қолтықтап, аяғын жерге тигізбей, діттеген жеріне алып барады екен» деген аңыз да бар. Қоржынындағы тәтті-пәттісінен уыстап алып, көршілердің балаларымен бөлісуге кеткен Баян, қас қарайған мезетте үйге бір-ақ оралды. Есіктен енгенімен, босағада тұрып қалды. Үлкен кісілердің қатқыл үнінен бойын діріл билеп, үрке қарады. Қаһарына мініп, жүрелей отырған Жібек апаның сөзі де, қимылы да шалт.

– Аттан түссең де, ерден түспейсің! Атырауыңнан арқалап келген балаң бар ма еді? Салт басты, сабау қамшылы, ел ауып келгендегі бір басың бір етек балаға толды! Менің сіңлім болмаса, оларды саған кім беріп еді? Сөздің жөніне көш. Ей, Ескен, мен екі айтпаймын, екі сұрамаймын!

– Менің де айтқаным – айтқан. Мен сізге бала беретін Құдай емеспін!

– Әй, Ескен! Әй, коммунист! Құдайды аузыңа алдың, ә?! Сен Құдайды танитын болсаң, мына мені неге ұмытасың? Бай-құлактың ұрпағы болғандықтан, осында жер ауғансың. Мен де ел ауғанмын. Сен де зарлысың, мен де зарлымын. Тағдырдан жеген таяғымыз аз ба еді?! Айырмаң, арттырғаның – мына боқтышақтарың ба? Мен саған бүтініңді бөліп бер, жартыңды жарып бер дегенім жоқ қой. Балалардың басы қарайсын, өзі-ақ білер деген ішкі үмітімді тасқа соғардай не қылдым, а?!

Жібектің жүзін жас жуып кетті.

Айтылған сөз санасының саңлауына жетті білем, Ескен де сабасына түскендей, Жібекке ақтала сөйледі.

– Мен Сізге тіптен бермеймін дегенім жоқ. Қалағаныңды ал! Ал, Баянымды сұрамаңыз. Ол менің суымның тұнығы, сүтімнің қаймағы. Тұла бойы тұңғышым емес пе?!

– Басқа балаң бір төбе, Ақбаяным бір төбе! Бер дегенімді бермесең, ал дегеніңді алмаймын!

Орнынан тік көтерілген Жібек шапанының шалғайын қағып жіберіп, бір аттап барып анадай жерде жүзін төмен салып, көз жасына ерік беріп отырған сіңлісіне қарап:

– Атадан қалған жалғыз көз деуші едім, мен қумаңдай! Сен үшін отқа да, суға да түскем, мен бейбақ! Құдай сені де жігерсіз етіп жаратты ғой, қайтемін?!

Балаңды сұрасам, құл қылайын деп емес, маңдайыма басып, күн қылайын дедім. Қара жерден үн шықты, сенен үн шықпады ғой!

Аршындай басып, тысқа шығатын үлкен көк есіктің тұтқасын жұлқи ашқанда, үйге бір қап бу лап ете қалды. Жібек көзден алыстап кетті. Даладағы бу көтеріп кеткен сияқты. Көңіл толқынынан серпіле алмай тұрған Баян, ренжіп кеткенін байқады. Іле-шала аяғына ілінгенін сүйретіп тысқа қарай жүгіре жөнелді. Шым қараңғылыққа сіңіп кеткен кейуананың жаулығы ағараңдайды.

– Апа-а-а, тоқташы, тоқташы деймін!

Жас қыздың үзік-үзік талып шыққан үні құлағына жетпегендей. Жылдамдатып қуып жетуіне аяғына іле салған үлкен кебіс кедергі. Тіптен болмаған соң, кебісті шешіп, қолтығына қысты да, ақ қар, көк мұздың үстімен жалаңаяқ жүгірді.

«Апа-а-ау, тоқташы, мені ала кетші» деген өксікті үнін жел алып қашқандай, апасы есітер емес, есітсе қайрылар еді ғой… Ашуының желігі дедектетіп айдап барады. Ол қадам басқан сайын екі аралық алшақтап барады.

Қуып жетпесін сезген қыз екі кебісті төңкеріп қойып, үстіне шоқиып отырып:

– Апа-а-а! У-у-у!..

Қасқырдың бөлтірігінше ұлып, әппақ қардың үстінде отырған қыздың даусын ешкім естімейтін сияқты. Даңғарадай төңкерілген Айбет-бедерін айқын көрсетіп, апасының төбесіне қонып алып, онымен бірге кетіп бара жатқандай. Олар – екеу, бұл – жалғыз.

Кенет Ай кілт тоқтады. Ай астындағы қара нүкте қызға қарай жылжыды.

– Балам-ай, – деді Жібек баланы бауырына басып. Шапанының өңірінен ыстық леп соқты. Басындағы буы будақтаған түбіт бөкебайын, шаршылап қыздың омырауы мен арқасын жабатындай етіп, қиғаштап қолтық астынан алып байлап жатып:

– Өскен соң өзің-ақ келесің. Мен сені күтем. Қазір тез үйге қайт! Қыс қаһары аямайды, ауырып қаласың.

Жып-жылы бөкебайдан Баянның бойы ғана емес, ойы да жылынғандай. Кіп-кішкентай жүрегінің дүрсілі тоңазыған денесіне қуат нұрын дарытқандай, жан дүниесіне түсініксіз бір шуақ шымырлап, еніп бара жатқандай…

Үйге жақындағанда есік ашылып, мұны іздеуге шыққан Гүлризаның сұлбасы көрінді.

– Жеті қараңғыда, мына суықта қайда жүрсің? – деген қатқылдау үні, қыздың тұла бойын қымтап тұрған апасының жылы бөкебайына түсті. Қатқыл үні бірден жұмсарып:

– Мен-ақ бақытсыз болсам етті, жалғыз апамды жылатпай! – деп, еңіреген бойда сыртқы есіктің табалдырығына отыра кетті.

ҚАЙЫРШЫҒА ЖАР БОЛУ

Көп ұзамай ауылда күңкіл-сүңкіл сөз сыбырлап айтыла бастады.

– Жібек мама есігінде жүрген қайыршыны үйіне кіргізіп алыпты.

– Ойбай, ол байғұс теңі емес еді ғой!

– Е, қойшы, ол шал жаздың күні тоқал тамның төбесіне шығып ұйықтағанда, Жібек мама сатыны алып тастайды деуші еді…

– Қыста ше?

– Ауыз тамдағы ошақ қасында жаман тонын жамылып, бір уыс боп жатқанын талай көргенбіз.

– Апыр-ай, қайыршы түгілі, анау-мынау атан жүректі еркектеріңнің өзі Жібек мамам келгенде пәпігі басылып, бетіне тіке қарап сөйлей алмаушы еді…

– Ей, оның несін айта бересің?! Ол кісінің текті әулеттен шыққан, дәулетті әрі әруақты адам екенін бәріміз білеміз ғой.

– Қайтейік, қанжардың – кездікке, үзеңгінің – тебенге, тебеннің – инеге айналған кезі емес пе! Мамамыз бір нәрсе істесе, алдын-ала он ойланып барып, біліп істейді. Бір білгені бар шығар…

– Ойбай, ана шалды ел қасиетсіз атайды. Ашаршылық кезінде әйелі мен балаларын Тәшкенге апарып адастырып кетіпті дейді ғой.

– Жоқ, ә, – деді, тағы бір әйел ернін сылп еткізіп: – түнде ұйықтаған кезінде әр баласының бас жағына бір-бір күлше нан қойып, үстіне тонын жауып кеткен, естуімізше…

– Ашаршылық кезінде кім-кімді аяған жылдар еді?! Тіптен баласын пісіріп жегенді де естігенбіз, оған қарағанда «қайнағаныкі» ерлік қой, – деді сол ауылдағы етжақын келіндерінің бірі.

– Қайтсе де туыстығын міндет етіп, сендерге салмағын салмады, Құдайдың салғанын мойнымен көтеріп жүрген мүсәпір ғой… Аллам жарылқаймын десе бір пәсте! Енді адам сияқты өмір сүретін шығар, бәлкім…

Сабақты жіптей қысқа көшедегі алақандай «Ударник» ауылының саусақпен санарлықтай он шақты қатынның аузындағы сөз еді бұл.

ШЫН МӘНІНДЕ…

«Жібек – жүрмейді, ұшады» дейтін, білетіндер. Жеті-сегіз шақырым жолды сүт пісірім уақытта артқа тастаған кейуананы қарауытқан тоқал там күткен сыңай танытпады. Анадайдан арсалаңдап алдынан шыққан Майлан төбет қана аяғына оратылып, қуаныш нышанын жасады. Есік аузында жаман тонына оранып бүрісіп отырған мүсәпір шал «келдің бе?» дегендей, бір жөткірініп қойды. Қараңғыда қармана жүріп, кендір жіппен шанди салған құлыпсыз есікті ашу да мұң болды.

Қыр соңынан қалмай келе жатқан бір үн, бір дауыс – есік аузында кідіргенінде айқын естілгендей болды.

– …«Қайран Жібек, қайратты Жібек, қанатты Жібек! Тағдырының у толы кесесін орталаған Жібек! Туылғаннан бақытты болып көрмедің. Өмір сүрген заманың – адамымен қоса талап, бақытынан адастырып, аластап жіберген, бейбақ Жібек! Күйеуден сүйеу, баладан бақыт таппаған сормаңдай Жібек! Өзің сүрген дәуірдің қыл шылбыры қылқындырып, қыр соңыңнан қалмай, ішіңе өрт, жаныңа дерт салды. Оңайлықпен жантапсырмақ жоқ!.. Күрес, жанталас! Жеңбесең де, жеңілме!!!»

Қайран қалған кейуана біруақ әлгі дауысқа құлағын тікті. Бұл кім? Жын-шайтан аралайтын беймезгіл ымыртта жабысқан пәле ме? Әлде… жастайынан жабысып, қабаттасып қалмай қойған көк перілері ме? Олармен келісімге келіп, мәңгілікке қоштаспап па еді? «Табаныңның ізі түскен жерге, түп-тұқияның жүрген жерге аяқ баспаймын» деген уәдесін алмап па еді?

…Жібек – пұшпағы қанамаған әйел емес. Талай рет бала емізді, талай рет періште сәбидің күлкісіне елітті. Он екі құрсақ көтерді. Бірақ, ешбірі өмірлі болмады. Мүмкін, шектен тыс еңбекқорлығы кінәлі болар. Таңалакөңнен егіс даласында ел қатарлы еңбек етті. Емізулі сәбиін жақын маңдағы шошаланың ішіне бесігімен қоя салатын. Ара-тұра емізіп тұрады. Таңдайы шөлден қаталап, оның үстіне емшегі иіп, сүті бұлақтай сорғалап кеткен Жібек, шошалаға кіреді. Кірсе… Өз көзіне өзі сенер емес. Емшегі салбыраған сары шашты әйел бесікке таянып, баласын емізіп отыр. Жанұшыра жетіп, әйелдің шашынан бассалады. Қолына ілінген бір уысын дереу тілінің астына жасырды.

Сасып қалған қу пері жата жалбарынып кешірім сұрайды. Шынын айтады. Бұрынғы балаларын да осылай емізгенін олар бүгінде жердегі азаптан арылып, көкте патшалық етіп жүргенін баяндайды. Олардың серті бойынша жер бетінде із қалдырмауы тиіс. Жылап, еңіреп, шашын сұрайды. Ант-су ішеді. «Бұл да ана ғой» деп ойланған Жібек, перінің шашын тілінің астынан алып бергенде, уәде пері ізім-ғайым жоқ болған. Сертінде тұрып, мұны қайта мазаламаған.

Осы оқиғадан кейін тағы да балпанақтай сәби сүйді.

Онысы – большевиктердің құрбаны болды…

Ендеше жүрегін суырып алардай, құйқасын шымырлатқан мына дауыс кімдікі? Айналасы тым-тырыс. Мөлие қараған иті мен телміре қараған қайыршыда да үн жоқ!

Кенет бір сәуле жарқ ете қалды. Аспанға қарады. Сөйлеп тұрған Ай екен. Түсіп тұрған сәулесі екен. Молынан құйған нұрымен есіктің алды сәулеленіп кетті. Ай нұрының мұншалықты мол болатынын бұрын көрмепті де білмепті…

Жабырқау көңіл, жабағы тонды қайыршы Жібектің екпінінен қорқып, бетіне жаутаңдай қарады. Қуып жібере ме деп…

Есік ашылды. Шам жанды. Тысқа қайта беттеген Жібек бүрісіп отырған қайыршыға өктем үнмен тіл қатты: «Ей, мүсәпір! Есік аштым, кір үйге! Сен де жетім, мен де жетім. Адамнан адамның артығы жоқ. Бұдан былай босағамда емес, төрімде отыратын боласың! Осы үйдің иесі – сен, киесі – мен боламын! Бірақ, бір сертім бар – аяғымды баспайсың, көрпемді ашпайсың! Келісесің бе осыған?»

Жәутеңдеген шал бетін басып, жылап жіберді. «Жібек, Жібекжан, құлың болайын, Құдайымдай көрейін».

ҚОТЫР ТАМ

Шіліңгір қыстың шілдесінде түн жамылып жылап кеткен апасынан содан бері хабар-ошар жоқ. Гүлриза іштей алаңдағанмен, мән-жайдың түйінін шешуді ойланбады. Оның түпкі ойы – біз қалаған баласын бермеген соң, өкпелеп кеттіге саяды. «Өкпеледім екен деп, қайыршыға тие ме екен?» деп кінәлап, бар кінәны апасына артады. Адам баласы – біреудің жанды жерінің ауырғанын сезіну үшін, оның қалпын басынан кешпесе, өмірдің қақпақылына түсіп көрмесе, бәрі бекер.

Гүлриза – отбасының кенжетайы болып, екі аға, екі апасының арқасында еркелеп өскендіктен, бауырлары да, әке-шешесі де қандай қиыншылық көрсе де, қызына байқатпай, иығымен көтергенін қайдан білсін?! Қуғын-сүргінде жүрген кезінде де, ашаршылық тұсында да бар жақсысын осыған ұсынған соң, жұрттың өбектегеніне еті үйренген болуы керек.

Өмірінде жалғыз қалып көрмеген, жалғыз болып көрмеген, жалғыздық деген жалғыз көзді жалмауыз екендігін қайдан түсінсін?! Сол жалғыздықтың тақсыретін татудай татқан туған апасы – алдында жүрсе айғайшы, артында жүрсе қамқоршысы болып, айтқанын екі етпей, ығына жығылып тұратын бауырлық махаббатын қайдан білсін?! Осылай болуға тиіс деп ойлайтын.

Ал, Жібек жар дегенде жалғыз бауыры іздеп келер деген үміттен дәмелі еді. Тым-тырыс. «Ойпырмай, осыншама тасбауыр болармысың?!» деп күрсінді. Ескенге ғой, бәрібір. Өзі қазақ болғанымен, ойы – орыс. Детдомның тәрбиесі өтіп кеткен. Жайшылықтағы Ескеннің әңгімесінен байқағаны, ақтың қашып, қызылдың басып жатқан, аласапыран кезеңде отбасы алдымен Астраханға, сосын Ресейдің орманды аймақтарына із жасырған. Өйткені, Жібектің басынан өткен жағдаяттар бұл жақта да қайталанған. «Ешқайда бармаймын» деп қиғылық салған Ескен көш қозғалатын кезде, бір ағайындарының үйіне жасырынып қалып қойыпты. Кәмпескеден қашқан шағын көш Ресейге ауған кезде Ескен он бір жасар бала екен. Айтқанынан қайтпайтын, бірбеткей баланы ағайындары оқу басталған кезде Орал қаласына аттандырды. Балалар үйінде тәрбиеленгенмен, оқуға зерек бала мектептен соң, сондағы педагогикалық курсқа түседі. Оқу орнын ойдағыдай аяқтаған соң, Ташкентке келіп, білімін одан ары жетілдірмек. Өзімен тағдырлас дос-жарандар табады. Көбісі «бай-кулактардың» балалары. Фамилияларын өзгерткен немесе ағайындарының атын алғандар.

(Жалғасы бар).

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ,

ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *