АУҒАННЫҢ АСУЫНДА ОТ КЕШКЕНДЕР

Тарих
2 327 Views

Ауғанстан… Соғыс… Қаншама жастың өмірін қыршын қиды, қаншасын мүгедек етті, қаншамаананы перзентінен, сүйікті жар мен баланы күйеуі мен әкесінен айырды. Бұлсандарды дөп басып айту қиын, өйткені қас қағым сәттегі және өмір бойы «Ауғансоғысының вирусымен» зақымдалған қайғыны цифрлармен өлшеуге, өмірді ешнәрсеменсалыстыруға болмайды.

Сол 1979 жылдың 25-ші желтоқсанында КСРО Саяси бюросы Ауғанстанға Кеңес әскерлерін кіргізуді қолдағанда, алақандай көк аймақтар мен мидай сары құмы бораған алпыстағы шалынан бесіктегі баласына дейін қаруланған елге өрімдей жас жігіттерді «интернационалдық борышын өтеуге» аттандырды. 1989 жылы 15 ақпанда Кеңес әскерлерінің шектеулі құрамы Ауғанстан жерінен толық шығарылды. Бүгінде бұл тарихи оқиғаға 32 жыл толып отыр.

Осы 10 жылға жуық созылған жарияланбаған соғыста қаншама ауырлықты бастарынан кешкендерін көз алдымызға келтіру, бізге осы күнге дейін қорқынышты. Бауыржан атамыз айтқандай «өлімнен тек ақымақ қана қорықпайды». Бұл соғыстағы біздің ұрпақтың әрбір күнін ерлікке санауға әбден болады деп есептеймін. «Уақыт жараға емші» дейді халқымыз. Солай да шығар. Дегенмен ұлының өліміне сенбей, оның аман-есен оралуын күтіп, жазған хаттарын жаттап, қаңғыған оқтың ұлына дарымауын Алладан сан рет сұраған, енді ғана азамат қатарына қосып, ер жеткіздім, енді үйлендіріп, үй-жайлы етіп, немере сүйсем деген арманы орындалмаған ананың жүрегіндегі жараны уақыт емдей алар ма екен? Меніңше жоқ. Өйткені, ұлының құрдастарын көргенде, жалғыз қалып ойға шомғанда жара аузы тырналмай ма? Басқа азаматтар ауған соғысын ұмытқан да болар. Себебі, бұл соғыс барлық шаңыраққа қасірет әкелген жоқ. Ал перзенті күні-түні артиллерия залпының, снарядтар мен мина жарылысынан құлағы тұнған, әр қадамы соңғы болуы мүмкін болған, соңғы қадамы да болып, перзенті шаңырағына ешқашан оралмайтын аналар, олардың бауырлары мен ауған соғысының ардагерлері бұл соғысты ешқашан ұмыта алмайды. Бір жағынан қазіргі таңда ауған қасіретін әлем деңгейіндегі ащы сабақ десе, Кеңес үкіметінің шешімін саяси қателік деп жүр. Кім не десе де жеңіліс саясаткерлердікі, Жеңіс «Отан үшін» деген ұранды жүрегіне жалау етіп, әскери антына берік болған, жауынгерлік парызын адал орындаған офицерлер, прапорщиктер, сержанттар мен қатардағы жауынгерлердікі. Мыңдаған жастарымыздың өмірін қыршын қиған саясаткерлердің мұндай қателігі ешқандай мемлекеттің тарихында орын алмасын. Біздің жастарымыздың маңдайына өзге елдің проблемасын шешуге аттандыру жазбасын.

Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін сол кездегі Кеңес Үкіметі соғыс ардагерлерін алдыңғы қатарға қойып, ол азаматтарды барлық салаға тарта білді. Ауған соғысы ардагерлерінің тағдыры «Мызғымас Одақтың» күйреп, еліміздің егемендік алған, экономикасы әлсіз тұсына келіп, реабилитациялық кезеңнен өтпей, тағдыр тәлкегінде қалды. Олар халыққа «Ауғандықтар» деген атпен танылған, тағдыр тәлкегіне мойынсынбай, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің патриоттық тәрбиесін бойына сіңірген, Елбасының Жолдауында айтқан «Қазақстандық патриотизм» ұғымын терең сезінетін, сол патриоттық рухты келешек жастардың бойына сіңіруде қызмет етіп келе жатқан ауған соғысының ардагерлері!

Орыстың ойдан шығарған «Валентинасын» махаббат символы етіп көрсетіп жастардың миын улағаннан, ҚР Үкіметінің қаулысымен мемлекеттік мерекелер санатына енген «15 ақпан Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылған күні» меркесіне негізделген соғыстың қасіреті арқылы, өзінің әскери антына берік болып қаза болған, бүгінде көзі тірі Ауған соғысы ардагерлерінің әскери жолдарын өнеге етіп, жастарды отансүйгіштік-патриоттық сезімге баулу еліміздің келешегі үшін маңызды деп ойлаймын.

Талай шаңырақты шайқалтып, мыңдаған адамды қыршынынан қиған, Ауған жеріндегі ұрыс даласынан Кеңес әскерінің шығарылғанына биыл – 32 жыл. Осыған орай, бүгін соғыс ардагерлер аллеясындағы жауынгер-интернационалистердің ескерткішіне облысымыздың барлық өңірлерінде әкімдер мен ауған соғысының ардагерлері және зиялы қауым өкілдері гүл шоқтарын қойып, зұлмат соғыста бақилық болғандарды 1 минуттік үнсіздікпен еске алды. Адамзат баласы үшін соғыс қаралы ұғым. Өйткені, қасіреті мен тауқыметі аяққа нық тұрған елдердің өзін есеңгіретіп жібереді. 10 жыл 238 күнге жалғасқан Ауған жеріндегі сұрапыл соғысқа, Түркістан облысынан 2500-ге жуық жауынгер аттанып, 68 азамат құпия соғыста мәңгілікке көз жұмды. 15 ақпан кеңес әскерінің ұрыс даласынан шығарылғанына 32 жыл толуына орай әр жауынгердің отбасына 40 айлық есептік көрсеткішті құрайтын материалдық көмек берілді.

Мұндай іс-шара Шардара ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде жалғасын тауып, салтанатты жиын өтті. Жиында, аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Р.Бекмуратов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Таласов, Шардара ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Е.Жұманов және Ауған соғысы мен Тәжік-Ауған шекарасындағы соғысқа қатысқан бірқатар ардагерлер қатысты. Салтанатты шарада ауданның қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник Е.Жұманов Ауған соғысы мен Тәжік- Ауған шекарасындағы болған қақтығыстар жайында қысқаша баяндама жасады.

Сондай-ақ, сұрапыл соғыстарға қатысып, ерлік көрсеткен ардагерлеріміздің жанкешті істерін тілге тиек етіп, өскелең ұрпаққа патриоттық тұрғыдан сарқылмас өнеге екендігін атап өтті. Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев ардагерлерге бейбіт күн үшін ыстық ықыласын білдіріп, арнайы аудан әкімінің атынан Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығысқа қатысқан ардагерлер кеңесінің төрағасы мен басқа да ардагерлерге Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыстады. Сонымен қатар, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Р.Бекмұратов та құттықтау сөз сөйлеп, бірнеше соғыс ардагерлеріне бағалы сыйлықтар табыс етті.

Оған қоса, Е.Жұманов Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, полковник Нұрмахан Бексейітұлының атынан ардагерлерді құттықтап, аудандағы Ауған соғысы ардагерлерінің төрағасы М.Жұмалиев Алғыс хат тапсырды. Жиын соңында сөз алған Ауған соғысы ардагерлер ұйымының төрағасы М.Жұмалиев және Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығысқа қатысқан ардагерлер ұйымының төрағасы Қосаев Дәндібай, қызыл жұлдыз орденінің иегері Сапарғали Мырзахметов салтанатты шараны ұйымдастырушыларға, аудан әкімдігінің басшылығына және қорғаныс істері жөніндегі бөлім ұжымына ризашылықтарын жеткізіп, алғыстарын айтты. Қазіргі таңда Шардара ауданында 37 Ауған соғысының және 24 Тәжік-Ауған шекарасындағы соғысқа қатысқан ардагер тұрады.

Жандос КУЛДЕРБАЕВ,

Түркістан облысы Қорғаныс істері жөніндегі

департамент бастығының орынбасары, майор.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *