РЕСЕЙ РУБЛІНЕ «ТӘУЕЛДІ» БОЛҒАНЫМЫЗ – САЯСИ ҚАТЕЛІК

Саясат Экономика
351 Views

Ресей рублінің құнсыздануы біздің ұлттық валютамызға да әсер етіп жатыр. Бүгінде Қазақстанда доллар бағамы күрт көтеріліп кетті: 1 доллардың құны 500 теңгеден де асып кетті.

Доллар мен рубль арасындағы айқас Қырғызстан мен Өзбекстанның валютасына дәл біздегідей әсер еткен жоқ. Рубльмен бірге тек Қазақстанның ғана теңгесі құлдырап, құнын жоғалтып жатыр. Неге? Себебі біздің ұлттық валютамыз рубльмен тікелей байланысты.

Теңгенің құны құлдырап кетті, өйткені біздің экономикамыз тікелей Ресей экономикасымен байланысты. Біздегі бүкіл импорттың 40%-ы, яғни Қазақстан сатып алатын әрбір екінші тауар бізге Ресей Федерациясынан келеді. Біз бұл тауарлардың көбін рубльге сатып аламыз.

Иә, жасыратын түгі жоқ, Қазақстанда транзакцияның 60%-дан астамы рубльмен жүреді. Бұл біздің экономикамызды рубль бағамына тәуелді етеді. Бұл – теңге құнының түсуіне себепші болып отырған бірінші фактор.

Әдетте валюта нарығында аумалы-төкпелі сәттер туындай қалғанда қолдан жасалған дүрбелең, себепсіз байбалам көбейеді. Жасыратыны жоқ, бізде қандай да бір дүрбелең туындаған жағдайда адамдар шоттағы ақшаның бәрін шешіп алып, тіпті жақындарынан қарыз алып, долларға айырбастап жатады. Бұл, біріншіден, өзіміздің ұлттық валютаға деген сенімнің төмендігі. Сондай-ақ валюта нарығындағы теңге құны құлдырауына себеп болатын екінші фактор.

Қазір нарықта рубль саудасы тоқтаған. Ол, әрине, әлем елдерінің Ресейге салған санкциясының әсері. Бірақ бұл санкциядан, көріп отырсыздар, Қазақстан да зардап шегіп жатыр. Қазақстан Ұлттық Банкі бір аптада 176 миллион долларға интервенция жүргізді. Бірақ теңге бағамын ұстау үшін Ұлттық банк бөлген бұл ақша аздық етеді. Өте аз! Ол деген дым емес. Одан көп бөлу керек еді. Болмай бара жатса, биржада сауданы – рубль сатуды тоқтатып қоюға болады. Онсыз да биржада барлық елде рубльді ешкім қабылдамайды.

Ресей банктері SWIFT жүйесінен ажыратылды. Жалпақ тілмен түсіндіргенде, SWIFT – ол халықаралық банктердің арасындағы есеп айыру жұмысы. Мысалы, мен қазір Германияға ақша аударсам, сол замат ол жаққа ақша түседі. Ресейді осы мүмкіндіктен айырып жатыр. Әзірге барлық банкті емес, негізгі – халықаралық айналымға қатысы бар банктерін бұл жүйеден шеттетті. Енді олармен ешкім жұмыс істемейді.

Ал енді біздің сол ешкім жұмыс істемейтін Ресейдің рубліне қарап тұрғанымыз саяси қателік!

Кейбір айырбас орындары доллар сатуды тоқтатып жатыр. Бірақ ол мүлде тоқтамайды, биржада сауда болады. Тек кейбіреуі қалай болып кетер екен деп әліптің артын бағып, бір жағы доллар құны көтерілсе, арзан сатып қоймайық деп күтіп отыр.

Теңге бағасын ұстап тұру үшін не істеуге болады? Әрине, интервенция жасалуы керек. Ол жағдайды қалыпты ұстауға көмектеседі. Интервенция экономикалық ахуалымызды құтқарады. Оны жасамасақ – теңге құлап кетсе, ертең барлық салада баға көтеріледі. Ақшаның құны болмай қалған соң әлеуметтік төлемдерді арттыру керек болады: зейнетақы, жәрдемақыға үстеме қосу талап етіледі. Айлықты көбейту қажеттігі туындайды. Осылайша бүгін интервенциядан үнемдеген ақша кейін бұдан үш есе болып шығып кетеді. Сондықтан, маман ретінде айтарым, нарық қанша қаржыны талап етсе, интервенцияға сонша қаржыны құю керек.

Интервенция деген – еркін айналымға қарсылық жасау деген сөз. Мұндай амалдарды барлық елде істейді.

Қазақстан үшін рубльмен арадағы мәселені біржола және түбегейлі шешетін уақыт жетті. Әзірге рубльмен мүлде тоқтату мүмкін емес. Дегенмен батыл шаралар, шешуші қадамдар жасайтын кез келді. Сондықтан Ресей валютасымен жасалатын сауданы мейлінше азайту керек. Біздің Ресейден рубльмен алатын затымыз көп, бірақ көп нәрсені Ресейден емес, басқа елден де алуға болады. Мысалы, Ресей долларды айналымнан шығарамыз, доллармен есеп айырыспаңдар, тек қана рубльге көшіңдер деп жатыр ғой. Бірақ долларды ешкім, ешуақытта айналымнан, саудадан шығара алмайды. Сондықтан біз барлық елдермен доллармен жұмыс істеуімізге болады. Тіпті Ресейдің өзімен де. Сонда рубльге деген тәуелділіктен құтыламыз.

Санкцияның қатал қыспағында қалған Ресей экономикасын алдағы уақытта өте ауыр сынақ күтіп тұр. Оның салқыны, зияны, кесірі бізге тимеуі біздің экономиканы басқаруымызға байланысты. Дәл қазір теңгені қорғау үшін Үкімет ештеңе істеп жатқан жоқ, дұрысы, істеп жатырмыз деген амалы – мардымсыз әрекет қана. Нақ осы тұста тез арада әрекет етпесек, теңге ары қарай да құлдырай береді. Тоқетері – рубльге байланған кіндігімізді кесетін кез жетті.

Толымбек МАНАҚБАЙҰЛЫ,

Қаржы сарапшысы,

экономика ғылымдарының кандидаты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *