ЕҰУ-ДА АБАЙ ТУРАЛЫ ЖАҢА ЗЕРТТЕУЛЕР ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

Білім Руханият
106 Views

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Абай Құнанбаевқа арналған жаңа ғылыми еңбектер – 12 кітап таныстырылымы өтті. Бірегей жаңа зерттеулер ЕҰУ жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтында 9 серия бойынша жарық көрді. Ғалымдар ойшылдың «толық адам» тұжырымдамасына да терең зерттеулер жүргізді.

ЕҰУ жанындағы «Абай академиясы» ҒЗИ-нің зерттеу жұмыстарын белгілі ғалымдар мен абайтанушылар дайындады. Авторлар қоғамның, ғылымның, әдебиеттің, тілдің өзекті мәселелерін Абайдың дүниетанымы мен мұрасы арқылы қарастырды.

«ЕҰУ жанындағы «Абай академиясы» абайтанудың көп қырлы аспектісінде жан-жақты ғылыми, сараптамалық және әлеуметтанулық зерттеулер жүргізеді. Ұлы ойшылдың бай мұрасын шетелде кеңінен насихаттау белсенді жүргізілуде. Соңғы 4 жылда ақынның рухани мұрасы мен өмірінің әр саласы бойынша 80-нен астам кітап жарық көрді. Қазақ ойшылының өмірі мен шығармашылығына қатысты ғылыми еңбектер Мемлекет басшысының тұжырымдамалық идеяларымен үйлеседі. Абайдың ойлары мен тұжырымдарының терең философиясында жалпы адамзаттық құндылықтар сабақтасқан. Олар қазіргі қоғамның дамуымен өзара байланысты қарастырылуда», — деп атапөтті ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.

Тоғыз сериямен 12 жаңа кітап жарық көрді: Е.Сыдықов «Абай әулетінің тарихы», Т.Жұртбай «…Біркемел», Е.Құрманғалиева «Батыс елдеріндегі және Түркиядағы абайтану», Е.Тілешов«Ынталы жүрек сезген сөз…», Б.Тұрсынбайұлы «Абайдан қалған арман», А.Салқынбай «Абайдың даналық әлемі», Ұ.Үмітқалиев «Абай және оның заманы тарихи-этнографиялық мұра», Ж.Әубәкір «Абай және ұлттық болмыс», Ж.Дәдебаев «Абай ілімі», Д.Ысқақұлы «Абай – дала данышпаны», Қ.Кемеңгер «Абай мұрасы: 1891-1896», Т.Қыдыр «Абай мұрасы және ортағасырлық түркі жазба жәдігерлері: әдеби компаративистикалық талдау».

«Абайды тану үшін әлем әдебиетін білу керек. Мұны Шекспир, Гете, Пушкинді зерттеген қазақ ғалымдары жақсы біледі. Біз кітабымызда Абайды тілдік-философиялық бағыт арқылы зерделеуге тырыстық, оның әрбір сөзін мұқият талдап, ақынның әрбір туындысындағы сөздердің мән-мағынасын сараптадық», — деп атап өтті «Абайдың даналық әлемі» кітабының авторы Анар Салқынбай.

«Абай ілімі» кітабының 3-томының авторы, профессор Жанғара Дәдебаев Абай ілімінің өзекті мәселелеріне тоқталды. Зерттеу нәтижелерін оқу үрдісінде, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарды дайындауда және Абай ілімі саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде пайдалануға болады. Басылым үш бөлімнен тұрады: «Абайдың«Толық адам» ілімі туралы тұжырымдамасы», «Абай ілімінің негіздері», «Абай ілімінің тоғысуы». Шығарма «Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасы және қоғамдық сананы жаңғырту» сериясымен жарық көрді.

«Абайды зерттеу бір күн немесе бір жылдың ісі емес. Ең басты мақсат – Абай мұрасын жас ұрпаққа жеткізу. «Абай академиясы» ҒЗИ тек ғылыми-көпшілік зерттеулермен ғана емес, сонымен қатар Абайды зерттеудің жаңа әдісін насихаттаумен де айналысады. Біз «Абай мұрасы және қазақстандық қоғамның мәдени құндылықтары», «Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасы және қоғамдық сананы жаңғырту», «Абай шығармашылығы және қазіргі қазақ әдебиетінің қалыптасуы»,«Абай шығармаларының тілі және қазіргі тіл білімінің өзекті мәселелері», «Абай мұрасы контекстінде қазақстандық патриотизмді қалыптастыру» атты 9 арнайы серия бойынша кітаптар шығардық», — деп атап өтті ЕҰУ жанындағы «Абай академиясы» ҒЗИ директоры Жандос Әубәкір.

«Абай Құнанбайұлының мұрасы әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар аспектісінде» бағытында 50-ге жуық танымдық мақала, 22 әлеуметтік-танымдық кейс, заманауи мультимедиалық технологиялар көмегімен «Толық адам» ғылыми-танымдық кешені дайындалды.

Айта кету керек, «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2019 жылы Л.Н. Гумилеватындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан ақынның өмірі мен шығармашылығын жүйелі түрде тереңдетіп зерттеу мақсатында ашылған болатын.

ЕҰУ-нің Баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *