БАЛАЛАРДЫ ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙМЫЗ?

Құқық
54 Views

Бүкіл әлемде 1 маусым – Балаларды қорғау күні ретінде аталып өтіп, ескі халықаралықмейрамдардың бірінен саналады. Оны өткізу жөнінде шешім 1949 жылдың қарашаайында Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясындақабылданды.

Алғашқы халықаралық балаларды қорғау күні 1950 жылы өткізілді БҰҰ аталған бастаманы дер кезінде қолдап, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырды.

Балаларды қорғау күні олардың өмірін соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа демократиялық негізде білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдегі озық пікірлердің тоғысқан арнасы десек, артық айтқандық емес.

Дәл осы күні болашақта адамгершілікке, әділдікке, баянды өмірге толы қоғам құру үшін оның негізі – балаларға барлық жағдай жасау қажеттігі тағы да паш етіледі.

БҰҰ-ның жүргізген сауалнамасына жүгінсек, бүгінгі таңда әлемде әрбір оныншы бала үлкендер тарапынан жасалатын зорлық пен зомбылыққа ұшырайды екен.

Әлемде өмірі қатерге толы балалар да баршылық. Аш-жалаңаштық, соғыс өрті, терактілер балалар ғана емес, үлкендердің де психикасына кері әсерін тигізеді. Бұл – қорғансыз балалардың басына түскен үлкен ауыртпалық екені шындық.

Жасөспірімдер арасында нашақорлар саны өсуде, олардың жартысынан астамы ішімдік ішуден де кет әрі емес.

Осылайша, Балаларды қорғау күні мереке ғана емес, сонымен қатар болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі. Адамзаттың алдында тұрған зор міндет – болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру.

Бұл күн – балалар үшін ерекше мейрам. Ол күні мерекеге орай арнайы ойын-сауық кештері, салтанатты шаралар өткізіледі. Алайда біз балаларды тек мерекесінде ғана қорғауымыз керек пе? Бала мейірімге бөленіп өсуі тиіс. Олардың бақытты балалық шағы үшін ата-ана ғана емес, қоғам да жауапты. Қорғансыз сәби, бейкүнә бүлдіршін зәбір көрмеуі үшін не істеген жөн? Біз балаларға қаншалықты қамқорлық көрсетіп жүрміз? Оларды құқықбұзушылық пен қадағалаусыздықтан қалай қорғап жүрміз? Осы мақалада аталған сұрақтың жауабы мен Шымкент қаласында балаларды қорғау күні қалай тойланғаны жайлы сөз қозғадық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қазақстандықтарды 1 маусым – Балаларды қорғау мерекесімен құттықтау тілегін айтты. Ол:

«Барша қазақстандықтарды Балаларды қорғаудың халықаралық күнімен құттықтаймын. Бұл – өскелең ұрпақтың амандығына, денсаулығы мен қауіпсіздігіне аға буын жауапты екенін еске салатын мереке. Еліміздегі әр бала мейірімге бөленіп, балалық шағын бақытты әрі қызықты өткізуге қақылы», – деп жазды Twitter-дегі парақшасында.

Бұрын балаларды зорлау қылмысы бойынша жаза мерзімі 15-20 жылдан басталып жоғары кете беретін. Енді 20 жыл және өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы болады. Бала өлтіргені үшін де сондай жаза қарастырылған. 2019 жылғы қыркүйек айындағы есеп бойынша ішкі істер органдары 1 350 педофил мен 2 831 зорлаушыны тіркеген. Ал кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін сотталған 1 575 адам түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатыр.

Одан бөлек, судьялар балаларға жасалатын азғындық та жыл сайын 1-2 пайызға артып келе жатқанын айтады. Сорақылығы сол, кейбір ересектер науқас балалардың әлсіздігін пай­даланып, оларға ойына келген ісін жасайды. Көп жағдайда баланың анасы қылмысты біле тұра, отбасының тыныштығын сақтау үшін ол туралы құзырлы органдарға шағымданбайды екен.

Сонымен қатар педофилия бойынша айғақтарды бұрмалағаны, жасырғаны үшін, жасырып қана қоймай, біліп тұрып хабарламағаны үшін де жауапкершілік көзделген. Бұл әрекеттер ауыр қылмыстар санатына кіреді. Мысалы, баланың зорланғаны туралы хабар бермегендер 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қазақстанда 12 мың бала берекесіз отбасында тәрбиеленіп жатыр. Мектепте оқу жылы аяқталып, балалар жазғы каникулға шыққан кезде далада жиі жүреді. Осы уақытта полиция кәмелет жасына толмағандарға алкоголь, темекі өнімдерін заңсыз сату, олар­дың түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында, адам тұруға жарамайтын үйлерде жүру фактісін анықтауға кіріседі.

Аталған фактілер бойынша биыл әкімшілік жауапкершілікке 1 500-ден астам кәсіпкер, 500-ге жуық көңіл көтеру мекемесінің иесі тартылған. Сонымен қатар 2 мыңға жуық ата-ана баласына қарамағаны үшін ескерту алса, 300 адам ата-ана құқығынан айырылған.

Бұл мәліметтер «Баланы кімнен, неге қорғаймыз?» – деген сұрақтардың жауабы деп ойлаймыз.

Шымкент қаласы бойынша 1 маусым – Балаларды қорғау мерекесі қарсаңында атқарылған шараларға тоқталсақ:

АҒЫМДАҒЫ ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 48 ЖЕТІМ БАЛА БАСПАНАМЕН ҚАМТЫЛҒАН

Бүгінде Шымкент қаласы бойынша 29 жасқа дейінгі 1698 бала тұрғын үй кезегінде есепте тұр. Оның ішінде кәмелетке толмаған балалар саны – 589-ды құрайды. Бұған дейін 2016-2018 жылдары тұрғын үй кезегіндегі 345 бала, 2019 жылы 108 бала баспанамен қамтылып, республика бойынша алғашқы 3-орынға шыққан болатын.

Сонымен қатар былтырғы жылы мектеп бітірген 46 тәрбиеленуші жоғары және орта арнаулы оқу орындарына оқуға түсіп, тегін білім алуда. Оның ішінде 30 – мемлекеттік грант, 10 – колледж гранты, 2 — оқу орны ректорының грантына түссе, 4 – басқарманың қаладағы жоғары оқу орындарымен жүргізілген келіссөздердің қорытындысымен берілген. Биыл 64 бала 9-сыныпты, 57 бала 11-сыныпты бітірмек. Олардың білім алуына басқарма тарапынан жағдайлар жасалып, ұлттық біріңғай тестілеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің санын азайту мақсатында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар отбасыларға қорғаншылық, қамқоршылық, патронаттық тәрбиеге берілуде. Бұл балалардың «үйдегідей» отбасында тәрбие алуына, отбасылық өмір мен нарықтық жағдайға бейімделе отырып, өмірлік жолын табуға оң септігін тигізбек.

БАЛАЛАР КҮНІНДЕ АЗ ҚАМТЫЛҒАН ОТБАСЫЛАРҒА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

1 маусым – Балалар құқықтарын қорғау күніне орай «Нұр Отан» партиясы Шымкент қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов қаладағы бірқатар аз қамтылған көп балалы отбасыларға барып, мерекелерімен құттықтады. Бұл игі іс, ең алдымен, Әл-Фараби ауданына қарасты 21 шағынаудан, 22 үй, 48 пәтерде тұратын көп балалы ана Гүлчехра Егембердиеваның отбасынан басталды.

Бірінші орынбасар бұл отбасыға азық-түлік жиынтығы, киім-кешек және сыйлықтар тапсыра отырып, мерекелерімен арнайы құттықтады.

– Балалар, мерекелеріңіз құтты болсын! Мен де дәл сіздердей көп балалы отбасында өмірге келгенмін. Үйде он жанбыз, соның тоғызыншысымын. Сол себепті ағаларымның киімін киіп өскенмін. Яғни, үлкен отбасының қызығы мен тәрбиелік мәні көп. Бұйырса, осылардың арасынан жақсы азаматтар, мықты мамандар шығады. Сіздерді төрге сүйрейді. Үлкен-үлкен үйлер салып береді, – деді Б.Мәделіұлы.

Ал БАҚ өкілдеріне пікір білдірген сәтте Б.Нарымбетов: «Мереке күнінде балаларды қуанышқа бөлеу – бізге үлкен абырой. Бұлай жақсы көңіл-күй сыйлауға тырысқанымыз балалардың көңілінде болашаққа деген үлкен сенім ұялатуы мүмкін. Олардың көңілі тым нәзік. Сол себепті ел өздерімен бірге екенін сезінгенін қалаймын. Бұл орайда бізге демеушілік танытып жүрген нұротандық кәсіпкерлерге рақмет айтамын», – деді ол.

Осы ретте алғысын жаудырған анаға бірінші орынбасар: «Нұр Отан» партиясының ұстанымы – осы, мұқтаж жандардың мұңын тыңдап, оларға көмек қолын созу. Дәл бүгін перзенттеріңіз бізбен суретке түсіп жатса, ертең сіздің балаларыңызбен суретке түсуге құмар жандар көбейсін. Бірі – әкім, бірі чемпион болсын! Бастысы, елге еңбегі сіңсін», – деп жауап қайтарды.

Өз кезегінде көп балалы ана мерекемен құттықтап келген нұр отандықтар мен БАҚ өкілдерін сүйінші хабармен қуантты. Гүлчехра Егембердиева оныншы перзентіне аяғы ауыр екен.

– «Нұр Отан» партиясы еш көмегін аяған емес. Мереке сайын елеп тұрады. Өткен жолы «Біз біргеміз» акциясымен 50 мың теңге берді. Атаулы әлеуметтік көмек және көп балалы ана ретінде жәрдемақы аламыз. Мемлекеттің осылай қолғабыс білдіруі арқасында алты ұл, үш қыз тәрбиелеп отырмыз. Екеуі – студент, екеуі кішкентай, бесеуі мектепте оқиды. Осы орайда бүлдіршіндерді бүгінгі мерекелерімен құттықтап, әр бала мейірімге және бақытты болуға лайық екенін айтқым келеді, – деді аяулы ана.

Аталған отбасы пәтер жалдап тұрады. Көп балалы ана ретінде тіркелген үй кезегі (585) жақындап қалған. «Бұйырса, биыл баспаналы боламыз!» деп үміттеніп отыр. Ал жолдасы жайлы айтсақ, жұмыс істейді. Табысы – 60 мың теңге. Өзі бала тәрбиесінде.

Айта кетейік, бүгінгі көмек барысында қаламызда аз қамтылған отбасылардағы 150 балаға киім берілді. Жалпы, қалада аз қамтылған 17 593 отбасы, ал көп балалы 50 500 отбасы бар.

БАЛАЛАРДЫ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖАҢА КОРПУСЫ АШЫЛДЫ

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай қаладағы №2 оңалту орталығының жаңа корпусы ашылды. Жаңа корпус 60 төсек-орынға лайықталған.

Орталықта неврологиялық ақауы бар және кардиохирругиялық, ортапедиялық отадан кейін балалар оңалту емін алады. Бұл үшін мұнда медицина мамандары балаларға физиотерапиялық емнен бастап, гидроәдіс, массаж және логопед пен психологтың қызметін көрсетеді. Сондай-ақ емдеу мекемесінде мамандар монтессори жүйесі бойынша жұмыс істейді.

Тағы ескерерлігі, өз еркімен қимылдай алмайтын балалар арнайы анықтама қағазы арқылы ата-анасымен келіп орталықта ем қабылдай алады.

Бала қамқорлық пен қорғау бұл күні ғана емес әркез мұқтаж. Ол қоршаған ортасына қарап өседі. Өзінің құрбы-құрдастарына қарап еліктейді. Біреу бай болып, өзі кедей болса жан дүниесі қалай құлазымасын? «Ақша», «байлық» дейтін түсініктердің дәуірі жүріп тұрған заманда, жақсы тұрмыс, қалың қалта бүгінде жас баланың да санасын улайды. Оның үстіне, жұмысбасты болып кеткен ата-ананың да перзентінің өмірін қадағалайтын мүмкіндіктері аз. Қысқасы, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың туындау себебін қоғамдық жағдайлардан, әлеуметтік себеп-салдардан, тәрбиелік жұмыстардың әлсіздігінен көруге болатын шығар. Дегенмен, бұл бағытта атқарылатын жұмыстар да аз емес екенін де ескеруіміз керек. Тәрбие беріледі, қылмыстың алдын алу шаралары, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Оның бәрі қылмыстың азаюына ықпал жасауы мүмкін,бірақ, оны түбегейлі жойып жібере алмайтыны ащы да болса ақиқат. Неге? Өйткені, кәмелетке толмаған баланың өмірге деген көзқарасы әлі дұрыс, түбегейлі қалыптаспаған. Себебі, ол сондай өтпелі кезеңді басынан өткеруде. Сол сияқты, баланың өмірі қоғамның назарынан тыс қалған уақытта, басына не кіріп-шықпайды? Сондай-ақ, бұған бүгінде қай-қайсымыз емін еркін кіріп, қалағанымызды біліп алатын ғаламтор мен қылмыс жасаудың қиын еместігін көрсететін сан алуан шетелдік кинолар мен сериалдарды қосыңыз. Сол себеті де бүгін баршамыздың ортақ міндетіміз осы қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алып баланың болашағын жарқын ету үшін жұмыла еңбек ету.

Шуақ НҰР.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *