«БІЗ ЕШКІМГЕ ДЕС БЕРМЕЙТІН ХАЛЫҚПЫЗ»

Саясат Сұхбат
396 Views

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

«БІЗ ЕШКІМГЕ ДЕС БЕРМЕЙТІН ХАЛЫҚПЫЗ»

– Смағұл аға, «Қасіретті қаңтардан» қандай сабақ ала білдік? Жаңа Қазақстан қандай болуы керек?

– Жалпы елімізде отыз жыл бойы қордаланып қалған кемшіліктерді ашуға Қаңтар оқиғасы түрткі болды. Бұл толқу билік тармақтарының өзгерістерге бет бұруына әкелді, бұл қанды қақтығыс билік пен халық арасындағы есікті айқара ашты. Қаралы қаңтар оқиғасында көшеге алаулатып-жалаулатып шыққан тек қазақ жастары еді! Үйсіз-күйсіз, жұмыссыз, жұмыс істесе лайықты жалақыға қолы жетпей, қиын хәлде жүрген жағдайы жоқ жастар Қазақстанның барлық қалаларында бар. Олар кешегі 90 жылдардағы, колхоз-совхозды таратып жібергендегі қалаға ауа көшіп келген жалынды жастар болатын. Сол жастар әлі қалалық болған жоқ, әлі күнде қаланың бір шетінде тұрады, пәтер жалдап күндері өтіп жатыр… Міне, осы жастардың наразылығы көтеріліске негіз болды. Жастардың өре түрегелуіне газ бағасының қымбаттап, Жаңаөзендегі бейбіт шеруге шыққан жұмысшылар мен қара халықтың алаңға шығуы түрткі болғанын білесіздер. Өзі жанайын деп тұрған қамысқа сіріңке лақтырып, от тұтандырғандай болды ғой. Халық көтерілсін деп газ бағасын әдейі шарықтатып жіберуі де әбден мүмкін. Өйткені мемлекетке қастандықты ұйымдастырды деп айып тағылған ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов болуы да мүмкін. Себебі, Мәсімов осы көтерілісті бастағандардың дирижерларының бірі болды дейді. Оған бұйрық беріп отырған Самат Әбіш, Қайрат Сатыбалды дегендері рас деп ойлаймын. Сол төңкерістен елді қорғап, күштік құрылымдардың басшыларын тұтқындап, бүкіл билікті Тоқаев табан астында өз қолына алды. Қаңтар оқиғасындағы тұманды көріністердің беті енді ашыла бастады.

Қазақстанда жаңылыспасам екі миллиондай адам 50-100 мың теңгенің төңірегіндегі жалақымен күнелтеді. Шынында негізі ол табыс та емес, нан-шәйға да жетпейді. Халық осылай сансырап жүргенде Қазақстанның байлығы 162 адамның қолында кеткені тіпті ащы трагедия. Мінекей, мына сұмдықтан кейін елге өзгеріс пен реформа жасау керек болды! Осы өзгерісті жасау үшін конституцияға өзгерістер енгізілді. Бұл біз күткен нәтиже. Қазір жаңа реформаға ел қадам басты деп білеміз. Реформалар әділ жүзеге асса, біз шын мәніндегі жаңа Қазақстанға аяқ басарымыз сөзсіз. Ал қазір Жаңа Қазақстанды біз бастан өткеріп жатырмыз ба, жоқ па, қарапайым халықтан сұрауымыз қажет. Кеше көшеге шыққан жүздеген жастардың жағдайлары дұрысталды ма деп соларға басты назарды аударуымыз керек. Ақиқатын айтайық, олардың тұрмысы әлі де түзеле қойған жоқ. Біздің қоғамда әлеуметтік жағынан наразы топ болмағанда ғана жаңа Қазақстан жасалады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы таяуда Ресейге экономикалық форумға қатысып келді. Ежелгі көршімізге түбегейлі қырын қарамаса да, азуын көрсеткендей сыңай танытты. ДХР мен ЛХР мемлекетін мойындамаймыз дегеннен кейін де халықтың пікірі екіге қақ жарылды, «бірі бұл алдын ала келісіп алған саясат» деді. Енді бірі қуана қолдады. Сіздің пікіріңіз қандай?

– Менің ойымша, бұл Кремль күтпеген мәлімдеме болды. Неге Тоқаевты жалғыз сахнаға шығарып қойып, Маргарита Симоньян секілді Қазақстанға бұрыннан қарсы шығып жүрген журналистер қарсы сұрақ қояды? Негізі саясат садағына салсақ, бұл сұрақтарды Тоқаевқа сол жерде әдейі қою керек болды. Не үшін? Шын мәнінде Тоқаевтың бетін ашу үшін керек болды. Тығырыққа тіреу үшін де сұрақтар қойылды. Путин сол жерде қолдау күтті. Ал, енді келісіп алған деген ол болмайтын нәрсе. Қазір мүлдем саясаттан хабарсыз адамдар аузына келгенің айтатын болды. Бұл бүкіл әлем үшін күтпеген жағдай… Сондықтан Кремль Тоқаевқа тісін қайрап жатса оған таңғалудың қажеті жоқ. Мәселен, табан астында мұнайды тоқтатты, Қазақстан олардың көмірін тоқтатты. Мінеки бұл мәлімдеменің де үлкен салдары осылай туындай береді. Қанша дегенмен, Ресей қуатты империялық мемлекет. Алайда «Бұға берсең, сұға береді» деген мақал бар. Президент өз сөзінде Украинаны қорғап шықты, ол Қазақстан үшін де Тоқаев үшін де өте қатерлі қадам болды. Алайда әділетті айтпаса оның бағасы одан да төмендеп кеткен болар еді. Қазір бүкіл әлем шулап жатыр, Тоқаевтың сөзін талқылап жатыр. Бүкіл Еуропаның басшылары Путиннің бетіне айта алмайтын нәрсені оның одақтасы Тоқаев айтқанына таңғалып жатыр. Бұл бүкіл әлемнің пікірі. Сол үшін орыс аудиториясы «Тоқаев бұл сөзді кімге арқа сүйеп айтып отыр? Мүмкін Қытайға болар?» дейді. Менің ойымша Қытайға емес, түркі еліне арқа сүйеп айтты деп ойлаймын. Режеп Ердоған «түркі әлемін өзім қорғаймын» деп серт берді. Ресей жауласар болса, бірінші Түркия елі қорғап қолдауға дайын екендіктерін көрсетті.

– «Кремльдің ендігі қадамы қандай болмақ?» деген сұрақ туындайды. Екінші сұрағым осы жылы қарашада түркі бас қосуы өтті ғой. Бұл одақтың беталысы қандай? Экономикалық жағынан да, әскери жағынан да күшейе ме?

– Әрине барлық жағынан күшейеді. Енді Ресейден өтпейтін мұнай, Грузия елінен Түркия еліне өтіп одан ары қарай Еуропаға өтуі мүмкін. Қазірдің өзінде бұл мәселені қарастырып жатыр. Кремльдің ендігі қадамы Қазақстанға әскери тұрғыдан басып кіреді деп ойламаймын. Өйткені ол Ресей үшін де қауіпті, себебі Украинаға жасаған шабуылы сияқты Қазақстанға жасаса Ресей тарап кетеді. Қазақстанды бүкіл әлем қолдайды. Бүкіл түркі әлемі соғысқа кіреді. Сондықтан да Кремль мұны айқын біліп отыр. Және де бұл ендігі көзсіз соғыстан өздері де аяқ тартады.

Ресей мен Украинаның қырғи-қабақ соғысы немен бітеді деп ойлайсыз?

– Ресейдің жеңілісімен бітеді деп ойлаймын. Алайда ұзаққа созылуы мүмкін. Қазірдің өзінде отыз мың адамынан айырылды, соғысқа баратын жастары қашып жатыр. Сонымен қатар, төрт жүз мың адамы Қазақстанға келді, бәрі қашып жатыр. Ресей өзінің ішкі олқылықтарымен күрескісі келмейді, таланттылары, ғалымдары мен бизнес өкілдері ақшаларын арқалап елден қашып жатыр. Сондықтан Ресей үшін бұл экономикалық тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да ауыр апатиялық соғыс деп ойлаймын. Еуропа Украинаға қару берді. Ол қарулар да осал қару емес. НАТО ұйымымен ойнауға болмайды, оның арқасында алпауыт Американың қаржысы тұр. Бұл соғыс көпке созылуы мүмкін. Содан Ресей титықтауы да мүмкін. Ал Украинаны қолдау көбейе береді деп ойлаймын.

– Енді ішкі мәселемізге оралатын болсақ, қаңтар оқиғасынан кейін, міне, бес ай өтті, өзгеріс болады деп күткен едік әлі де ескі құраммен отырмыз. Қымбатшылық басып жатыр, сол көтерілістің арқасында бір-ақ жанармайдың бағасы түскен болатын. Қалған бағалар ұшып жатыр. Қандай да бір шара қолдану керек қой.

– Әрине, жалпы азық-түлік бағасы да, барлық нәрсе де қымбаттап жатыр. Бұл өте қауіпті құбылыс. Осындай жағдай Қырғызстанда да қалыптасты, елдің 40 % кедейлікке ұрыныпты. Төбеде айтып кеткенімдей жаңа Қазақстанға қауіп төндіретіндер қазақтардың өздері болып келеді. Халыққа жағдай тез жасалу керек. Жанағы 50 000-ға қараған халықтың саны азаю керек, 100 000 тг-ден айлық кем болмау керек. Пайдасы жоқ бір жобаларды қысқарту керек. Сонымен Еуропада велосипедшілердің Астана деген ұйымы бар екен. Оның қажеті не? Бізге керегі жоқ. Халықтың жағдайын көтеру үшін осы қаржыны керекті жерлерге құю керек.

– Президент Қ.Тоқаев дипломат кісі. Елдің сыртқы істеріне жақсы араласып жүр, бірақ неге осы елдің ішкі ісіне батыл қадам жасай алмай отыр? Әлде әлі де Елбасының командасынан аяқ тартып жүр ме?

– Президентіміздің бір үлкен осал тұсы кадрларының, мамандарының саны аз деп білемін. Сондықтан да жастарды өзіне жақын тартып жатыр. Бірақ түгел мамандарды ысырып тастау да дұрыс емес деп ойлаймын. Ол болмайтын нәрсе. Тағы тәжірибесіз кадрларды алып келіп, былыққа батып отырудың қажеті жоқ. Бұл жұмысты білікті адамдардың қолына беру керек. Себебі ол өткір ұстараны жас балаға ұстатып қойғанмен тең. Егер ұстатса ол өзін де өзгені де қан қылуы мүмкін деген сөз бар. Билік деген өзі үлкен қылпылдаған нәрсе. Ол жерде жұмыс атқару үшін аңдап-аңдап қадам басу керек. Маған осы «Қазақстанның ең үлкен жауы не?» деген сұрақ қойылған еді. Елдің ең үлкен жауы ол біріншіден, жағдайы жоқ миллиондар дедім. Жұмыссыздық, үйсіздік осындай әлеуметтік жоқшылық. Екінші жауы — тоқтамай жатқан коррупция дедім. Өйткені бұл елдің екі үлкен проблемасы. Бірақ күрес жүріп жатыр. Осы жылдың статистикасын қарасам 600 шенеунік ұсталыпты. Енді бұл масқара жағдай ғой. Жалпы ақшаны шетке шығаруды доғару керек. Себебі үлкен қаржыны шетке шығару бұл қылмыс. Және қазіргі шетелге кеткен үлкен қаржыларды қайтару дұрыс шешім деп ойлаймын.

– Бұл қаржылар қайтарылады ма?

– Бұл үлкен сот арқылы шешілетін процесс деп ойлаймын. Бірақ қайтару керек деген ниет дұрыс.Мінеки алдымызда осындай жағдай болмас үшін халыққа жұмыс беру керек, үй беру керек, айлықтарын көтеру керек. Ол болмаса біздің осындай ауыр дағдарыстарға ұрынуымыз әбден мүмкін.

– Шығармашылығыңызды сұрай кетсек, қазір шығармашылықпен айналысып жүрсіз ба?

– Мен «Қорқыт» туралы сценарий жазған едім. Алайда өкінішке қарай ол мемлекеттік комиссиядан өтпей қалды. Жастар шығармашылығы керек деп, бұл тақырып жастарға, яғни Қорқыттың керегі болмай қалды. Ал енді біз Қорқыт арқылы Қазақстанның идеясын қорғаймыз деп шешкен едік. Бірақ өтпей қалды. Өкінішімді осылай айтып отырмын.

– Өте ауқымды дүние екен. Мүмкін келешекте бұл тақырып қайтадан қаралып қалар. Аға, енді осы екі қоғамдық формацияны көрген жазушы ретінде Қазақстанның болашағы туралы не ойлайсыз?

– Қазақстанның болашағы жарқын болады деп ойлаймын. Ешкімге зияны тимейтін, ешкімнің жеріне көз салмайтын, бейбітшілікті ойлайтын біз момын халықпыз, әділ халықпыз, бірақ біз батыр халықпыз. Көтеріліп кетсек жауға дес бермейтін халықпыз. Сондықтан Қазақстанның болашағы жарқын болады деп ойлаймын. Кешегі ашаршылықта кетіп қалған 5 миллион халық қайтып келсе екен деп армандаймын. Халықтың саны көбейсе, осы бүгінде 20 миллион болғанымызды көру мен үшін үлкен арман! Кешікпей бұл күндерге де жетеміз!

– Сұхбатыңыз үшін рахмет, аға! Деніңіз сау болсын, аман болыңыз! Еліміз биік белестерден көріне берсін!

Сұхбаттасқан

Құралай АХМЕТОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *