АИТВ ҮКІМ ЕМЕС

Денсаулық Мерей
26 Views

екенін дәлелдеген елордалық инфекционист

Адам өміріндегі ең ауыр сәттердің бірі – бойынан қатерлі дерт табылғанын есту. Дәл осы психологиялық соққы сәтінде науқасқа суық хабарды естіртетін маманның сөзі, жанары мен кәсібилігі бүкіл тағдырды шешіп кетуі мүмкін. Біздің қоғамда АИТВ (ВИЧ) туралы жаңсақ пікірлер мен үрей әлі де сейіле қойған жоқ. Ал осы үрейдің орнына үміт отын жағып, адамдарды толыққанды өмірге қайтарып жүрген тасадағы қаһармандар бар.

Бүгінгі кейіпкеріміз – Астана қаласы әкімдігінің АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының дәрігер-инфекционисі Абилова Людмила Закировна.

Людмила Закировна денсаулық сақтау саласындағы 40 жылдан астам еңбек өтілінің басым бөлігі дәл осы Орталықтың қабырғасында өтіп келеді.

«Емдеу ісі» мамандығын тәмамдап, инфекциялық аурулар бойынша арнайы маманданған ол күн сайын ең күрделі клиникалық жағдайлармен бетпе-бет келеді. Оның алдына келетін науқастардың бойында вирустан бөлек, қоғамнан оқшаулану қорқынышы басым болады. Дәрігердің басты жеңісі – пациенттің санасындағы «бұл өмірдің соңы» деген стреотипті бұзып, емге деген құлшынысын ояту.

Людмила Абилова кәсіби жетістіктерінің ішіндегі ең терең, ең әсерлі тұсы – АИТВ-инфекциясының анадан балаға берілуінің алдын алу бағдарламасы. Ойлап қараңызшы, бұрын АИТВ-оң мәртебесі бар әйелдің ана бақытын сезінуі мүмкін еместей көрінетін. Ал бүгінде, Людмила Закировна сынды білікті мамандардың уақтылы тағайындаған заманауи антиретровирустық терапиясының (АРТ) арқасында елордада жүздеген дені сау сәби дүниеге келіп жатыр. Әрбір сау туған нәресте – бұл жай ғана медициналық статистика емес, бұл – дәрігердің маңдай терімен келген үлкен жеңіс.

Бұған қоса, дәрігер туберкулез немесе вирустық гепатит сияқты қосалқы инфекциялары бар, жағдайы асқынған науқастарды да өз қамқорлығына алады. Оның халықаралық хаттамаларға сай ем тағайындауы мен әр пациенттің жағдайын жіті бақылауы емнің тиімділігін арттырып, вирустың таралу қаупін барынша төмендетеді.

Әріптестері оны «өз ісіне аса берілген, талапшыл әрі жанашыр маман» деп бағалайды. Ол клиникалық хаттамаларды әзірлеуге қатысып, ғылыми конференцияларда тәжірибе бөліскенімен, оның ең басты құндылығы – науқас алдындағы кәсіби адалдығы.

Людмила Закировна үшін медицина – таңғы сегізден кешкі беске дейінгі жұмыс емес, бұл – үлкен жүректі талап ететін өмірлік миссия. Қауырт жұмыс кестесіне, эмоционалдық тұрғыдан ауыр жүктемеге қарамастан, ол отбасының жылуын сақтап, жас мамандарға үлгі болып жүрген аяулы жан.

Көктемнің алғашқы мерекесі – 8 Наурыз қарсаңында біз мінберлерден биік сөздер айтуға құмармыз. Бірақ нағыз ерлік, нағыз мейірім мен кәсібилік – күн сайын адам өмірі үшін күресіп, өзгеге үміт сыйлап жүрген осындай абзал жандардың үнсіз еңбегінде жатыр.

Аслан ГАФУРОВ,

ЕҰУ-нің магистранты