ГЕНЕРАЛ ВАТУТИННЫҢ АСПАЗЫ

Таным Тарих
1 459 Views

«Отан алдындағы күнәмді қаныммен жуамын. Мені майданға жіберулеріңді сұраймын» деп Сталинге хат жазғандардың бірі – менің әкем Тұрлыбек Дәуірбаев болатын. Әкем көп ашыла бермейтін біртоға жан еді. Бесінші не алтыншы сыныпта оқитын кезім, көркем әдебиетке құмармын. Әсіресе, соғыс тақырыбына жазылған кітапты көп оқимын. Партизан жазушы Қасым Қайсеновтың «Жау тылындағы бала» повесі маған керемет ұнады. Үш қайтара оқып шықтым. Кілең орыс ағайындар тұратын үлкен колхоздың шағын бөлімшесінде бригадир болып еңбек ететін әкемнің Ұлы Отан соғысына қатысып, сол қолынан айырылып, мүгедек болып оралғанын анам марқұм айтып отыратын. «Әкелерің мына жалған өмірден не көрмеді десеңші! Аштықты, түрмені, соғысты бастан кешірді. Бір қолы жоқ, денсаулығы шамалы, сөйте тұрып, құр сүлдесін сүйретіп, колхоздың ешқашан да бітпейтін жұмысынан бір қалмайды. Қайтсін енді, алты ұл мен қызды асырау оңай дейсің бе? «Құдай жалғыз, мен жалғыз» демекші, әкең де, мен де жалғызбын. Сүйенетін ешкіміміз жоқ. Сендер аман болсаңдар, ер жетіп, ел қатарына қосылғандарыңды көрсек, екеуміздің арманымыз жоқ» деп отырушы еді Құлхан анам жарықтық.

Бірде Жеңіс күнінің қарсаңында мектептің қабырға газетіне әкемнің соғысқа қатысқаны, көрсеткен ерлігі туралы мақала жазбақшы болдым.

– Шырағым, сен мақтанатындай ешқандай ерлік жасаған жоқпын. Соғыс деген жаман нәрсе. Ол туралы айтқанды онша жарата бермеймін, – деп әкем ат тонын ала қашты.

Шағын ауылымызда Зұлпынбек деген әкем қатарлы көршіміз болды. Ол да Ұлы Отан соғысына қатысқан кісі. Елу шақты шаңырағы бар кішкентай ауылдан отызға тарта ер азаматтар майданға аттанып, үш-төртеуі ғана елге аман-есен оралыпты. Солардың екеуі– менің әкем мен Зұлпынбек ақсақал. Ақсақал деймін-ау, сол кезде бұл кісілер жастары елуден енді ғана асқан азаматтар еді. Олар бізге өмірден әбден шаршап-шалдыққан, еңсесі түскен шалдар болып көрінетін.

Анам қыс түссе боза дайындайды. Тарыдан жасалған бұл ішімдіктің кәдімгідей қызуы бар, бір-екі кесесін ішсең, Жуалының қысқы аязын елемей, қызара бөртіп жүресің. Бірде Зұлпынбек көрші біздің үйге келіп, әкем екеуі боза ішіп, әңгіме-дүкен құрып отырды. Ертеңгі болатын сабақтарымды пысықтап отырғанмын. Күркіреп өткен соғыс жылдары кеуделерімен оқ тосып, аяқтарымен от кешкен кешегі екі солдаттың қарапайым, шындыққа толы әңгімесі өзіне еріксіз тарта берді.

– Зұлпынбек, – дейді әкем күрсініп, – сенде арман жоқ қой! Ел басына күн туғанда әскер қатарына шақырылып, майданға құрметпен аттандың. Төрт жыл зеңбірекші болып, неміс фашистеріне талай рет атой салдың. Ерлігің үшін алған медальдарың кеудеңде жарқырайды. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» демекші, төрт мүшең сау, елге аман-есен оралдың. Ал, менің жолым өте ауыр болды. Өзің де жақсы білесің, ешбір кінәм жоқ болса да, шаш ал десе, бас алатын зәлім өкімет он екі жылға түрмеге қамады. Жеті жылға созылған ит тіршілігімді қас дұшпаныма да тілемеймін. Мұндай азапты өмір сүргенше, соғыста өлген әлдеқайда жақсы еді. Сондықтан да, қайта-қайта сұранып жүріп, Ұлы көсеміміз Сталинге хат жазып, 1943 жылдың наурызында майданға аттандым. Атақты генерал Рокоссовский қолбасшылық ететін Майданның айып полкінің біріне түстім. Майданда да бізді ешкім құшақ жайып қарсы ала қойған жоқ, ешкім адам қатарына қоспайды, үлкенді-кішілі командир біткен Отанын сатқандар деп иттің етінен де жек көреді, адам төзіксіз өшпенділікпен қарайды. Тәртіп өте қатал, қит етсең, ешбір сотсыз бұралаң итше атып тастаудан тартынбайды.

Бір айдай әскери дайындықтан өткен соң, біздің ротаны Воронеж қаласының маңындағы бір ұрысқа салды. Сенесің бе, Зұлпынбек, төрт солдатқа – бір мылтық. Өл, тіріл, немістер иелік етіп отырған стратегиялық маңызы бар деревняны басып алу міндеті тұрды. Қарсы алдымыздағы бақайшаларына дейін қаруланған жау әскері біздің сарбаздарды шөптей жусатып, қырып барады. Артқа шегінейік десек, бізді қойша айдап келе жатқан НКВД-ның солдаттары атып тастайды. Жан алысып, жан беріскен осы сұрапыл шайқаста біз жеңдік. Мықтылығымызбен емес, көптілігімізбен жеңдік. Мен есімді оқ-дәрі сасыған әскери госпитальда жидым. Дұшпан оғы сол қолым мен иығыма тиіп, құдай сақтап, аман қалыппын. Кейін естіп білдім, біздің ротадағы 150 солдаттың 130-ы сол шабуылда ажал құшыпты. Аман қалғандары 5-6 жауынгер ғана. Қалғандары әр түрлі дәрежеде жарақат алып, мен сияқты госпитальға түсіпті.

– Әй, Тұрлыбек-ай! Нағыз тозақтан аман қалыпсың ғой, – деді Зұлпынбек басын шайқап. – «Айыпты солдаттар» туралы соғыста жүргенде естігенім бар. Бәсе, соғыс туралы әңгіме болса, онша жақтыра бермейсің, оның мәнісін қазір ғана түсініп отырмын. Айтпақшы, атақты генерал Ватутинге қалай тап болып жүрсің? Сол жайлы сұрайын деп ылғи ұмытып кетемін.

– «Жыртық үйдің құдайы бар» деп халық бекер айтпаған ғой, көретін жарығым бар екен, – деп бір күрсініп алған әкем жүрегімде мәңгілікке жатталып қалған әңгімесін жайлап бастады…

…Қатардағы жауынгер Тұрлыбек Дәуірбаев әскери госпитальде екі айға жуық емделіп, майдан даласындағы өз полкына қайтуға дайындалып отырған. Палатаға жоғары шенді офицер асығыс кіріп, қолындағы қойын кітапшасына көз жүгіртті.

– Қызыл әскер Тұрлыбек Дәуірбаев осында ма?

– Иә, дәл солай жолдас майор, мен осындамын, – деп қазақ жауынгері орнынан тұра берді.

– Сен Қазақстаннансың ба? – деді офицер жақындап.

– Иә, жолдас майор.

– Сенің қолыңнан жылқы сойып, оның етін жайғау келе ме?

– Бұл шаруа ауылда өскен кез-келген қазақтың қолынан келеді.

– Олай болса тез жинал. Дәл қазір Воронеж Майданының Бас штабына жол жүреміз. Сөз осымен бітті дегендей майор есікке бет алып, солдат соңынан ере берді. Ертесіне ол Воронеж Майданы әскерлерінің қолбасшысы, атағынан ат үркитін армия генералы Николай Федорович Ватутиннің алдында отырды. Даңқы мен атағы жер жарса да, генерал қарапайым болып шықты.

– Қазақстанның қай жерінен боласың?– деді генерал сауал қойып.

– Оңтүстік Қазақстан облысы, Жуалы ауданынанмын, жолдас генерал.

– 1931 жылдары Фрунзе қаласына қызмет бабымен жолсапарға келгенім бар,– деді генерал алдында отырған солдатқа көз тастап. – Ол кезде Алматы мен Фрунзеге дейін темір жол жоқ. Қыстың кезі еді, үш ат жеккен шанамен Бурное деген темір жол станциясына екі күн жол жүріп, әрең жеттік. Москваға баратын пойызға сол станциядан отырдым. Бурное деп атын дәл қойыпты. Біз келгенімізде, ауа райы борандатып, сары аяз қылышын жалаңдатып тұрды. Нағыз Сібірдің қысы.

Жауынгер өзінің туып-өскен жерінің атын естігенде қуанып кетті.

– Бурное станциясы мен менің ауылымның арасы небәрі 7-8 шақырым,– деді Тұрлыбек екі көзі жыпылықтап.

– Солай ма? – деді генерал. – Оңтүстікке жататын бұл өңірдің ауа райы өзгешелеу екен. Айтпақшы, орыс тілін жақсы біледі екенсің, қайдан үйреніп жүрсің?

– Жуалыда Ресейден қоныс аударған орыстар көп тұрады. Жас кезімде орташа шаруашылығы бар бір орысқа жалданып, батрак болып жұмыс істедім. Тілді солардан үйрендім.

– Дұрыс, солдат, – деді Ватутин орнынан тұрып. – Сені мұнда не үшін шақырғанымнан хабарың бар ма?

– Дәл солай, жолдас генерал.

– 1931 жылдардың басында Сібір әскери округіндегі Бас штабта бірінші бөлімнің бастығы болып жүргенімде, талай рет Кемерова, Кузбас облыстарына қызмет бабымен барып жүрдім. Осы өңірде түркі тілдес қазақ, шор ұлттары тұратын. Мен әсіресе қазақтармен жақсы араластым, достыққа берік, адал халық. Салт-дәстүрлерінен де хабарым бар. Жылқының етін жеп, қымызын ішкен орыспын. Ас дайындаудың шебері ғой деп бір өзбекті өзіме аспазшы етіп алғанмын. Палау басқанды қатырады, бірақ ол достым еттің, әсіресе жылқының етінің мән-жайын білмейтін болып шықты. Осыдан бір ай бұрын қазы-қарта жегім келіп, бір жылқыны сой десем, Ресейде көлікке пайдаланатын үлкен жылқыны сойып, жайратып тастапты. Ондай жылқыда қазы-қарта қайдан болсын, кілең кесек-кесек қара ет, дәмі де онша емес. Сөздің қысқасы, сен менің жеке аспазымның бірі боласың. Күнде болмаса да, анда-санда жылқының етін жеп тұрайық, бауырым. Сені қазір адютантым Бас штабтың шаруашылық бөліміне орналастырады, – деп Воронеж майданы әскерлерінің қолбасшысы безектей жөнелген үлкен қара телефонға қолын соза берді.

Ертесіне Тұрлыбек генерал Ватутинның адютанттарының бірімен жақын маңайдағы атты әскер девизиясына барды. Майдандағы соғысқа жарамды аттардың таңдалып алынатындығын қазақ жауынгері жақсы білетін. Әбден тер сіңіп кеткен еркек жылқының еті қатты, дәмі де онша болмайды. Солдаттың көзі үлкен атқораның ішінде басын шұлғып тұрған екі-үш байталға түсіп, қуанып кетті.

– Мына байталдар қайдан жүр?– деді ол полк командирінің орынбасары майор шенді қазаққа бұрылып.

– Осыдан жарты жыл бұрын Қазақстаннан бірнеше вагон жылқы әкелінген болатын. Ондағы ағайындар шатасқан болуы керек, сәйгүліктердің арасынан 5-6 байтал шықты. Өзіңіз де білесіз, ұрғашы жылқы малы соғысқа жарамайды, амалсыздан ұстап отырмыз.

Кішкентайынан жылқы жануарының жанында өскен Тұрлыбек жас байталдың жанына барып, жалынынан сипады. Адам қолына үйреніп қалған жануар үрки қойған жоқ. Жас жоңышқа, жем жегені көрініп тұр, жұмырланып әбден семіріп алыпты.

Генерал Ватутиннің жеке аспазшысы желтоқсанның алғашқы аптасында қар басқан Ресей даласын басып келе жатып, алыстағы туған жері – Жуалының қысын есіне алды. Қыстың алғашқы күндерінде ауыл-ауылда жылқы сойылып, соғымның қызығы кішігірім тойға айналатын. Қуырдақ жеп, қысыр биенің қымызын ішкен күндерді есіне алғанда, солдаттың жүрегін сағыныш сезімі билеп ала жөнелді.

Үш күннен соң семіз байталдың біреуі пышаққа түсіп, генерал Ватутинның «соғымы» шүйгін шықты. Генерал айтқан өзбек жігіті жылқының етін жайғауды білмесе де, қамыр жаюдың нағыз шебері екен. Етке арналып жайылған нан жұп-жұқа болып шығып, сұлу қыздың ақ тамағындай үлбіреп тұрды. Үлкен қазандағы еттің бабымен пісуіне аспазшының өзі бақылау жасап, еттің көбігін қайта-қайта алумен болды. Семіз байталдың қазысы мен қартасы бөлек-бөлек пісірілді. Жалпақтау келген үлкен күміс ыдысқа салынған жас етке тұздық құюды да ұмытқан жоқ.

Соғым еті генералдың көңілінен шықты.

– Мұндай тіл үйіретін дәмді етті көптен бері жемеген едім. Жас жылқының етін дұрыс таңдапсың. Әбден бабына жеткізіп, дұрыс пісіріпсің. Жарайсың солдат!– деп жаңа аспазшының арқасынан қақты.

Қазақ халқы жылдың қай мезгілінде болмасын сойылған малдың етін жақсы сақтай білген. Тұрлыбек әкесі– Дәуірбайдан, әжесі – Қораздан жылқының етін жіліктеп бөліп жайғауды, сақтауды бала кезінен үйренді. Семіз шыққан байталдың етін мүше-мүшеге бөліп, қазыларын ішекке айналдырмастан бұрын, Қораз әжесінің үйреткеніндей бабымен тұздап, үлкен ағаш бөшкеге салып қойды. Тұзы әбден сіңген соң, бір тәуліктен кейін етті шығарып, арнайы жасалған ағаш белдеуге ілді. Қартаны қайта-қайта мұқият жуып, тұздауды ұмытқан жоқ.

Сталинград түбіндегі үлкен жеңілістен кейін неміс басқыншыларының беті қайтып, жүні жығылып қалды. Майдан батысқа қарай бет алып, Кеңес әскерлерінің жеңіске деген сенімі артты. Аспаздың бір аңғарғаны: жауынгерлердің де, командирлердің де көңіл-күйі көтеріңкі. Соғыс басталғанда айып полкына тап болған қатардағы солдат соғыс өнерін, оның стратегиясы мен тактикасын қайдан біле қойсын. Өзі білетін солдаттар да, әртүрлі шендегі командирлер де: «Біздің Қолбасшымыз қазіргі заманның Кутузовы, Суворовы. Өте сауатты генерал. Әскери тактикасы өте мықты, майдан даласын әрқашан да дұрыс болжай біледі, орынды шешім қабылдайды. Біздің генералды Сталиннің өзі, Жуков, Рокосссвский сияқты даңқты маршалдар мойындайды. Әрине, соғыс кезіне темірдей тәртіп керек. Дегенмен, генерал ешкімнің ала жібін аттамайды, өте әділ кісі, қара қылды қақ жарады. Ең бастысы – солдаттардың қамын ойлайды: тамағы тоқ, киімдері бүтін, жылы болсын деп отырады. Командирлерден де осыны талап етеді. Сондықтан да, генерал Ватутинді бәріміз туған әкеміздей жақсы көреміз, – деп мақтанышпен сөз етеді.

Армия генералы 1943 жылдың 20 октябрь 1-ші Украина Майданы әскерлерінің қолбасшысы болып тағайындалып, Бас штабтың жанындағы шаруашылық бөлімінің бірнеше адамдарымен бірге өзінің жеке аспазы Тұрлыбек Дәуірбаевты да алып кетті.

«Құмырсқа жолыңды біл, Аяз би әліңді біл» демекші, аспаз генералдың алдына орынсыз жиі бара бермейді. Генералға арнап, аптасына бір рет қазақтың ұлттық тағамын дайындап, ет асады. Николай Федорович Ватутиннің дастархан мәзірінде күнделікті қазы-қарта болуы тиіс. Аспаз барлық мәселелерді генералдың адютанты, майор шенді офицермен шешіп отырады. Қолы бос кездерде асханаға отын тасып, оны дайындаумен айналысады. Жақын маңайда жылжымалы наубайхана бар, сонда барып, нан әкеліп тұрады.

Бас штабтан арнайы нұсқау түскен болу керек, аспазшы Тұрлыбек Дәуірбаевқа арнайы тапсырыс бойынша әскери киім тіккізілді. Лавсан матасынан тігілген гимнастерка мен шалбар бойшаң келген солдатқа жарасып, қона кетті. Аяғында жап-жаңа хром етігі, үстіндегі бушлаты, пилоткасы мен құлақшыны да өзіне жарасып тұр.

1943 жылдың 20 қараша күні армия генералы Ватутин аспазшы Дәуірбаевты өзіне шақыртты. Қолбасшының көңіл-күйі көтеріңкі екен. Солдаттың жағдайын сұрап, әдеттегідей жарайсың деп арқасынан қақты. – Тұрлыбек, – деді генерал солдаттың атын атап. – Үш күннен соң бізді майданға Жуков, Рокоссовский бастаған бірнеше маршалдар мен генералдар келеді. Басқа тағам да жеткілікті ғой, бұл жолы мәртебелі қонақтарға арнайы жылқы сойып, жақсылап күтіп жіберейік. Қазақша айтқанда, соғым басын берейік. Еті қоңды, бір жас жылқы тап, солдат!

– Құп болады, жолдас армия генералы.

Ертесіне генералдың аспазы атты әскер девизиясына барып, семіздіктен жарылайын деп тұрған құланды таңдап алды. Мәртебелі қонақтар келетін күні бүкіл шаруашылық бөлімі зыр жүгіріп, жан-жақты дайындалды.

Жуков бастаған кілең қызыл жағалы маршалдар мен генералдар дәл уақытында келіп, дастархан басындағы отырыс енді қыза бергенде, көзі алақтап, Қолбасшының адютанты жүгіре жетіп келді.

– Дәуірбаев, киіміңді ауыстырып, тез менімен бірге жүр! Сені Советтер Одағының Маршалы Жуков шақырып жатыр!

Атақты Маршалдың есімін естігенде аспаз бірдемені бүлдіріп қойдым ба деп қатты шошып кетті. Тез әскери киімін ауыстырып, майордың артынан ере берді. Аспаз арнайы жабдықталған үлкен асхана бөлмесіне жүрексіне кірді. Кең жайылған дастарханның төрінде отырған Маршалға көзі түсіп, екі аяғы дірілдеп, маңдайынан суық тер бұрқ ете түсті.

– Жолдас Советтер Одағының Маршалы! Қатардағы жауынгер Тұрлыбек Дәуірбаев сіздің шақыруыңыз бойынша келіп тұр!

– Вольно! – деді Маршал. -Бүгін 1-ші Украина Майданы әскерінің қолбасшысы, армия генералы Ватутин бізге керемет таңсық ас ұсынды. Мұндай дәмді етті сен дайындапсың, жарайсың солдат!

– Советтер Одағына қызмет етемін!,– деді Тұрлыбек сымдай тартылып.

– Мына батырға жүз грамм спирт құйыңдар,– деді Маршал жанында отырған полковникқа бұйыра сөйлеп.

Ішімдікке қол созған аспазшының көзі қатар отырған Ватутин мен Рокоссовскийге түсті. Қос генерал жылыұшырай көз тастап, ризалық сезіммен қарап қалыпты. Солдат маршал ұсынған спиртті ішіп, рахметін айтып, сыртқа асығып шыға берді…

Соғыстың аты – соғыс. Бүгін барсың, ал ертең жоқсың, бәрі де бір құдайдың қолында. Егер армия генералы Николай Федорович Ватутин ажал құшпағанда, Тұрлыбек Дәуірбаевтың Берлинге дейін бірге барып, Жеңіс таңын қарсы алуы ғажап емес еді. 1944 жылдың 29 наурызында бірінші Украина Майданы әскерлерінің қолбасшысына дұшпандар қастандық жасады деген суық хабар келді. Есіл ер 14 сәуір күні Киев қаласындағы госпитальда көз жұмды.

«Құдайсыз қурай да сынбайды» деген рас болып шықты. Дәл сол күні Бас штабтың маңындағы наубайханада нан кезегінде тұрған генерал Ватутиннің аспазы– Тұрлыбек Дәуірбаевқа қаңғыған жау оғы тиіп, қатты жараланды. Екі айдан астам уақыт емделген соң, ол әскер қатарына жарамсыз деп табылып, алыстағы Жуалысына оралды.

…60 жыл бұрын туған әкемнің аузынан естіген осы әңгіме бүгінге дейін көңілімде сайрап тұр. Журналистер қатарына қосылып, бұл туралы жазуға талай рет талпындым. Бірақ, ол кезде қолыңда нақты дәлел-деректерің болмаса, еңбегің босқа кетеді. Цензураның да талабы өте қатал болатын. Тәуелсіздік алғалы бері көптеген деректерге қолымыз еркін жететін болды. 1-ші Украина Майданы әскерлерінің қолбасшысы, Советтер Одағының Батыры, армия генералы Николай Федорович Ватутин туралы көптеген деректі туындылар, естеліктер оқыдым, көркем суретті және деректі фильмдер көрдім.

Қолдағы деректерге сүйенетін болсақ, генерал Ватутин бұрынғы Воронеж губерниясы, қазіргі Белгород облысы, Валуйский ауданында 1901 жылы ортаң қолды шаруаның жанұясында дүниеге келген. Көп балалы жанұяда өскен болашақ генерал еңбекке ерте араласады. 1913 жылы Чепухино селосындағы бастауыш мектепті мақтау грамотасымен бітіріп, сол жылы Валуйский уезі, Уразово поселкасындағы комерциялық училищеге түсіп, білімін жалғастырады. Өкінішке орай, 1917 жылғы Қазан төңкерісіне байланысты оқуын үзуге тура келеді. Жастайынан жігерлі, қайратты болып өскен Николай Ватутин 1920 жылы қызыл әскер қатарына шақырылады. Ол қатардағы қызыл әскерден армия генералы дәрежесіне дейін өсіп, даңқты жолдардан өтті. Ұлы Отан соғысы жылдарында бірнеше Майдандарға қолбасшылық жасап, Кеңестер Одағындағы көрнекті генерал, әскери қайраткерлердің біріне айналды. Көрсеткен ерлігі үшін Кеңестер Одағының Батыры атанды.

Харков және Днепр бағыты бойынша жауға қарсы шабуыл жасауда армия генералы Николай Ватутин маңыздылығы ерекше болып келетін әскери операцияларға басшылық жасап, өзін нағыз қолбасшы, соғыстың стратегиясы мен тактикасын жан-жақты меңгерген сауатты генерал екендігін көрсете білді. Фельдмаршал Манштейн басқаратын «Юг» атты армия тобын қоршауға алып, тас-талқан етіп жеңуде генерал Ватутин үлкен тапқырлық танытты. Сталинград түбіндегі шешуші шайқаста, Курск маңындағы арпалысқан соғыста, Киевті неміс фашистерінен азат етуде армия генералы Николай Федорович Ватутин ерекше әскери талантымен жарқырап көрінді, талайларды мойындата білді.

Армия генералы Ватутин туралы Советтер Одағының Маршалы, үш мәрте Советтер Одағының Батыры атанған Г.К.Жуков өзінің естелігінде: «Армия генералы Н.Ф. Ватутин 1944 жылдың 29 ақпанында жанына ерткен серіктерімен екі машинаға отырып, алдағы болатын соғыс операцияларын тексеріп, талдау үшін 60-шы армияның майдан даласына бет алды. Жол үстінде Украина ұлтшылдарының диверсиялық тобы оқ жаудырып, қастандық жасады. Ватутин жанындағы офицерлермен бірге машинадан шығып, ұлтшылдармен атыса бастады. Атыс кезінде генерал ауыр жараланып, шұғыл түрде Киевтегі әскери госпитальға жеткізілді. Әскери дәрігерлер қаншама тырысса да, даңқты генералдың өмірін сақтай алмады», – деп жазды.

Ал, 1965 жылы жарық көрген «Всемирная история» кітабының 10-шы томында: «1-ші Украина Майданы әскерлерінің қолбасшысы, армия генералы Николай Федорович Ватутиннің Украина ұлтшылдарының қолынан жараланып, қайтыс болды деген сөз шындыққа сәйкес келмейді. Генерал Ватутин және оның серіктеріне қастандық жасаған неміс фашистері» – деп жазады. Осы пікір белгілі кинорежиссер Ю.Н.Озеровтың «Освобождение» киноэпопеясының «Направление главного удара» фильмінде нақты дәлелдене түседі.

Иә, есіл ер қапыда мерт болды. Халық өз батырларын ешқашан да ұмытпайды, есімдерін қастерлеп өтеді. 1948 жылы даңқты генерал Николай Ватутиннің бейіті жатқан жерге биіктігі 8,55 метрлік еңселі ескерткіш орнатылды. Мен 1968-1970 жылдары Украинаның астанасы – Киев қаласында әскери борышымды өтеп жүргенімде, Днепр өзенінің жағасындағы Ұлы Отан соғысының қаһарманы, генерал Н.Ватутиннің ескерткішіне арнайы барып, тағзым еттім. Елге оралғанда бұл туралы әкеме айтып бердім. Әкем: «Жарықтық жақсы адам» деп іштей күбірлей берді.

Даңқты генералдың парасаттылығы, зиялылығы, көрегендігі, үлкен адамгершілік қасиеті туралы көп жазылды. Әкем айтқан деректер даңқты генералдың өткен өмірімен дәлме-дәл сәйкес келіп, мен қатты қуандым.

Армия генералы Николай Федорович Ватутин өзінің күнделігінде: «Бас штабтың жанындағы шаруашылық бөлімінде жылқы етін керемет дайындайтын бір қазақ солдаты болды» деп жазыпты. Ол солдат менің әкем – Тұрлыбек Дәуірбаев екендігіне еш күмәнім болмады.

Осыдан екі жыл бұрын сол кездегі Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың игілікті бастамасымен Тараз қаласының Жеңіс паркінде Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің есімдері жазылған Даңқ Мемореалы ашылды. Сол есімдердің арасында менің әкем – Тұрлыбек Дәуірбаев пен оның туған інісі, Ұлы Отан соғысында шейіт болған Нұрлыбек Дәуірбаевтың да аты-жөні бар. Даңқ Мемориалы ашылған күні ұлым – Дәурен, немерем – Дінмұхамед үшеуіміз гүл шоқтарын қойып, есіл ерлердің рухына тағзым етіп, бас идік.

Доқтырхан Тұрлыбек,

жазушы, Халықаралық

«Алаш» әдеби

сыйлығының лауреаты

Алматы қаласы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *