ЖУАЛЫ ҚҰПИЯСЫ НЕМЕСЕ КИР ПАТШАНЫҢ БАСЫ ҚАЙДА ЖАТЫР?

Тарих
971 Views

Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы Теріс ауылының маңында бес жылдан бері археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Жүзеге асырылған игі істердің нәтижесінде біздің дәуірімізге дейінгі ғасырда өмір сүрген Бетен қаласының ежелгі орны табылды. Сан ғасырлардан алуан-алуан сыр шертетін көне қаланың археологиялық қазба жұмыстарына қатысқан белгілі тарихшы-археолог, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Карл Байпақов табылған 3 мыңнан астам құнды жәдігерлік дүниелер мен ғимараттың соғылу үлгісіне қарап, оны Қаңлы мемлекеті дәуіріне жатқызған болатын. Қала орнында жүргізілген археологиялық жұмыстар еліміздің ғана емес, көптеген шетелдік тарихшыларды қызықтырып отыр.

Сахара шөлінде табылған бас сүйектері
Жуалыда табылған бас сүйегі
Сахара шөлінде табылған бас сүйектері

Қала орнының бір бөлмесіндегі қазба жұмыстарының нәтижесінде адамның бас сүйегі табылды. Ол адамның бас сүйегі ескі қала тұрғындарының немесе Орталық Азия, Қытай елдерінің бас сүйегіне еш ұқсамайды. Сол кезде мекен еткен халықтардың бас сүйегінің өзгеріске қатты ұшырауы мүмкін емес. Қолға алынған зерттеулерге сүйенетін болсақ, бұл бас сүйек Парсы елдеріне тән. Бұл жөнінде еліміздің бірқатар археологтары қарама-қарсы пікір айтқанын да айту керек. Дегенмен, олардың бас сүйекті әдейілеп созып, пішінін өзгерткен деген пайымдаулары шындыққа сәйкес келмейді. Пікір талас тудырған бас сүйек екі мың жылдан астам тарихы бар Хан ордасынан табылып отыр. Бетен қаласы Қаңлы мемлекетінің жазғы астанасы болғандығын Қытайдың ежелгі тарихында тайға таңба басқандай етіп анық жазылды. Бұл жөнінде, сондай-ақ жапон, парсы, араб және орыс ғалымдары, жаһанкездері жазып кеткен құнды деректерден нақты мәлімет алуға болады.

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Әбдуәлі Хайдаров, тарих ғылымдарының докторы, көрнекті профессор Талас Омарбеков те Бетен қаласы Қаңлы мемлекетінің жазғы астанасы болғандығын өз еңбектерінде жазып кетті.

Қолдағы бар тарихи деректер мен өткен оқиғаларға сүйенетін болсақ, парсы патшасы Кирдің әскері жан беріп, жан алысқан жойқын соғыста ежелгі Қаңлы елінің патшайымы Томиристің әскерінен ойсырай жеңіліп, патшайым қас-дұшпанының басын алады. Соғыс аяқталған соң Кирдің денесі беріліп, бас сүйегі қайтпағаны жөнінде көптеген деректер кездеседі. Нақты айтатын болсақ, осыдан бірнеше жыл бұрын Иран археологтары Пасоргадтағы қабірін ашуға ұйғарып, Томирис ханым жөніндегі аңыздың шындығына көз жеткізгісі келеді. Бейітті ашқан кезде Кир патшаның басы жоқ болып шығады. Яғни, Кирдің басы Қаңлы жерінде қалып, мыңдаған жылдар бойы сақталуы әбден мүмкін. Ежелгі грек тарихшыларының жазғандарына сүйенетін болсақ, біздің дәуірімізге дейінгі 525 жылы әйгілі парсы қолбасшысы, Кир патшаның баласы Комбис 50 000 қолмен Сава өңіріне қанды жорыққа шығады. Ондағы басты мақсат – Египеттегі Амон храмын талқандап, жермен-жексен ету еді. Бір аптадан кейін парсы әскері Харта оазисіне келіп жетеді. Жаратқан Иеміздің қаhары болар, басқыншылар Сахара шөліндегі алапат дауылға ұшырап, қалың әскер жер жұтқандай жоқ болып кетеді. Мыңдаған жылдар бойы жұмбақ болып келе жатқан осы оқиғаны итальяндық археологтар жан-жақты зерттеп, қазба жұмыстарын жүргізіп, адам сүйектерін, ыдыс-аяқтар, қару құралдары және басқа заттарды тапты. Бір ғажабы, Жуалыда табылған бас сүйегі Сова өңірінде шөл дауылынан қырылған парсы әскерлерінің бас сүйегіне жақын, әрі қатты ұқсастығы бар.

Енді Геродоттың жазған «Тарих» туындысына назар аударайық. Бұл тарихи туындыда Томирис патшайым: «Қанішер Кир! Сен енді менің ақылымды тыңда! Тұтқынға түскен ұлымды өзіме қайырып бер де, аман-есеніңде ата жұртымнан табаныңды жалтырат, массагеттердің әскерінің үштен бірін алдап, арандатқаның да жетеді. Егер де сен менің бұл айтқанымды істемесең, Күн Тәңірінің атынан ант етемін, қанша қомағай болсаң да мен сені қанға тұншықтырамын!» – дейді қаһарланып. Құнды туындыда Геродот шайқастың қалай өткенін, парсы әскерінің жеңіліп, Кирдің өліп, жер жастанғанын нақты жазады.

Белгілі қаламгер, марқұм Таласбек Әсемқұловтың «Қондыгер-қаңлы» атты еңбегі жұрт назарын аудартқан болатын. Еңбекте Кирмен Тұмар патшайым шайқасы туралы Иран-Парсы еліндегі ежелгі тарихи кітаптарына сүйеніп жазған. Еліңнің тарихын білгің келсе, соғысқан елдің архивінен ізде. Көне парсы тарихында сол кездегі тарихи оқиғалар шынайы жазылған.

Талас Әсемқұлов «Қондыгер-Қаңлы» еңбегінде: «Біздің бабаларымыз өздерін өздері «қондыгер» немесе «қаңлы» деп атапты. Ал, әлемдік ғылым әлі күнге дейін пайдаланып келе жатқан «скиф» термині – ол гректің экзоэтнонимі. К.Витчек пен С.Кулланда бұл сөзді көне гректің «skudate» яғни «лучники» – «садақшылар» немесе «жебелі жауынгерлер» деген сөзінен шыққан деп түсіндіреді. Ешқашан да қондыгер немесе қаңлы жойылып кетіп, орнына ғұн пайда болған емес. Қондыгер-қаңлы мен ғұн үшеуі бір-ақ халық. Төңіректегі көршілес халықтар біз туралы ешқашан ұмытпаған. Бәрін былықтырып бүлдіретін теріс ниеттегі сарай тарихшылар» деп қалам тербейді.

Кім көрінген көзге шұқып, кемсіте беретін кешегі кер кезеңде бір тарихшы ғалымсымақ Ермұқан Бекмаханов ағамызға: «Қазақ тарихында Кирді жер жастандырғанды жазатын бір бет қана бар ғой», – деп мұқатпақ болыпты. Сонда Бекмаханов жай ғана жымиып қойып: «Да, но на этой единственной странице скифской истории уместилось все человечество» деп жалғыз сөйлеммен әлгі «білгіштің» аузына құм құйған екен. Ол оқиға – әлем тарихын өзгерткен оқиға. Сол оқиға – қазақ даласында болған оқиға.

Бір Қазақстан ғана емес, көптеген алыс-жақын шетелдердің ғалымдарын елең еткізген Жуалыдағы ежелгі Қаңлы мемлекетінің жазғы астанасы Бетен қаласынан табылған жұмбағы мен ақиқаты толы бас сүйек Алматы қаласындағы Ә.Марғұлан атындағы археология институтына тапсырылды.

Сөз орайы келгенде, Жуалы ауданының бұрынғы әкімі, тарихтың үлкен жанашыры, жергілікті өлкетанушы Бақтияр Көпбосыновтың ежелгі Қаңлы мемлекетінің жазғы астанасы – Бетен қаласының қазба жұмыстарын жүргізуге қосқан үлесі шексіз. Қазақтың ертеңгі болашағын әріден ойлайтын зиялы азамат, археологиялық қазба жұмыстарына 10 000 000 теңге бөлдіріп, игі шаралар басталып кетті. Сырын ішке бүгіп жатқан ежелгі қаладан 3000-ға жуық аса құнды жәдігерлік заттар табылып, аудан әкімінің бастамасымен, демеушілігімен аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылында арнайы мұражай ашылды. Бақтияр Көпбосынов қазба жұмыстарын одан әрі жалғастыру жөнінде Жамбыл облыстық мәслихатына арнайы мәселе қойып, қосымша 10 000 000 теңге бөлгізді.

Ендігі басты мақсат – Жуалыда табылған бас сүйектің жасын, ДНК генін анықтау. Ә.Марғұлан атындағы институтта келісім шарт бойынша жұмыс атқаратын Ресей Ұлттық Ғылым академиясының этнология және антропология институтының ғылыми қызметкері Егор Китовпен кездестік. Шағын бөлмеде барлық қорғандардан және қазба жұмыстарынан табылған адам сүйектері қатты қағаздан жасалған жәшіктерде сақталады. Сыртында қай жерден, қай ғасырға жататыны туралы жазылған мәліметтер бар.

– Біздің, табылған бас сүйекті анықтай алдыңыз ба? — деген сұрағымызға ресейлік ғалым алақанын жайды.

– Көздеген мақсатқа жету үшін бас сүйекті Ресейге немесе шетел зертханасына жіберу керек. Менің зерттеу жұмыстарын Қазақстанда жүргізуге мүмкіндігім жоқ. Жасағанның өзінде ол өте қымбатқа түседі, – деді көрші елдің ғалымы мән-жайды ашық айтып. Аядай бөлмедегі әр жерлерден әкелінген сүйектер қалай сақталатынын көріп, өзімізді біртүрлі сезіндік.

Ежелгі патшаларымыздың, бабаларымыздың, хандарымыздың, батырларымыздың сүйектері дегенге көңіліміз сенбесе де, көзімізбен көрдік.

Осындайда сүйек қаңқалары зерттелгеннен кейін неге қабір басына қайта жерленбейді деген ой бізді мазалай түсті. Оған жауап табу қиын емес, ұлттық намысқа келіп тірелетін мұндай маңызды шараларға мемлекет тарапынан көк тиын да бөлінбейді. Қаржы табуға болар еді, өкінішке орай, билік басында аруақтарды сыйламайтын, өз тарихына пысқырып та қарамайтын көкірек көзі соқыр, ар-рухы жоқ шенеуніктер әлі де жетіп, артылады.

«Алтын адамды» Есік қорғанынан 1969 жылы тапқан Кемел Ақышев сол сүйектерді қайта жерлеу керек деп шырылдап еді, шенеуніктер мән бермеді. Соның салдарынан «Алтын адамның» басы жоғалып кетті. Ғаламтор желісінде қайта жерленеді деп айтқан болатын. Бірақ әлі де жүзеге аспаған сияқты.

«Сақтықта қорлық жоқ» демекші, Жуалыдағы ежелгі Бетен қаласынан табылған бас сүйек Әлкен Марғұлан атындағы археологиялық институттың қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Дөкей Төлеевтың кабинетіндегі сейфте сақтаулы тұр.

Жуалыда қазба жұмыстарындағы табылған артифактар, хан ордасының бөлмелерінің соғылуы, біздің дәуірге дейін 2 мың жыл бұрын Қаңлы мемлекетінің жазғы астанасы Битьян-Бетен қаласы болуы, белгілі орыс тарихшысы Л.Баравкованың «Царства Западного края» еңбегінде көне қаланың Тараз маңында болғанын атап көрсетуі көп нәрсені аңғартады. Сондай-ақ Томирис пен Кирдің соғысы Сыр бойында, Қаңлы мемлекетінің жерінде болғаны бәрімізге жақсы белгілі.

Ерекше тоқталатын бір жай – табылған бас сүйегі Кирдің баласы Комбастың Сахара шөлінде табылған әскерлерінің басына ұқсас. Сол хан ордасында табылған көмірдің қалдықтары зерделеу нәтижесінде арада 19 ғасыр өткенін дәлелдейді.

Иә, айтып тізе берсек, нақты деректер жеткілікті. Олай болса, Жуалы өңірінен табылып, жақын-алыс мемлекеттердің назарына іліккен бас сүйек Кир патшаның басы болуы әбден мүмкін. Ежелгі Қаңлы мемлекетінің астанасының бірі – Батьян-Бетен қаласының қазба жұмыстарына қатысып, өткен ғасырлардан көптеген құнды мәліметтер жинаған белгілі тарихшы, археолог, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі Карл Байпақов арамызда аман-есен жүргенде баратын жерге барып, дәлелдейтін жерде дәлелдеп, біз көтеріп отырған күрделі мәселе шешілуі де ғажап емес еді.

Жуалы ауданының бұрынғы әкімі, зиялы азамат, жергілікті өлкетанушы Бақтияр Көпбосынов, тараздық археолог Ескендір Төребеков, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Дөкей Төлеевтың алға қойған мақсатты жүзеге асыру жөнінде аянып жүрген жоқ. Бірақ, олардың көтеріп отырған күрделі мәселесіне назар аударып отырған ешкімді кездестіре алмадық. Үкімет те, Мәдениет және спорт министрлігі де, қаңтар төңкерісінен кейін құрылған «Халық қоры» да селт етпейді.

Кир патшаның бас сүйегі Парсы елдерін, әсіресе Иранды қызықтыратынына еш дау жоқ. Бұл жөнінде еліміздің Сыртқы Істер министрлігі Иранмен бірлесе жұмыс атқарса, ежелгі тарихты қалпына келтіруге лайықты үлес қосқан болар еді. Егер табылған бас сүйегі зерттеліп, зерделеніп, Кирдің басы екендігі дәлелденіп жатса – мемлекетіміздің Оңтүстік өңіріне, оның ішінде киелі Жуалы жеріне келетін туристердің саны анағұрлым арта түсер еді.

Елбасы Тоқаев жыл басында бір сөйлеген сөзінде өткен тарихымызды жаңа көзқараспен зерттеп, зерделейік деп айтқаны бар еді. Өкінішке қарай, сөз көп, нақты іс жоқ. Осындайда Томиристің Кир патшасының басын алған оқиғаны бір бетке сыйдырған құны аса бай тарихи дерекке қазақтың көрнекті тарихшысы Ермұқан Бекмахановтың: «Да, но на этой единственной странице скифской истории уместилось все человечество» деп жазғаны ойға орала береді. Бұл оқиға – әлем тарихын өзгерткен оқиға. Бір өкініштісі оның – қазақ даласында болған тарихы оқиға екендігін осы күнге дейін түсінгіміз келмейді. Осыны ойлағанда, Жуалыдан табылған бас сүйегі құпия болып қала ма деп қорқамын.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

жазушы-режиссер, Халықаралық

«Түркі әлемі» телестудиясының бас директоры

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *