ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕГІ МЕДИА

Қоғам
2 Views

Жасанды интеллект журналистің жұмысына қалай әсер етуде? Ақпарат саласында технологияның мүмкіндігі артқан сайын, бұл сұрақтың өзектілігі де күшейіп келеді. Осыған байланысты Астанада Халықаралық Spectrum мектебінде «Жасанды интеллект дәуіріндегі медиа: шынайы ақпарат, жауапты сөз» тақырыбында республикалық медиафорум өтті. Шараны Бас редакторлар клубы ұйымдастырып, «Білім және инновация» халықаралық қоры мен Spectrum мектептер желісі қолдау көрсетті. Форумға елдің жетекші медиа менеджерлері, журналистер, қоғам қайраткерлері мен білім саласының өкілдері қатысты.

Шара басталар алдында Spectrum халықаралық мектебінің директоры Ерхан Алтынбекұлы Абдулдаев қонақтарды мектеппен таныстырып, сәулетті ғимарат ішін аралатты. Директор мектептің оқу бағдарламасынан бөлек, оқушылардың психологиялық жағдайына да ерекше көңіл бөлетінін айтты: мектепте қоғамда өзін еркін ұстай алмайтын, эмоциясын көрсетуге қиналатын балаларға арнайы көмек көрсетілетін кабинет жұмыс істейді. Сондай-ақ ол мектеп оқушыларының бірнеше жобаларымен таныстырды. Солардың бірі – дұрыс тамақтану тақырыбындағы жоба, ол халықаралық деңгейде 2000 АҚШ долларына бағаланатын стипендия жеңіп алған. Мектепте дрон олимпиадасы мен дрон футболы бағыты да дамып келеді. Бұдан бөлек, оқушылар биоалуантүрлілікті сақтауға бағытталған жоба әзірлеген: дрондар көмегімен түрлі қазба жұмыстарынан кейін қалған шұңқырларға түсіп қалған тасбақаларды анықтап, құтқару және жағдайды талдау жұмысы жүргізіледі. Директордың айтуынша, мектептің мұндай жобалары оқушыларды жай ғана техникалық дағдыға емес, қоршаған ортаға, қоғамға және бір-біріне жауапкершілікпен қарауға үйретуді мақсат етеді. Дрон технологиясын футбол сияқты ойын-сауық форматында да, тірі табиғатты қорғау сияқты практикалық мақсатта да қолдану тәжірибесі қонақтардың қызығушылығын тудырды. Форум қонақтары оқушылармен тікелей сөйлесіп, олардың жобалары туралы сұрақ қойып, жас буынның заманауи технологияны игеру деңгейіне куә болды.

Форумның Spectrum мектебінде өтуі де кездейсоқ емес еді. Ұйымдастырушылар жасанды интеллект пен медиа сауаттылық тақырыбын тек үлкен аудиторияға ғана емес, келешекте осы саланы жалғастыратын жас ұрпаққа да жеткізуді мақсат еткен сияқты. Сондықтан бағдарлама мектеп өмірімен, оқушылардың жобаларымен танысудан басталғаны кездейсоқтық емес, нақты идея еді.

Мектептегі таныстырылымнан кейін форумның негізгі бөлімі басталды. Медиафорумды Қазақстанның Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Нұрғалиқызы Жексенбай ашты. Жиынды Қазақстанның Бас редакторлар клубының бірінші вице-президенті, «Әділет» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, профессор Мұратбек Тоқтағазин жүргізді.

Форумға журналистер, бас редакторлар, медиаменеджерлер мен сала мамандары қатысып, жасанды интеллектінің медиаға ықпалын және журналистің кәсіби жауапкершілігін талқылады.

Журналистің орнын жасанды интеллект баса ала ма? Бүгінде жасанды интеллект ақпарат іздеу, мәтін әзірлеу және деректерді өңдеу сияқты жұмыстарды жеңілдетіп отыр. Алайда технологияның қарқынды дамуы журналист мамандығының болашағына қатысты сауалды да көбейтті.

Алғашқы болып сөз алған белгілі қоғам қайраткері, Құрылтай депутаты Марат Башимов қазіргі кезеңде ұлттық қауіпсіздік мәселесінің бірінші орында тұрғанын атап өтті. Содан кейін адам құқықтары мен денсаулық сақтау мәселелерінің маңыздылығына тоқталды. Спикер көпшілік назардан тыс қалдырып жіберетін, бірақ соған қарамастан маңызды бір мәселе – ақпараттың имандылық қағидаттарына сәйкес келуі екенін ерекше атап өтті.

Кезекті баяндаманы журналист, публицист, Қазақстан журналистика академиясының академигі Мағжан Садыханұлы жасады. Оның баяндамасы “Жасанды интеллекттің болашағы қандай?” деген тақырыпта болды. Спикер интернеттің өте ауқымды ұғым екенін, оның қарқынды дамып келе жатқанын, бірақ дәл осы қарқынның қоғамдық өмірдің қалыпты дамуына кедергі келтіре бастағанын айтты. Оның сөзінше, бүгінде шынайы ақпарат алудың өзі қиындап барады. Мұны дәлелдеу үшін спикер жеке мысал келтірді: бірде Астанада Бәйтерек мұнарасы өртеніп жатыр деген ақпарат тарап, оттың жалынын, қисайып құлаған мұнараны “көрсеткен” видео көргенде қатты алаңдағанын, бірақ кейін бұл ақпараттың толықтай өтірік, жасанды түрде жасалған бейне болып шыққанын айтты.

Мағжан Садыханұлы баяндамасының негізгі сұрағын былай тұжырымдады: жасанды интеллект адамзаттың көмекшісі болып қала бере ме, әлде оның орнын толық басып кете ме? Спикердің пікірінше, бұл – 21 ғасырдың ең маңызды сұрақтарының бірі, себебі жасанды интеллект бүгінде күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналып үлгерді. Сондай-ақ ол журналистердің қызметін жасанды интеллект толық атқара алатынына қатысты сұрақ қойып, сөзінің соңында “болашақ өмірімізді жасанды интеллект емес, оны тұтас басқара алатын адам ғана, яғни журналистер ғана қалыптастыра алады” деген пікірін білдірді.

Медиафорумда сөз алған келесі спикер – медиа менеджер, Ұлттық медиа қауымдастығының төрағасы Кемелбек Ойшыбаев өз баяндамасында жасанды интеллект және отандық медиақауымдастық тақырыбын қозғап, отандық медианың жасанды интеллект технологияларымен қалай сәйкестеніп, қалай даму керектігі мәселесіне арналды. Спикер журналистика саласында жиі қойылатын сұрақты атады: редакциялар мен журналистерді толығымен жасанды интеллект алмастыра ала ма? Оның жауабы қысқа әрі нақты болды – жасанды интеллект журналистің орнын ешқашан толық баса алмайды, себебі ол оқиға орнына қысқа мерзімде жетіп, сол жердегі адамдардың сезімін сезіне алмайды. Сондықтан Кемелбек Бақтығұлұлы жасанды интеллектті журналистің қарсыласы емес, көмекшісі ретінде қарастыру керектігін айтты.

Сонымен қатар спикер отандық медианың қаржыландыру мәселесіне де тоқталды: қазіргі уақытта көптеген отандық медиа құралы мемлекеттік тапсырыстың арқасында күн көріп отыр. Егер ертең мемлекеттік тапсырыс тоқтатылатын болса, жарнама нарығынан ақпараттық қауымдастыққа түсетін қаражат та тоқтауы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, Кемелбек Бақтығұлұлы жасанды интеллект технологиясының дұрыс реттелмеуі ұлттық ақпараттық қауымдастыққа үлкен зиян әкелуі мүмкін екенін ескертті.

Спикердің пікірінше, отандық медианың қаржылық тұрақтылығы мен технологиялық дамуы бір-бірімен тығыз байланысты екі мәселе. Егер редакциялар жасанды интеллект құралдарын тек шығынды қысқарту үшін пайдаланса, бұл ұзақ мерзімде кәсіби журналистика сапасының төмендеуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан, оның айтуынша, жасанды интеллектті енгізу процесі міндетті түрде кәсіби стандарттар мен этикалық нормалармен қатар жүруі тиіс.

Форумда сөз сөйлеген медиа менеджер, журналист Айна Задабек сөзін NVIDIA компаниясы басшысының Қазақстанға келген сапарындағы мәлімдемесінен бастады: оның айтуынша, аталған компания басшысы Қазақстанды әлемде жасанды интеллектті ұлттық басымдық ретінде таңдаған бірінші мемлекет деп атаған. Айна Задыбек сондай-ақ жасанды интеллектті “пайдаланушының көңілінен шығуға тырысатын құрал” ретінде сипаттап, оның осы қасиетінің медиа тұтынушысына да, журналистикаға да бірдей әсер ететінін атап өтті. Спикер ақпараттың шынайылығын тексеруге ерекше назар аударды. Оның айтуынша, жасанды интеллект журналистің уақытын үнемдегенімен, ұсынылған мәліметтердің дұрыстығын өздігінен кепілдендірмейді. Кейде жүйе ойдан шығарылған ақпарат ұсынып, қате немесе жоқ дереккөздерге сілтеме жасауы мүмкін. Сондықтан жасанды интеллект әзірлеген мәтінді дайын материал ретінде қабылдамай, ондағы деректер мен сілтемелерді тексеру қажет. Спикер редакцияларда фактчекинг бағытын дамыту, ақпаратты жарияламас бұрын оның дұрыстығын тексеретін мамандардың жұмысын күшейту жөнінде ұсыныс айтты. Бұл талап тек мәтінге қатысты емес. Фото мен бейненің түпнұсқалығын анықтау, дипфейктерді ажырату және ақпараттың бастапқы дереккөзін тексеру де қазіргі журналистің маңызды міндетіне айналып отыр.

Кезекті спикер – Jibek Joly / Silk Way телеарнасының басқарушы директоры, Smart News сайтының негізін қалаушы Нағашыбек Алдан “Жасанды интеллект – журналистің көмекшісі ме, әлде оның алмастырушысы ма?” деген тақырыпта баяндама жасады. Ол да алдыңғы спикерлер секілді жасанды интеллекттің журналистика саласындағы орнын көмекші құрал ретінде көретінін білдірді.

Презентация барысында жасанды интеллект журналисті алмастыратын құрал емес, оның жұмысын жеңілдетіп, ақпаратты тереңірек зерттеуге мүмкіндік беретін көмекші технология екені атап өтілді.

QRNews.kz ақпараттық агенттігінің директоры Сапарғали Қанат жасанды интеллект редакцияның жұмысын оңтайландырып, журналистердің уақытын үнемдеуге және контентті түрлі форматта жедел ұсынуға көмектесетінін, алайда жалған ақпараттың таралуы, деректер қауіпсіздігі және қате аударма сияқты тәуекелдерге байланысты ЖИ жасаған материалдарды тексеру мен редакциялық бақылау маңызды болып қала беретінін атап көрсетті.

Форумда сөз алған спикерлердің дені жасанды интеллекттің артықшылығы мен қауіпін бір мезгілде атап өтуге тырысты. Бір жағынан, технология ақпаратты өңдеу, деректерді талдау, жедел жаңалық дайындау сияқты қаптаған жұмысты жеңілдетеді. Екінші жағынан, дәл сол жылдамдық пен қолжетімділік расталмаған, жасанды түрде жасалған ақпараттың да тез таралуына жол ашады. Спикерлердің көпшілігі үшін форумның басты идеясы да дәл осында еді: технологияны теріске шығармай, оны қалай жауапты түрде пайдалануға болатынын үйрену.

Форумда «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте қордың қызметі мен жүзеге асырылып жатқан жобалары туралы баяндады. Солардың бірі – «Ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен, сондай-ақ «Білім-инновация» қорының 30 жылдық тәжірибесі негізінде жүзеге асырылған жоба шалғай ауылдардағы білім сапасын арттыруға бағытталған. Жоба аясында қор қарамағындағы мектеп-лицейлердің мұғалімдері ауылдарды аралап, ағартушылық жұмыстарын жүргізгендігін айтып, соның нәтижесінде 620 мектеп қамтылып, 7 073 мұғалім оқытылғанын, 484 жаңа оқу кабинеті ашылып, оқушылардың оқу үлгерімі орта есеппен 10%-ға артқанын баяндады.

Сондай-ақ «Spectrum» халықаралық мектебінің директоры Ерхан Абдулдаев білім беру мекемесінің негізгі бағыттары мен жұмыс ерекшеліктерін таныстырды.

Жиын аясында Қазақстанның Бас редакторлар клубы мен «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат екі ұйым арасындағы әріптестікті нығайтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және білім мен медиа салаларының байланысын дамытуға бағытталды.

Медиафорумның соңында журналистика саласының дамуына үлес қосқан мамандарды марапаттау рәсімі өтті. Белгілі журналист-публицист Жанболат Аупбаев «Ақпарат ардагері» медалімен марапатталды. Қазақстанның БАҚ саласын дамытуға ерекше үлес қосқан білікті массмедиа мамандары Ержан Қалымбайұлы, Қуанышбек Ботабек және Кемелбек Ойшыбаев «Қазақстанның үздік медиаменеджері» номинациясы бойынша марапатталды. «Қазақстанның үздік медиатренері» аталымында Бақыт Шойымбек пен Қуантай Қатшабаевтың еңбегі жоғары бағаланды. «Қазақстанның үздік медиамекемесі» номинациясы бойынша QRNews.kz ақпараттық агенттігі, SMARTNEWS.KZ желілік басылымы және Qaz365.kz ақпараттық агенттігі марапатталды. «Қазақстанның үздік бас редакторы» атағы Зарина Қуатова, Ерсін Мұсабеков, Жанай Амантурлин және Қайырбай Төреқожаға берілді. «Қазақстанның үздік журналисі» номинациясымен Мұрат Рашов, Ерқазы Сейтқали, Аманғали Қалжанов және Нұрбол Жайықбаев марапатталды.

Бұдан бөлек, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің директоры, жазушы, ғалым Нұржан Қуантаев Бас редакторлар клубының Құрмет грамотасымен марапатталды. ЕҰУ-нің Журналистика және медиаөнер кафедрасының меңгерушісі, PhD Амангелді Шурентаев «Зерделі зерттеуші» аталымында және бірқатар медиа мамандары «Баспасөз қызметінің үздігі» аталымы бойынша марапаттарға ие болды.

«Зияткер» және «Зияткерлік қоғам» республикалық ғылыми журналдарының бас редакторы, Бас редакторлар клубының мүшесі Жәнібек Кәкей медиафорум аясында медиа мен журналистика саласында ғылыми зерттеулер жүргізіп жүрген университет оқытушылары мен жас зерттеушілерге Алғыс хаттар мен сыйлықтар табыстады.

Форум соңында Бас редакторлар клубының басқару құрамындағы өзгерістер жарияланды. Кейбір басқа жұмыстарға ауысуына байланысты Бас редакторлар клубының Негізгі құрамына толықтыру ретінде Қуат Әуесбай, Айна Задабек және Сапарғали Қанат клубтың вице-президенттері, ал Мақпал Адамбаева атқарушы директоры болып тағайындалды.

Форум барысында басқа салаға ауысуларына байланысты клубтың вице-президенті, білікті медиамаман Нұрбол Төлебаев пен атқарушы директоры болған Бибігүл Құламанға осы қоғамдық ұйымның жұмысын дамытуға қосқан сүбелі үлестері үшін Алғыс хат тапсырылып, құрмет көрсетілді.

Жиын жасанды интеллектінің журналистикадағы мүмкіндіктерін талқылаумен қатар, кәсіби жауапкершіліктің маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Технология қанша дамыса да, ақпараттың шынайылығын тексеру, дерекке сүйену және оқырман сенімін сақтау журналистің негізгі міндеті болып қала береді.

Spectrum мектебінде өткен республикалық медиафорум жасанды интеллект дәуіріндегі қазақстандық медианың алдында тұрған негізгі сұрақтарды бір алаңға жинады: шынайы ақпаратты қалай сақтап қалуға болады, журналистің кәсіби орны қайда қалады, технология мен адами фактор қалай теңгерімде дами алады? Форумға қатысқан спикерлердің барлығы дерлік бір ортақ пікірге келді – жасанды интеллект журналистиканың бәсекелесі емес, көмекшісі болуға тиіс, ал шынайы оқиғаны сезініп, қоғамға жеткізе алатын адам факторы ешқашан өз маңызын жоғалтпайды.

Сонымен қатар форум барысында қаржыландыру, медиа тәуелсіздігі және ақпараттың имандылық қағидаттарына сәйкестігі сияқты мәселелердің де көтерілуі – бұл тақырыптың тек технологиялық емес, қоғамдық-этикалық қыры да бар екенін көрсетті. Бас редакторлар клубы мен Білім-инновация халықаралық қоры арасында қол қойылған меморандум осы бағыттағы жұмыстың ендігі жерде жүйелі түрде жалғасатынының белгісі болды.

Нұрдәулет АЛЕКУЛ,

Тамирис ҚАЛИАКПЕР,

ЕҰУ-нің студенттері