БОРДЮРБЕКТЕР ЖАРЫСЫ

Әдебиет
166 Views

Бірінің үcтіне бірі мінгесіп жатқан тоғыз қабатты, көп пәтерлі үйде соңғы кезде үңірек көз, мұрты едірейген бір шал пайда болды. Маған қарағанда талай жейдені бұрын тоздырған құдайы көрші болғандықтан, кездесіп қалғанда бас иіп амандасамын.

Берген сәлемімді қабылдаған ишараты болса керек, жаңа танысым ернін болар-болмас жыбырлатып, жанымнан маңғаздана өте шығады. Көбінесе саяқ жүріп, жан-жағына күмәндана қарайтын шалды бір жерден кездестірген сияқтымын, бірақ қанша тырыссам да есіме түспей қойды. Файлдары бірте-бірте өше бастаған қазан басымды біраз әурелеп, ақыры есіме түсіріп, өзімнен-өзім мырс етіп күліп жібердім.

Тәуелсіздік алғанымызға мәз болып, қалпағымызды аспанға лақтырып, рубльмен әрең қоштасып, төл теңгеміз шығып, ала сапыран болып жатқан кез. Кеңес дәуірі кезінде асып-тасып бара жатқан жалақым болмаса да, тышқанша үнемдеп бір жарым мың сом ақшаны жинақ кассасына салғаным бар. Бір кезде кәдімгідей қауқары бар пұл болмашы тиын-тебенге айналғанын білсем де, қызық үшін жинақ кассасына бет алдым. Көптен таныс сұр бетон үйге бұрыла бергенімде жанымнан өтіп бара жатқан ұршықтай кішкентай кемпір мен қатқан қара қайыстай шалдың әңгімесін құлағым шалып қалды.

– Бөдештің әкесі-ау! Осыдан алты жыл бұрын бір керегі болар — деп бес сиыр, осыншама жылқы сатып, сол пұлды жинақ кассасына салған жоқ па едік. Жаңылыспасам, екеуміз дәл соның жанында тұрмыз. Жүр кіре кетейік, — деді кішкентай кемпір шалының алдына түсіп.

– Иә, салғанбыз, оны құдай алады дейсің бе? – деді  қатқан қайыстай шал кемпірінің сөзіне онша мән бермей.

– Жер айналып түссе де саған бәрібір, — деді кемпірі күйіп-пісіп. –Мына дүние күннен-күнге құнсызданып барады емес пе?

– Партия мен үкімет аман болса өлмеспіз.

Шалының бұл сөзін естігенде кемпірі суы қайнаған самаурындай бұрқ ете қалды.

– Саған адам деп сөз айтып отырған мен де ақымақпын. Ойбай-ау, радио тыңдамайсың ба, телебізір көрмейсің бе? Шаң жұқтырмайтын партияңның тарап кеткені қашан! Өтірікті судай сапыратын өкіметіңе де сенім жоқ, білдің бе?

Шал қолын бір-ақ сілтеді. Бұнысы: «Шыбын құсап ызыңдап, мазамды алма» дегені.

– Бәріне де Қаратаудағы қақаңдаған кіші келін кінәлі. Неге сонша апа-апа деп емешегі езіле қалды десем, алдын-ала ойлаған есебі бар екен пәтшағардың. Алдап-сулап, жаңа туған баласын бақандай екі жыл бақтырып қойды емес пе. Осында болсам, жинақ кассадағы ақшаны әлдеқашан алдырып, бір әжетке жаратқан болар едім. Әй, қырсық шал, саған бүкіл дүние пұл емес, күл болып кетсе де бәрібір. Насыбайыңды атып қойып, жайбарақат отыра бересің сен!

Қырсық шал кемпірінен құтыла алмайтындығын сезді ғой деймін, «Барсақ барайықшы, қадалған жеріңнен қан алмай қоймайсың сен кемпір» деп мұртын бір едірейтіп, соңынан ерді. Мен де байқатпай басқан іздерін бастым.

Әбүйір болғанда, жинақ кассасында кезек аз екен. Менің шаруам осымен бітті дегендей, қара шал ескі диванды сықырлатып отыра кетті.

– Шырағым, осыдан біраз жыл бұрын бала-шағамның аузынан жырып, он мың сом ақша салып едік жинақ кассаларыңа. Сендер риза болсаңдар, біз ризамыз, сол пұлды қайтып алсақ деп едік, айналайын!

Кассир қыздың саусағы-саусағына жұқпай тиісті қағаздарды тез-тез тауып алды.

– Апа, мына жерге ақшаны алдым дегеніңізді растап, қолыңызды қойыңыз, – деп тілдей қағазды ұсына берді.

Кемпір алатын ақшаны көргенде өз көзіне өзі сенбеді.

– Шырағым, сонда бар алатыным 60 теңге ғана ма?

– Иә, апа. Сіздің бұрынғы салған 10 000 сомыңыз 20 теңге болды емес пе? Сол пұлыңыз үш есе өсіп отыр, – деді кассир қыз тақ-тақ етіп.

– Бүйткен теңгелерің бар болсын, – деді кемпір аузын жыбырлатып, – бұл дүние не болып бара жатыр өзі?!

Әрі қарай не болар екен деп байқатпай соңдарынан еріп отырдым.

– Әй, кемпір, бұл алпыс теңгеге екеуміз керемет байып кетпеспіз. Немерелерімізге жейтін бірдеңе алайық, – деді шал жолшыбай кездескен базарға бұрылып.

– Өзің біл, пұл сенікі, – деді кемпір жақтырмай.

– Балам, мына алманың бір киләсі қанша тұрады? – деді шал сатушыдан жөн сұрап.

– Жиырма теңге.

– Дұрыс, ал мына кәмпитің ше?

– «Сникерсті» сұрап тұрсыз ғой шамасы. Ол да жиырма теңге.

– Олай болса екі килә алма, бір кәмпит бере ғой, – деді шал кемпірінен алған пұлын шығарып.

Сонан соң кемпір екеуі аялдамаға бет алды. Қырсыққанда, бір де бір көлік атаулы көрінетін емес. Шал қалбалақтап жүріп әрең дегенде асығыс өтіп бара жатқан жеңіл машинаны тоқтатты.

– Құдай тілеуіңді берсін, балам! Кемпірім екеумізді Тастаққа дейін жеткізіп тасташы.

– 100 теңге,  –  деді сақалды жігіт жалақтап.

– Балам-ау, баратын жеріміз иек астында тұр емес пе? Бағаңды сәл түсірсейші.

– Жоқ, болмайды, ата. Ерігіп жүрген мен жоқ, жанармай қымбат, –деді машина иесі бағасын кесіп айтып.

– Әй, кемпір, үш ай күтіп әрең алған әлгі құрып кеткір пенсиядан бірдеңе қалып па еді? – деді шал қалтасынан темекісін шығарып.

Ұршықтай кемпір шалының сөзін онша жақтырмай ернін жыбырлатып, қолындағы шүберек түйіншегін шеше бастады…

…Содан бері талай жылдар зуылдап өте шығыпты. Ертесіне көрші шалмен жолығып қалып, қол алысып амандасып, хал-жағдайын сұрадым.

– Апамыз қайда, бұрын ылғи бірге жүруші едіңіз, – дедім көршімді сөзге тартып.

– Шынымды айтсам, өз көзіме өзім сенбей тұрмын, – деді көрші шал сәлемімді алып жатып – бұл үйде амандасып, жағдай сұрайтын адам бар екен-ау! Сөз саптауыңа қарағанда кемпірім екеумізді танитын сияқтысың. Тоңқаңдап қалған шалда қайбір ми бар дейсің, сені қай жерде көргенімді есіме түсіре алмай тұрғаным. Қараймын, қырма сақалды қудың бірісің. Жасың нешеде өзі?

– Жетпіске келіп қалдық, ақсақал.

– Ә, менен бақандай он бес жас кіші екенсің, – деді көршім. – Жетпіс те оңып тұрған жас емес, біресе кемпіріңе, енді біресе балаларыңа жалтақтайсың. Айтпақшы,  кемпірім екеумізді  қайдан танисың?

– Осыдан біраз жыл бұрын сіздермен бір жинақ кассасында кездескенім бар. Апамыз пысық, ширақ еді, сол есімде қалыпты.

– Ә, солай ма? – деді шал қалтасынан темекісін шығарып. – Ол жарықтық шынында да пысық еді. Жаратқан Иемізге керек болды ма, осыдан бес жыл бұрын түбі бәріміз кететін жаққа аттанып кеткен…

«Сексен жас – көретін жасым ба еді, быламық – жейтін асым ба еді?»

деген екен баяғының қариялары. Ұшарымды жел білетін, қонарымды сай

білетін қаңбақ құсап қалбалақтап жүргенде жарты ғасырдан астам отасқан

кемпіріңнен айырылған жүдә қиын екен. Осы үйде тұрып жатқан кіші

баламның қолына көшіп келгенмін. Күпірлік жасамайын: келін,

немерелерім бар, бәрі ата, ата деп жандары қалмайды, бірақ кемпірімнің орны бөлек екен. Ұршықтай кішкентай болып алып, шыбынша ызыңдап, құлаққа тыныштық бермейтіні болмаса, жақсы жан еді.

Сәл үнсіз қалған шал әңгімені басқа арнаға бұрды.

– Шырағым, қаланың әкімі ауысқан ба? – деді ол тосын сұрақ қойып.

– Иә, жақында ауысқан. Оны қайдан білдіңіз? Ә, газеттен оқып, немесе теледидардан көрген боларсыз?

– Газет оқымағалы қай заман, телебізірде көрмеймін, айтатындары шылғи өтірік, – деді көршім қолын бір сілтеп. – Екі-үш күн бұрын бір шаруамен қалбалақтап қаланың орталығына барғанмын. Осыдан екі-үш жыл бұрын салған жол жиектерін шетінен бұзып, қайтадан ауыстырып жатқанын көріп, қайран қалдым. Бордюр деп аталатын текше тақталар бар емес пе, олардың да тас-талқанын шығарыпты. Әкімнің ауысқанын содан білдім.

– Баяғы партия мен үкіметке құдайдай сенетін кеңестік дәуірдің адамысыз. Байқауымша, бұрын мұндай майда-шүйдеге пысқырып та қарамаушы едіңіз.

– Оның рас, – деді көрші сирек сары тістерін ақсита күліп. –

«Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген елу жыл бірге тұрған

бәйбішемнен көп нәрсе үйрендім. Шүйкедей кемпір отыз жылдың ішінде мені саяси жағынан кәдімгідей «миландырғаны» өтірік емес. Ұшып бара жатқан бүргенің ұрғашы не еркек екенін біліп қоятын кемпірімнің арқасында көп нәрсені білдік қой… Сап-сау жол бұзылып, қайта салынып жатса – қала әкімінің ауысқанын біле қоятын болдым. Бірақ, менің бір түсінбейтінім: жап-жақсы жол жиектерін, бордюрлерді несіне жиі ауыстыра береді? Мына сіз бен біз тұрып жатқан ауланы қарашы: берекесі қашып кеткен, жүретін жолымыз шұрық-тесік, балалар ойнайтын әткеншектердің саудасы бітіпті, мас адамдай шетінен қисайып-қисайып құлағалы тұр. Кеш болса үйдің айналасына мәшине біткен қара қытайша қаптап кетеді, аяқ алып жүре алмайсың. Әкім мықты болса, осыны реттемей ме, дұрыс жолды қайта-қайта шұқып, бүлдіре бергенше.

– Жиырма жыл жөндеу көрмеген біздің ауламыз кімге керек? Өздері тойса да, көздері тоймайтын әкімқараларға одан соқыр тиын да пайда түспейді. Қаланың ішіндегі үлкенді, кішілі жол біткенді қопарып тастап, қайта-қайта жөндеу – шытырлаған қып-қызыл ақша, көкесі. Қолыңнан келсе – қонышыңнан бас деген, кез келген әкімнің бордюр шығаратын зауыты сақылдап, күні-түні жұмыс істеп тұр. Бұл – сол дөкейлердің қапшық-қапшық ақша жасайтын бизнесі.

Әкім айтты бітті: бұрынғы әкім салған жол жиектері дұрыс болса да бұрыс болып бұзылады, қайта салынады. Ол ақшаға әбден тойған соң, басқа бір жаңа әкім келеді. Оның да құлқыны жаман, тойдыру керек. Амал жоқ, жол жиектері тас-талқан болып бұзылады. Бәрі қайтадан жасалады, ескісінің көзі жойылып, жаңа бордюрлер төселеді.

Облыс, республика деңгейінде атағы дүркіреген бір әкім бар. Сол сабаз бір емес, бес облысты басқарады. Барған жерінде бордюр шығаратын бес зауыт салдырды. Бүгінде халық оның азан шақырып қойған атын ұмытып, Бордюрбек деп атап кетті. Түйені түгімен жұтқан деген осы, – дедім біраз жайдан хабарым бар екендігін байқатып.

– Түсіндім, – деді көршім басын шайқап. – Қазақстанды 30 жыл басқарған Назарбаев пен үрім-бұтағы дүниеге тоймай-ақ кетті. Бұлар қайдан тойсын. Балық басынан шіриді деген…

Көршім мына қомағай дүниеден түңілгендей үнсіз қалды. Екеуміздің баратын жеріміз бір болып, такси ұстадық. Қаланың дәл орталығындағы дәріханаға барсақ, құрылысшы ағайындар маңайындағы жылтырап жатқан кіші жолдарды, оның жиектерін, бордюрлерді тас-талқанын шығарып жатыр екен…

– Бордюрбектер туралы жаңа ғана сөз қылған едік. Дәл алдымыздан шықты, – дедім еріксіз ыржиып. – Құлқын жарысы жалғасуда.

– Мыналардың қарқынына қарағанда жаңадан келген әкімге ақша шұғыл керек болған-ау шамасы. Ашқарақ қой, қақалып қалмаса екен, – деп көршім маған қулана көзін қысты.

Екеуміз кеше ғана қолымызға тиген пенсиямыздың жартысына дәрі-дәрмек алып, қайтарда электр тоғы жетпей қайта-қайта тоңқаңдап тоқтай беретін троллейбуспен қаланың бір шетіндегі үйімізге әрең жеттік.

Аялдамадан түссек, ұзыннан-ұзаққа созылып жатқан кіші жолдың бетон жиектерін құрылысшылар тас-талқанын шығарып, бұзуға кірісіп кетіпті. Жаным шығып кете жаздап, бір орнымда тыпырладым да қалдым.

– Ойбай-ау, бұл жолды өткен жылы ғана жөндеген жоқсыңдар ма? –дедім шыр-пыр болып.

– Жұмысымызға бөгет болмаңыз, – деді дөңкиген қара. – Қала басшыларының тапсырмасын орындау – біздің міндетіміз. Между прочим, бұл қала әкімінің тікелей тапсырмасы.

– Бұл жемқорларға әй  дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ па? Жегенін

желкесінен шығарып, соттамай ма шетінен? – деді көршім қабағы

қатуланып.

– Көкесі-ау, – дедім – полицияң, прокурорың, сотың да аш қасқырша

жалаңдап отыр емес пе? Бүйтіп, сөйтіп тамағын майлап жіберсе түйені түгімен жұтып жатқан жалмауыздар судан таза, сүттен ақ болып шыға келеді. Не пәтері, не жұмысы жоқ бір қазақ бір тауық ұрласа, түрмеден бір-ақ шығып, алты жылға сотталып кетеді.

– Заман бұзылып барады, – деді көршім едірейген шалғы мұртын бір сипап қойып. – Менің жеті жастағы бір немерем бар, кіп-кішкентай болып, білмейтіні жоқ. Екі-үш ай бұрын әкесі сияқты дәрігер боламын деп жүрген. Соңғы кезде айнып қалыпты, әкім боламын дейді,

– Әй, тақырбас, неге әкім болғың келеді? – дедім немеремді жаныма шақырып.

– Ата, дәрігер болғым келмей қалды. Мамам әкеме: «Алған айлығың шал жылайтындай, кемпір күлетіндей, олай тарт, бұлай тарт, бәрібір жетпейді», – деп күнде ұрсып, миын шұқиды.

Бір дөкей әкімнің ерке баласы менің сыныптасым. Ол мен құсап сумкасын арқалап, мектепке жаяу бармайды. Әкесінің шопыры сүліктей қап-қара судай жап-жаңа «Мерседеспен» әкеліп тастайды. Үшке оқыса да кілең бестік алатын бала жақында әкесінің бір жол айырығын салғаны үшін 300 000 миллион теңге тапқанын айтып мақтанды. Бірі дәрігер, енді бірі мұғалім болып жұмыс істейтін әке-шешем мұндай ақшаны өмір бойы салпақтап жұмыс істесе де таба алмайды. Так что, мен әкім боламын деген шешімге келдім, – деп қасқайып тұр.

Ақыр заман деген осы болар. Ақша, дүние үлкендер ғана емес, бесіктен белі шықпаған балаларды да бұзып барады… Айттың не, айтпадың не, аузы қисық болса да байдың баласы сөйлеп тұр, билеп тұр. Қазір дарын емес, қарын билеп тұрған заман. Мұзбалақ бүркітке қарағанда, қарқылдаған қарғаның жолы болғыш…

Көрші екеуміз қоғамдағы былық пен шылықты айтамыз деп шаршадық білем, аузымызға біреу су құйып қойғандай үнсіз қалдық. Қымбатшылық атаулы қағынып, құтырып тұрған мына заманда қалт-құлт етіп жүрген қос зейнеткердің қолынан не келеді? Мойнымыз салбырап, шұрқ-шұрқ тесілген, әбден есі шыққан ауламен аяғымызды ілби әрең басып, подъезі быт-шыт жатқан, жедел сатысы бірде істейтін, бірде істемейтін пәтерімізге бет алдық…

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *