МЕМЛЕКЕТТІК ЭТНОСАЯСАТТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Білім
19 Views

үдерісіне үлес қосқан ЕҰУ білім беру бағдарламасына – 5 жыл

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Халықаралық қатынастар факультеті жанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының «Этносаясаттану» білім беру бағдарламасының бес жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын ұйымдастырылды.

Оқу үдерісінде қолданылған аталмыш білім беру бағдарламасы бес жыл ішінде Орталық Азия кеңістігінде теңдесі жоқ екі жылдық магистрлік бағдарлама ретінде этносаясаттану бағыты бойынша 50-ге жуық жоғары білікті маман даярлап шығарды. Қазіргі таңда бағдарлама түлектері мемлекеттік мекемелерде, сараптамалық орталықтарда, ғылыми-зерттеу ұйымдарында және азаматтық қоғам институттарында нәтижелі еңбек етіп келеді. Олар мемлекеттік этносаясатты қалыптастыру мен жүзеге асыру үдерістеріне қатысып, қоғамдық келісім ахуалын зерделеуге және этносаралық шиеленістердің алдын алу жұмыстарына өз үлестерін қосуда.

ЕҰУ-нің Басқарма төрағасы — Ректоры Ерлан Сыдықовтың құттықтау хатында бағдарламаның бес жылдық белесі жаңа білім беру бастамалары мен ғылыми жобалардың жемісті жүзеге асқанын көрсететін маңызды кезең екені айтылды: «Қазіргі кезеңде қоғамдық тұрақтылықты сақтау, мәдениеттер арасындағы өзара түсіністікті дамыту және ұлттық бірегейлікті нығайту мәселелері айрықша өзекті болып отыр. Осындай сұранысқа жауап ретінде құрылған «Этносаясаттану» бағдарламасы қысқа мерзім ішінде өзін ерекше академиялық жоба ретінде дәлелдей алды. Бағдарламаның құндылығы тек сапалы білім берумен шектелмейді. Ол жастардың қоғамдық әртүрлілікке құрметпен қарауын қалыптастырып, этносаралық татулықтың елдің орнықты дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін түсінуге жол ашады», – делінген құттықтауда.

ЕҰУ Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Наталья Калашникова бағдарламаның бес жыл ішінде этносаралық байланыстарды, қоғамдық келісім мен ұлттық тұтастықты зерттейтін және осы бағыттарда кәсіби кадрлар даярлайтын маңызды білім беру алаңына айналғанын атап өтті:

«Бес жылдық мерзім – кез келген жобаның қалыптасып, дамуын айқындайтын маңызды кезең. Осы уақыт аралығында білім алушылар сапалы дайындықтан өтті, ал түлектеріміз мемлекеттік органдарда, ғылыми қауымдастықта және қоғамдық секторда өздерінің кәсіби қабілеттерін дәлелдей білді. Мұндай нәтижеге оқытушылардың, серіктес ұйымдардың, студенттер мен түлектердің ортақ еңбегінің арқасында қол жеткізілді», – деді ол.

Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай түлектердің кәсіби жетістіктері бағдарламаның сапалы кадр даярлаудағы әлеуетін айқын көрсететінін жеткізді: «Біздің түлектер бүгінгі күні мемлекеттік құрылымдарда, ғылыми ұйымдарда және қоғамдық бірлестіктерде жоғары сұранысқа ие. Олардың кәсіби табыстары білім беру бағдарламасының тиімділігін көрсететін басты көрсеткіштердің бірі болып табылады», – деп атап өтті проректор.

Мерейтойлық жиын барысында қатысушылар бағдарламаның келешектегі даму мүмкіндіктерін, ғылыми серіктестікті нығайту жолдарын және мамандар даярлаудың жаңа бағыттарын талқылады. Сонымен қатар үздік студенттер мен түлектерге алғыс хаттар мен арнайы марапаттар табысталды.

Бағдарламаның қоғам үшін маңызын оның түлектері де ерекше атап өтті. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Луиза Узарова аталған білім беру бағдарламасы өзінің кәсіби қалыптасуында ерекше орын алатынын айтты. «Бұл бағдарлама бізге тек теориялық және іргелі білім беріп қана қойған жоқ. Сонымен бірге этносаралық қатынастарды, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қамтамасыз ету мәселелерін жан-жақты түсінуге мүмкіндік сыйлады. Оқытушылардың қолдауы мен бағыт-бағдарының арқасында біз кәсіби қызметімізде тиімді қолдана алатын маңызды құзыреттерді меңгердік», – деді ол.

Іс-шараға қатысушылардың пікірінше, бес жыл ішінде «Этносаясаттану» бағдарламасы қоғамдық келісімді нығайтуға, этносаралық ынтымақтастықты дамытуға және осы саладағы өзекті мәселелерді шешуге қабілетті сарапшылар қауымдастығын қалыптастыра алды.

Балжан АРИНОВА,

«Әділеттің» Астана қаласы мен

Ақмола облысындағы арнаулы тілшісі,

Халықаралық Журналистер одағының мүшесі