Біз үрдістен жаңылып қалдық. Бұрын келген министрлер арша көшеттерін отырғызып, ардагерлер аллеясында бір мүйнет үнсіз тұрып марқұмдарды еске алысатын. Жол сақшыларында тыным болмай сиреналарын құбылтып, ағаштың жаңқасымен ойнағандай, тарылдатып-барылдатып әлекке түсетін.
Е, министр келген екен ғой дейтінбіз.
Қазір сол үрдіс жоқ!
Сонда да болса министрлер кеп қалса керек болар деп аршамен араластырып алма, жүзім, алхоры көшеттерін сатып алып қойдым. Неге дейсіз бе? Соны тексеріп жатқан кім бар, аршаның орнына алхоры не жүзім көшеттерін бере қоямын деп ойладым. Қанша күтсем де, келеді деген лауазымдылар келмеді. Көшеттерім солуға айналған соң суға салып лаймен бастырып тастадым. Өзім уайымдаумен болдым. Сөйтсем, үрдіс өзгеріпті. Олар келген! Бірақ әлгі министр Агрожобамен танысып, трактор құрастыратын зауытты көрген де у-шусыз тез кері қайтып кеткен.
Екіншісін күттім. Оны да көшет отырғызады деп үміттеніп жүргем ғой. Сөйтсем, «Бозашы» ЖШС-нің егіс алқабын және көкөніс жүйектерін аралап көріп, ол да қайтып кеткен. Көшеттерім болса алды қурай бастады. Менен бұрын «келеді» деп күтіп жүрген БАҚ өкілдерінен ұят болды. Сөйтіп жүріп олардың келер уақтысынан жаңылып қалыппыз.
Еліміздің көгалдануы үшін мен де бір игілікті іс бастайын, әрі десе айналайын министрлердің келер кезін дәл білейін деп оларды маусымдық: қысқы, жазғы министрлер деп бөле қойдым. Өзі де күткенімдей боп шықты!
Мысалы, жазда келетін министрлер қыста келмесін. Жазғы министрлердің мінезі жаздай жайдары, мамыражай болғаны дұрыс. Әңгіме табиғат-ананың жылы кезі туралы болып отыр. Сондықтан күн жылына көктемде келсе де бола береді. Бұл жерге көк шығып, құстар келе бастаған кез.
Осы уақытта келу, денсаулығы нәумез, аяқ-қолы қақсап қыстан қорқатын министрлер үшін тиімді.
Әрі десе мен де олардың келер кезін дәл біліп көшеттерімді ұсына қоямын ғой.
Ал, қыста келетін министрлер жазда келмесін. Қысқы министрлердің мінезі қыс сияқты қатал, қаңтардың аязында шыдайтындай болғаны жөн. Осы қаталдығын жұртқа көрсететіндей болсын. Бұл әсіресе қан қысымы жоғары, жазғы шаң-тозаңнан аллергиясы бар министрлерге таптырмайтын маусым. Негізі табиғат-ананың суытатын кезі күздің соңы, қараша айының басында келсе де өкінбейді.
Бұл қар түсіп, ақ түтектер басталар кез. Сонда мен көшет туралы әңгімемді жиыстырып, оларға қардың қалың түскені, газ, су, жарықпен қоса көмірдің тоннасы неге қымбат екенін айтатын боламын.
Керектісі, суыққа тоңып, дірдектеген адамдар. Әлеуметтік жағдайлар: емделу ісі, мектеп формасы, тағы басқа сұрақтарды да аз қоятын болады.
Маусымдық министр болу тиімді ме? Әрине, тиімді! Қымбатты министрлер! Қай маусымда келу дұрыс екенін денсаулықтарыңызға байланысты өздеріңіз шешіңіздер. Іске сәт!
Ералхан ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ.