ҚАЗАҚЫ ҚАЛЖЫҢДАР

Әдебиет
31 Views

Теміржол бекетіндегі әңгіме

Шымкентке бармақ болып, Алматының екінші теміржол бекетіне келдім. Кассаның алдында бес-алты жолаушы кезек күтіп тұр екен.

– Шеті кім болады? – дедім орта жастағы әйелден жөн сұрап.

– Кезекті сұрап тұрсыз ба? – деді әлгі әйел. – Көті менмін.

– Көті сіз болсаңыз, сіздің артыңыздан тұрайын.

Үлкені бар-кішісі бар біздің біртүрлі сөзімізге мырс-мырс етті.

– Өлә, – деді әлгі әйел ернін сылп еткізіп. – Онда тұрған не бар? Біздің Шымкентте арты дегенді көті деп айта береді. Қазақ батырларының арасында Көтібар деген бар емес пе? Шымкент жақта бір сөзді, табанының бүдірі бар мықты жігітті мына азаматтың көті шыдамды екен деп құрметтейді.

Билеттің кезегінде тұрған келіншектің мына сөздеріне бәріміз мырс-мырс етіп күлдік. Енді бәріміз кәдімгідей ойланып қалдық…

 

«Қаттырақ итерсеңіз кіріп кетеді»

Осыдан үш-төрт жыл бұрын «Яндекс такси» онша дамымаған, таксиге қол көтеріп, көлікке міне беретінбіз. Күздің жаңбырлы күні Алматы әуежайына бармақшы болып, дәл мен тұратын көп қабатты үйлердің жанындағы Саин даңғылына шығып, көлік күтіп тұрдым. «Іздегенге сұраған» демекші, дәл жаныма судай жаңа «Мерседес» екпіндетіп тоқтай берді.

– Аға, қайда барасыз? – деді жүргізуші машинасының терезесін ашып.

– Әуежайға.

– Біз де сонда бара жатыр едік, менің жаныма отырыңыз, – деп есігін аша берді.

– Аға, «Сақтықта қорлық жоқ» деген, сақтандыру белдігін тағып алыңыз. Қызыл жағалы ағайындар көріп қалып, айыппұл салып жүрер, – деді жүргізуші ескерту жасап.

Мен сөзге келместен жалпақ қара белдікті тағып, темірден жасаған ұшын тетікке жалғайын десем, кірмейді.

– Бауырым-ау, мынауың кірмей жатыр, әрі-бері шұқылап көрдім, болатын емес, – дедім әрлі-берлі қозғалақтап.

– Ағасы, қаттырақ итерсеңіз кіріп кетеді ғой.

Таксидің артқы орнында отырған әйелдің сөзінен соң, белдіктің темір ұшын қаттырақ итеріп жіберіп едім, лып етіп кіріп кетті.

– Рахмет, қарындас, тәжірибеңіз бар екен. Сіз айтқандай, қаттырақ итеріп едім, дәл кірді, – дедім басымды иіп.

Менің бұл сөзіме жаңадан бері үнсіз отырған жүргізуші мырс етіп күліп жіберді.

– Әй, еркектер-ай! Сендер бар ғой, шеттеріңнен арамсыңдар, ойларың да арам, – деп әдемі келіншек басын шайқады.

Бір жақсысы, дауысы зілді шыққан жоқ, әзілі басым еді. Сол-ақ екен, салон іші жадырап, әңгімеміз жарасып жүре берді.

 

«Туып қалатын болдым»

Бүгін 10 жыл оқыған мектеппен, білім берген ұстаздармен, бірге оқыған сыныптастармен қоштаспақпыз. Бәрімізге орта білім алған туралы аттестат салтанатты түрде тапсырылып, мектепті бітіруге арналған кешіміз де тамаша өтті. Бәріміз жұбымызды жазбай ауылдың жанындағы көлдің жағасында арайлы таңды бірге қарсы алуды ұйғардық. Бұл алыстап кеткен 1966 жылдың мамыр айы болатын.

Таңның алдында менімен он жыл бірге оқыған Кеңескүл деген ақ бантикті қызбен оңашалау қалып, сырласып, әңгімелесіп отырмын. Ол сегізінші кластан бері жақсы көретін бала махаббатым еді. Бұрын жанына жақындап, сөз айтудан қорқатын мен бүгін батылданып, қолынан ұстап, бетінен сүйіп алдым. Жаңа ғана монтиып отырған Кеңескүл орнынан ұшып тұрды.

– Дархан, не істедің сен? Бәрін бүлдірдің ғой! Апам: «Жігіттің қолынан ұстама, бетіңнен сүйдірме», – деп қатты ескертіп еді. Мен бала туып қалып, масқара болатын болдым.

Бала махаббатымның боталаған көзін, үрей шалған жүзін көріп, мен де қорқып кеттім… Осы сәтте: «Дархан, Кеңескүл, неге состиып тұрсыңдар? Әне, арайлы таң атып келеді. Жүріңдер, бірге қарсы алайық!» – деген Сәуле сыныптасымыздың көңілді, жарқын дауысы бұзып жіберді. Кеңескүл екеуміз әлі де бір-бірімізге күдікпен қарап, Сәуленің соңынан ере бердік.

 

Сыбаға

Қазақ теледидарында қызмет атқаратын белгілі журналист Өмірсерік Жұмановтың үйіне ел жақтағы ағайындары біршама ет әкеліп тастайды. «Қазақы бала – бала емес» демекші, Өмірсерік сойылған қойдың басын қалай үйітерін, соғымдық жылқының жарты етін қалайша бөлшектерін білмей, әбден әбігерге түседі. Төбе болып үйіліп жатқан етті тез жайғап тастамаса, бұзылып кететін түрі бар. Ертесіне жұмысқа келгенде соны ойлап, басы қатып отырды.

– Өмірсерік, жүз доллар жоғалтып алғаннан саумысың? Бірдеңеге қатты алаңдап отырсың ғой, – дейді мұны аңғарып қалған Рыскүл деген әріптесі.

Балажанды, ақ көңіл Өмірсерік осындай да, осындай деп барлық жағдайды айтып береді.

– Осыған бола басыңды қатырып жүрген сен де қызық екенсің, – дейді Рыскүл күліп. – Қойдың басын өткір үлкен қайшымен тықырлап қырық та, газдың қалпақшасын алып таста, сонда ғана бас біртегіс үйітіледі. Ал, жылқының ірі сүйектерін балғамен тарсылдатып шауып, көршілеріңді шошытқың келмесе, кәдімгі қол арамен аралап бөлуге болады.

Қызметтес келіншектің кеңестерін миына әбден тоқып алған Өмірсерік жұмыстан келісімен, бүкіл етті жайғастырып, тұздап тастайды. Бұған Өмекеңнің келіншегі таң-тамаша қалады.

– Қолың қолыңа жұқпайды ғой өзіңнің. Ет жайғағанды бір күннің ішінде кімнен үйреніп жүрсің? – дейді ол.

Келіншегінің сырын Құдай қосқан қосағы жақсы біледі, барып тұрған қызғаншақ, қараптан-қарап жүріп, кейде ызыңдаған шыбыннан да қызғанатыны бар. Осының бәрін қызметтес Рыскүл деген келіншек үйретті деп шынын айтса, сау басына сақина тілеп алмақ.

– Бізде Рысбек деген жігіт бірге қызмет атқарады. Өзі ет жайғаудың нағыз шебері екен, соның айтқанымен жайғастырып жатқаным ғой, – дейді Өмірсерік.

Арада бір апта өткен соң, Өмекең бірнеше адамның басын қосып, соғым басын бермек болады.

– Өмірсерік, бірге жұмыс атқаратын әлгі Рысбек деген әріптесіңді де қонаққа шақыра салайық. Ол болмаса қолдағы етті бұзып алар едік, – дейді Өмекеңнің келіншегі. Бұл ұсыныстан Өмірсерік шошып кетеді.

– Керегі жоқ! – дейді ол азар да безер болып. – Рысбектің етті жақсы жайғайтынына ешбір дау жоқ. Бірақ, аузына сәл арақ тисе, мінезі шатақ құсайды. Ішіп алып, есік-тереземді бұзып жүрер…

 

Камал жіберген 50 сом

«Қазақ әдебиетінде» қызмет атқаратын белгілі ақын-жазушылар Кеңшілік Мырзабеков пен Сейітқазы Досымов бір бас қосуда шамадан тыс сілтеңкіреп жіберіп, ертесіне бастары ауырып, жұмыста әрең отырысады.

Бас жазайын десе, екеуінің де қалтасында көк тиын жоқ. Жайшылықта бір ашылып, бір жабылып, тыным көрмейтін үлкен есік те бүгін тым-тырыс. Екі достың осылайша онша мазасы болмай отырғанда, «Алатау» телеарнасында редактор болып қызмет атқаратын Жұмаш Кенебай жирен мұртын шиырып кіріп келеді.

– Жұмаш, – дейді Кеңшілік аман-саулықтан соң. – Бас жазатын бірдеңең бар ма? Сейітқазы екеуміз сәл болмаса өлгелі отырмыз.

– Сендерден аяғанды ит жесін, – дейді Жұмаш. – Бүгін менің де қалтамда көк тиын жоқ еді. Дегенмен, біреуге телефон қоңыраулатып, қарыз сұрап көрейін.

Жұмаш көк көзін көкшитіп, қалтасынан бір шеті жыртыла бастаған блокнотын қолына алып, шұқшия қарай бастайды.

– Кімнен қарыз сұрасам екен, – дейді Жұмаш қойын кітапшасын әрі-бері парақтап. – Еңліханда ақша жоқ. Саниязбекте бар болса да бермейді… Ә, таптым, ең дұрысы Камал ағадан сұрап көрейін.

Сол жылдары теледидар және радио хабарлары жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Камал Смайылов болатын. Бүкіл Республикаға аты белгілі, беделді адамның атын естігенде, Кеңшілік пен Сейітқазы кәдімгідей шошып қалады.

– Жұмаш, үлкен адамнан ұят болып жүрмесін, – дейді Кеңшілік.

– Иә, иә, ыңғайсыз болып жүрер. Басқа біреуден сұрағаның жөн болар, – дейді Сейітқазы да екі көзі жыпылықтап.

– Камал бөтен емес, өз ағам ғой, – деп Жұмаш телефон сандарын тез-тез теріп, сөйлесе бастайды.

– Камал аға, Мен Жұмашпын. Жазушылар үйінде тұрмын. Сізде бар болған соң сұрап тұрмын, маған 10 сом өте қажет болып тұрғаны. Иә, шопырдан беріп жібергеніңіз дұрыс болар еді. Мен шыға берісте күтейін.

Телефон тұтқасын қойып жатқан Жұмашқа Кеңшілік пен Сейітқазы мынауың нағыз жүрек жұтқанның өзі ғой дегендей, таң қала қарап қалады.

– Үшеумізге екі жартылық жете ме? – дейді Жұмаш сыртқа қарай бет алып.

– Жетеді, жетеді, – дейді бастары сынып отырған екі дос жерден жеті қоян тапқандай қуанып.

Жұмаш сыртқа шығып кеткенде, Кеңшілік басын шайқап, таңдайын қағады.

– Біз қарызға ақша сұрамақ түгіл, Шерхан ағаның жанына жақындай алмаймыз. Ал, Жұмаш Камал ағадан шопыры арқылы ақша алдырады. Нағыз демократия деп осыны айт!

Марқұм ақкөңіл Кеңшілік пен Сейітқазы Жұмаштың бұл «ерлігін» көпке дейін ауыздарынан суы құрып айтып жүрісті.

Әлгі он сомды шопыр арқылы беріп жіберген жомарт «көкенің» ұйғыр редакциясының меңгерушісі, журналист Камал Васильев екендігін Кеңшілік те, Сейітқазы да, әрине, білген жоқ.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

жазушы-режиссер,

Қазақстанның еңбек

сіңірген қайраткері