КӘСІПТІК ЖОЛДА ЕҢ КЕРЕГІ – ЫНТА

Қоғам
579 Views

Жұмыспен қамту жол картасының негізгі мақсаты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу, қосымша жұмыс орындарын құру және табыстың болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ облыстың елді мекендерінің инфрақұрылымын дамыту үшін жағдай жасау болып табылады. Бәйдібек ауданы, Боралдай ауылдық округінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Сәбит Жаманқараев «Жұмыспен қамту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша жеңілдетілген пайызбен несие алып, мал бордақылау кәсібімен айналысқан.

– Несие қаражатына қора-жайымды кеңейтіп, ірі қара мал сатып алудан бастадым, — дейді ол. Алдыңғы кезекте ұсақ тайыншаларды байлап, соны жетілдіре отырып, етке дайындаған іскер кәсіпкер бұл күндері алғашқы бордақылау легін де өткізіп үлгерді. Ендігі кезек қырқүйек айынан басталады. Сиыр етін бордақыға дайындау үшін төрт-бес ай уақыт керек. Жылқыға қарағанда сиырдың мерзімі ұзақтау.

– Әзірге бұқаларды ғана байлап отырмын, — деп әңгімесін жалғайды шаруа кәсіпкер. – Алдағы уақытта сүтті сиырларды көбейту ойымда бар. Сол себепті, бұқаларды бордақыға өткізіп болған соң, ұрғашы сиырларды қолға алмақпын. Сүтін сауып, оны да кәдеге жаратсақ дейміз.

Қазір бордақыға дайындаған бұқалардан орта есеппен 150-170 келідей, кейде 200 келі ет шығып жатыр. Сәбиттің қасында көмекшілері бар. Жақында мал шаруашылығына қатысты өткен аудандық жиында Сәбит Жаманқараев мал азығы жөнінде мәселе көтерді. Расына келгенде мал азығына кететін шығын қалтаға әжептәуір салмақ салады. «Мемлекет тарапынан көмек болса» деген ұсынысын жерге тастамаған аудан әкімдігі көп ұзамай жем-шөпке арнап субсидия бере бастады. Мысалы, келісін отыз теңгеден сатып алып жатқан кебекті он бес теңгеден өтеді. Жылына бес тоннадай жем керек. Тағы қосымша кебектен бөлек, арпа мен жоңышқаны беріп жатқан жайы бар. Бір жақсысы, аудан әкімдігі мұнан былай дайын болған мал етін өздері келісім шартқа отырып, сатып алып кететін болды. Осының өзі үлкен жәрдем емес пе? Тек ірі қараны бордақылап әзер етсеңіз болды, әрі қарай еттің сатылуы жергілікті биліктің құзырында. Осындай жеке кәсіпкерлер әзірлеп шығарған ірі қара және уақ малдың еттерімен аудан халқын ғана емес, Астана мен Алматы, Шымкент секілді мегаполистерге де таратып отыр екен.

Мал азығын дайындау, қора-қопсыны тазалау, сиыр сауу, бордақылау күнбе-күнгі қыруар шаруа. Бордақылау кезеңінде сиырға жақсылап күтім жасай білсе, тәулігіне бір келіге дейін қоса алады. Етінің сапасы да жақсарады. Бордақылау маусымында жас малдың салмағы 1,5 есе, еті мен майы 2 есе, етінің калориясы 3 есе артады.

Сәбит Жаманқараевтың өз кәсібінен ұтқан тұсы – ең алдымен сиырдың төлдерінен бастап өсіре білгендігінде. Әуелгі кезде тайыншаларды сатып алып бақты. Олардың азығын жақсылап беріп, уақыты келгенде базар құнымен бағалап отырды. Әрине, осы екі аралықта малды жетілдіру оңай шаруа емес. Қаншама тер төгіліп, азығына қаржы бөліп, бар назарын жұмысқа аударғанда ғана ойыңыздағыдай күткен нәтиже береді. Осының барлығы Сәбиттің талмай еткен еңбегінде, қажырлығы мен жігерінде.

– Мақсатым – отбасымызды, балаларымды аяғынан тік тұрғызу, өмірге бейімдеу. Әрбір шаңырақтың тұрмысының түзелгені – мемлекеттің хал-ахуалы, экономикасының жақсарғанын білдіреді. Сондықтан, осындай идеяда құрылған «Жұмыспен қамту» бағдарламасына оларды қолға алып, іске асыруға мұрындық болып отырған Халықты жұмыспен қамту орталығына рахметімді айтқым келеді, — дейді төрт баланың әкесі, түтінін түзу ұшырып, ісін ілгерілетіп отырған кәсіпкер.

Ылайым, еңбегіне береке дарысын!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *