ХАЛЫҚ ШАРШАДЫ, ТЫҒЫРЫҚТАНШЫҒАР ЖОЛ БАР МА?

Саясат Қоғам
605 Views

Қаңтар қырғынынан кейін бүгінгі бейбіт күннің өзінде Қазақстанда адам шыбын құрлы құны жоқ, оңай өліп жатыр. Иә, рас, осы күндері бізде адамды шыбын өлтіргендей өлтіре салады. Бұрын ілуде біреу жазатайым аса ауыр қылмысқа бара қалса, жанымыз түршігіп жағамызды ұстаушы едік. Қазір екі күннің бірінде әлеуметтік желіден көріп, оқып, етіміз үйренгені соншалық, тіпті арада үш-төрт күн өтер-өтпес түк болмағандай естен шығарып жібереміз. Мұндай сорақылықтың жолы кесілу үшін не істеуіміз керек, осыны сараптап, таразылап, адамзатқа ой саларлық, адам баласының ойы мен бойын түзерлік жөнге салып жіберердей әрекетке бара алмай пұшайман халде отырғанымыз одан бетер қорқынышты. Ұлт болашағы үшін қауіпті тенденция.

Кешегі Оралда тапа-тал түсте еш шімірікпестен қожайынын көшеде бауыздап кеткен қандықол қарақшылар, анау Жетісудағы кәмелеттік жасқа жетпеген бейкүнә қызды зорлап, одан қинап өлтіріп, жерге көміп кеткен педофиль… Түркістанда төрт баланы бірдей асырай алмаймын деп ең кенже бес жастағы баласын балталап өлтірген жауыз әке… бұлар қайдан шықты? Өз әйелін бауыр еті балаларымен қосып өртеп жіберген, келіншегін балаларының көзінше басын темірмен тесіп айуандықпен өлтірген күйеу… құрбандардың тізімі көп, өте көп…

Бұл айтып отырғандарымыздың барлығы ащы ақиқат болғанмен, бұл біздің зайырлы қоғам үшін абсурд! Мұның барлығы неге бірінен соң бірі толассыз үдеп барады? Ер азаматтар неге соншалықты өмірге агрессивті, тым ызалы, кекшіл? Адам өз өмірінде тығырықтан шығар еш жол таппағанда адам өлтіруге барады екен.

Қаңтар оқиғасына қайта оралайықшы. Қаңтарда болған қан-жоса ашулы қоғамның буырқанысы еді, шиқанға ұқсап жарылған қазақтың бұл жан-жарасы болатын. Жаһанды жайлаған ковидтен кейінгі жаппай дағдарыс, удай қымбатшылық, бағаның күн санап өсуі, мемлекет ретінде экономикалық бәсекелестік қабілетке сай болмауымыз, тіпті баға саясатына төтеп беруге қауқарымыздың жоқтығы, несиеге белшесінен батқан қара халықтың ыңыршағын айналдырып жіберді. Мұны елеп-ескерген, халық төңкерісінің алдын алайын деген үкіметте қылаудай амал-шарғы болған жоқ. Үкіметтің немқұрайлығынан теңгемен бірге халық өмірі құнсызданып кетті. Шарасыз халық осылай көшеге шықты. Халықты базбұзар, содыр, сотқар, ұры атандырып, ол аздай үкіметке айтар, қояр талабы жоқ деп жазғырудың мүлде қажеті жоқ еді.

«Жаңа Қазақстан» жаңа леп әкеле ме деген бір үміт, бір күдік құшағындағы қазақтың көңіл-күйі әлі толқулы. Қаңтарда беті қайтып қалды, рухы жаншылды деу қате пікір. Жаңа соқпақпен емес, ескі сүрлеуінде әлі күнге «гөй-гөйлеп» жүрген жаңа да, ескі үкіметтің есін әбден шығаруы бек мүмкін. Үкімет қол қусырып отырған сайын, халық ашынады, ашығып ширыққан сайын әлеуметтік жағдай ушығып, шиеленісе береді. Халқы кедейлене түскен үстіне кедейленіп, мешеулене түседі. Дәл қазіргі жағдайда мемлекет теңіздегі бағыт-бағдарын жоғалтқан кеме секілді беталды кете берсе, бұл біздің ұлт үшін катастрофа! Өйткені, біздің еліміз кедейлер мекенінен тұрады, бай деген атымен жоқ. Мәселен, өзге мемлекеттерде бай адам деп алып корпорациясы, жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтитын мыңғырған зауыт-фабрикасы, заманға сай технологиясы бар, елге қызмет етіп аяғынан тік тұрған монополистерді айтады. Ал біздегі байлар ел ішіне сіріңке шығаратын бір зауыт-фабрика салып бере алмағандар, жергілікті халықты жұмыспен қамтуды білмегендер, бар тапқанын шетел асырып жіберген ұрылар. Халықаралық инвесторлармен елдің қаржысын бөліскен жемқұрттар.

Қазақстан дәл қазіргі сәтте қай тұрғыдан қарасаңыз, экономикасы ақсаған кедейлер елі. Қазақстанда несие алмаған, қарызға батпаған адам қалмады. Ауыл шаруашылығы жансыз, тамыры әрең соғып тұр… орта және шағын бизнес дімкәс өкпесі қабынған адам секілді, кең тыныс ала алмайды. Жемқорлық барлық жолды жауып тастаған.

Сеңдей соғылысып, санасы сансыраған халық біресе жат ағымның теріс ықпалына кіріп кетеді, біресе қайыршылықпен, енді біреуі жемқорлықпен, сыбайластықпен, енді бірі ұры-қарылықпен, зорлық-зомбылықпен айналысады. Денсаулық та, білім де, мәдениет саласы болсын, мемлекет қаржысын жымқырып жатқан басшы-қосшылар… Әділдік жоқ. Соттаса соттың құрығынан аман-есен құтылып кетіп жатқан заман. Жазықтылар бостандықта, жазықсыздар жапа шегіп жүрген уақыт. Сондықтан халық назалы, ашулы, ызақор, қапалы. Тығырықтан шығар жол таппай әлек. Бұл көрініс халықтың тосылуы емес, ұлттың тосылуына әкетіп бара жатқан сыңайлы. Халықтың ішіндегі қаныпезерлерге күйініп отырмыз, күні ертең ұлтымызды өлтіріп алмасақ екен.

Халық бәрінен шаршады, тығырықтан шығар жол бар ма екен?!

Нұр-Қасым ӘЛІМБАЙ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *