КӨПЕН ҚАЛАЙ БАС РЕДАКТОР БОЛДЫ?

Әдебиет
581 Views

Партияның аман-сау кезінде жас сықақшы Көпен Әмірбек мырза Мәскеуге бір айлық оқуға бара қалады. Барған оқу-тоқуы комсомол жетекшілерінің біліктігін арттыру жөніндегі курс. Комсомолға жеті қайнаса да сорпасы қосылмайтын Көпеннің бұл оқуды қайбір оңдырсын. Оның есесіне Мәскеуді армансыз аралап, оны көріп, мұны көріп, бір бой жазып қалады. Екі-үш күн өткен соң: «Қой, ұят болып жүрмесін, анда-санда бар екенімді, тірі жүргенімді білдіріп қойған жөн болар», – деп әлгі комсомолдар курсына бас сұғады.

Үлкен аудиторияның ішінде орыс пен украин да, өзбек пен тәжік те, армян мен грузин де, татар, башқұрт та қаптап өріп жүр. Көпеннің назары бір бұрышта темекіні әкесінің құны қалғандай үсті-үстіне сорып, көк түтінін будақтатып тұрған кавказдық жігітке еріксіз түседі. Ойпырмай, осындай ұқсастық та болады екен-ау! Сойып қаптап қойғандай нақ өзі. Қортық бойына, қоңқақ мұрнына, шегір көзі мен жалпақ бетіне дейін айнымай тартқан. Кавказдық жігіт те Көпенге таңдана қарап қалады. Екеуінің де орысшасы онша келіңкіреп жатпаса да, тез танысып, шүйіркелесіп әңгімелесе кетеді.

– Слушай дорогой, ты совсем похоже на меня. Может ты грузин? – дейді кавказдық Көпеннің қолын алып – ну смотри а, прямо моя копия.

– Нет, дорогой. Я не грузин, а казах. Казахстан, Алма-Ата ты знаешь? – дейді біздің Көпен де грузинмен қатарласа беріп.

– Казахстан, Алма-Ата как не знаю? Я все таки второй секретарь комсомол комитета Грузии, – дейді грузин. — Давай познакомиться. Я Вахтанг Махарашивили.

– Я Көпен Әмірбек, писатель, – дейді Көпен.

Вахтанг қадалған жерінен қан алатын қызыл көз бәле екен.

– А где ты работаешь, тоже в комсомоле? – деп тақақтап қояр емес.

Сол кезде Көпен мырза республикалық «Білім және еңбек» журналында жауапты хатшы болып қызмет атқаратын. Жаңа танысының алдында дәрежесін кішірейткісі келмеген Көпекең:

– Нет, я не в комсомоле. Главный редактор республиканского журнала, – деп өтірікті соғып жібергенін өзі де білмей қалады.

Ертесіне Вахтанг Көпенді Үлкен театрға шақырады. Сыйға – сый, сыраға – бал демекші, Көпен мырза грузин досын арада күн құрғатпай Мәскеудің мынау деген мейрамханасына апарып, тыққан-пыққан пұлын шығарып шашып тастайды. Көп ұзамай Вахтанг өзінен бір аумайтын қазақстандық танысын грузиннің мықты деген ақынымен таныстырады. Біздің Көпен намысты қолдан берген бе? Вахтангты «Крокодил» журналының сол кездегі Бас редакторының үйіне қонаққа апарып, бір шырқатады. Оқуларын аман-есен бітіріп, бастарын біраз миландырып, елге қайтатын уақыт та таяп қалады. Вахтанг қоштасарда Көпенге алтын жалатқан қаламсап сыйлайды. Көпен бұл жолы да асып түсіп, қолындағы алтын сағатын грузин досының білегіне байлайды. Арада бір ай уақыт дөңгелеп өте шығып, бір күні жұмыс аяқталуға жақын қалғанда, қара сүліктей телефонның жаны қалмай безектеп қоя береді.

«Білім және еңбек» журналының жауапты хатшысы қалақшаны асығыс көтере бергенде:

– Это 63-53-04. Вас просить Тбилиси, – деген коммутатордың шіңкілдеген дауысынан соң:

– Көпен, привет дорогой! Это Вахтанг. Завтра буду в Алма-Ате. Рейс 645. Встречай, дорогой! – деген тбилисилік досының дауысы естіледі.

– Вай-вай! Ой какие люди! Я очень рад, очень рад! Буду ждать, буду встречать. До завтра, дорогой! – деп Көпен телефон қалақшасын қоя береді. Алғашында кәдімгідей қалбалақтап қуанған Көпен басын сипап, ойланып қалады. Қазаққа қонақ күткен не тәйірі? Жауапты хатшыны қинаған жәй басқа болатын. Тбилисилік досына өзін Бас редактормын деп таныстырғанын есіне алғанда, Көпен отырған орнында тыпыршып, маңдайы тершіп қоя береді.

– Қап, Вахтангті алдап нем бар еді? Енді ұят болатын болды-ау! – деп санын бір-ақ соғады Көпен.

Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап деген, болары – болды. Көпен бұл тұйықтан шұғыл түрде аман-есен шығудың жолын қарастыра бастайды. Ол шегір көзі сығырайып, ары ойланып, бері ойланып, өзінің тікелей бастығы, журналдың сол кездегі Бас редакторы, белгілі жазушы Бейбіт Қойшыбаевқа барлық жағдайды түсіндіріп, айтуға мәжбүр болады.

– Бәке, жағдай осылай болып тұр. Мені ұяттан өлтіргіңіз келмесе, маған бір күнге кабинетіңізді, «Волгаңызды» беріңіз, – деп өлердегі сөзін айтып жалбарынады.

Бас редактор Көпеннің қылығына ішегі қатқанша күліп, келісімін береді.

…Ертесіне «Білім және еңбек» журналының ұжымы Грузия комсомолы Орталық Комитетінің екінші секретары Вахтанг Махарашивилиді хан көтеріп, қарсы алады…

ВОТ ЭТО ДАЙ…

Сонау алпысыншы жылдардың аяғында КазГУ-дің журналистер даярлайтын факультетіне жаңадан түскен қалқан құлақ сары бала Көпен Әмірбек өзінің курстастарымен бірге Қостанай облысының бір шаруашылығынан бір-ақ шығып, қырманда шаңын бұрқыратып, астық тазалап жатады. Онсыз да милары ашып, шаруа басты болып жүрген совхоз басшылары көмекке келген студенттердің қамын қайдан ойлай қойсын. Көпен және оның курстастарының берекелері алғашқы күннен бастап-ақ қаша бастайды. Таңның атысынан, күннің батысына дейін үсті-бастарын шаң басып, ауыр жұмыс істейді. Жұмыстан шаршап-шалдығып келгенде, «Қиналып қалдың-ау, құлыным» деп жайылып көрпе, иіліп жастық болатын, бар жылы-жұмсағын аузына тосатын ата-ана жоқ. Жататын жерлері – шаруашылықтың қисайып құлайын деп тұрған ескі клубы. Жегендері қатып қалған қара нан, ішкендері су татитын капуста көже. Мойыны ырғайдай, биті торғайдай болып жүрсе де, біздің Көпен қиындықты мойындаған ба? Бір күні оның шегір көзі қырмандағы асханада аспазшы болып істейтін екі анары піскен әңгелектей тырсылдаған, еріндері қып-қызыл шиедей үлбіреген Таня деген орыс қызына түсіп, аяқ астынан ғашық болады да қалады. Көпеннің орысшасы шамалы, Таняның қазақшасы мүлдем жоқ. Бірақ, бір-біріне әрі кет емес, сәлемдері түзу. Таняны көрсе Көпен мәз, Көпенді көрсе Таня мәз. Соңғы күндері орыс қыздың «ғашығы» басқа студенттерге қарағанда қоюлау, дәмділеу ас ішіп, ұрты бұртиып, жағдайы кәдімгідей жақсарып қалады. «Сыйға – сый, сыраға – бал» демекші, күздің бір кешінде Көпен мырза Таняны киноға шақырады. Алғашқы курстың студенттері арасында жүрек жұтып, сұлу бойжеткенді кездесуге шақырып жатқандар некен-саяқ. Оның үстіне Көпен анау-мынау емес, совхоздың мынауский деген қызымен киноға барып қыдырмақ. Сол кезде таптыра бермейтін нейлон көйлек, шынжыр баулы, балағы кең шалбар, үштік тұмсық, биік өкше туфли киіп, сылқиюы жаман Көпеннің. Мұны қызық көрген екі-үш курстасы Көпен мен Таняны сырттай аңдап, торуылдап жүреді.

Екі ғашық иық тиістіріп, кино көрген соң, қыркүйектің суық кешіне қарамастан біраз серуендеп, балалар бақшасының жанына келіп тоқтайды. Көпеннің көзі Таняда. Шайтан қыз әдемі-ақ, құшақтасаң, құшағың толады, қос анары мен мұндалап, көздері мөлдіреп, еріндері үлбіреп, қарамасыңа қоймайды. Көпенге салса, дәл қарсы алдында тұрған сұлу қызды бас салып сүйіп-ақ алар еді. Бірақ, жүрегі атша тулап, батылы бармай тұр, бірдеңе деп айтайын десе, шала-пұла орысшасы жетіңкіремейді.

– Таня, – дейді Көпен үздігіп, – можно у тебя спросить?

– Пожалуйста, Купен, – дейді Таня күлімдеп.

– Таня, – дейді Көпен тілі күрмеліп. Ары қарай бірдеңе дейін десе тілі құрғыр байлана береді.

– Не стесняйся, Купен, – дейді Таня, – ну, говори же.

Сонда Көпен өзін-өзі қамшылап, батылдыққа шақырып, қыздың жанына жақындай түсіп, еріндерін сұқ саусағымен көрсетіп:

– Таня, вот это дай, – деп біреу қуып бара жатқандай аспазшы қызды бас салып құшақтап, жаңа піскен қызыл шиедей еріндерінен құшырлана сүйіп-сүйіп алыпты…

«0:5 БОЛАТЫН ЖАҒДАЙЫМ ЖОҚ…»

Ел жақта түбі түскен шелектей даңғырлап қалған Нұржан деген құрдасым бар. Бала кезден бірге өскен досым колхоздың маңдай алды шопырларының бірі. Өзі байымаса да шаруашылықтың дәулетін қарқ қыламын деп темір тұлпарын тізгіндеп алып, күні-түні шапқылайды да жүреді. Сол құрдасым жақында қырық жасқа толып, дүрілдетіп той жасамақ. Кеше жұмыс орныма телефон қоңыраулатып, маған салық салып, тойына он бөтелке арақ әкелуімді шегелеп тұрып тапсырған болатын. Оның шегелеп айтатын жөні бар, қазір қалада да, далада да арақ жарықтық құстың сүтіндей қат болып тұр. Қасқабас Горбачев қайта құрамын деп бәрін құртып бітті емес пе? Азық-түлік дүкендерінде консервіленген «Кильки» балығынан басқа көзге көрінер бір зат жоқ, қаңғырап бос тұр. Алматының қақ ортасындағы үлкен гастрономда қарауыл болып істейтін орыс көршіме біраз тиын-тебен беріп, он шөлмек «Экстраға» қолым әрең жетті.

Тамыз айының ортасы болғандықтан, теміржол бекеті құмырсқаның илеуіндей, жолаушы көп, билет жоқ. Көз қысты, бармақ басты дегендей таныстарымды жағалап, Жамбылға дейін пойызға әрең дегенде бір билет алдым. Кілең арақ салынған үлкен қара дипломатты сықырлатып, 1-ші Алматыға қарай зымырап келемін. Пойызға әрең үлгеріп, вагонға біреу қуғандай асыға-аптыға кірсем, сол кезде атағы дүркіреп, жер жарып тұрған сатирик-жазушы Көпен Әмірбек күндей күркіреп отыр. Жанындағы отырған әдемі кавказ нәсілді жас келіншек пен жас жігіт әлденеге мәз. Дәл орталарынан таусылуға жақындап қалған бір бөтелке арақ, болар-болмас тіске басар орын алыпты.

Купелес көршілеріммен амандасып, өз орныма жайғаса бастадым. Бейтаныс жас келіншек болмаса, Көпен мен Хамитті жақсы танимын. Көпен атағынан ат үркетін «Араның» жауапты хатшысы, Хамит болса «Социалистік Қазақстанның» айдарынан жел ескен білдей тілшісі. Көпеннің шегір көздері бірден менің қолымдағы қара дипломатқа түсті. Оны қоя бергенімде ішіндегі қыл мойындар бір-бірімен соғылысып, сықыр-сықыр етіп, біз мұндамыз дегендей белгі берді.

– Міне, іздеген затымыздың өзі де келіп қалды, – деді Көпен мәз болып. «Мен ұрлыққа шыққанда ай жарық болды» демекші, амалдың жоқтығынан дипломатымды ашып, «Экстраның» біреуін шығардым. Төртеумізге бір шиша арақ түк те болған жоқ, Хамит пен Көпен шалқасынан жатқан қара дипломатқа қарайды, мен түк байқамаған болып, терезеге қараймын.

– Доқтырхан, – деді Көпен күліп, – ауызымыздың суы құрып, осылайша отыра береміз бе, шығарсаңшы біреуін.

– Көпен, – деймін қипақтап, – бір құрдасым қырыққа толып, той жасамақшы, маған он шиша арақ әкелесің деп салық салған еді. Онсыз да біреуін ішіп қойдық, айыпқа бұйырма, бере алмаймын.

– Доқа, – дейді Көпен менің жаныма жақындай түсіп. – «Араның» келесі нөмірінде сенің бір әзіл әңгімең шыққалы жатыр. Қаламақысына 25 сом емес, бақандай 50 сом қоямын. Шығаршы, біреуін, одан соң қинамаймын. Мына грузин келіншек қазақтар сараң екен деп жүрмесін, шығаршы біреуін. Ұлттың намысы үшін керек болып тұр…

Біреу ату жазасына алып бара жатқандай орнымнан әрең көтерілдім. Ортаға қойған арақты алғашқыдай бас салмай, жайлап ішіп отырмыз. Көпеннің бір көзі – қырлы стаканда, екінші көзі жанында гүлдей жайнап отырған әдемі келіншекте. Бар өнерін салып, анекдоттың түр-түрін соғып, көршісін шыр көбелек айналдырып отыр. Төртеуміздің ішімізде де ептеп от бар, мәз-мәйрам болып, Отарға қалай жеткенімізді аңғармай қалдық. Көпен, Хамит үшеуміз темекі шекпек болып, вагонның дәлізіне шықтық.

– Аталарымыз «Құланның асуы, мылтықтың басуы» деп бекер айтпаған ғой. Өздерің де байқап келесіңдер, мына сұлу маған әрі кет емес. Екеуің көрші вагонға достарыңа кеткен болып, бізді бір-екі сағатқа оңаша тастап кетіңдер, – деді Көпен купеге кіреберісте. Біраз отырған соң, Хамит екеуміз көрші вагонға бармақ болып, өтірік жөтеліп, орнымыздан тұра бердік. Ортамызда атағы жер жарып тұрған Көпен Әмірбек тұрғанда біз екеумізге әдемі келіншекке қырындау қайда?!

– Жас жігіт, – деді әлгі грузиннің сұлуы менің жеңімнен тартып, – достарыңыз жолдастарына барса барып келсін, сіз менің жанымда қалыңыз…

«Түйе бойына сеніп, жылдан бос қалыпты» деген осы. Орнынан ұшып тұрған Көпеннің шегір көздері жыпылықтап кетті.

– Неге аялдап қалдыңыз, – деді Нонна тананың көзіндей әдемі жанарын төңкеріп қойып – досыңыз күтіп қалды ғой… «Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді» деген осы. Жаңа ғана айдарынан жел есіп отырған Көпен батыр қипақтап-қипақтап, Хамиттің соңынан ілесе берді…

1990 жылдың басында Көпен Әмірбек бастаған бір топ жазушы-сатириктер Алматыдағы қыздар институтына барып, кездесу өткіздік. Менен басқаларының барлығы шетінен сен тұр, мен атайын дейтін мықты-мықты ақын-жазушылар. Берік Садыров пен Толымбек Әлімбектің өздері неге тұрады! Еркін Жаппасұлы, Жарылқасын Дәулеттің де сынаптан шыққан қылыштай қылшылдап тұрған кезі. Сатира мен әзіл-сықақ отауын енді-енді ғана жағалап жүрген мен ғана. Бәріміз аянған жоқпыз, суырылып-суырылып шығып, шығармаларымызды оқып жатырмыз, үлкен зал ішіндегі студент-жастар күлкіге қарқ болды да қалды.

Үш сағатқа созылған думан отыз шақты адам бас қосқан банкетке жалғасты. Бүгінгі кездесуді ұйымдастырып зыр жүгіріп жүрген Алма деген қыз аяқ-қолы балғадай, екі көзі мөлдіреген, қос анары мен мұндалап, тебіндеп тұрған келісті бойжеткен болып шықты.

Байқаймын, кездесу басталмай тұрып-ақ Көпеннің шегір көздері әсем қызға түсті. Көлденең көк етіктіні қия жібермейтін досым дастархан басында менімен қатар отырған Алмаға бәйек болды да қалды.

– Айналайын, өзің бір алтын асықтай сүйкімді бала екенсің. Осында мұғалім болып қызмет атқарасың ба? – деді Көпен мойнын созып. – Қай жақтың періштесісің, қалқам?

– Оңтүстіктенмін, – деді Алма жәудір көздерін жарқ еткізіп.

– Бәсе, бәсе, ішім сезіп еді, өзімнің қарындасым екенсің ғой, – деп Көпен отырған орнында қопаңдап қойды.

– Сіз де бөтен емессіз ғой, – деді Алма, – бірақ мен жанымда отырған Доқтырхан ағаға сәл жақынырақпын, Жамбыл облысының қызымын.

– Солай де, – деді Көпен көзін сұлу қыздан алмай. – Дегенмен, сен бұл ағаңа онша сене берме, банкет біткен соң, үйіңе дейін өзімнің «Волгаммен» жеткізіп тастаймын.

– Рахмет, Көпен аға, – деді Алма жымиып – сенімсіздеу болса да, Доқтырхан аға екеуміз автобуспен бірге қайтамыз…

Белгілі жазушы-сатирик Садықбек Адамбеков ағамыздың 100 жылдығына байланысты Арыс қаласына Қадыр Мырзаәлі, Көпен Әмірбек үшеуміз бірге баратын болдық. Елдегі кездесулерді бейне таспаға түсіру үшін жанымызға Жеңіс деген кинооператорды ертіп алдық. Мамыр айының бір тамаша күні еді. Жүрдек пойызбен Арыс қайдасың деп зулатып келеміз. Бұл қазақтың ақиық ақыны Қадыр ағамен үшінші сапарымыз. Бүкіл қазақ халқы алақанына салып, құрмет тұтатын ақын күнделікті өмірінде қарапайым, үлкен-кішімен тез тіл табысады, әзіл-қалжыңға да қамшы салдырмайды. Жолымыз болсын деп, ақаңнан жүз-жүз грамм тартып жібердік. Көңілді келеміз, мұндай ұзақ сапарда Көпен отырыстың нағыз гүлі. Қай-қайдағыны айтып, күлкіден ішегімізді қатырып келеді. Мен де анда-санда оған қосылып, күлкілі әңгімелерді тұздықтатып қоямын. Дәлізге шығып, темекі шектік. Дәл жанымыздан өтіп бара жатқан екі әдемі келіншек Қадыр Мырзаәліні танып, бұрылып сәлем берді.

– Мына әдемі келіншектер сәлемін маған арнағанмен, көздері сендерде болды, – деді ақын ағамыз әзілдеп – қанша дегенмен жассыңдар ғой…

– Мені қойшы, – дейді Көпен қалжыңдап – қандай сиқыры бар екенін білмеймін, көздері күлімдеген, беті жалтыраған қыз-келіншек біткен Доқтырханға бірінші болып көз тастайды. Сондай жолы болғыш. Менің бұл досымнан 2:0 есебімен ұтылып, реванш қайтара алмай жүрген жайым бар.

– Ойпырмай, Көпен Әмірбек те жеңіледі екен-ау, – деді Қадыр жымиып – қыз-қырқынды айналдырғанда алдыңа жан салмаушы едің, Доқтырханнан қалай жеңіліп жүрсің? Әңгіме болсын, айтып берсеңші, жол қысқарсын.

– Купенің ішіне кірген соң айтып берейін, аға. Бұл бауырыңыздың мен сияқты дүрілдеген атағы да жоқ, қыз-келіншектерді байлығымен қызықтыратын дәулеті де жоқ. Анау едірейген мұрты болмаса, алып бара жатқан көркі де жоқ. Сөйте тұра, бет біткеннің сұлулары осыны көрсе, өздері жабыса кетеді. Түсінбей-ақ қойдым… Үшеуміз қарқылдап күліп, купеге бет алдық. Көпен досым менен қалайша 0:2 есебімен ұтылғанын құтыртып тұрып айтып берді.

– Көпен, – деді Қадыр әзілдеп – олай болса, абай бол, Арыста сенің көзің сөз жоқ, бір әдемі періштеге түседі, Доқтырхан қағып кетіп, аузыңды аңқитып жүрмесін.

– Олай бола қоймас, – дейді Көпен әзіл-қалжыңды қоюлата түсіп. – Осы сапарымда бұл Доқтырханнан қалай болғанда да реванш аламын…

Арыс теміржол бекетінде бізді ауданның бүкіл дөкейлері аяқтарынан тік тұрып қарсы алды. Ұлттық киім киіп, талшыбықтай бұралған қыздар гүл ұсынып, мәз-мәйрамбыз. Бізді аудан әкімі қабылдап, таңертеңгі шайымызды ішкен соң, қонақ үйге орналасуға жинала бастадық. Қарсы алғандардың ішінде ерекше бір сұлу келіншек болды. Аққудай кербез қимылдайтын періштеге Көпеннің шегір көздері бірден түсті. Байқаймын, бізді қонақ үйге орналастыратын осы келіншек болмақ.

– Қадыр аға, мен Садықбек Адамбеков тәрбиеленген балалар үйі директорының орынбасары боламын. Есімім – Әлимаш, – деді әдемі келіншек әдемі қастарын керіп. – Қала орталығындағы қонақ үйінде жалғыз люкс-номер бар. Сол номерге Көпен екеуіңіз орналасыңыздар. Ал, режиссер мен кинооператорды балалар үйіне алып кетеміз, бізде бұл жігіттерге лайықты жай табылады.

– Қарындас, – деді Көпен Әлимаштың сөзін бөліп – режиссер Қадыр ағаймен қалсыншы. Сіздерге мен-ақ барайыншы…

– Жоқ, жоқ, – деді әдемі келіншек келіспей, – Көпен Әмірбек деген дардай атыңыз бар. Сіздің Қадыр ағамен бірге болғаныңыз дұрыс болар. Қорықпаңыз, режиссер мен кинооператордың ішін пыстырмаймыз…

Жаңа ғана лапылдап тұрған Көпеннің көңіл күйі түсіп кетті. Оның жағдайын түсінген Қадыр аға маған байқатпай көзін қысып үлгерді…

Қайтар жолда Шымкенттегі теміржол бекетінде біздің купеге солқылдаған бір әдемі келіншек кірді. Сұлулық пен жастық кімді селт еткізбеген, Қадыр аға мен Көпеннің көзі бірден әлгі періштеге түсті. Екі күн бойы зыр жүгіріп, бейнекөріністер түсірген оператор жоғарғы қатарға шығып, ұйқыға кірісті. «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» демекші, мен купенің бір бұрышында тымырайып, тыныш қана отырмын.

Сайрамнан асқанда Қадыр аға жол сөмкесін ашып, сұлу қарындасына қолтаңба жазып, жаңа кітабын сыйлады. Көпен дастарханды жайнатып тастап, ыстық шай әкелуге кетті.

– Жаңылыспасам, сіз Доқтырхан Тұрлыбек емессіз бе? – деді бейтаныс келіншек маған бұрылып.

– Иә, сол ағаңмын, – дедім елең ете түсіп.

– Сіздің Қазақ теледидарынан апта сайын жүргізетін «Бойтұмар» атты хабарыңызды үзбей көремін. Маған өте ұнайды, – деді шымкенттік сұлу маған күлімдей қарап.

Көпен ыстық шай әкеліп, кеселерге құя бастады.

– Доқтырхан аға, мен Шымкент теледидарында режиссер болып қызмет атқарамын. Алматыда бір ай болып, Қазақ теледидарында тәжірибеден өтпек ойым бар. Егер қарсы болмасаңыз, сіздің бағдарламаңызға сұранайын, – деді купелес келіншек сөзін жалғастырып.

Бұл сөзді естігенде Көпеннің шыбын жаны шығып кете жаздады.

– Қарлығаш, – деді Көпен көздері алақтап, – тәжірибеден өткің келсе, «Хабарға» бар, онда менің бір жақсы танысым жұмыс істейді.

– Иә, Көпен ағаң дұрыс айтады, – дедім мен. – «Хабардың» бізге қарағанда шоқтығы биік, айдарынан жел есіп тұр. «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» демекші, онда барсаң жағдайың жаман болмайды. Режиссерлері де шетінен мықты, техника жабдықтары да бізден әлдеқайда артық

– «Хабар» мықты болса, бола берсін. Оған менің еш қарсылығым жоқ, бірақ, онда «Бойтұмар» сияқты ұлттық өнерді, салт-дәстүрді жан-жақты ашып көрсететін жақсы бағдарлама жоқ, – деді Қарлығаш қолына шай құйған кесені алып. – Сіз қарсы болсаңыз да, мен бастықтарыңызға кіріп, «Бойтұмарға» сұранамын.

Сылаңдаған сұлу келіншектің мына сөзінен соң Көпен шай ішіп жарытпады. Қадыр аға үшеуміз темекі шекпек болып дәлізге шықтық.

– Көпен, – деді Қадыр аға маған көзін қысып – мына Доқтырхан бауырымнан сен тұрмақ, мен қорқа бастадым. Арысқа келе жатқанымызда реванш қайтарамын дегенің қайда? Әзірше футбол тілімен айтқанда 0:4 есебімен ұтылып жатырсың. Босқа әуре болма, мына перизат екеумізге де көнбейді, Доқтырхан жаққа құлап отыр…

– Айттым ғой, бұның бір сиқыры бар деп. Осыны көрсе, беті жылтыраған қыз-келіншек біткеннің есі шығып кетеді. Махаббаттан жолы болғыш…

Көпен қолын бір сілтеп, көрші вагонда келе жатқан жолдасына бет алды…

…Жақында Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдығы болып, салтанатты жиын өтетін Опера және балет театрына бет алдық. Кіре берісте Астанадан келген Көпен Әмірбек досым кездесіп, «Бажа бажаны көрсе басы қышиды» демекші, екеуіміз өткен-кеткенді айтып, әзілдесіп тұрдық. Белі құмырсқадай бір сұлу келіншек екеумізді танып, бізге қол бұлғады.

– Көпен деймін, досымның жеңінен тартып, – анау әдемі келіншек саған қол бұлғап шақырып тұр ғой, барсаңшы…

– Барсаң өзің бар, – дейді Көпен көзі көкшиіп – 0:5 болатын жағдайым жоқ, бауырым…

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

жазушы-режиссер, Халықаралық

«Түркі әлемі» телестудиясының бас директоры

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *