БІЗДІҢ МАҚТАНЫШ

Білім Мерей
634 Views

Міне, Сіз де кемел жасқа келдіңіз,

Ұстаздықта өлшеусіз еңбегіңіз.

Әлі талай белесті бағындырып,

Өмірдің шаттығында тербеліңіз!

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Көлік-энергетика факультетінің «Стандарттау, сертификаттау және метрология» кафедрасыныңмеңгерушісі, техника ғылымдарының докторы, профессор Байхожаева Бақыткүл Ұзаққызы ТМД және елімізге танымал белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз. 1985 жылданбастап ол өзінің еңбек жолын ғылыми-педагогикалық қызметке, өскелең ұрпақтыоқыту мен тәрбиелеуге арнап келеді. Ол еліміздегі стандарттау, метрология жәнесертификаттау, ресурс үнемдеу технологиялары, өнімдердің сапасы менқауіпсіздігі, заманауи инновациялық стратегиялар саласындағы санаулы жоғарыбілікті мамандардың бірі: Қазақстан Республикасы Менеджмент Академиясыныңмүшесі, «Метрология» стандарттау жөніндегі техникалық комитетінің (ТК 44),«Менеджмент жүйесі» стандарттау жөніндегі техникалық комитетінің (ТК 54),«Ұйымдастыру-әдістемелік және жалпы техникалық стандарттар, өнімдерге,процестер мен қызметтерге арналған стандарттар» стандарттау жөніндегітехникалық комитетінің (ТК 18), «Тамақ өнімдерінің технологиясы, сапасы жәнеқауіпсіздігі» стандарттау жөніндегі техникалық комитеттің (ТК 67) мүшесі,персоналдың сәйкестігін бағалау жөніндегі сарапшы-аудитор, «Аккредиттеу жәнерейтингтің тәуелсіз агенттігі» сарапшысы.

Профессор Б.Ұ. Байхожаеваның тәрбиелеген шәкірттері ел ішінде танымал: республиканы айтпағанда, халықаралық конференциялар мен әлемдік жиындарға қатысып жүр. Республикамыздағы білікті ұстаздар мен ел аузындағы айтулы жас ғалымдардың үлкен тобы да осы ғалымның жетекшілігімен шыңдалып шыққандар. Біздің өмірден тоқығаны мол, кемел ойлы ғалым дейтініміз де сондықтан. Терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет және үлкен адами парасат зор құрметке бөледі. Оның жанының жомарт, қамқор да талапшыл ғалым, аяулы ана ретіндегі асыл қасиеттері тәнті етпей қоймайды. Өмірлік еңбек пен тұрмыс тәрбиесі, жеке басының кіршіксіздігі отбасы үшін ғана емес, қатар жүрген әріптестері, тілектес дос-жарандары үшін де зор мақтаныш, абырой және аяулы перзенттері үшін нағыз өмір мектебі екендігі даусыз.

Білім қуған жастың жалындаған кезіне сәл шегініс жасасақ, кандидаттық диссертациясын жазу кезінде жас ғалым ғылыми кітапханадан шықпады. Қолы қалт етсе, диссертациясын жазу үшін осында келеді. Өзіне қажетті әдебиеттер мен сан алуан ғылыми жұмысты ақтарады. Стандарттау, сертификаттау және метрология ғылымдарына байланысты ғылыми зерттеулерді, диссертацияларды талдаудан жалықпайды. Кітапхананың диссертациялар залына таңертең кірсе, кешкі жеті-сегізсіз шықпайды. Қажетті мәліметтер жинауда тапжылмай тәуліктеп отыруға тура келеді.Түскі асын да кітапханада іше салған күндері аз емес. Сөйтіп, талмай ізденістің арқасында кандидаттық та, докторлық та диссертациясын сонау Мәскеу қаласының төрінде, күллі көрнекті ғалымдардың алдында сәтті қорғап, ғылым кандидаты, ғылым докторы деген атақтарын алып шықты…

Бақыткүл Ұзаққызының ғылыми жетекшісі де әлемдік ғылымның дамуына сүбелі үлес қосқан, атақты ғалымдардың бірі болды. Ал сондай, атақты ұстаздың мақтан тұтарлық шәкірттерінің бірі болу – Бақыткүл Ұзаққызы үшін бір бақыт. Оның жүріп өткен ғылыми, педагогикалық еңбек жолы да кім-кімге де үлгі. Табандылығымен, еңбекқорлығымен талайды тамсандырды. Бүгінде еліміздегі ең үздік білім ордаларының бірі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Көлік-энергетика факультетінің «Стандарттау, сертификаттау және метрология» кафедрасының меңгерушісі. Самарқан қаласында білім алып, Ресей жерінде ғылыми атақтарын қорғап, еліміздің бірнеше жоғары оқу орындарында қызмет істеп, ЕҰУ-дың маңдайалды ғалымы болуы, әрине, мақтауға да, мақтануға да тұрарлық. Мұндай дәрежеге жетуі, әлбетте, оның жылдар бойы жасаған еселі еңбегінің жемісі.

Бақыткүл Байхожаеваның қандай қызметте болса да, ғылыми ізденісінен қол үзбеуі осы бағытқа бой ұрғанының белгісі. Бұл саланы саналы түрде таңдап, жүрек қалауымен келгенінің айғағы. Үздіксіз ғылыми ізденісінің арқасында 300-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрді. Оның ішінде 6 монография, 2 авторлық куәліктің және 13 патенттің авторы. Оның жетекшілігімен 3 кандидаттық, 1 PhD диссертация, 70-тен астам магистрлік диссертация қорғалды. Қазіргі уақытта Бақыткүл Ұзаққызы 3 PhD ізденушіге кеңес береді. Сонымен қатар 6 білім беру бағдарламаларын әзірлеуші болып табылады және «Стандарттау және сертификаттау», «Метрология» білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға мол үлес қосып, кәсіби стандарттарды әзірлеуге қатысты.

Жоғары білім беру және ғылыми-зерттеу жұмыстары саласында еңбек еткен жылдар ішінде профессор Байхожаева Б.Ұ. жеке өзі және бірлесіп авторлықпен 24 оқулық пен оқу құралын, оның ішінде «Метрология, стандарттау және техникалық өлшеу құралдары» (2018), «Тұтынушы мәдениетінің негіздері» (2016), «Тауарларды буып — түю және таңбалау» – қазақ тілінде, орыс және ағылшын тілдерінде (2020), «Стандарттаудағы маркетинг» – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде (2020) және т.б. дайындады.

Бақыткүл Ұзаққызы өзі басқаратын кафедраның Ресей, Португалия, Австрия, Нигерия, Өзбекстан, Қырғызстанның жетекші жоғары оқу орындарымен білім беру бағдарламасы және ғылыми-зерттеу жұмыстары шеңберінде халықаралық ынтымақтастығын дамытуға елеулі үлес қосты.

«Білім қайда болса — биіктік сонда, парасат қайда болса — ұлылық сонда», — дейді дана халқымыз. Атақ-абыройға ілігіп, ие болып, дүйім жұрттың шексіз құрметіне, сүйіспеншілігіне бөленудің өзі үлкен мәртебе. Бақыткүл Ұзаққызының еліміздің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі телегей-теңіз. Ол еңбектері де бағаланбай қалған жоқ, әр жылдары түрлі марапатқа ие болды. Мәселен, «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықовтың Алғыс хаты мен Құрмет грамотасын бірнеше рет алса, Құзырлы министрліктің Құрмет грамотасын иеленді, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанды. Кеудесіне ҚР Білім және ғылым министрлігінің төс белгісін тақты. Қоржынында ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» атындағы медалі, «ҚР ғылымын дамытудағы еңбегі үшін» төс белгісі, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне, Қазақстан Республикасының Конституциясына арналған мерекелік медалі сияқты мәртебелі марапаттары бар. «Л.Гумилев» медалі, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген метрологы», «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы — 2008» атағының иегері. Іскер жанға көрсетілер құрмет әлі де жалғасын табатынына сенімдімін. Өйткені, ол өз ісінің шебері. Төккен тер, еткен еңбектің өтеуі осындай-ақ болар.

Біз білетін Бақыткүл ізденуден талған емес. Әрдайым кәсіби тұрғыдан өсіп, жетіліп отыруға ұмтылады. Бұл сөзімізге ғалымның әр жылдары еліміз бен шетелде түрлі кәсіби білімін жетілдіруге бағытталған курстар мен семинарларға қатысуы дәлел. Әсіресе, білім беруді басқарудың ең тиімді тәсілдерін үйреніп, оны өзі басқаратын кафедрада іс жүзінде қолдануда.

Профессор Бақыткүл Ұзаққызы – білімді де, білікті басшы және керемет педагог. Осы жерде мен оның өзім бағалайтын үш қасиетін айтқым келеді. Замандас ретінде байқағаным, еңбекқорлығына тәнтімін. Оның өзге ешкімге ұқсамайтын тынымсыз іскерлігі, ұмтылысы мен сұрапыл қуаты таңғалдырумен келеді. Ғалымды өзгелерден ерекшелейтін де осы – еңбек.

Содан кейін жоғары деңгейдегі кәсіпқойлық, шығармашылық ойлау мен әділеттілік, өзіне және окытушы-профессор құрамға деген талапшылдық, болашақты көре білу, қарамағындағы қызметкерлері үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын болу – бұл Бақыткүл Ұзаққызының бойындағы қызметкерлердің, әріптестердің, студенттер мен оқытушылардың терең құрметіне бөленетін қасиеттері.

Тағы бір айтарымыз – еңбек жолындағы тұрақтылығы. Орта жолда таңдаған мамандығынан ауытқып, басқа жаққа көз сүзіп, әр нәрсеге әуестік танытпады. Ғылымға шын берілген нағыз ғалым екендігін көрсетті. Оның өмірбаян деректеріне көз жүгіртсеңіз оған көзіңізді анық жеткізесіз. Бір сөзбен айтқанда, Бақыткүл Ұзаққызы білім мен ғылымның өз өкілі. Еңбек жолын оқытушылықтан бастап, біртіндеп тәжірибе жинақтай келе Қазақстанның білім саласының танымал жетекшілері қатарына қосылды. Университетті үздік бітірген жас маман Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының (қазіргі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті) «Тамақ өнімдерін сақтау және өңдеу технологиясы» кафедрасының доценті, Өскемен қаласындағы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қолданбалы механика және физика кафедрасының доценті болып қызмет атқарды.

1990 жылы кандидаттық, 2003 жылы докторлық диссертациясын Мәскеу қаласында сәтті қорғап, Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «Стандарттау және метрология» кафедрасының профессоры, Талдықорған қаласындағы Ө.A. Жолдасбеков атындағы Экономика және құқық академиясының ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры болып еңбек етті. 2007-2017 жылдар аралығында Алматы технологиялық университеті жанындағы докторлық диссертациялық кеңестің мүшесі болды және ол осыдан он екі жыл бұрын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Стандарттау және сертификаттау» кафедрасының профессоры, одан бергі жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің стратегияның іске асырылуын бақылау департаментінің басшысы қызметін атқарды. Содан күні бүгінге дейін ЕҰУ-да кафедра меңгерушісі қызметін мүлтіксіз атқарып, абыройға бөленіп келеді.

Бақыткүл Ұзаққызының жетекшілігімен кафедра бүгінде еліміздің техникалық реттеу және метрология саласына кадрлар даярлау бойынша жетекші кафедралардың бірегейі ғана емес, метрология саласындағы негізгі ғылыми ұжымдардың алдыңғы қатарында саналады. Бүгінгі таңда «Стандарттау, сертификаттау және метрология» кафедрасы еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен, кәсіпорындарымен және мекемелерімен тұрақты бірлескен ғылыми-практикалық жұмысты жүзеге асыруда.

Ол ізденушілермен және студенттермен белсенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді, қаржыландырылатын жобалар шеңберінде кафедра қызметкерлерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын басқарады, қаржыландырған және келісімшарттық ғылыми жобалардың ғылыми жетекшісі және жауапты орындаушысы. Сонымен қатар заманауи технологиялар мен оқытудың инновациялық әдістерін пайдалана отырып, оқу сабақтарының барлық түрлерін жоғары ғылыми-педагогикалық және әдістемелік деңгейде өткізеді, ғылыми-зерттеу және жас мамандарға саналы тәрбие беру жұмыстарымен белсенді түрде айналысады.

Профессор Байхожаева Бақыткүл Ұзаққызы жетекшілік еткен студенттер мен магистранттар 2016-2022 жылдар аралығында бірнеше рет халықаралық ғылыми жарыстар мен конференцияларда Республикалық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанып, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, профессордың жетекшілігімен «Стандарттау, метрология және сертификаттау» мамандығы бойынша Халықаралық байқауда жүлделі орындарға студенттер Жұмабаева Мәдина (2019 ж.), Баймағамбетова Жанна (2017 ж.), Грудина Виктория (2016), Жайманова Ырысжан (2016), Әжанова Аяжан (2023) ие болды. Сонымен қатар республикалық байқауда ІІ жүлделі орынға ие болған 3 курс студенті Фалеев Марғұлан 2019 жылғы «Үздік жас метролог» және жүлделі ІІІ орынды иеленген Жұмағали Асылбек 2020 жылғы «Үздік жас метролог» атағын алды.

Бақыткүл Ұзаққызын әріптестері, қатарластары, кейінгі жас буын адамгершілігі мол, жүрегі кең, адал адам ретінде таниды. Қарапайымдылығымен де көптің көңілін тауып жүр. Бойына жиған игі қасиеттерінің арқасында бүгінде ғалым, ұстаз, тұлға аттарына лайық жанға айналды. Осындайда тілеулестерінің тілегі ойға оралады:

«Құрметті Бақыткүл Ұзаққызы!

Сізді мерейлі жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!

Сіз өз мерейтойыңызға жоғарыдағы айтылған лайықты да қошеметтеуге тұрар жетістіктермен келіп отырсыз.

Өз еңбек жолыңызда талай белеске шығып, ұжымның және достарыңыздың құрметіне бөлендіңіз. Таңдаған жолыңызды абыроймен жалғастырып келе жатқан тамаша балаларды тәрбиелеп, өсірдіңіз.

Өмір жолында еңбексүйгіштік, қоғамдық белсенділікпен ерекшеленіп, нағыз азаматтық қасиеттерге ие ірі тұлға ретінде қазақ халқының игілігіне бөленіп, қызметтің ең қызықты да қиын салаларын атқарып отырған абырой-беделіңізді атап өтпей кетуге болмас.

Бұл жылдар сіздің қоғамдық және жемісті еңбегіңіздің нағыз кемеліне келген кезең болды. Туған елге деген сүйіспеншілік арқылы парасатты да рухы биік ізбасарларыңызды тәрбиелеу жолында дарынды ұйымдастырушы қырынан көрініп келесіз.

Қоғам игілігіне бағыттап отырған ерен еңбектеріңіздің еліміздің нығаюына өзіндік үлесі бар. Осынау игілікті істе қанатыңыз талмасын, қажыр-қайратыңыз қашанда арта бергей!

Өзіңізге және отбасыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, ырыс пен ынтымақ, бақыт пен береке тілейміз! Шығар шыңдарыңыз әрқашанда биік болғай!».

Осындай ауыз толтыра айтарлық атқарған ісі, ізі бар Бақыткүл Ұзаққызына ғылым көгінде қалықтай бер, қанатың талмасын, іздегенің таусылмай, өскелең ұрпақ өнеге алар еңбегің еселене берсін. Басыңнан бақ кетпей, бабың келісіп, бағындырар белестерің мол болсын дегіміз келеді.

Бақыткүл Байхожаева ЕҰУ ғалымы – біздің мақтаныш. Оны қазақ елі, оның ішінде Қызылорда төрі мен Талдықорған жері, Сарыарқа елі мен Шығыс жері ешқашан ұмытпайды. Әрдайым алға қойған адами мақсат-мүдделері, арман-тілектері жүзеге асып, ұрпақтарымызға шапағаты тие берсін. Алқынбай жеткен АЛПЫСТАҒЫ асуы құтты болсын. Өзіне және отбасыға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, ырыс пен ынтымақ, бақыт пен береке тілейміз. Құдай қосқан қосағы Темірханмен бірге қартайып, шығар шыңдары әрқашанда биік болғай!

Базарбек ТҮКІБАЙ,

журналист

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *