Майдандық журналист Түймебай Әшімбаевтің қуғын-сүргінге ұшырауы және ақталып, жеңіске жетуі
Түймебай Әшімбайұлы 1818 жылы 20 мамырда Жамбыл облысы Шуауданының Жаңа-Қоғам ауылында дүниеге келген. Мектеп бітіргеннен кейінҚырғызстанның Фрунзе қаласындағы қаржы-экономикалық техникумға түсіп, оны үздікаяқтаған. 1938 жылы оны, оқу озаты ретінде, Ленинградтың қаржы-экономикалықинститутына емтихансыз қабылданған. Ленинградтың осы институтында үздік оқыпжүрген оны өз сұрауы бойынша Ленинград қаласының Куйбышев аудандық әскерикомиссариаты Қызыл Әскер қатарына шақырды. Осылайша, Т.Әшімбаевтің әскери қызметі 1941 жылдың 3 шілде айында басталды. Ол әуелі қатардағы жауынгер, кейін майданның Саяси басқармасының саяси қызметкері болады.
1941 жылдың тамыз айында Ленинград әскери қимылдың тікелей орталығына, сұрапыл қан майданға айналады. Ленинградты бүкіл ел, барлық ҚСРО халықтарының ұл-қыздары қорғады. Қаланы қорғауда ерекше батылдық пен батырлық танытқандар ішінде қазақ жауынгерлері де болды.
Атағы әлемге әйгілі Пулково обсерваториясы тұрған төбенің арғы етегіндегі алғы шепте — Ленинград еріктілерінен құрастырылған 13 дивизия қорғап тұрған жерде 1941 жылдың күзінде қалаға кіруге жанталаса ұмтылған фашистермен сұрапыл соғыс болған. Осы төбені алса жаудың қол астында ұлы қала түгел қалатын еді. Осы төбе үшін болған көп шайқастың бірінде майдан қолбасшысы маршал К.Ворошилов винтовканы ұстай сала жауынгерлерді шабуылға өзі бастаған көрінеді. Нәтижесінде жау тойтарылып, Пулково төбесінен әрі жарты шақырымға ығыстырылған. Жаудың қалаға ең жақын өкпе тұсына қазақтар қорғаныс шебін ұстап тұрды.
Қазақтардың Ленинград майданында көптігін, әрі жақсы соғысып жүргенін, олардың арасында үгіт-насихат жұмысын жақсарту қажеттігін, әсіресе егде тартқан қазақ жауынгерлерінің орысша білмейтіндігін ескеріп, Ленинград майданы әскери кеңесінің ұсынысымен Қызыл әскердің Жоғарғы Саяси Басқармасы Ленинград майданында қазақ тілінде газет шығаруды ұйғарды, онда қызмет істейтін адамдарды іздестіруге кірісті. Ленинград майданының «На страже Родины» газетінің редакторы М.И.Гордонның естелігінде: «И вот я на Каменном острове, где расположилось Военно-политическое училище фронта. Беседую с будущими политработниками – казахами. Замечательные ребята… Но газетчиков среди них нет. Значит, придется учить их газетному делу, начиная с азов… В кабинет вошел широкоплечий казах, еще совсем молодой человек с характерным прищуром умных глаз.
— Курсант Туймебай Ашимбаев, — отрекомендовался он. До войны студент третьего курса Ленинградского финансово-экономического института. Этот, пожалуй, годится, — обрадовался я, поговорив с Ашимбаевым. Он хорошо говорил по русский, был начитан, неплохо разбирался в военном деле», — деп айтылған М.И. Гордонның естелігінде.
Сөйтіп, Түймебай Әшимбаев, Бейсен Жұмағалиев, Ақмұқан Сыздықбеков деген үш жауынгер жігіттер майданның қазақ газетін шығару үшін іріктеліп алынады. Түймебай — аудармашы, Ақмұқан — тілші, Бисен — әдеби қызметкер, әрі корректор қызметін атқарады. Ленинград майданының қазақ тіліндегі «Отанды қорғауда» газетінің бірінші нөмірі 1942 жылдың 7 қаңтарында шығарылады. Ол оңайға түскен жоқ еді.
Алдымен, газеттің «На страже Родины» деген атын қазақшалаудың өзі қиынға соғады. Түймебай Әшімбайұлы: «Біз Отанды қорғап жүрміз. Сондықтан біздің газеттің аты «Отанды қорғауда» болады» — деп ұйғарады. Ең қиын мәселе қазақ әріптерін табу болады. Ақыры, әріптердің екі комплекті Ғылым Академиясының типографиясынан табылады. Әріп терушілерді табу да біраз қиындық әкеледі. Қазақ тілін білетін ешкім жоқ. Көп іздеп, көп үгіттегеннен кейін Анна Степанова деген егде тартқан әйел әріп терушілік қызметке келіседі. Жетісіне үш рет аудандық газеттің форматымен төрт бет болып шығатын газетті әрбір әріпті кассадан алып, теріп шығу инемен құдық қазғанға тең болса да, бірақ Анна Степановна тез арада бұл жұмысты игеріп алады. Ол әйелді жігерілендірген – редакция қызметкерлері – қазақ жігіттерінің жауға деген ымырасыз ашу-ызасы, жеңіске деген үлкен үміті үшін күндіз – түні өздерін аямай атқарған ерен еңбектері болатын. Газеттің тұңғыш номері «Октябрьдің жеңістерін қорғаймыз!» деген бас мақаламен басталады. А. Сыздықбеков майдандас досы Саңгерей Мұхамедьяровтың ерлігі туралы мақаласы, Төлеген Махмудовтың «Жауға ешқандай рахым жоқ» деген хаты және белгілі ақын Николай Тихоновтың «Ұлы Ленин қаласы» деген мақаласы жарияланады. Мақалада Н.Тихонов өз мақаласында қазақ жауынгерлерін Ленинградтың революциялық, еңбек дәстүрлерімен таныстырып, Нева жағасындағы қала тұрғындарының ерлік істерін баяндап береді. Ол қазақтардың жақсы соғысып жүргендігін, Қазақстанның үлкен көмегін айта келе, жүз жастағы кемеңгер Жамбылдың үн-ұраны ерлікке, тайсалмас жігерге бағыштағандығын, Ұлы Жәкең Ленинградтың қаһарман қорғаушыларының алдыңғы шебінде тұрғанын айтып ерекше тебіренеді.
Ленинград майданындағы қазақ жауынгерлері өздерінің туған тілдерінде газеттің шыға бастағанына үлкен ризашылықпен қабылдады, қуанғандықтарын айтып редакция ұжымына үнемі хат жолдап тұрған. Мысалы, «Біздер, қазақ жауынгерлері, қазақ газетін оқып, біздің газетіміз қалай, қайдан шықты деп таң қалдық. Бұл газет қазақ жауынгерлері, әсіресе орысша білмейтіндер үшін, біздің майданда шығатынын айтты. Біз бұған өте қуанып қалдық, әрі ризашылық білдіреміз», — делінген. 55-ші армияның солдаттары мен командирлері Ленинград майданының саяси басқармасына жолдаған бір хатында. Әрине, мұндай ризашылық хаттар «Отанды қорғауда» газетінің жаңа табыстарға қанаттандырып, қаламдарын одан әрі үшкірлеуге жігерлендірді. Сонымен бірге, қандас майдангерлердің хаттары майданның көптеген сағаттарға созылған артиллериялық атқылауларын; жиі болып тұратын әуе бомба жарылыстарын; үйлердің құлауын; балалар, кәриялар мен әйелдердің тірідей жер астында қалып немесе аштықтан құлап өлуін көру сияқты жан түршігерлік соғыс қияметтеріне күн сайын шыдауға, қиындықты жеңуге өз септігін тигізді.«Отанды қорғауда» газетінің қандай ауыр жағдайда шығып тұрғандығын белгілі ақын Н.Тихонов газеттің кезекті санына берген мақаласында: «Бомба редакция үйінің жанында жарылып жатты, снарядтар редакцияның төңірегіндегі үйлерге және редакцияға түсіп тұрды. Газеттің қызметкерлері корабльдегі теңізшілерге ұқсап, баспаханадағы машиналардың жанында тұрды. Өртегіш бомба түсіп, газет басылатын қағаздарды жандырды, бірақ адамдар өртпен күресіп, оны жеңіп шықты. Қағаз өртенуден сақталынып қалынды. Жылдың ауыр қысында редакция жаңа қиыншылықтарға кездесті. Адамдар суықпен, аштықпен күресті. Олар сығырайған білте шамның жарығымен суық бөлмеде отырып, газетті шығарып тұрды. Майданды жаяу аралап, тілшілер ауыр жол кешіп, газетке мақаланы шығарып тұрды.
Газеттің әрбір нөмері ең маңызды бағыттарға, көптеген «алақандай» жерлерге, майдан жолдарына, окоптарға, мерген позицияларына, батареяларға, аэродромдарға жетіп тұрды. Газет майдан жауынгерлерімен біте қайнасып, оның аты жауынгерлерге өте қадірлі болды. Газет қызметкерлері майданнан шықпай, жауынгерлермен тығыз байланысып отырды, сондай-ақ майдан да өз газетін жақсы білді. Редакцияға майданшылар келіп жүрді. Тек 27 ай ішінде редакцияға отыз мыңнан астам хат келді», — деп баяндайды.
«Отанды қорғауда» газетін бастап шығарған Т.Әшімбаев, Б.Жұмағалиев, А.Сыздықбеков үшеудің үстіне кейін аға саяси жетекші Аболла Мадалиев қосылады — газеттің жауапты редакторының орынбасары; К.Усманов — редактордың орынбасары, ал А.Тұрғанов – тілші. Осы аты аталған редакция қызметкерлерінің ішінде «Отанды қорғау» газетіне еңбегі ең көп сіңген, «газеттің отымен кіріп, күлімен шыққан», газет шығарудың барлық қиындығын көрген – Түймебай Әшімбайұлы болды. Сөзіміз дәлелді болу үшін Т.Әшімбайұлының майдангер досы, «Отанды қорғауда» газетінде иық тіресе еңбек еткен әріптесі Бисен Жұмағалиевтің естеліктеріне назар аударайық. Ол: «Газетке жауапты редактор М.И.Гордон, оның орынбасары А.Мадалиев қол қояды. Байыпты да, салмақты адам. Бірақ газет шығару жайынан тіпті хабарсыз. Әбекең ағамыз орысша түгіл, қазақша материалдарымызды қарап шығудан ала қашады. Баяғы ауыртпалық Түймебайдың мойнында болды. Газетке баратын материалдардың бәрін орыс тілінен Түймебай аударды. Орысша ойлағанымызды жеткізу Түймебайдан басқаларымызға ол кезде қиын-ақ еді.Газетіміз Жоғарғы Бас командашының бұйрықтарын аударып басатын болды. Бұл аса жауапты мәселе еді, Бір әріптің дұрыс қойылмауынан кеткен қате трибуналға апаруы мүмкін-ді. Әріп терушіміз жоғарыда айттық біздің тілімізден мүлдем хабарсыз. Түймебай өте жауапкершілікпен, асқан білгірлікпен И.В.Сталиннің бұйрықтарын аударуды игеріп алды. Көптеген саяси, әскери терминдерді аударғанда олардың мағынасын барынша толық жеткізуге тырысты…
Алғашқы кезде көп мақалаларымыз орысшадан аударылатын. Тек қана Ақмұқан жазған жауынгерлердің ерлік хроникалары сол күйінде жарияланатын. Бірақ оны редакторға көрсету үшін Түймебай орысша аударып шығатын.
1943 жылдың ортасынан бастап, орысшадан аударып тек қана ресми материалдарды басатын болдық. Қалған материалды өзіміз қазақша әзірлеп, бұрынғыдай орысшаға аударып машақаттанудан құтылдық. Тек, М.И.Гордон ғана емес, майданның саяси басқармасының сеніміне ие болдық. Біз өзіміздің ой-пікіріміз бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік алдық. Ал осының бәріне Түймебайдың еңбекқорлығы мен іскерлігі, жоғары лауазымды адамдар алдында өз пікірлерін тайсалмай айтатын, білгірлігі себеп болғаны анық», — деп Т.Әшімбайұлының іскерлік қасиеттерін сипаттады.
Жоғарыда айтылғандардың үстіне, Ленинград майданындағы қазақ жауынгерлерінің қазақ халқына арналған хатты да Түймебай Әшімбайұлы жазды дейді Бисен Жұмағалиев. Ол хат Ленинградтың барлық газеттерінде, «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған болатын. Мақалаларда майдангер Т.Әшімбайұлының «Отанды қорғауда» газетіне сіңірген еңбегі туралы: «Ардақты ағаның ғалымға тән болмысы, зерек ақылы, байқампаздығы, ізденгіштігі 1942-1945 жылдары «Отанды қорғауда» газетінде жариялаған мақалаларында тайға таңба басқандай көрініп тұр. 24-25 жасар офицердің қаламынан туған шағын суреттемелерден жан-жақты білім мен жүйелілікті байқау қиын емес.
Т.Әшімбайұлы соғыстың соңында жалған жаламен 7 жылдай заңсыз репрессияға ұшыраған. Ал, «ұлтшыл» деген жала жабылып, жазықсыз айыпталуына келетін болсақ, майдангер досы Б.Жұмағалиевтің айтуы бойынша, 1944 жылдың күзінде редакцияға тағы бір қызметкер — лейтенант А.Бақтыгереев келеді. Майданның саяси басқармасында істейтін капитан Фельд А.Бақтыгереев пайда болғаннан кейін редакцияға келе беруді әдетке айналдырады. Бір келгенде ол қолында кішкене қара чемодан ұстап келіп, «рұқсат болса тастап кетейін, ертең келіп алармын» дейді. Редакция қызметкерлерінің кейін түсінгеніндей, сөз жазатын аппарат болып шығады. «Редакцияда «Қазақ ұлтшылдарының ұйымы құрылған, оны басқарушы үштік бар», соны әшкерелеу үшін А.Бақтыгереевті біздің ішімізге енгізген, оның үстінен қарайтын капитан Фельд. Біз саяси қызметкер деп жүрген Фельд үш әріптің тергеушісі екен», деп жазады Б.Жұмағалиев.
Мәселе былайша өрбіген. 1945 жылдың 31 қазанында шыққан газеттің бірінші бетінде Саяси Бюроның мүшесі А.А.Андреевке БК (б)П Орталық комитетінің құттықтауы берілген. Онда екі әріптің орны ауысып кетіпті. «Аднреев» аршынды әріптермен терілген. Бұл әдейі жасалған әрекет (провокация) болуы мүмкін. Сол номердің корректурасын оқыған А.Бақтыгереев екен. А.Андреевтің фамилиясының екі әрпінің ауысып кетуі саяси қате, соны әдейі жіберген деген желеумен 1945 жылдың қараша айында редактордың орынбасары Карим Усманов, жауапты хатшысы Түймебай Әшімбайұлы , тілші Асылхан Тұрғанов ұсталып, түрмеге жабылған. Т.Әшімбайұлын «қазақ ұлтшылы», «Кеңес Өкіметіне қарсы қылмыс жасады» деген өтірік жаламен Ленинград әскери округінің әскери трибуналы 1946 жылдың 19 қаңтардағы үкімімен 6 жылға бас бостандығынан айырады. Заңсыз репрессияға ұшыраған Т.Әшімбайұлы 1951 жылы түрмеден босағаннан кейін де 1953 жылға дейін өз құқықтарынан алшақтатылған болатын. Т.Әшімбайұлының бірнеше қайтара шағымдануы арқасында 1956 жылы ҚСРО Бас прокуроры 1946 ж. үкімге қарсылық білдіріп, 1957 жылдың 7 сәуірінде ҚСРО Жоғары Соттың Пленумы Т.Әшімбайұлын айыптайтын үкімді жойып, оны толық ақтады. Қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, іс тоқтатылды.
Түймебай Әшімбайұлы, тек өзіне ғана тән, парасаттылығы мен ақылдылығы арқасында майданда, одан кейін қамауда өткізген жылдарына өкінген, ренжіген емес. Оған 1944 жылғы 21 маусымда жазған мына жолдары айғақ: «Біз үш жылдан бері қан майданда жүрміз. Бұл үш жылдың әрбір күнін бейбітшілік жылының жүз күнімен теңеуге болмайды. Оның есесіне біз көпті көрдік, ұмытылмайтын, мәртебемізді арттыратын өмір сабағын үйрендік. Біз өзгеріп, ер жеттік». Тағы бір естелігінде: «… вырос от солдата до офицера, заслужил правительственные награды; невольно приобщился, хотя и в малой степени, к журналистике, что имело пожалуй, немаловажное значение для моей научной деятельности», — деп жазды.
Түрмеде отырған жылдардың оң, жарқын жақтары туралы: «…свои положительные моменты. Мне часто приходилось встречаться со многими людьми, интересными во многих отношениях. Как ни парадоксально, их взгляды на нашу действительность, были противоположны тому, что им приписывалось. Эти люди производили впечатление по уровню, человечности, знаниям, опыту жизни и своим нравственным качествам, достойным подражания. Мне в этой ситуации повезло тем, что прошел и школу добрых чувств», — деп жазды.
Бұл келтірілген үзінділерден Т.Әшімбайұлының адами қасиеттерінің тағы да бір қырлары ашылып тұр ғой деп ойлаймыз. Олар – төзімділік, қарапайымдылық, басқа адамдарды сыйлай білу, олармен тіл табысуы. Аталған қасиеттер кез келген адамның бойынан табыла бермейді, шыққан тегіне, тәрбиеленген ортасына, әр адамның өз-өзіне деген сыни көзқарасы, өз-өзіне үлкен талап пен міндет қою арқылы келетін және тек тұлғаларға тән қасиеттер.
Өмір жолы бүгінгі ұрпаққа өнеге, халқының болашағына, елінің ертеңгісіне еңбек етіп, аянбай тер төккен, өзінің орнын тауып, үлес қосқан аяулы ағаларымыз, асыл тұлға, ардақты азаматтарымыз тек кешегі қазақтың басына нәубет туған өткен ғасырларда ғана емес, Ұлы Отан соғысы жылдары, кеңестік тоталитарлық жүйенің күшіне еніп, қаһарын төгіп тұрған 50-80-ші жылдарда да өзінің туған Отанына, ұлтына деген сүйіспеншілігін көрсете алды, азаматтық көзқарасын қаймықпай, ашық айтып, ел намысын қорғай білді. Т.Әшімбайұлы солардың қатарына жатады. Т.Әшімбайұлының өмірінің әскери кезеңі, оның қанды қырғынның нақ ортасында жүріп қазақша газет шығаруы, нақақтан айыпталуы, қиындық көруі, ол қиындықты қажымастан жеңіп шығуы Т.Әшімбайұлын ерекшелендіреді, ұлықтатады.
Майдан газетінде ерлікті, батырлықты жырлаған, Т.Әшімбайұлының соғыстан кейінгі өмірі ерлік пен батырлықтың үлгісі.
Адам қауымдасып өмір сүргеннен бастап, өз қоғамын, өлкесін, табиғатын сүйген, ұнатқан. Соларға деген айрықша сезімді бойына сіңірген. Кейін отаншылдық сезімі біртіндеп, саяси мән-мазмұн ала түскен. Патриотизм дегеніміз — өз Отанына деген сүйіспеншілік, өз халқына берілгендік, өз Отанының мүддесі үшін кез-келген құрбандық пен ерлік жасауға дайын тұрушылық дейтін болсақ, осы қасиетті сезімдерді өз бойына жинақтаған Т.Әшімбайұлы — өз Отанын, халқын, өз ұлтын шексіз сүйген нағыз патриот, ұлт патриоты деп санаймыз.
Т.Әшімбайұлы «Отанды қорғауда» газеті арқылы қазақ жауынгерлерін Отанға сүйіспеншілікке тәрбиеледі, олардың бойында немісті жек көрушілікті арттырып, жеңіске жігерлендіріп, ұлттық намысын оятты. Ленинград майданында соғысқан әр қазақ жауынгерлерінің ерлік істерінде Т.Әшімбайұлының үлесі зор. Осы жерде ұлағатты өмірнамада кейіпкері -Түймебай Әшімбайұлының ерекше бір парасаттылығы мен ақылдылығының дәлелі ретінде — көзі тірісінде майдандағы отансүйгіштік, ұлттық намысты қорғау істері туралы кітап, мақала жазып мақтанбағандығы айтуға тұрарлық. Тек 2008 жылдың 20 мамыр айында академик Т.Ә.Әшімбаевтың туғанына 90 жыл толуына орай ғалымның туған-туысқандарының қолдауымен, ҚР ЖОО Ассоциясының президенті, «Тұран» білім беру корпорациясының президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор Рахман Алшанов соғыс жылдары Т.Ә.Әшімбаев журналистік қызмет атқарған «Отанды қорғауда» газетін жинақтап, қайта басып шығарды. Шындығында, «Отанды қорғауда» газетінің материалдары Ленинград майданының энциклопедиясы, тың тарихи дерек ретінде де құнды болып табылады. Әрине, «Отанды қорғауда» газеті — фашизмге қарсы соғыс туралы баға жетпес дерек көзі. Ал, жинақтың өз орны бар. Газетті мамандар арнайы рұқсатпен архивтерден қарай алса, «Отанды қорғауда» жинағы Ленинград майданы оқиғаларын жалпы халықтың, жастардың толық танысуына мүмкіндік берді деп санайды жинақты құрастырушылар.
«Отанды қорғауда» газетінің тігіндісі жинағы 648 беттен тұрады, онда 1500 астам жауынгерлердің есімі аталған, 600-ге жуық Ленинград майданы жауынгерлерінің суреттері бар.
Соғыс жылдары Т.Әшімбайұлына «кіші лейтенант», «лейтенант» және «аға лейтенант» шендері берілді. Әр жылдары II дәрежелі «Отан соғысы», «Халықтар достығы», «Қызыл жұлдыз», «Еңбек қызыл ту» ордендерімен, «Ленинградты қорғағаны үшін», «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды. Соғыс пен репрессиядан кейін Түймебай Әшімбайұлы 1958 жылдан 1988 жылдары ҚазКСР Ғылым Академиясының экономика институтының кіші ғылыми қызметкерінен Институт директоры қызметтеріне дейін көтерілді. Экономика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін, профессор, ҚазКСР Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, академигі ғылыми атағын иеленді. 400 астам ғылыми еңбектер жариялады. ҚазКСР Ғылым Академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығын алып, ҚазКСР-ның құрметті ғалымы атағына ие болды.
«Отанды қорғауда» газеті жинақталып, кітап болып шығысымен тарихшы, журналист, әдебиетшілер үлкен қызығушылық тудырып, түрлі шаралар өткізілді. Соның бірі — 2008 жылдың қараша айында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-да әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор, филология ғылымдарының докторы, профессор (бұл күндері ҚР ҰҒА академигі) Дихан Қамзабекұлының тікелей басшылығымен республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Конференция аясында «Отанды қорғауда» газет-жинағының тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. Конференция жұмысы мен онда сөз сөйлеген ғалымдар мақалалары жеке жинақ болып шықты. Содан кейінгі кездері де Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-да бірнеше әскери-патриоттық іс-шаралар өткізіліп тұрады.
Т.Әшімбаев өзінің туған Отанына, ұлтына деген сүйіспеншілігін көрсете алды, азаматтық көзқарасын қаймықпай, ашық айтып, ел намысын қорғай білді. Т.Әшімбайұлының өмірінің әскери кезеңі, оның қанды қырғынның нақ ортасында жүріп қазақша газет шығаруы, нақақтан айыпталуы, қиындық көруі, ол қиындықты қажымастан жеңіп шығуы Т.Әшімбайұлын ерекшелендіреді, ұлықтатады. Оның өмірі, майдандық және еңбек жолы жастарға үлкен үлгі.
Күлзира ИСКАКОВА,
ЕҰУ профессоры,
Ардагерлер кеңесінің төрайымы,
Білім беру ісінің құрметті қызметкері