ТАЛАНТТЫ ЖАЗУШЫ, ТАНЫМДЫ ТАРИХШЫ

Таным
1 320 Views

Нағашыбек Қапалбекұлының барлық шығармаларын түгел оқыдым деп айта алмаймын. Отыздан астам кітаптар мен жүзден аса мақалалар жазған талантты жазушының біраз еңбектерімен көптен бері таныспын. Ол оқырмандарының көзіне алғашқы кезде көлемі үлкен болмағанмен, мазмұны өте тартымды, тілі жатық, қызыға оқылатын әңгімелерімен көріне бастады. Алғашқы әңгімелер жинағы «Еңлікгүл» деген атпен «Жалын» баспасынан 1980 жылы шыққан болатын. Арасына бес жыл салып «Дос жүрегі», тағы бір жылдан кейін «Қызыл елік» атты жинақтары шықты. Содан бері «Таудан түскен тұман», «Махаббатсыз өмір жоқ», «Бойтұмар», «Жерошақтың түтіні», «Біздің ауыл тау жақта», «Құт пен жұт», «Ақ шымылдық» сияқты повестер мен әңгімелер жинағы бірінен кейін бірі дүниеге келіп жатыр.

Әрбір шығармасынан кейін жазушының шеберлігі шыңдалып, өрісі кеңейіп, тілі байып, дүниетанымы тереңдей бастағанын байқайсың. Әңгімелерінің сюжеті де, кейіпкерлері де өмірдің өзінен алынған, өмірде болып жатқан құбылыстар асқан шеберлікпен суреттеледі. Бұл жерде айта кететін нәрсе, Нағашыбек көркем шығармасында журналистік талантын өте орынды қолдана білген. Сондықтан да әңгімелеріндегі өтіп жатқан оқиғалар, кейіпкерлер мен көріністер көз алдыңда әдемі көркем суреттер сияқты елестейді де тұрады.

Толып жатқан әңгімелерінің біразын оқыдым, бірінен-бірі озып тұр. Солардың біреуін ғана айта кетейін. «Бір тілім нан» атты әңгімесі «Ақ шымылдық» деген жинағына енген және «Түркістан» газетінің 2010 жылғы 21 қаңтардағы санында жарияланған.

Әңгіме шағын ғана, екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі «Бір уыс бидай» әкесінің айтқан әңгімесі, екінші бөлім «Жарты дорба ұн» шешесінің айтқан әңгімесі. Бірінші бөлімде өткен ғасырдың 30-жылдардағы ашаршылық, ұжымдастыру зобалаңы суреттелген. «Елдің алды жалқындалып, аштықтан жаппай қырыла бастаған, күздің қақаған қара суық шалған шағы. Тоз-тоз болған ауыл, жол-жөнекей көмусіз қалған жұрт» деп суреттейді автор ол кезеңді. Халқымыздың үштен бірін қырып кеткен айтулы аштық трагедиясы. Ал енді сол оқиғаны бір ауылдың көрінісіне сыйғызып, өте нанымды етіп суреттеген.

«Жарты дорба ұн» деген екінші бөлімі – анасының айтқан әңгімесі. Әңгіме өзегі бәрімізге таныс Ұлы Отан соғысының зардабы. Бұл жөнінде аз кітап жазылған жоқ, түсірілген фильмдер, театрлық қойылымдар қаншама. Басқаларын былай қойғанда, Шыңғыс Айтматов пен Шерхан Мұртаза ағамыздың соғыс кезіндегі ауылдың ауыр жағдайын, адамдардың күйзелісін суреттейтін жан тебірентер әңгімелерінің орны бөлек емес пе.

Десек те Нағашыбектің осы әңгімесінің өзіндік ұтымды тұстары бар. Адамдардың жан күйзелісін аша отырып, олардың рухани мықтылығын, еңбектегі ерлігін баса айтады. Анасының сөзі: «Жеті сынып бітірген бізге бір-бір гектардан темекі бөліп берген. Өрімдей жас қыздармыз. Күні бойы беліміз үзілгенше жұмыс істейміз. Түсте құрғақ шай ішеміз, кешке де сол. Талқанның өзі көзден бұлбұл ұшады, көктемге салым әр үйдің қабы қағылып, ел тақ-тұқ әрең-әрең күн кешіп жатқаны шақ».

Міне, «Қызыл әскер» ұжымшарындағы осы көріністе, талай-талай қарақағаздан кейін әскерден алғаш аман оралған Сайынға көрсетілген құрмет те, жайылған жұтаң дастарқан да, тойдың шырқын бұзған шатақ Бименде бригадир де, бәрі-бәрі сол кездегі барлық қазақ ауылында орын алған ортақ оқиғалар.

Соғыс кезінде дастархан басында бас қосатын негізінен қыз-келіншіктер ғой, арасында бірен-саран кәрі-құртаң еркектер немесе жараланып әрі қарай әскерге жарамай майданнан оралған жігіттер ғана. Сонда әйелдер жағы мұңлы сезімге жол беріп, аңыратып тұрып зарлы әндер айтушы еді. Нағашыбек айтпақшы, «ән айтып отырып, пора-пора болып жылап та алатын». Сөйтіп, іштегі толған шерді шығаратын.

Әңгімені оқып отырып, өз басымнан өткен балалық шағым, өз ауылымда болған оқиғалар бірінен кейін бірі көз алдымнан өтіп жатты. Осындайда айтылатын мұңлы әндердің біразын осы ауыл әйелдері шығаратын. Олардың кейбірі ғана басқа аймақтарға тарайтын, онда да жақсы орындаушысы, таратушысы болса. Ал көбісі сол бір ауылдың аумағында қалып қоятын. Біздің ауылда да осындай талай-талай әндер шықты, солардың ішінде естігенде сай сүйегіңді сырқыратып, өзегіңді өртейтін әндер бар еді. Сейілкүл деген жеңгеміз майданда жүрген жолдасына арнап «Азаматым аман кел» деген ән шығарды. Оны өзі аңыратып тұрып айтқанда жыламайтын адам болмайтын. Үлкендер тұрмақ көп сөздердің мәніне түсіне бермейтін балалар – біз де егіліп тұрып жылайтынбыз. Содан бері талай заман өтті, ал бірақ осы күнге дейін сол ән есіме түссе ішкі дүнием бұлқан-талқан болып, көзіме жас үйіріледі.

Осылай сезімді оятып, балалық шақтағы болған соғыс кесапатын еске түсіруі Нағашыбектің әңгімесінің мықтылығы деп түсіндім мен. Егер әрбір оқушыға ой салып, терең сезімге бөлей білсе, онда автордың мақсатына жетіп, асыл арманының орындалғаны емес пе.

Нағашыбектің әңгімелер тақырыбы алуан түрлі. Ешкім аттап өте алмайтын махаббаттан бастап, отбасындағы психологиялық ахуал – жұбайлардың ара-қатынасы, балалы болу, ұрпақ өсіру, әке мен бала арасы, салауатты өмір салты сияқты өзекті тақырыптарды қамти отырып, қазіргі қазақ ауылының жай-күйі, өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамның әлеуметтік тынысы туралы да тереңнен сыр шертеді. Әңгімелерінің ұтымды тұсы – олар ел арасында кең тараған нақыл сөздерге, мақал-мәтелдерге өте бай. Автор оларды өте орынды қолдана білген, дер кезінде және керек кейіпкерінің аузына салады.

Жалпы, Нағашыбектің әңгімелерін оқи отырып, оның қысқа да нұсқа әңгімелердің шебері екеніне анық көзің жетеді. Қазіргі қазақ прозасының әңгімелер саласында нағыз шеберліктің шыңына шыққан азын-аулақ жазушылардың бірі деп тану керек Нағашыбекті.

Бұл Нағашыбектің жазушылық шығармашылығының бір қыры жөнінде ғана пікірім. Ал, оқырман ретінде өзіне тәнті еткен жазушының екінші қыры – тарихи тұлғалар туралы шығармалары. Тарихи тұлғалар тақырыбы менің «осал жерім». Олардың өміріне арналған кітаптарды барлық тірлікті жиып тастап тұрып оқимын және бастаған кітабымды бітірмей, басқа жұмысты істей алмаймын. Үйдегі үлкен кітапханамның жартысына жуығы ірі тұлғаларға арналған кітаптар. Олардың арасында көрнекті қайраткерлерге, ақын-жазушыларға, өнер адамдары мен ғұлама адамдарға арналған еңбектер бар. Міне, сондықтан менің Нағашыбектің шығармашылығына қызығуым кездейсоқ емес. Менің «ауруыма» ем болатын шығармаларын таптым.

Нағашыбек жазып шығарған кітаптарының тең жартысы осы тұлғаларға арналған. Ал, тоқсанға тарта мақалаларын тұлғалар өмірін зерттеу, олардың көмескі тұстарын ашып, көпшілікке таныстыру, дәріптеу материалдары деп бағалау керек. Автор халық арасында аттары кең тараған Қарасай, Райымбек, Наурызбай, Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Өтеген, Бекболат сияқты даңқты батырлар, Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Үмбеталы сияқты ақын-жыршылар, Төле би, Балуан Шолақ, Құртқа тәуіп секілді халық даналары туралы ғана жазып қоймай, ел арасында аттары әлі кең тарай қоймаған, бірақ еліне ерен еңбек сіңірген тұлғаларды зерттеп, біраз еңбек жазған.

Солардың ішінде Мақыш балуан ерекше орын алады. Жамбылдың үзеңгілес серігі болған, өзі әрі ақын, әрі батыр, балуан, кезінде Қастекте болыс болып сайланған, ауданның тұңғыш ревкомы болған Мақыш Райымбекұлының қиын да қызық тағдырына көлемді повесть арнап жазды. Осы уақытқа дейін осыншама ірі тұлғаға арналған жеке шығарма жоқ болатын. Мақыштың аты Жамбылға хатшы болған біраз ақын-жазушылардың жазбаларында кездеседі. Жамбылтанушы ғалымдардың еңбектерінде ол туралы азын-аулақ мәліметтер бар. Оның себебі, Мақыштың орынсыз жабылған жаламен зобалаң құрбаны болғаны шығар. Мұндайға өте сақ зерттеушілер Жамбылдың жеке басын хан көтергенімен, оның шәкірті болған, ұзақ уақыт қасына еріп жүрген, Жамбылдың өзі батыр, ақын-сері деп жақсы көрген адам туралы ашып жаза қоймаған. Енді міне, Нағашыбек сол азаматтың әруағын тірілтіп, оның өмірін повесінің арқауы етіп алған.

Повестегі оқиғалар да, кейіпкерлер де тарихта болғандар, бірақ бұл естелік емес, нағыз көркем шығарма болып шыққан. Мақыштың болмысының әрбір қырын толық түсіндіре суреттейді. Шәбден манаптың асында қырғыздың түйедей ірі, әбден айлалы болып қалған әккі, қара күштің иесі – Тістеуік сайыскерімен жекпе-жекке шығарып, оны жермен-жексен етіп жеңдіріп, Мақыштың одан үстемдігін көрсетеді. Ақындар мен жырауларды бас қостырып, олардың ортасында Мақышты жырлатып, ән, дастан айтқызып, оның ақындық, әншілік өнерін дәріптейді. Бекболат Әшекеұлы мен Сатай Көбегенұлының қатарына қосып, үлкен жорықтарға қатыстырып Мақыштың батырлық қасиеттерін суреттейді.

Оған қоса Мақыштың шыққан тегі Орысбаласы әулетінің тарихын да ертегідей етіп әңгімелеп береді. Әулеттің басында тұрған азаматтардың тағдырының қиыны-ай. Оқып отырып күрсініп, мұңайып, кейде тіпті таңқалып отырасың. Әупіріммен әйтеуір үзілмей, жалғасып қалған тағдыр.

Нағашыбектің бұл шығармасы да нақыл сөздерге бай. Өзім бұрын естімеген біраз сөздерін қойын дәптеріме жазып та алдым. Олардың ішінен кейбіреуін келтіре кетейін: «Жақсымен жүрсең – жақсы боласың, Жаманмен жүрсең – жын ұрған бақсы боласың», «Жақсы адам жел соқса – қалқан, күн өтсе – пана болады», «Шын жақсыда тарлық жоқ, әділ сөзде зорлық жоқ», «От жалыны – отыннан, үй берекесі – қатыннан». Міне, осылай созылып кете береді.

Повеске қызыққаным сонша, бір дегеннен оқып шықтым, бұрынғы әдетім бойынша кейбір жердің астын сызып, белгі қоюға да мұршам болмады. Бітіргенше асықтым. Ал ерекше ойландырған нәрсе – повестің өте шебер аяқталуы. Эпилогтың соңында автордың Мақыш атасына арнауы бар. Мұны орысша айтқанда исповедь деуге болады және оны немқұрайды жай ғана оқи алмайсыз. Тебіреніп, толғанып, ойланып барып оқисыз. Міне, сол жолдар, көңіл бөліп көріңіздерші: «Мақыш ата! Барға – қанағат, жоққа – салауат. Осы дүнием – Сіз жөнінде естіген әңгіме-аңыздар, шексіз шалқар сағыныштар, іңкәр ыстық сезімнен жиналған санадағы тұлғаны өз әлімше өріп шығарғаным еді…

Сіз жатқан жерде жылда гүл өседі. Жауқазын гүлдер де қанатын жұлып жылайтын болар, ата!

Сіз жатқан жерде байғыз құс ұясын салады, шыр-пыры шығып, сол құс екеш құс та боздайды кеп, жоқтайды кеп.

Сіз жатқан өңірде бір шоқ жусан өсіп тұр, даланың ерке бұлаң шөбі-ай!… Бұрқыраған иісі кеңсірік жарып, кекілі желбірейді де тұрады.

Арманда, ішқұса болып кеткен Мақыш атамның бейіті – біздің өлкеміздің кез келген киелі топырағында деп ұғыныңыздар. Ей, әлеумет, еңкейіп, бір шым-шым топырақты шымшып алып, көтеріп тастай салыңдаршы. Бәлкім, Мақыш атам сол жерде жатқан шығар».

Енді автордың мына философиялық тұжырымын тыңдап көрейік:

«Уа, қара жер, неткен тойымсыз едің? Жылт еткен жақсыларды, кеудесінде шырағы, аузында дуалы сөзі бардың бәрін неге қынадай қырып, өз қойнына тарта бергенсің? Жер үсті, тіршілік тәтті болу үшін жақсылар мұнда да керек емес пе?

Сонда талыстай қара жер теңселіп, тебіреніп былай деп тіл қатар еді:

− Ей, адамзат пендесі! Сендер өздеріңді өздерің қырып сап, бір-біріңді күндеп, жүндеп жұлып жеп, құртып жатырсыңдар. Ақылдылар мен таланттардың өмір сүруі қиын. Жеті басты жалмауыз өз іштеріңде, қасиеттілеріңді қасиеттей білмейсіңдер, құныкер боп қалмаңдар!

Ұят пен күдіктен қара жер де өрттей боп, тілкем-тілкемі шықты емес пе!»

Міне, жазушы Нағашыбектің пәлсафалық тұжырымы. Шіркін-ай, осыны адамдар дұрыс ұқса екен.

Нағышбектің Құртқа тәуіп атты зерттеуі де қызғылықты. Кеңес өкіметі кезінде бұл кісінің аты ел арасында ғана, ағайын-туыс ұрпақтарының ішінде ғана айтылатын. Кейін азын-аулақ материалдар шыға бастады, бірақ оларда көбінесе Құртқа бабаның тәуіптігі ғана сөз болып жүр. Ал Нағашыбек ол кісінің тек сынықшы, емші ғана емес, үлкен қайраткер, елге қамқор болған адам екенін көрсетеді. Арабша, парсыша оқыған өз заманының өте сауатты азаматы болған. Жаугершілік заманда өмір сүргендіктен жас кезінде жоңғарлармен, кейінірек қоқандықтарымен жүргізілген соғыстарға белсенді түрде қатынасып отырған. Соғыстардан кейін шашырап кеткен ағайын-туыстарын жинастырып, бастарын қосып қамқорлық жасаған. Ел болып біріккен халқы: «Ел иесі – Құртқа деп отырған. Әрине мұндай лауазымға екенін бірі ие бола бермейтіні белгілі».

Нағашыбек бұл еңбегінде Құртқа жөнінде әртүрлі газеттерге жарияланған материалдарды жинақтаған. «Известия», Комсомольская правда» газеттерінде жарық көрген мақалалар толық келтірілген. Сонымен қатар Құртқа бабамыз туралы біраз мамандардың, ғалымдардың ой-пікірлерін жинақтап берген. Сөйтіп, осы азғантай мақаланың өзінде Құртқаның тұлғасын толық, жан-жақты етіп ашуға әрекет жасаған.

Нағашыбектің тағы бір туындысы аты көп әйгілі бола бермеген Сарыбай би Айдосұлына арналады. Ол – әскери қолбасшы, Саурық пен Сұраншы батырлардың сарбазы болған, көсем, шешен, әділетті би болған. Соғыстан тоз-тоз болып кеткен елін жинастырып, егін салдырып, отырықшылыққа үйретеді. Мешіт-медресе салдырып, балаларды оқуға тартады, өнері бар жастарға қамқорлық көрсетеді.

Сарыбай би батырлығымен де көзге түскен, кезінде қоқандықтарды Сай-рамға, Ташкентке дейін қуып барысқан батырлардың бірі. Болыс болған кезін-де Ұзынағаш пен Қаскелеңде қазақ балалары үшін арнайы мектеп салдырған. Онда балаларды араб әліппесімен оқытып, ал қалғандарын орысша оқытатын болған. Сонымен, Нағашыбек Сарыбай биді саналы, озық ойлы, халқының қамын жеген қайраткер ретінде көрсете білген.

Сол сияқты Андас датқа Стамбекұлы, Қырбай сал Бозымбекұлы, Медеу Пұсырманұлы, Байсерке болыс сияқты тарихи тұлғалар туралы жазылған танымдық толғаулары да өте құнды шыққан.

Нағашыбек Қапалбекұлының шығармаларының тартымды, көркем, қызықты болып келетін сыры оның қайраткерлік қасиетінде жатқан сияқты. Ол қоғамдық құбылыстарға терең түсінікпен, кейіпкерлеріне үлкен махаббатпен қарайтын автор. Өйткені, өзі де осы қоғамның белсенді азаматы, белді қайраткері. Халықаралық Жамбыл қорының бас директоры, Қазақстан Жазушылар одағының Алматы облыстық бөлімшесінің төрағасы болды. Енді міне, 18 жылдан бері бұрынғы Республикалық кітап музейінде қазіргі ЮНЕСКО Мәдениеттерді жақындастыру орталығында жауапты қызмет атқарып келеді. Осы қызметі аясында алуан түрлі маңызды шаралар өткізді. Небір айтулы көрмелер, ғылыми конференциялар, пікір алмасатын отырыстар, біраз қайраткерлердің мерейтойларын ұйымдастырғаны бар.

Көпжасар НӘРІБАЕВ,

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *