АРМИЯДАҒЫ ҚЫЛМЫСТЫ ЖАСЫРУ…ӘСКЕРДІ БАНДАЛЫҚ ТОПҚА АЙНАЛДЫРАДЫ!

Қоғам
187 Views

Армия… Әскер… Міндетті әскери қызмет… Міндетті әскери қызметке баламызды жіберу… Немесе жібермеу… Армиядағы тәртіп… Әлімжеттік…

Бірнеше күннен бергі фейсбукте талқыланып жатқан мәселе осы тақырыпта өрбіп жатыр.

Отыз жылдан бері шіріген жүйенің өне бойы сыздаған жараға толы. Сыртқы саясат, ішкі саясат, әскери, әлеуметтік, экономикалық саланың әрқайсысы өз жарасынан өзі сасып, тұяқ серпудің аз-ақ алдында. Отыз жылда Назарбаевтың дайындаған сауатсыз кадрлары елді, ішкі берешекті айтпағанда, сыртқы қарызға белшесінен батырып кетті. Сырттан алынған қарыздың бәрі Назарбаевтың таңдап тағайындаған жемқорларының жемсауында, парақорларының қалтасында кетті.

Қазақ «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деп тегін айтпаған. Әскери істен хабары жоқтар министр болды. Олары қай қу не айтса, соған бас шұлғып қорғаныс саласын берекесіздік пен тәртіпсіздікке әкелді, жемқорлары қорғаныс саласын жеді, сатты, әскери тәрбие мен тәртіпті бетіне жіберді.

Әскери реформа жасау туралы бәрі айтады. Менің ойымша, реформаны, ең алдымен, жоғары әскери оқу орындарынан бастау керек. Қазіргі жоғары әскери оқу орындарында кімдер, кімдердің балалары оқып жүр? Көбінесе ерке, ауыртпашылықсыз өскен байлар мен барлардың балалары оқып жүр. Өйткені, жоғары әскери оқу орындарына түсудің құны бірнеше мың АҚШ доллары екенін естиміз. Әр оқу орынының қоятын құны оқу орынының рейтингісіне байланысты дейді.

Оқуға түсу парамен болса сол оқу орындарында қандай офицерлер дайындалып шығып жатыр? Олардың денсаулығы, моральдік-психологиялық қасиеттері, білімі, мінезі офицерлік мамандыққа сай ма, іріктеу дұрыс жасалып жүр ме? Егер сай болса, армиямыздың қадірі, беделі қазіргідей табалдырықтан төмен болып құлдырар ма еді?

Өзім әскери қызмет өткерген кезде не орыс тілінде, не қазақ тілінде сауатты жаза алмайтын офицерді де, ұжымды екіге бөліп, бірін біріне қарсы қойып басқаратындарды да, жүйкесі офицер болуға жарамайтындарды да, басшылар келсе періште кейіпте тұрып, олар жоқ жерде бағыныштыларына қол ала жүгіретіндерді де, өсекпен жұмыс істеп, маңына өсекшілер мен жалақорларды жинап, қолдау білдіретін, жарғыдағы бағыныштыларының денсаулығы мен өміріне командир жауапты дегенді жиып қойып, қыстың аязында аяқ ағаштай серейіп қатқанша, жаздың шіліңгір ыстығында бас айналып құлағанша күніне үш уақыт сапқа тұрғызған, жарғыдағы «единоначалие» дегенді жарғының басқа баптарын бұзу деп ұғып, ойына келгенді істеген басшыларды да көрдік. Жарғының осы «Единоначалие» туралы жазылған тарауын алып тастайтын уақыт жетті. Қазіргі уақытта бұл тек заңбұзушылыққа әкелмесе басқа мәні қалмаған. Өйткені, қазір оқыс жағдай туындағанда жеке шешім қабылдайтын командир аз. Шешімнің бәрі жоғарыда қабылданады. Барлығы мойынға жауапкершілік алудан қашады. Сондықтан жоғарыдағы бапты тек өңір, жоғары әскер қолбасшыларына ғана қалдырған дұрыс шығар.

Темірдей тәртіп алдымен командирдің, офицердің жеке басының тәртібі мен мәдениетінен басталу керек.

Армияда адамдығы мен адалдығы, әскери қаталдығы мен мейірімі, талапшылдығы мен түсінігі ұштасқан, абыройына дақ түспеген офицер атағын биік ұстаған офицерлер санаулы. Тек осындай офицерлер көбейгенде ғана армияда тәртіп те, бедел де болады.

Қазіргі офицерлердің көбі «түк көрмегендер». Әке-шешесінің арқасында қиындық та көрмеген, әке-шешесінен адамдықтың тәрбиесін де алмаған. Сондықтан да қорыққандарын сыйлайды, бағыныштыларының төбесінде ойнақтайды, ал адамшылық, абырой, мейірім, тәртіп туралы ойламайды да. Отбасынан ондай тәрбие алмаған, өзін қоршаған өзіндей жасөспірімдердің көше тәрбиесін ғана көрген адамнан жақсы офицер шықпайды.

Жоғары әскери оқу орындарының курсанттары жыл сайын әскери бөлімдерге тәжірибеден өтуге барады. Шекара күзетіндегі тәжірибесі өзінікінен мол сержант жігіттерге «әй» деп әкіреңдеген, сарбаздарға дікіңдеп, құлша қараған, застава жұмысшысына монша күні болмаса да «маған монша жақ» деп ақырып, монша жаққызған курсанттарды да көрдік. Қазір қайда олар? Алды майор болып, бір жерде қызмет етіп жүрген болар. Ондайлар түлкіні апа, текені жезде деп жүріп, талай жетістікке де жеткен болар. Рас, араларында сауатты, ойлы, мәдениетті, өзін кез келген ортада жақсы ұстай алатын, сабырлы да тиянақты, білуге құштар балалар өте сирек болса да кездеседі. Әртүрлі мысал айтып, сөзді көбейтпей-ақ қояйын.

Өз басым, әскери жоғары оқу орындарындағы парақорлықтың көзін жойып, оқу орындарына толық, тәрбиелі, қарапайым отбасынан шыққан, жоқтықты да, барлықты да қатар көріп, ӘКЕ ТӘРБИЕСІН көрген балаларды қабылдау керек. Оларда адамға тән қаталдық пен мейірім, қамқорлық, мүмкіндік шегі, біреудің орынына өзін қойып көру секілді адами түсініктер болады.

Бәріміз, қазір, міне, өзім де әскери басшылық пен офицерлерді кінәлап отырмыз. Бұл араға тасталған таяқтың бір жақ ұшы. Ал, екінші жақ ұшы ше? Бәріміз де солардың өз арамыздан, өз тәрбиемізден шыққанын ұмытып отырмыз. Соңғы қатты талқыланып жатқан жағдайда қызметтесіне зорлық қылып, қорлық көрсеткенде өз балаларыңыз ғой.

Фейсбукте болсын, БАҚ беттерінде болсын «Ұлтты жөндейтін – қыз» дегенді көп жазады. Оны қолдаушылар да көп. Мен бұл тұжырымға қарсы «Жоқ, ағайын, ұлтты жөндейтін — ұл» дегенді көп жазамын. Тіпті, бұнымды, феминизм деп бағалайтындар да болды. Отбасындағы ұлдың тәрбиесі жөнделмей, ұлдар жауапкершілікті сезінбей қыз да, қоғам да, ұлт та жөнделмейді.

Ата-бабамыз патриархалды қоғамда өмір сүрді. Ерлер әулет үшін, ру үшін, ел үшін шешім қабылдап, тентегін тезге салып, барлығын жұмылған жұдырықтай ұстағаны белгілі. Қазақ деген ұлттың қаншама қасіретті бастан кешсе де жер бетінен жоғалмай, ұлан-ғайыр жерге ие болып отыруы да осы ерлердің арқасы. Ерлерге артылған жауапкершілік жүгі ауыр болды.

Қазір ше? Қазір барлық жауапкершілік әйелдердің мойнында. Тіпті, отбасындағы кішкене қыздардың мойынына да жауапкершілік қамытын кигізіп қойғамыз. Үй шаруасы, төлем төлеу, сауда жасау, балабақшадан кішкене баланы алу секілді шаруаларды істетуде ұлдан гөрі қызға сеніп, «Ол ұл емес пе, ұмытып кетеді, істемейді, достарымен кетіп қалады, т. б.» деп жауапкершіліктен жұрдай еткеміз. Оның достарымен не істеп жүргенінде де шаруамыз жоқ. Әйтеуір, үйге аман-есен келсе болды. Ол төбелесіп жүр ме, әлімжеттік істеп жүр ме, тонаушылық, болмаса бұзықтық істеп жүр ме, азғындық істеп жүр ме, шаруамыз жоқ. Азғындық демекші, қазіргі Түркістан облысында осындай азғындық жайлы бірнеше жағдай әлеуметтік желіні шулатты емес пе! Не шара қолданылды? Ешқандай! Қайда сол балалар? Армияға барды ма? Осы істегендерін ол жақта қайталамады ма? Армияға барса олар ерекше бақылауда болды ма?

Қоғамның қандай да бір келеңсіздігін жөндейміз десек, ең алдымен, өзімізден, отбасы тәрбиесінен бастау керек. Сол шекара заставасындағы азғындарды да біреулер тәрбиелеп шығарды ғой. Өздерінше әке, ана атанып отыр ғой.

Өзіміз отбасымызда тәрбие бере алмай отырып, осындай шу шықса мектепке, армияға кінә артуымыз дұрыс па?

Шекараның шебінде жүрген бес жылда алдымнан жылына екі шақырылымнан, оның үстіне көрші заставаға да жас сарбаздарды біздің застава дайындап беретіндіктен 300-дей сарбаз алдымнан өтіпті. Сол бес жыл ішінде үш жүздей сарбаздың біреуіне ғана әкесі хат жазғанын көріппін. Және қандай хаттар, қандай ақыл-кеңестер жазушы еді, шіркін! Сонда әке жауапкершілігі қайда? Өмірге ұлдарды ер қылып дайындайтын әке тәрбиесі қайда?

Міне, бұл таяқтың екінші жақ ұшы.

Мына азғындықты кешіруге болмайды.

Қазір адвокатты да «тергеу құпиясын жариялады» деп қызметтік тексеріске жіберіпті.

Меніңше, адвокат дұрыс істеді. Әйтпесе, бұл оқиға қоғамға жетпей, жылы жабылып, қылмыскерлер жауапкершіліктен құтылып кетер еді.

Егер, армияда тәртіп орнатамыз, халықтың сенімін қайтарамыз десе әскери бөлім бүкіл заставаның жеке құрамынан биологиялық материалдың алынып, сараптамаға жіберілуіне кедергі келтірмеуі керек. Бұл әрекетімен олар армиядағы әлімжеттіктің, қылмыстың өршуіне жол беріп отырғандарын ұмытпағандары жөн!

Қылмысты жасыру армиядағы тәртіпсіздікті күшейтеді, бара-бара армияны қаруланған бандалық топқа айналдырады.

Шолпан ҒАББАСОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *