ТЕМІРЖОЛДЫ ТАҢДАҒАН ТЕКТІЛЕР (Очерк)

Тұлға
11 Views

АСЫЛ АТА БАТАСЫ

Қасиетті қазақ жерінде тағдырларын теміржолмен тығыз байланыстырған теміржолшылар әулеттері бар. Олар өз ұрпақтарына осынау болат жолдың қасиетін ұғындырып қана қоймай – сонау Түрксібтен тамыр тартқан қастерлі мамандықты өз әулеттерінің өмір өрнектеріне айналдырған. Солардың бірі һәм бірегейі – Ахметовтар әулеті.

Теміржолды Таңдаған Тектілердің басында абыз ақсақал Ахмет ата тұр.

Сонау өткен ғасырдың елуінші жылдарының бастауында Мойынты мен Шу аралығындағы 440 шақырымдық ерекше маңызды темір жолдың құрылысы мәресіне жеткені белгілі. Бұл – Сібір мен Түркісибті жалғап, Петропавл – Көкшетау – Астана – Қарағанды – Шу бағытындағы трансқазақстандық біртұтас күретамырға жан бітірген ғасыр құрылысы еді.

Жаздың ми қайнатар аптап ыстығы. Көкжиекпен астасқан сайын далада жел көтерген шаң бұрқырап, жан баласы көзге шалынбайды. Осындай елсіз түзде жер бедерін зерттеп, болашақ теміржол бағытын барлап жүрген инженерлер тобы ұзақ жолдан титықтап, сая іздейді. Кенет кең жазықтың төсінде дара тұрған ақ шаңқан киіз үй көздеріне оттай басылады.

Жолаушылар ат басын сол үйге бұрады. Киіз үйдің есігінен оларды ақ сақалы кеудесін жапқан, жүзінен мейірім мен парасат нұры төгілген Ахмет қария қарсы алады. Қазақтың атадан балаға мирас болған дарқан көңілі мен қонақжайлық дәстүрін бұлжытпай сақтаған ақсақал алыстан ат терлетіп келген қонақтарды жылы шыраймен қарсы алып, төрге оздырады. Дастарқан жайылып, буы бұрқыраған шай ұсынылады. Әңгіме үстінде келген азаматтардың ел игілігі үшін теміржол тартуға қажетті жер жағдайын зерттеп жүргенін білген қарияның жүзі нұрланып, көңілі толқиды. Сәл үнсіз отырып, қос қолын жайып, жүрегінен шыққан ақ тілегін ақ батамен өрнектейді:

«Алысты жақындатып, тағдырларды тоғыстырып, уақыт пен қашықтық бөлген жандарды қауыштырып жүр екенсіңдер. Магистраль өмір ағашындай бүр жарып, жүректер мен тағдырларды жалғасын, жердің әрбір бұрышына нұр мен үміт сыйласын. Менің де ұрпағым осы ұлы жолға қызмет еткей!».

Ақ жүректен төгілген ақ батаның шарапаты көп күттірмеді. Ақсақалдың асыл арманы қабыл болып, төрт ұлының үшеуі өмірлік жолын теміржол саласымен байланыстырды. Олар маңдай терін төгіп, елдің көлік қатынасын дамытуға адал еңбек етті. Ал төртінші ұлы да ағаларының ізін басар еді. Алайда қатыгез соғыс оның тағдырын басқа арнаға бұрды. Майдан даласында ауыр жараланып, туған елге оралмады. Ерлікпен қаза тауып, Отан үшін жанын құрбан етті.

Осылайша Ахмет атаның ұрпағы арасынан теміржолшы әулеттің алғашқы буыны қалыптасты. Әкенің ақ батасын ақтаған Жолтүс, Төлеухан және Жөкіш теміржол ісінің берік тұғырын қалап, кейінгі ұрпаққа өнеге болған еңбек жолын бастады. Бүгінде бірнеше буынға жалғасқан бұл әулеттің тағылымды тарихы елге адал қызмет етудің, еңбекке деген құрметтің және ата аманатына деген беріктіктің жарқын үлгісі ретінде бағаланады.

 

ТЕМІР ЖОЛ – ТАҒДЫР

 

Жалпы, Ахметовтер әулетінің тарихы – қызметтік сатылар мен марапаттардың тізбегі ғана емес. Бұл – ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жалғасқан еңбекке деген адалдықтың, кәсіпке деген құрметтің, маңдай термен жазылған өмір шежіресінің айқын көрінісі. Теміржол олар үшін жай ғана мамандық емес, әке аманаты, отбасының тағдырын тоғыстырған өмір жолына айналды.

Сол тағылымды тарихтың екінші буынының өкілі, Төлеухан Ахметовтің ұлы Кендай Ахметов әулеттің бастау алған жылдарын ерекше толқыныспен еске алады.

– Біздің әулеттегі теміржолшылар шежіресінің алғашқы парағын ашқан – Жолтүс ағамыз, – дейді ол. – Бұл соғыстан кейінгі ел еңсесін тіктей бастаған 1948 жыл еді. Жолтүс ағамыз сол кезде Орта Азия мен Сібірді жалғаған даңқты Түрксіб магистралінің Мойынты – Шу телімінде еңбек етті. Оның теміржолға деген сүйіспеншілігі мен табандылығы соңынан ерген інілері – Төлеухан мен Жөкішке де үлгі болды. Екеуі де көп ойланбастан ағалары салған сара жолды таңдады.

Осылайша бір әкенің үш ұлы теміржол тағдырын ортақ тағдырға айналдырды.

Кендай Ахметовтің өзі де бала күнінен пойыздың гүрілі мен рельстің сыңғырын естіп өсті. Сондықтан оның өмір жолының да теміржолмен тоғысуы заңдылық еді. Еңбек жолын 1969 жылы ШЧ-19 белгі беру және байланыс дистанциясында электромонтердің шәкірті болып бастады. Жас маман алғашқы күннен-ақ жұмысқа ұқыптылығымен, ізденімпаздығымен көзге түсті. Кейін электромеханиктерге арналған бір жылдық арнайы курсты тәмамдап, Арқадағы Шешенқара станциясына қызметке жіберілді. Алайда еңбек жолын уақытша үзіп, азаматтық борышын өтеуге әскер қатарына шақырылды.

Әскерден оралған соң да туған кәсібінен қол үзген жоқ. Қайта білімін жетілдіріп, тәжірибесін молайтуға ден қойды. Алдымен Алматы теміржол техникумын, кейін Алматы теміржол көлігі инженерлері институтын аяқтап, өндірістегі әрбір баспалдақты адал еңбегімен бағындырды. Жылдар өте келе тәжірибелі басшы ретінде Астана энергиямен жабдықтау дистанциясына жетекшілік етті. Елорданың теміржол инфрақұрылымын дамытуға он алты жыл бойы сүбелі үлес қосып, абыроймен зейнет демалысына шықты.

Теміржол оған тек мамандық пен мансап қана сыйлаған жоқ. Өмірінің ең қымбат сыйын да осы қасиетті сала тарту етті. Сымдар тартылған кең далада, тоқтаусыз ағылған пойыздар мен тынымсыз еңбек ортасында ол болашақ жары Күләнмен танысты. Екі жастың таныстығы жарасымды шаңыраққа ұласып, ортақ өмір жолы дәл теміржол бойынан басталды.

 

БЕКЕТТЕН БАСТАЛҒАН БАСПАЛДАҚ

 

– Отбасылық өміріміздің алғашқы жылдары шағын ғана бекетте өтті, – деп еске алады Кендай Ахметов. – Теміржол бойындағы кіп-кішкентай үйіміз айналасы көз жетпес меңіреу дала болатын. Бір бағытта он шақырым, екінші бетте он екі шақырымға дейін елді мекен жоқ. Кейде күнделікті нанның өзін пойыз машинистері жеткізіп беретін. Бірақ сол қиындықтардың ешқайсысы бізді қажытқан емес. Барлығын бірге еңсердік. Ешқашан тағдырға өкпе айтып көрген емеспіз.

Арқаның ақ түтек бораны мен қақаған аязы, жаздың аптап ыстығы мен сарғайған сайын даласы оларды шыңдап қана қойған жоқ, отбасының ынтымағы мен сүйіспеншілігін бұрынғыдан да бекемдей түсті. Теміржолдың тынымсыз тіршілігіне бейімделген жас отбасы әр күннің қуанышы мен қиындығын бірге қарсы алды. Сирек кездесетін мерекелер де, ұзақ түнгі кезекшіліктер де, табиғаттың тосын мінезі де олардың өмірінің ажырамас бөлшегіне айналды.

Күләннің де бұл салаға келуі кездейсоқ емес еді. Анасы кезінде аты аңызға айналған Түрксіб құрылысына қатысып, теміржол тарихының бір бөлшегіне айналған жан болатын. Ал Күләннің өзі бұл қасиетті салада қырық бес жыл бойы адал еңбек етіп, кәсібіне деген шексіз жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетті. Осылайша екі әулеттің теміржол тағдыры бір шаңырақ астында тоғысты.

Жас отбасының алғашқы Жаңа жылды қалай қарсы алғаны да күні бүгінге дейін ұмытылмайтын естелікке айналыпты. Олар мерекені бекеттен он шақырым жердегі туған-туыстарының ортасында өткізуді жоспарлаған. Алайда Арқаның аяқ астынан долданатын ақ бораны мен азынаған желі жолды жауып, мерекелік сапарға мүмкіндік бермейді. Табиғаттың тосын мінезі жоспарларын өзгерткенмен, олардың өмірге деген құлшынысын да, бір-біріне деген сенімін де әлсірете алған жоқ. Сол күндер кейін отбасының ең қымбат, ең ыстық естеліктерінің біріне айналды.

 

ТЕНТЕКТІ ТЕЗГЕ ТҮСІРГЕН ТҰЛҒА

 

Өмір болған соң оның ойы мен қыры болмай тұрмайды. Бірде Ахметовтер әулетінің де жүрек дүрсілін үдеткен, ұмытылмас бір оқиға орын алады.

Күн еңкейіп, айналаны кешкі тыныштық жайлаған шақ. Кең даланы үнсіздік билеп тұрған. Кенет сол мамыражай қалыпты ескі көліктің гүрілдеген дауысы бұзып өтті. Аздан соң шаңға көміліп жеткен әскери жүк көлігі Ахметовтер шаңырағының дәл алдына келіп тоқтады.

Көліктен әскери киім киген алты адам түсті. Үстері шаң-тозаң, жүздері қажыған. Жан-жағына алақ-жұлақ қарап, әлденеден секем алғандай әр қимылын сақтықпен жасайды. Олардың бұл жүріс-тұрысы-ақ жай жолаушы емес екенін аңғартқандай еді.

Алайда қазақы тәрбиемен өскен Кендай мен Күлән бейтаныс жандарға күдікпен емес, қонақ ретінде қарады. Дала заңы бойынша алыс жолдан шаршап келген адамға ас ұсынып, шай құю – бұлжымас дәстүр. Үй иелері келгендерді төрге шығарып, алдына дастарқан жайып, ыстық тамақ беріп, буы бұрқыраған шай ұсынды.

Бірақ жақсылыққа жақсылықпен жауап қайтудың орнына күтпеген жағдай болды. Тамақтанып болған соң әлгі әскери адамдардың бірі аяқ астынан Күләннің өздерімен бірге жүруін талап етті. Үй ішін ауыр үнсіздік басты.

Осы сәтке дейін сабыр сақтап отырған Кендай орнынан баяу ғана көтерілді. Сырт көзге байсалды көрінгенімен, оның бойында қайсар мінез бен қайрат қатар тұғын. Келесі сәтте бәрі көз ілеспес жылдамдықпен өрбіді. Еркін күрестің шебері қарсы алдындағы төртеуін әп-сәтте қағып түсірді. Күтпеген қарсылыққа тап болған қалған екеуі сыртқа қарай безе қашты.

Олардың бірі абыр-сабырда әскери көлікке секіріп мініп, жанұшыра қозғалтқышты от алдырады. Алайда асығыстықтың салдарынан рөлге ие бола алмай, машина екпінімен үйдің кіреберіс верандасына барып соғылады. Сол сәтті пайдаланған Кендай әлгі адамды да қолға түсіріп, қашып кетпейтіндей етіп байлап тастайды.

Оқиға өршіп жатқан мезетте Күлән бір сәт те абдырап қалмай, дереу басшылыққа телефон шалып, болған жағдайды хабарлап үлгереді. Ал алтыншы адам қараңғылықты паналап, көзден ғайып болады.

Кейін белгілі болғандай, үйге келгендердің қарапайым әскери қызметкерлер емес екені анықталды. Олар әскери бөлімнен қаруымен қашып кеткен дезертирлер болып шыққан.

Ал олар өздері тап болған шаңырақ иесінің кім екенін мүлде білмеген еді. Кендай Ахметов – еркін күрестен спорт шебері, кезінде Германиядағы Кеңес әскерлері тобының абсолютті чемпионы атанған, қайсарлығы мен күш-қайраты қатар жарасқан азамат болатын. Ол үшін отбасының амандығы мен шаңырақтың абыройын қорғау – ешқашан ымыраға келмейтін азаматтық парыз еді.

Көп ұзамай оқиға орнына әскери бөлімнің өкілдері жетті. Қолға түскен бес дезертир тәртіп сақшыларына тапсырылды. Ал бір сәтте бүкіл отбасының тағдырын өзгертуі мүмкін болған бұл оқиға Ахметовтер әулетінің жадында батылдықтың, сабырдың және туған шаңырақты қорғаудың ұмытылмас үлгісі болып мәңгі сақталып қалды.

 

БІЛІКТІЛІК ҺӘМ ЖАУАПКЕРШІЛІК

 

Кендай ағаның аңғарымпаздығы мен кәсіби біліктілігін, әр іске асқан жауапкершілігі мен темірдей тәртібін дәлелдейтін мұндай мысалдар аз емес. Тағы бірде тағдыр оны бір ғана сәттік шешімнің жүздеген адамның өмірін арашалап қалатын сын сағатына алып келеді.

– Бұл оқиға өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында болды, – деп еске алады Кендай Ахметов. – Ол кезде мен №19 белгі беру және байланыс дистанциясында еңбек ететінмін. Ай сайын арнайы бригада болып теміржол телімдерін аралап, бағдаршамдардың, сигнал беру құрылғыларының және жол бойындағы техникалық жабдықтардың жай-күйін тексеретінбіз. Қай жерде бағдаршамның линзасы қисайған, қай тұста шамның жарығы әлсіреген – бәрін мұқият қарап, ақауларды тіркеп, қалпына келтіру біздің күнделікті міндетіміз еді. Сол күн де әдеттегі жоспарлы тексерістердің бірі сияқты басталған.

Тексеру аяқталып, кері қайтып келе жатқанда пойыз ұзақ өрге көтеріле бастады. Дәл осы сәтте машинист тепловоздың салқындату жүйесіндегі судың температурасы қалыпты деңгейден асып бара жатқанын байқайды. Температура көрсеткіші тоқсан градустан жоғары көтерілген. Егер жүз градусқа жетсе, қозғалтқыштың істен шығуы ғана емес, аса ауыр апаттың орын алу қаупі туындайтын еді.

Жағдайдың күрделілігін бірден бағамдаған машинист көмекшісіне радиатордың реттеу тетігін бұрап, салқындату жүйесін қалыпқа келтіруді тапсырады. Көмекшісі кабинадан түсіп кеткенімен, ұзақ уақыт оралмай қояды. Амалы таусылған машинист оның соңынан өзі түсіп кетеді. Ал қозғалысын тоқтатпаған тепловоз кабинасында Кендай жалғыз қалады.

Алда еңісі мол қауіпті учаске мен өткір бұрылыс бар болатын. Кенет жол жиегінен бір теміржолшы жанталаса жүгіріп шығып, үстіндегі күртесін бұлғап, бар дауысымен тоқтау белгісін береді. Сол бір қас-қағым сәтте Кендай көп ойланған жоқ. Жылдар бойы қалыптасқан тәжірибе мен кәсіби түйсік бір мезетте шешім қабылдатты. Ол дереу шұғыл тежеу жүйесін іске қосты.

Тепловоз доңғалақтарының астына автоматты түрде құм себіліп, тежегіш жүйесі барынша іске қосылды. Ауыр құрам сықырлай тежеліп, екпінін баяулата бастады.

Осы кезде кабинаға абыржыған машинист қайта жүгіріп кірді.

– Не болды? Неге пойызды тоқтаттың? – деп дауыстады ол.

Кендай ештеңе деместен алға қарай қолын созды.

– Ана жаққа қараңыз…

Машинист көз салғанда ғана жағдайдың қаншалықты қауіпті болғанын түсінді. Тепловоздың дәл алдында бірнеше метр жерде рельс жолы қысылып, қисайып қалған екен. Жөндеу бригадасы ақауды толық қалпына келтіріп үлгермеген болып шықты.

Егер пойыз сол жылдамдықпен тағы бірнеше секунд жүре бергенде, ауыр құрам рельстен шығып кетуі әбден мүмкін еді. Ал алда еңіс пен күрт бұрылыс тұрғандықтан, оның салдары адам айтқысыз апатқа ұласар еді.

Сол күні жүздеген адамның тағдыры бір ғана адамның қырағылығы мен батыл шешіміне тәуелді болды. Кендай Ахметов ешқандай ерлік жасадым деп есептеген емес. Ол мұны теміржолшының күнделікті міндеті, кәсіби жауапкершілігі ғана деп қабылдады. Алайда дәл осындай жауапкершілік пен сергектік теміржолдағы қауіпсіздіктің ең басты кепілі екенін өмірдің өзі әлдеқашан дәлелдеп қойған еді.

 

ТЕМІРДЕЙ ТӘРТІП – ТЕМІРЖОЛДЫҢ ТІРЕГІ

 

– Теміржол – тәртіпке ғана сүйеніп өмір сүретін сала. Мұндағы талап әскери қызметтің жарғысынан бір мысқал да кем емес, – дейді Кендай Ахметов әңгімесін сабақтап. – Бұл кәсіпте әрбір қызметкер ережені бес саусағындай білуге міндетті. Онсыз біліктілік емтиханынан өту де, жауапты қызмет атқару да, ең бастысы – адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету де мүмкін емес. Жарғы – қағаз жүзіндегі талаптардың жиынтығы ғана емес. Ол – теміржолдағы бүкіл тәртіптің, жауапкершіліктің және қауіпсіздіктің темірқазығы.

Кендай аға бұрынғы теміржолдағы талаптың қаншалықты қатал болғанын ерекше тебіреніспен еске алады.

– Бір кездері пойыздың небәрі он бес минутқа кешігуінің өзі үлкен тәртіп бұзушылық саналатын. Егер кешігуге белгілі бір қызметкердің салғырттығы себеп болса, ол ешқандай ескертусіз-ақ қызметінен босатылатын. Осындай мызғымас талаптың арқасында теміржолда әркім өз ісіне барынша жауапкершілікпен қарап, қауіпсіздік бәрінен биік қойылатын. Бұл тәртіп адамдардың бойында мамандыққа деген ерекше құрмет пен адалдықты қалыптастырды, – дейді ардагер теміржолшы.

Темірдей тәртіпке адалдық пен мінсіз еңбектің бағасы да елеусіз қалған жоқ. 1980 жылы Кендай мен Күлән Ахметовтердің отбасы теміржолшылар арасында аса жоғары құрметке ие «Күміс шеге» белгісімен марапатталды.

Бұл – кез келген теміржолшыға бұйыра бермейтін ерекше марапат. Ол пойыздардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз еткен, апаттың алдын алған, қиын сәтте батылдық пен кәсіби шеберліктің үлгісін көрсеткен азаматтарға ғана тапсырылатын мәртебелі белгі болатын.

Ахметовтер әулеті үшін «Күміс шеге» жай ғана марапат емес. Ол – бірнеше ұрпақтың маңдай тері мен адал еңбегінің, жауапкершілік пен қайсарлықтың үнсіз куәсі. Бүгінде бұл қастерлі жәдігер шаңырақтың төрінен орын алып, әулеттің еңбекке деген беріктігін, теміржолға деген шексіз сүйіспеншілігін және ар-намысын кейінгі ұрпаққа үнсіз сыр шертіп тұрған қасиетті мұраға айналған.

 

ЕҢБЕК ЭСТАФЕТАСЫ – ҰРПАҚТАН ҰРПАҚҚА ЖАЛҒАСҚАН АМАНАТ

 

Теміржол – Ахметовтер әулеті үшін жай ғана кәсіп емес, бірнеше буынның тағдырын тоғыстырған қасиетті мұра. Бір кездері Ахмет атаның ақ батасымен басталған еңбек жолы бүгінде ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жалғасып келеді. Жолшы әкесі теміржолда ұзақ жыл істеп, Кендай Төлеуханұлын осы салаға орналастырса, Төлеухан ата да «Құрметті теміржолшы» атанса, Ақым шешей мен Асқар ағасы да болат жолдың білгірлері атанды. Енді мінеки бесінші буын темір жолда тер төгіп жүр. Үш қызы – Гүлнар, Ғалия, Айгүл және ұлы Серік, келіні Әсел ата-аналарының үмітін ақтап, абыройға кенеліп жүр. Серік, Әселмен бірге бір үйде 20 жылдан бері бірге тұрады бір үйде. 9 немересі көз қуаныштары. Алды қазір студент болып жатыр. Аделя бастаған немерелері тіпті шетелде білім алуда.

Кендай аға мен Күлән Шынасылқызы тәрбиелеп өсірген төрт перзенттің екеуі ата-анасының сара жолын таңдап, теміржол саласында еңбек етіп жүр. Осылайша әулеттің еңбекке адалдығы мен кәсіпке деген құрметі жаңа буынның бойынан да көрініс тауып отыр. Ал бүгінде ержетіп келе жатқан алты немере де ата жолын жалғар ма екен деген ізгі үміт отбасының жүрегінде әрдайым сақтаулы. Өйткені бұл шаңырақта теміржол туралы әңгіме – күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі, ал адал еңбек – ең асыл құндылық.

Шын мәнінде, үлкен жетістіктің бәрі алғашқы қарапайым қадамнан басталады. Әрбір маман уақыт өте тәжірибе жинақтап, жауапкершіліктің салмағын сезінеді, кәсібінің қыр-сырын меңгереді. Еңбек жолында кездескен талай сынақ адамды шыңдап, өз ісінің нағыз шеберіне айналдырады. Ахметовтер әулетінің бірнеше буынға созылған тағылымды тарихы – осының жарқын дәлелі. Олар үшін теміржолға деген сүйіспеншілік, еңбекке деген адалдық, тәртіп пен төзімділік әрқашан өмірлік ұстанымға айналды. Осындай қасиеттердің арқасында әулет абыройлы еңбек жолын қалыптастырып қана қоймай, кейінгі ұрпаққа өнеге болатын құндылықтарды да аманат етіп қалдырды.

Ерекше бір еңбекті атап көрсеткен жөн: Кендай Төлеуханұлының ел игілігі жолындағы елеулі істерінің бірі – Сарышаған станциясындағы жолаушылар перронын жаңарту бастамасы болды. Өйткені 1953 жылдан бері перронға күрделі жөндеу жүргізілмеген еді. Соның салдарынан жаңа үлгідегі «Тальго» пойыздарының баспалдағы жерден шамамен 70 сантиметр биік орналасып, жолаушылардың пойызға мініп-түсуі едәуір қиындық туғызатын. Әсіресе егде жастағы адамдар орындық немесе басқа да заттарды пайдаланып көтерілуге мәжбүр болатын. Өкінішке қарай, абайсызда құлап, жарақат алған жолаушылар да кездесетін.

Осы жағдайды көзімен көрген ұлы Серік бірде әкесіне: «Әке, теміржолдың ардагері ретінде беделіңізді пайдаланып, осы олқылықтың орнын толтыруға атсалысыңыз. Перронды қазіргі талапқа сай, халыққа қолайлы етіп жаңартуға ықпал етіңіз», – деген екен. Баласының осы бір жүректен шыққан сөзі Кендай Төлеуханұлын нақты іске жетеледі. Нәтижесінде тиісті орындарға ұсыныс жасалып, мәселе оң шешімін тауып, станцияда заманауи талаптарға сай үш перрон салынды. Бүгінде бұл игіліктің жемісін мыңдаған жолаушы көріп, тұрғындар теміржол ардагерінің жанашырлығы мен азаматтық ұстанымына ризашылықтарын білдіруде.

Ахметовтер отбасының қадір-қасиеті өндірістегі жетістіктерімен ғана өлшенбейді. Олар шаңырақтың бірлігі мен берекесін сақтап, көпке үлгі болған өнегелі отбасы ретінде де ел құрметіне бөленді. Соның айқын дәлелі – 2014 жылы Ахметовтер әулетінің республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпазы атануы.

Елордада өткен салтанатты марапаттау рәсімінде Кендай мен Күлән Ахметовтерге байқаудың бас жүлдесі – «Нива» автокөлігінің кілтін Мемлекет басшысының өзі табыс етті. Бұл марапат – тек бір отбасының ғана мерейі емес, адал еңбекке, отбасы құндылығына, ұрпақ сабақтастығына және өмір бойы маңдай термен қалыптасқан абыройға көрсетілген зор құрмет еді. Ал «ҚР ҚҰРМЕТТІ ҚАЙРАТКЕРІ», «АҚТОҒАЙ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» атақтарының иегері, отбасылық теміржолшылық кәсібі 100 жылдан асқан Кендай аға алған орден, медаль, төсбелгілерді айтып тауысу қиын. Бұның бәрі адал төгілген маңдай тердің жемісі!

Бүгінде Ахметовтер әулетінің шежіресі әлі де жалғасып келеді. Оның жаңа беттерін енді кейінгі буын жазбақ. Ал сол шежіренің өзегінде баяғы Ахмет қарияның ақ батасы, атадан балаға мирас болған еңбекке адалдық және теміржолға деген өлшеусіз құрмет мәңгілік сақтала бермек.

 

*   *  *

 

Тағы бір ерекше жаңалық. Теміржолшылар мерекесі қарсаңында – 1 тамызда Сарышағанда ерекше оқиға болмақ. Онда «Құрметті теміржолшы» тас белгісін қоюдың идеясын беріп, оны орнатуға атсалысқан асыл азамат, ҚТЖ жүк тасымалдау вице-президенті Константин Сергеевич Цой және басқа теміржолшы азаматтардың қызу қолдауымен теміржолшылар саябағы ашылмақ. Оған электровозды әкелу идеясын ұсынған Кендай Төлеуханұлының басшылығымен Сарышаған кентінде «Теміржолшы» саябағының ашылуы тарихқа енген ерекше оқиға.

Осыдан 41 жыл бұрын яғни 1985 жылы Сарышаған кентіне тоқ кернеуін бергенде алғаш кірген Электровоздың саябақта орын алуының маңызы зор.

Ал 1-ші тамыздағы салтанатта 3 тақтайшаның лентасы қиылмақ. Өнер жұлдыздары концерті дүркіреп өтіп, соңы дискотекаға жалғаспақ.

 

Балжан АРИНОВА,

«Әділет» газетінің Астана қаласы мен Ақмола

облысындағы арнаулы тілшісі,

Халықаралық Журналистер Одағының мүшесі