ҚЫРУАР ҚАРЖЫ – ҚҰЛПЫНАЙДА

Экономика Қоғам
405 Views

Түркістан облысы, Түлкібас ауданының климаты әсіресе жеміс отырғызуға қолайлы. Көршілес облыстар арасында «жеміс-жидектің, оның ішінде алманың отаны» деген атауға ие. Соңғы жылдары ауданда құлпынай егу қарқынды дамып келеді. Бұл іске әбден машықтанып, жақсы табыс тауып отырған дихандардың саны өсуде. Үй іргелік жерлерді тиімді пайдалануды көздеген шаруалар бос жатқан жерлеріне жеміс-жидек отырғызып,бақша өнімдерін егіп, пайдасын көріп жүр. Олардың өңірдегі жұмыссыздықты азайтуға үлес қосып, кәсіптерін дамытуларына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқаны көңілге қонымды. Мемлекеттің қолдауын тиімді пайдаланып, кәсібін дөңгелентіп отырғандардың қатарында Шақпақ баба ауылының тұрғыны Ж.Ештаев, «Ақбиік Агро» шаруа қожалығының иесі Б.Исақов бар. Осындай еңбекқор азаматтардың қатарын Тілемісовтер отбасы толықтырды.

Ерлі-зайыпты, көпбалалы ата-ана Сержан мен Лиза үй іргесіндегі 35 сотық жерге құлпынай екті. Бір жылдан соң еккен құлпынайлары жақсы өнім беріп, еңбектері ақталды. Содан олар өнім көлемін арттырып, кәсіптерін кеңейту үшін мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыспен қамту орталығынан 583 мың қайтарымсыз грант алды. 1 гектар жерді алып, алдымен жерді қаздырып, скважина істетті. Осы жерге құлпынай жемісінің «Альбион», «Азия», «Клери», «Мурана» түрлерін отырғызды. Жемісті тамшылатып суғару әдісімен суарады. Баудағы бос жерлерге картоп, қияр, қызанақ, пияз, сәбіз, қырыққабат секілді бақша өнімдерін отырғызды. Ия, бұл отбасы мемлекеттің қолдауы арқасында бүгінде бастаған кәсіптерін ұршықша иіріп отыр.

Құлпынай жарықсүйгіш, құрғақшылыққа төзімсіз, суыққа төзімді жеміс. Сұрпына қарай көктемде, жазда, күзде жеміс береді. Сонымен қатар жаз бойы, күздің суық күндеріне дейін жеміс беретін сұрыптары бар. Денсаулыққа пайдасы мол, дәрумендерге бай өсімдік. Жеуге сүйкімді, тосабы да жұғымды боп келеді. Сондықтан болар, халық арасында құлпынайға деген сұраныс жоғары.

Тілемісовтер отбасы биыл мамыр айынан бастап, 1 тонна құлпынайды сатылымға шығарды. Әлі пісетіні тағы бар. Бұл жылы жеміс жақсы салды. Құлпынайдың әр келісі 1500 теңгеден болса, кейіпкерлеріміздің жап-жақсы қаражат тапқанын бағамдауға болады. Бүгінде көшеттерді дайындап, тынымсыз тірліктің үстінде жүрген Сержан аға мен Лиза: «Құлпынайға жақсы тыңайтқыштар дайындап, айрықша күтім жасап, артық шөптерден арылтып, жүйектерін тазартып, қысқа дейін тыным таппаймыз. Күзде тағы көшеттер отырғызамыз. Несібе де ерінбегенге бітеді. «Еңбегіне қарай өнбегі» деген бар емес пе? Баларымызбен баудан шықпай, қыбырлап, тірлік істейміз. Отбасының нәпахасын айырып отырған екі көмекшіміз бар. Жұмыс қарбалас болған кездерде кейбір азаматтар күндік ақысын айырады» дейді. Кәсібін нәсіп қылған құлпынай өсірушілерге мол ырзық, береке тілеп, еңбектеріңіз рәтті болсын демекпіз.

Айгүл СҮНДЕТОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *