ҰЛЫ ДАЛА ҚАЛҚАНЫ: ҚАҢЛЫ МЕМЛЕКЕТІ ТАРИХ ТЕГЕРШІГІН ҚАЛАЙ БҰРДЫ?

Таным Тарих
9 Views

«Шығыста Наймандарды, Оңтүстікте Қаңлыларды жеңсек,

біз жарты әлемді билейтін боламыз»

(Қытай теледидары түсірген «Шыңғысхан» көркемсуретті фильмдегі Шыңғысханның сөзі)

Адамзат тарихында тұтас континенттердің тағдырын шешетін, өркениеттердің бетбұрысын айқындайтын ұлы кезеңдер болады. Біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырдан бастап, Ұлы Дала төсінде дәл осындай геосаяси драма өрбіді. Бұл тарихи сәтте қазіргі Қазақстан аумағында салтанат құрған қуатты Қаңлы мемлекеті көшпелілер әлемін жаппай жойылу қаупінен сақтап, тарих көшін мүлде жаңа арнаға бұрды.

Қазақстан археологиясы мен этнографиясының атасы, академик Әлкей Марғұлан өзінің атақты «Ежелгі жыр-аңыздар» атты еңбегінде бағзы заманға терең бойлай отырып, басты ғылыми тұжырым жасайды. Ғалымның айтуынша, қазіргі Қазақстан аумағы – ежелгі Қаңлы мемлекетінің байырғы ата қонысы, өз жері.

2000 жылдық тарихы бар Қаңлы жазуы.

Біздің дәуірімізге дейін пайдаланған Қаңлы мемлекетінің теңгесі.

Бұл пайым – Қаңлының сырттан келген уақытша бірлестік емес, осы топырақтың төл қожайыны, мемлекеттігіміздің алғашқы ірі қарашаңырағы болғанын айғақтайды. Дәл осы ұлан-ғайыр аумақты толық бақылап отырған ұлы держава тарихтың ең сын сағатында өз егемендігін танытты.

Сол заманның Шығыс Азиядағы ең алып әскери машинасы – Хан империясы бүкіл аймақты қорқынышта ұстап, көршілес халықтарды бағындырып жатты. Алайда, олардың бұл жаулап алушылық амбициясы Қаңлы мемлекетінің шекарасына келгенде, тасқа соғылған толқындай быт-шыт болды. Қаңлы ешқашан Хан мемлекетінің жаулап алу саясатына бой ұсынбады және оның үстемдігіне бас имеді. Бұған Хан тарихының атасы Сыма Цяньның «Тарихи жазбалар» («Ши цзи») кітабындағы хаттамалық мәлімет бұлтартпас дәлел болып табылады.

Сол заманның шежіресінде Қаңлы еліне келген Қытай елшілері оның билеушісінің алдында ешқандай артықшылыққа ие бола алмағаны жазылған. Керісінше, ресми қабылдаулар мен ас-жиындарда Хан империясының елшілері Қаңлының ежелгі көршісі – Үйсін (Усунь) мемлекетінің елшілерінен кейін, төрде емес, төменгі орында отырған.

Ол заманда Хан империясының елшісін төмен отырғызу – бүкіл Хан династиясының айбынынан сескенбеу, зор әскери және саяси қуатқа ие болу дегенді білдіретін. Бұл көрініс – Қаңлының ешкімге жалтақтамайтынын, өз саясатын өзі айқындайтын, асқақ та егемен мемлекет болғанын айқын көрсетеді.

Кангюйдің мұндай асқақтығы мен еркіндігі бос жерден шыққан жоқ. Ежелгі шежірелердің мәліметінше, Қаңлы мемлекеті кез келген сәтте майдан даласына 120 мың атты әскер шығара алатын зор әскери әлеуетке ие еді. Бұл – Сырдария мен Ұлы Дала аумағындағы ең басты мығым күш болды.

Атақты шығыстанушы С.П.Толстов өзінің іргелі «Ежелгі Хорезм» атты еңбегінің «Қаңлы атты әскері» атты тарауында Римдік Грекияның әйгілі тарихшысы әрі географы Страбонның (б.з.б. І ғ. – б.з. І ғ.) мына бір құнды сипаттамасын келтіреді:

«Олар – садақпен, қылышпен, сауытпен және мыс балталармен қаруланған, ат үстінде де, жаяу да соғыса алатын мықты жауынгерлер. Шайқастарда алтын белбеу тағып, бастарында алтын таңғыштары болады».

Яғни, бұл сипаттың төркініне зер салсақ, онда, қазіргі таңдағы Менделеев таблицасын сол ықылым заманнан бастау алғанын білдіреді, яғни химиялық қоспалар арқылы жоғарғы аталған бұйымдарды шығарған. Бұл антикалық дерек – Қаңлы әскерінің тек санымен ғана емес, ауыр сауытты атты әскердің (катафрактарийлердің) озық тактикасымен және жоғары әскери мәдениетімен ерекшеленгенін көрсетеді.

Сонымен қоса, атақты шығыстанушы С.П.Толстов өзінің іргелі «Ежелгі Хорезм» атты еңбегінің «Қаңлы атты әскері» атты тарауында бұл феноменді ғылыми тұрғыдан тереңірек аша түседі. Ғалымның тұжырымдауынша, сол заманда Орталық Азия аумағындағы әскери техника саласындағы ең үлкен жетістік дәл осы Қаңлы мәдениетімен тікелей байланысты.

Қаңлылар соғыс өнеріне мүлде жаңа тактикалық тәсіл енгізді. Ол – үстіне ауыр панцирь (сауыт) киген сарбаздардың мұздай темірмен құрсанған аттарға мініп, тұтас, тығыз саппен (сомкнутый строй) шабуылдау әдісі еді.

Қуатты далалық садақпен, ұзын найзамен және ауыр сауытты жауды қаққа бөлетін ұзын семсермен қаруланған бұл темір – құрсанған атты әскер (катафрактарийлер) өз заманының жойқын әскери машинасына айналды.

Дәл осы қаһарлы күш Хан империясының Сыр бойы мен Орталық Азия ішіне сұғынуына жол бермей, аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

Орталық Азияның көне заман мен ерте орта ғасырлар тоғысындағы әскери ісін зерттеуге академик Галина Анатольевна Пугаченкова баға жетпес үлес қосты. Өзінің «Мианкаль көне жәдігерлері» (Өзбекстан өнертану экспедициясының жұмыстарынан) атты іргелі ғылыми еңбегінде ол Орлат қорымынан табылған бірегей сүйек пластиналарға егжей-тегжейлі талдау жасап, оларды Қаңлы мәдени қабатымен байланыстырды.

Зерттеуші ламеллярлы (пластиналы) сауыт киген ауыр қаруланған салт аттылар мен олардың сәйгүліктерінің мұқият қашалған бейнелері Қаңлы мемлекетінің таңдаулы катафрактарийлерінің нақты бейнесі екенін дәлелдеді. Пугаченкова пластиналарда бейнеленген қорғаныс сауыттары мен шабуылдаушы қару-жарақ кешені Сырдария сыртындағы дала көшпелілерінің әскери өнерінің жоғары даму деңгейін көрсететінін және кейінгі Орталық Азия батальдық миниатюра дәстүрінің негізін қалағанын негіздеп береді.

Біздің заманымыздың ІІ ғасырында шығыстағы Хан империясы мен сяньби тайпаларының қыспағынан солтүстік хуннулар ауыр жеңіліске ұшырап, батысқа қарай үдере көшті. Қансыраған, бас сауғалаған үлкен босқындар ағынының алдында тек бір ғана күш – айбынды Қаңлы мемлекеті тұрды.

Қытайдан қорықпаған, оған ешқашан тізе бүкпеген Қаңлы билеушілері бұл сәтте кемеңгерлік танытып, Қытайдың қас-жауы болған солтүстік хуннуларды өз жеріне емін-еркін қабылдады. Өз ата қонысының шығыс шекарасынан хуннуларға арнайы жер бөліп беріп, стратегиялық қонақжайлылық көрсетті. Бұл жай ғана қабылдау емес, сыртқы жауларға қарсы бағытталған қуатты әскери-саяси одақтың бастауы еді.

Қаңлы мемлекетінің ең басты тарихи рөлі – ол Ұлы Даланың аумақтық тұтастығын сақтады. Қаңлы өз шекарасын берік бекітіп, алып геосаяси қалқанға айналды. Осының арқасында шығыстағы басқыншы империялар қазіргі Қазақстан жеріне ішкерілей еніп, көшпенділер өркениетін түп-тамырымен жоя алмады.

Қаңлы берген уақыт пен мүмкіндіктің арқасында ес жиған, демографиялық және әскери әлеуетін қайта тіктеген хуннулар осы топырақтың күшімен жаңа тарих жазды. Олардың бір бөлігі Қаңлы мәдениетімен сіңісіп, Жетісуда мекендеген, екінші бір тобы қаңлы тайпаларымен бірлесе отырып, батысқа жылжыды. Дәл осы біріккен ұлы күш кейіннен Еуропаны дүр сілкіндірген Атилланың ғұндарына айналып, дүниежүзілік тарихтағы «Халықтардың ұлы қоныс аударуын» бастап берді.

Әйгілі ғалым Л.Н.Гумилев өзінің ірі зерттеулерінде дәстүрлі формациялық тәсілден бас тартып, түркі мемлекеттілігі мен цивилизациясының қалыптасуында табиғи-климаттық фактордың рөлін алға тартты. Ұлы Даланың географиялық ерекшелігіне бейімделген көшпелі шаруашылық – өзін-өзі толық қамтамасыз ететін, Еуразия құрлығын тұтастырған өзіндік өндіріс моделі еді. Бүгінгі күн биігінен қарасақ, бұл жүйе өз заманының «Бір белдеу, бір жолы» іспетті транзиттік-экономикалық алып белдеу қызметін атқарды. Ал сол белдеуді уысында ұстаған қаңлылар дәл осы жасампаздықтың орталығында болды.

Гумилевтің этногенез теориясы тұрғысынан қарасақ, Қаңлы мемлекеті халықтың ішкі қуаты мен мақсатқа ұмтылушылығы тасыған «пассионарлық активтілік» фазасында тұрды.

Пассионарлық – бұл өзгертуге деген қабілет пен идеал жолындағы жанқиярлық. Тек осындай рухы асқақ қоғам ғана әлемдік геосаясатты суверенді түрде басқара алатын еді.

Өкінішке қарай, ұзақ уақыт бойы үстемдік құрған еуроцентристік көзқарас прототүркілік және түркілік өркениеттердің тарихи рөлін көлеңкелеп келді. ХХІ ғасырдағы отандық ғылымның алдында тұрған басты міндет – осы бұрмалаушылықтан арылып, прототүркілік цивилизацияның хронологиялық және географиялық шекарасын нақты айқындау. Ол үшін бізге бауырлас Түркия ғалымдарымен және халықаралық түркітанушы мамандармен бірлескен іргелі зерттеулер жүргізу қажет.

Ең бастысы – бүгінгі отандық тарих ғылымына Л.Н.Гумилевтің нағыз пассионарлық рух, ішкі жасампаздық ізденіс пен ұлттық тарихты ұлықтауға деген асқан құштарлығы бізге ауадай қажет.

Әйгілі ғалым 25 жасында тұтқындалып, 12 жыл лагерь азабын көрсе де сынбады, қайсарлығының арқасында ғылым шыңын бағындырды.

Егер сол заманда Қаңлы өзінің мемлекеттік еркі мен 120 мыңдық қуатын көрсетіп, бұл қадамға бармағанда, бүгінгі Еуразияның картасы мүлде басқаша болар еді. Академик Ә.Марғұлан дәлелдеп кеткен Қаңлы қонысы – біздің бүгінгі мемлекеттілігіміздің, тұрақтылығымыздың және дипломатиялық ұлы дәстүріміздің ең алғашқы іргетасы.

Қаңлы тарихы – өз жеріңді қорғаудың ғана емес, сол жерде ешкімге бой ұсынбай, жаһандық тарихи процесстерді егемен түрде басқара білудің де ұлы үлгісі.

Қаңлы тек қаһарлы әскерімен ғана емес, жоғары мәдениетімен де тарих сахнасында дараланды. Түркістан облысындағы көне Күлтөбе қала жұртынан табылған, күйдірілген қыш тақташаларға қашалған көне қаңлы жазулары – бұған бұлтартпас дәлел.

Ежелгі Қаңлы мемлекетінің осыдан 2000 жыл бұрын жазуы болғандығын Қазақстан тарихшылары ғана емес, көптеген шетелдердің беделді ғалымдары да айтып та, жазып та келді. Біраз жыл бұрын Шымкент қаласында тұратын тарих ғылымдарының докторы, профессор, археолог Александр Николаевич Подушкин Арыс ойпатынан ежелгі Қаңлы мемлекетінің қышқа жазылған жазуын тауып, үлкен тарихи жаңалық ашқан болатын-ды. Осыдан бес жыл бұрын белгілі ғалым Парижге барып, француз ғалымдары алдында баяндама жасап, үлкен беделге ие болды.

Зерттеп, зерделеу үшін осы құнды жәдігер Лондон университетінің профессоры, көрнекті палеолингвисть Никоас Симас Уильямске берілді. Арада екі жыл өтіп, қуанышты хабар келді. Арыс ойпатынан табылған жазу екі мың жыл бұрын қышқа жазылған Қаңлы мемлекетінің жазуы болып шықты. Бұл әлем тарихындағы елеулі жаңалық десек, қателеспеген болар едік.

Жақында Алматы қаласында профессор А.Н.Подушкин «Қаңлы мемлекеті» атты лекция оқып, оған белгілі ғалымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, зиялы қауым қатысты. Осы басқосуда адамзаттың өркендеуіне үлкен үлес қосқан Қаңлы мемлекеті туралы жан-жақты, тұжырымды, дәйекті әңгіме қозғалды.

Ежелгі Қаңлы мемлекетін түбегейлі зерттеп, осы ізгілікті іске бүкіл саналы ғұмырын арнаған профессор Александр Николаевич Подушкин «Қаңлы мемлекеті» атты ғылыми кітабында: «Қаңлы мемлекетінде мемлекеттік кеңсе, дипломатиялық хат алмасу және дамыған заң жүйесі болғанын айғақтайды. Күлтөбе архиві – Ұлы Дала өркениетінің хатқа түскен, интеллектуалды деңгейін көрсететін басты археологиялық сенсация» деп жазып, ғасырлар бойы құпиясын бүгіп жатқан ақиқат пен шындықты ашып көрсетеді.

Қаңлылар VI ғасырда әлемде бірінші болып, төрт дөңгелекті арба жасап, өз тұрмыстарына кеңінен пайдалана бастады. Сол кездегі өркениеттегі өнертапқыштық дүниежүзінің төрт бұрышына тарап, бүкіл адамзат игілігіне айналды. Бұл жаңалық бүгінде жан-жақты дамыған көлік құралдарының алғашқы қарлығашы болатын.

Дүниежүзіндегі бірінші мектеп біздің дәуірімізге дейін V ғасырда тарихшы Тит Ливийдің ұйымдастыруымен ежелгі Римде дүниеге келгендігін жақсы білеміз. Ал, Қазақстанның оңтүстігіндегі Отырар жерінде Қаңлы мемлекетінің жазу графикасы біздің дәуірімізге дейінгі II ғасырда пайда болғанына әлі де күмәндана қараймыз.

Күмәнданатын ештеңесі жоқ. Бұл нақты деректі Ресейдің белгілі ғалым-тарихшысы Л.А.Коханова және басқа шетелдік беделді ғалымдар растап отыр. Қытай тілінде шыққан «Қазақ мәдениеті тарихы» кітабын оқысаңыз, көптеген тарихи шындыққа көзіңіз жетеді. 643-712 жылдары өмір сүрген қаңлы Шайхы ном кітабын қытай тіліне аударып, хан елінің ұлы ұстазы атанады. Қаңлы шайхылары мен монахтарының Қытайға будда дінінің әкелінуіне зор үлес қосқандығын осы елдің белгілі ғалымы Су Беи Хай және басқа тарихшылары жан-жақты жазды. Дін тақырыбы қозғалған соң айта кететін тағы бір ақиқат пен шындық бар. Қаңлылар 777 жылы түркі тілдес тайпалардың арасында бірінші болып, ислам дінін қабылдаған ел. Олардың ислам дінін уағыздауды таратуда, мойындатуда сіңірген еңбегі, негізгі ислам дінін таратушы қожалардан кем емес.

Әлемдегі ұлы ғұламалардың бірі әл-Фарабидің туған жері – Отырардағы кітапхана – әлемдегі ең үлкен екінші кітапхана болғандығын бүкіл дүниежүзі жақсы біледі. Негізінен қаңлылар тұрған бұл қалада сәулетті мешіттер, медреселер, күмбездер болды, жер асты су құбырлары жұмыс істеді. Алтын, күміс, мыс қорытылып, ақша шығарылып, сауда жұмысы жақсарды. Сол кездің өзінде ауылшаруашылық саласы мен өнеркәсіп кеңінен дамыды. Қаңлылар дүниежүзінде алғашқылардың бірі болып шарап жасаудың үздік технологиясын ойлап тапты. Осы игі істермен қатар, ғылым, өнер, мәдениет, әдебиет, сәулет өнері медицина салалары өркен жайып, Отырардың атағы дүниенің төрт бұрышына белгілі болды. VI ғасырда Отырар қаласының маңындағы Қарабие қорғанынан табылған бір адамның бас сүйегіне операция жасалғаны туралы деректер бар. VII ғасырға жататын бір қорымнан табылған каңқаның бір аяғы тізеден төмен кесілгендігін, бірталай жыл ағаш аяқ пайдаланғандығын ғалымдар дәлелдеп берді.

Айта берсек, ежелгі Қаңлы мемлекеті мен оның өркениеті туралы көп айтуға болады. Қаңлы тарихына бір тайпаның тарихы деп қарасақ – үлкен ағаттық болар еді.

Академик Әлкен Марғұлан «Қазақстан аумағы – ежелгі Қаңлы мемлекетінің байырғы ата қонысы, өз жері» деген ғұлама сөздерін есте санаған жөн. Яғни, Қаңлының тарихы – бүгінде өркендеп-дамып, Тәуелсіз мемлекет болып отырған Қазақ ұлтының, Қазақстанның тарихы. Қаңлылар бір қазақ ұлты ғана емес, бүкіл түбі бір, тегі бір түркітілдес халықтардың ұйытқысы бола білді. Ежелгі тайпа, яғни Қаңлылар Өзбекстан, Қырғызстан, Башқұртстан, Саха, Қарақалпақ, Түркі мемлекеттерінде мекен етіп, аталған түркітілдес туысқан елдердің іргетасын нығайтып, өркендетуге өз үлестерін қосуда.

Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Ежелгі Қаңлы мемлекетінің тарихын зерттеуде көршілес жатқан Ресейдің, Қытайдың көкірек көзі ашық, ақиқат пен шындықты өмірлерінің мақсаты санаған зиялы ғалымдары елеулі жұмыстар атқарды. Адамзаттың өркендеуіне үлкен үлес қосқан Қаңлы мемлекетінің тарихын жан-жақты зерттеуге Батыс ғалымдары да ерекше құлшыныс танытып отыр.

Ресейдің патшайымы Екатерина: «Қазақтар өздерінің шынайы тарихын білсе, бүкіл әлемді билеп алады» деп бекер айтпаса керек. Ресей, Қытай, Парсы мемлекеттерінің тиісті орындары әлі де көп шындықты бұрмалап, жасырып отыр.

Әлкен Марғұлан, Талас Омарбеков, Карл Байпақов, Александр Подушкин сияқты ежелгі қазақ тарихын зерттейтін ғалымдар бізде жоқтың қасы. Ғалымдар жоқ емес, бар, бірақ ежелгі Қаңлы мемлекетінің тарихына тістері бата бермейді. Кейбіреулері білсе де ақиқатты айтпайды, қолдан қошқар жасағысы келеді, тарихтың ақиқатынан гөрі ұлттың емес, бір атаның мүддесін ойлаудан аса алмайды. Қазақтың ежелгі ауруы – жүзге бөлінуге, рушылдыққа басады.

Оған бір ғана нақты мысал келтірейік. Тараз қаласының маңында Тектұрмас кесенесі бар. Адам көп келетін қасиетті орынға Тараз қаласының ірге тасын Үйсін мемлекеті қалады деп жазыпты. Бұл өңірде біздің заманымызға дейінгі дәуірде Қаңлы мемлекеті өмір сүрген. Яғни, ежелгі Тараздың ірге тасын қалап, билік құрған Қаңлы мемлекеті. Бұл жөнінде Қытай жылнамасында дәйекті деректер бар.

Қазақстанның көрнекті археологы, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы Карл Байпақов өз еңбектерінде Тараз қаласын ең алғаш Қаңлы мемлекетінің отырықшы халқы салғанын нақты дәлелдеп, «Талас аңғарында бекініс қабырғаларын тұрғызып, қалалық қоныстың негізін қалау – дәл осы Қаңлылардың еңбегі» деп жазды. Қолдағы бар тарихи деректерге сүйенсек, Қаңлы мемлекеті Қытайдың Хань империясының әскери шабуылдарына төтеп беріп, өз Тәуелсіздігі мен қалаларын толықтай сақтап қалды. Біздің заманымызға дейінгі 36 жылы Қаңлы мемлекетінің Орталық Азиядағы ықпалы одан сайын күшейе түсті. Ұлы далаға қақпан болған қаһарман қала – Тараз болған еді. Бір өкініштісі, бұл жайында қазақ тарихында айтылмайды. Ежелгі шаһар – Тараздың 2000 жылдық тойында да тарихи ақиқат ауызға алынбады. Бұл – қазақтың, оның ішінде Қаңлы мемлекетінің шынайы тарихына жасалып отырған қиянат емес пе?!

Ұлтымыздың көрнекті ғалымдары Әлкен Марғұлан, Карл Байпақов, Талас Омарбеков бұл тарихи шындық туралы өз еңбектерінде жазып кетті. Өкінішке орай, жергілікті шенеуніктер, ғалымдар көз жұма қараған, ашығын айтқанда, ұялмай-қызармай рушылдыққа жол беруде. Бұл жөнінде осыдан біраз жыл бұрын республикалық «Жас алаш» газетінде жазылып, дабыл қағылды. Өкінішке орай, Тараздағы тиісті орындар түк білмейтіндей, түк көрмегендей кейіп танытып, Қаңлы тарихына қиянат жасап отыр. Мұндай өрескел олқылықтарды көптеп келтіруге болады. Оның бәрін тізіп жатуды біз мақсат санамадық.

Сіздер оқып отырған мақаланың басына Шыңғыс ханның сөзін ойып тұрып беруіміздің өзіндік сыры бар. Шыңғыс бастаған моңғолдар Наймандармен 20 жыл бойы шайқасып, әрең жеңгенін біз тарихтан жақсы білеміз.

Егер тарихи деректерге сүйенетін болсақ, моңғол әскері жетісулық Қаңлылардың үлкен қарсылығына тап болды. Олар күші әлдеқайда басым жаудан жеңілуге мәжбүр болды. Жан беріп, жан алысқан соғыс ежелгі Тараз қаласының маңындағы Талас өзенінің жағасында өтті. Сан жағынан әлдеқайда басым Шыңғыс ханның әскері мұндай қарсылықты күткен жоқ еді.

Бұл тарихи соғыс жөнінде тарих ғылымдарының докторы, профессор марқұм Талас Омарбек: «Қаңлы әскері қалың жаумен жанқиярлықпен соғысты. Майдан даласында жүз мыңнан астам Қаңлы жауынгерлері шейіт болып, судай аққан адам қанынан Талас өзені арнасынан асып кетті. Моңғол жағы да сан-мыңдаған сарбазынан айырылды», – деп жазды.

Негізінен Қаңлылар тұратын Отырардың қатыгез жау шабуылына жарты жыл төтеп беріп, ерлік көрсеткенін тарихтан жақсы білесіздер. Хорезм – Қаңлы мемлекетінің әскері де моңғолдармен аяусыз шайқасты.

Найман мен Қаңлы әскерінің жанкешті қарсылық көрсеткендігін Шыңғыс хан жақсы білді. Сондықтан да ол бар күш-қуатын Наймандар мен Қаңлыларды жоюға жұмсады.

Сөз соңында айтарымыз: Қаңлы тарихы – Қазақтың тарихы. Олай болса, оған мемлекеттік тұрғыда қарау – бүгінгі күннің, өркениетті заманның басты мақсаты. Онсыз ізгілікті іс ешқашан да алға баспайды. Қолдағы бар алтынды жоғалтып алып, кейін өкініп, санымызды соғып жүрмейік, ағайын! Өзінің тарихын білмеген халықтың келешегі жоқ, мұнымызды кейінгі ұрпақ кешірмейді.

 

Құрманбек САҒЫНБЕКОВ,

заң ғылымдарының кандидаты, доцент.

 

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

жазушы-режиссер,

Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының директоры.