ТАНДЫР ПЕШТЕН ТАБЫС ТАУЫП ОТЫР

Экономика Қоғам
523 Views

Тандыр пештің буы бұрқыраған, иісі танауды жарып, тәбетіңізді ашатын наны мен самсаларынан дәм татқысы келмейтін адам жоқ шығар. Заман озып, технология дамып, қыз-келіншектің жұмысы жеңілдегенімен, тандыр пештің нан, самсасын кәсіп көзіне айналдырып саудалайтын және үй жағдайында бала-шағасына пісіруге ынталылардың қатары көбейді. Тандыр нанды пісіру бар да, оны пісіретін пешті жасап шығу бар. Тандыр пешті жасау да ыждағаттылықты қажет ететін бейнеті мол шаруа.

Түркістан облысының Келес ауданы, Абай ауылында тұратын бұл кейіпкеріміз, көпбалалы ана Бибігүл Абдуллаева отбасымен тандыр пеш жасап, оны сатумен айналысады. Мұндай кәсіппен айналысуларына аталарынан көріп-түйіп, үйренгендері әсер еткен. Аталары осындай кәсіппен ертеректе айналысып, балаларының нанын тапқан екен. Атакәсіпті дамыту жайын отбасымен кеңескен Б.Абдуллаева еңбекпен қамту; атаулы әлеуметтік көмек бағдарламасы арқылы 800 мың қаржы алған. Тандыр пеш жасаудың қыр-сырына қанық отбасы қаржы қолдарына тиісімен білек сыбана іске кірісті. Тапсырысқа қарай тандырды сары, қызыл топырақ қосып, лайдан құрастырып, жасайды. Бір апта көлемінде 6-7, кейде 8 тандыр пеш жасап шығып, саудаға шығарады. Шикізатты негізінен көршілес Сарыағаш ауданынан сатып алады. Негізгі тұтынушылары өз ауданы және көршілес аудандар. Кейде шалғайдағы Ресей, көршілес облыстардан да тапсырыс түсіп жатады. Ал, кейін нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарлама бойынша 600 мыңға жуық қайтарымсыз грант алып, кәсіптерін кеңейтті. Отағасы, балалары да бұл кәсіпке әбден машықтанып алған. Адал еңбек, маңдай термен келген нанның қадір-қасиетін біледі олар. Сондықтан, шаршап, жалқаулануға бой бермейді. Тандырдан тәп-тәуір несібелерін тауып отырған отбасы мемлекеттің осылай қолдау жасағанына ризашылықтарын білдірді.

Айгүл СҮНДЕТОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *