«ЕКІ КИЛӘ АЛМА ЖӘНЕ СНИКЕРС»

Билік
149 Views

Белгілі сатирик-жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты жерлесіміз Доқтырхан Тұрлыбектің әзіл әңгімелері, қазақи қалжың мен юморға толы сатиралық туындылары мірдің оғындай уытты болып келеді. Қаламгер оқырман қауымға «Түбі түскен шелек және сыпыртқы», «Сталиннің мүштігі», «Қазақы қалжыңдар», «Қалила қожаның хикаялары», «О дүниеден келген өкіл» атты туындыларымен жақсы белгілі.

Жақында сатирик-жазушы Доқтырхан Тұрлыбектің Алматы қаласындағы «Үш Қиян» баспасынан «Екі килә алма және сникерс» атты жаңа кітабы жарық көрді. Оқырманның назарына ұсынылып отырған жаңа жинаққа қаламгердің соңғы жылдары жазылған әзіл жәнесықақ әңгімелері еніп отыр.

Республикалық қоғамдық-саяси, тарихи танымдылық «Әділет» газетінің алқа мүшесі, жазушы Доқтырхан Тұрлыбекке шығармашылық табыс тілей отырып, жаңа жинаққа енгенбірнеше әңгімесін ұсынып отырмыз.

КОНЦЕРТ

– Ауылдың бүкіл атқа мінерлері мен шай беруге шамасы келетін ағайындар түгел қонаққа шақырып бітті. Бірақ, жуық арада Алматыға қайтатын түріміз жоқ. Күніміз қайтадан су татыған капуста көже мен тары ботқаға қарап қалды. Мына жылауық жаңбырдың кесірінен бәрібір жұмыс істеп қарқ қылып жатқанымыз жоқ. Қол қусырып босқа отырғанша, ауыл-ауылға концерт қойып, біраз қаржы табайық, – дейді Кәрім ешкімнің басына келе қоймаған бір жаңа идея айтып, – Құдайға шүкір, бұл жағынан қара жаяу емеспіз, арамызда өнерпаз атаулы жетіп артылады.

– Шынында да, мынау ойланатын жай екен, – дейді студенттердің жетекшісі Әбілхамид Мархабаев оны қостай кетіп, – бір жағынан ауыл мәдениетін көтеруге ат салысамыз, екінші бір тиімділігі – біршама тиын-тебен табамыз, ол, әрине, артықтық жасамайды. Мұндайда қамшы салдырмайтын Ерғали, Шәкизада, Жолдығали лезде студенттерден тұратын көркемөнерпаздардың басын қосып, концерттік бағдарлама жасап кеп жібереді. Ойын-сауық болатын болған соң, міндетті түрде билет сатылуы қажет. Алғашқыда оны қалай жасарын білмей, «әртістердің» басы әбден қатады. Бұл жолы да айтулы қиындықтан Ерғали төте жол тауып кетеді.

– Маған билет жасауға лайықты қағаз тауып беріңдерші, қалғанын өзім қатырамын, – дейді Ерғали құлшынып.

– Ал, қағазды таптық дейік, билеттің таңбасын қалай жасаймыз? – дейді Кәрім мен Заманбек қосарлана сөйлеп. Ерғали ешкімге ләм деместен ескі бәтеңкесінің жарамсыз болып қалған өкшесіне «КазГУ, Әкімшілік» деген сөзді бәкімен әдемілеп ойып жазып, оны кәдімгі сияға малып, қағазға соғып қалғанда, нағыз концерттік билеттің түп нұсқасы мен мұндалап шыға келеді.

Ертесіне көркемөнерпаздар бригадасы көрші бөлімшеге ойын-сауық қойып, табысты оралады. Көрген сый-құрметтері өз алдына, кассаға бақандай 60 сом түсіп, «әртістер» бір желпініп қалады. Арада екі күн өтпей жатып, совхоздың басқа бөлімшесінің басқарушысы ойын-сауық қойып беріңдер, жұмысбасты ауыл адамдарының көңілі бір көтеріліп қалсын деп қолқа салады. Бұл концерт те үлкен өрлеу үстінде өтіп, ойын-сауықтан соң бөлімшенің атқа мінерлері өнерлі жастарды арнайы қонақ етіп, күтіп жібереді. Ал, кассаға анау-мынау емес, бақандай 100 сом түседі. Бар-жоғы бір аптаның ішінде атақтары дүркіреп, бүкіл ауданға тараған өнерпаздарды совхоз басшылары қояр да қоймай, шаруашылықтың орталығындағы үш жүз адам сиятын үлкен клубқа концерт қоюға шақырады. Ерғали бастаған топ концертті ойдағыдай өткізіп, бөлімшенің ескі автобусына асығып отырып, орталықтан екі-үш шақырымдай ұзай бергенде, жүк машинасының ашық бортына лық болып мініп алған ауыл жігіттері улап-шулап, бұларды қуып кеп береді.

– Мыналардың жүрістері тым суық екен. Төбелес шығып кетпесе жарар еді, – дейді Ерғали жанында отырған курстас жолдастарына қарап, – әй жүгермектер, ойын-сауық кезінде жергілікті қыздарға қырындап, бірдеңені бүлдіріп қойған жоқсыңдар ма?

– Жоқ, жоқ, – дейді Шәкизада мен Заманбек шыр-шыр етіп – қыздары шетінен аршыған жұмыртқадай аппақ екен, бірақ қырындауға уақыт болды ма?

Кілең сайдың тасындай жігіттер мінген жүк мәшинесі автобустың алдын орап, қарама-қарсы тоқтай береді.

– Жігіттер, – дейді Ерғали «әртістерге» ескерту жасап – шақырылмаған «қонақтар» төбелес ашып жатса, қолдарыңа қатты тиетін заттар алушы болмаңдар. Мен олармен еркекше сөйлесіп көрейін, – дейді ол автобустан түсіп жатып.

– Ала құйындап әрең жеткіздіңіздер ғой, – дейді түйенің жарты етіндей жас жігіт шешесі егіз ұл туғандай әлде неге мәз болып – өздеріңізбен жақынырақ танысып, ауыл жастарының атынан алғыс айтайық десек, апақ-сапақта асығыс жүріп кетіпсіздер. – Мынау сіздерге деген сый-сыбағамыз еді. Аз да болса, көптей көріңіздер.

Бір жәшік арақ пен бүтіндей пісірілген үлкен қойдың етін көргенде Ерғалидың жүрегі орнына түсіп, көңілдене күліп жіберіпті.

Жігіттер бұл жолы да олжалы оралып, Әбдіхамид Мархабаевтың өзінен үлкен алғыс алыпты.

«ЕГИПЕТТЕН КЕЛГЕН СТУДЕНТ»

Бүгінде мүйіздері қарағайдай-қарағайдай, есімдері бүкіл қазаққа белгілі журналистер Ерғали Сағат, Шәкизада Құттаяқ, Кәрім Бахрадин, Заманбек Әбдештер Қазақ университеті журналистика факультетінің бірге ұшқан түлектері екендігін көбіміз біле бермейміз. Сонау жетпісінші жылдардың басында журналистика факультетінің 4-курс студенттері Қостанай облысы, бұрынғы Ленин ауданына қарасты бір совхоздың жиырма шақты үйі, ескі клубы және жалғыз дүкені бар бөлімшесіне ауылшаруашылық жұмысына бара қалады. Болашақ журналистердің еншісіне құлайын деп тұрған ескі мәдениет ошағы тиеді. Қостанайда күзде жаңбыр жиі жауып, мұндайда астық орылмай, картоп жиналмай, жұмыс біткен жайына қалады. Көмекке келген студенттерді бастап келген ҚазМУ-дің аға оқытушысы Әбілхамид Мархабаев ептеп өмір көріп, оңы-солын танып қалған үш-төрт студентпен оңаша карта соғып отырып, кенет өзіне жарасымды сақал-мұрт қойған Ерғали Сағатқа бірінші рет көріп тұрғандай бақырайып қарап қалады. Оның ойына жалма-жан керемет бір идея түсе кетеді.

– Ерғали, мына түріңмен араб ағайындардан бір аумайды екенсің, – дейді ол карта таратып жатып. – Давай, сені ауыл адамдарына Египеттен келген студент деп таныстырайық. Сөйтсек, бұл қазақтар сенімен қосып, бізді де меймандыққа шақырып қалуы ғажап емес. Қашанғы су татыған капуста көже іше бермекпіз. Бір амалын қарастырмасақ болар емес.

– Әдеке, мынауыңыз ақы берсе де, таптыра бермейтін ақыл екен, – деп оны ұзынтұра Шәкизада қолдай кетеді. Іздегенге сұраған демекші, клубқа қаңғалақтап жүріп, бөлімше басқарушысы келе қалады.

– Ағасы, сізде бір шаруам бар еді, – дейді Әбілхамид бөлімше басқарушысын оңаша шақырып. – Бізді қойшы, бөтен емеспіз ғой. Арамызда сонау алыстағы Египеттен келіп, оқып жатқан бір студент бар еді. Байқаймын, өзі мына жағдайымызға онша үйреніңкіремей жүр. Ежелден меймандос ел емеспіз бе? Сол студентті қонаққа шақырып, халқымыздың салт-дәстүрін көрсетіп жіберсек дұрыс болар еді.

– Қап, неге бұрынырақ ескертіп қоймадыңыз, Әбеке. Ұят болған екен, нешауа, ештен кеш жақсы деген, – дейді ауылдың аңқылдаған аңқау қазағы кәдімгідей қипақтап.

Ол ертесіне арнайы қой сойып, «Египеттен келген студентті» нөкерлерімен қоса меймандыққа шақырып, көптен бері дұрыстап тамақ ішпей бір ішек болып жүрген мұғалім мен студенттер қолдан асқан жас ет жеп, ыстық сорпа ішіп, оған қоса жүз грамдатып, жағдайлары жақсы болып қалады. Ерғали және оның достарын бұдан соң бөлімше зоотехнигі, одан кейін агроном, бухгалтер, қырман меңгерушісі болып кезек-кезек қонақ етіп күтсе керек. Ауылдың бүкіл атқа мінерлері «египеттік» студент мейманды шақырып болған соң, кезек ауыл тұрғындарына келіп, Ерғали және оның командасын бір жас жұбайлар мейман етіп күтеді. Бұл шаңырақта да қой сойылып, бас мүжіледі, әдеттегідей екі-үш қыл мойын босап, әңгіме-дүкен қызып кеп береді.

– Ойпырмай, ә? Мына араб бәле екен, – депті қонақтарға қызмет көрсетіп жүрген жас жігіт жанында отырған құрдасының бүйірінен түртіп. – Қазақшаны қалай-қалай көсілтеді десеңізші? Ет жесі де нағыз қазақша.

«ТҮСІП КЕТСІН»

ҚазМУ-дің журналистика факультетінің екінші курс студенттеріне шұғыл шақыру келіп, естерін жимай жатып, жаңадан құралған Торғай облысы, Жаңадала ауданына қарасты «Нахимов» совхозынан бір-ақ шығады. Астық жинауға қолқабыс етуге келген студенттердің арасында Ерғали Сағат, Артығали Ыбыраев, Тілеуқабыл Мыңжасаров және басқалар болатын-ды. Сонау жетпісінші жылдардың басындағы көмекке келген студенттердің тыныс-тіршілігі бәрімізге жақсы белгілі ғой: жататын жатақ, ауыл клубы, қыздар қырманда, жігіттер егін басында. Марқұм талантты ақын Артығалидың:

Біз келген жердің аты Жаңадала,

Бір күнде болып шықтық қара бала.

Қолды біз жуып жүрміз соляркамен,

Бетті де біз жуармыз бара-бара, – деп басталатын өлеңі құрбы-құрдастары ғана емес, бүкіл ауылға лезде-ақ тарап, жастар жағы оны әнге қосып айтып жүреді. Аптасына бір рет берілетін демалыс күні жігіттер көбінесе волейбол ойнайды. Ерғали көп курстастарына қарағанда әскер қатарында болып, біраз өмір көрген жігіт. Әсіресе, волейбол ойнағанда домалақ допты безектетіп түбін түсіруге бар. Бойы сырықтай ұзын болса да икемді, оның құлаштап ұрған добын кері қайтарып жату мүмкін емес. Тілеуқабыл онымен салыстырғанда әлі жас бозбала. Сөйте тұра екеуі тонның ішкі бауындай, қоңыр қаздай болып үнемі бірге жүреді. Екі достың еншісіне совхоздың аты бар да, заты жоқ ескі комбайны тиген. Ол жарықтықтың жұмыс істегенінен, қақиып бос тұрғаны көп. Ерғали мен Тілеуқабыл қирап тұрған комбайнды күн ұзақ бойы жөндеумен, майлаумен әуре. Бірде екі дос – бет-ауыздары май-май болып, комбайнның көлеңкесінде алыста қалған сүйген қыздарын сағына еске алып, әңгіме қозғайды.

– Соңғы кезде Ұлпаннан хат мүлдем келмей жүр, – дейді Ерғали кәдімгідей мұңайып – шын жақсы көретіндігіме бір түрлі сенбейтін сияқты өзі. Қалтқысыз сүйетінімді қалай дәлелдесем екен? Сені сүйемін деген сөзді сиямен емес, қаныммен жазып жіберсем, сенер ме еді?

– Ескі жараның аузын аштың ғой, – деп енді әңгімеге Тілеуқабыл араласады, – опера және балет театрында болып өткен «Қыз Жібек» операсының жаңа қойылымынан кейін-ақ Торғай қайдасың деп апыл-ғұпыл аттанып кеттік емес пе? Түркістандағы бір мектепте оқыған Гүлзаданы білесің ғой. Қырсыққанда былтыр оқуға түсе алмай қалды емес пе? Сол қыз биыл да оқуға түсемін деп Алматыға келіпті. Бір өкініштісі, тұратын адресін білмей, әбден дал болдым. Өзіне жетінші кластан бастап ғашық едім. Оқуға түсіп кетсе жақсы болар еді. Гүлзада студент болмаса – айырыламын. Үріп ауызға салардай әдемі қызды мен білетін Түркістанның жігіттері аман-есен қалдырмайды. Ауылға барса бітті – бір-ақ күнде алып қашып кетеді. Өзгелерге қимаймын, оқуға түсіп кетсе ғой, шіркін…

Осы күні кешке қарай студенттер волейбол ойнайды. Ерғали күні бойы жұмыста болса да тым ширақ, қимылына көз ілеспейді. Тілеуқабыл көтеріп берген допты «Түсіп кетсін, түсіп кетсін» деп, топырлатып түсіп жатыр. Ұпай санын үстін-үстіне өсіріп жатқан бір ауыз сөздің төркінін әрине, түсініп жатқан ешкім жоқ. Ал, Тілеуқабыл болса, досының доп ойнасына да, шын жүректен айтып жатқан тілегіне де дән риза…

Ерғали Сағаттың аузы дуалы болып шықты. Құдай оң көзімен қарап, екі достың тілегі періштелердің құлағына шалынып, Гүлзада оқуға түсіп кетті. Тілеуқабыл Торғайдан оралысымен, ғашығын тауып алып, үйленіп тынды. Ерғали да Ұлпанды сүйетіндігін дәлелдеп, достарын көп ұзамай-ақ тойға шақырды. Бүгінде екі достың есімі бүкіл исі қазаққа белгілі. Ерғали «Алматы ақшамының» Бас редакторы. Ал, Тілеуқабыл болса «Хабарды» дүркіретіп тұр. Құдай қосқан қосақтарымен тату-тәтті өмір сүріп, екеуі де үш-төрттен перзент сүйіп отыр.

…Жақында екі достың бас қосып, әңгіме-дүкен құрып отырған сәтінің үстінен түстім.

– Енді аман болса ең кенжем мектеп бітіреді. Мына заман аумалы-төкпелі болып тұр емес пе? Оқуға түсіп кетсе жақсы болар еді, – дейді Тілеуқабыл.

– Гүлзаданың баласы оқуға түсіп кетсін, – дейді Ерғали – тілектеспін ғой…

БАТЫРҒА ДА ЖАН КЕРЕК…

Тілеуқабыл Мыңжасаровтың Қазақ теледидарындағы «Қазақстан» ақпараттық Бас редакциясына комментатор болып жаңадан ауысып келіп жатқан кезі. Бас редакторымыз – Тыныс Өтебаев, ал мен – жауапты хатшымын.

– Доқа, – деді комментатор болып атқаратын Ассы Байбатша менің кабинетіме ентігіп кіріп – мынау жаңадан келген жігіт пысық болып шықты. Байқаймын, біздің Рабиға Аманжоловаға қырындап жүр. Кеше ақпараттық хабар біткен соң, оны «Самалға» дейін шығарып салды. Сізге кеше талонға алған екі шиша арағымды берейін, Түркістаннан келген Ромеоны бір қорқытып беріңізші. Өзім-ақ тиісейін десем, таяқ жеп қаламын ба деп қорқамын.

…Екеуміз әлгі арақтың бір бөтелкесін қылдай бөліп ішіп алған соң, қоразданып тысқа шықтық. Осы кезде күн қарайып, «Қазақстан» бағдарламасы аяқталып, Рабиға мен Тілеуқабыл шыға берді. «Ромеоны» қорқытып алмайын деген оймен олардың артынан жаңа студияға дейін ілесіп бардым. Сөзбен өзімше қағытпақ болып едім, Тілеуқабыл жымиып қана қойды. Күш көрсетпек болып, қолынан қысып көріп едім, темірдей қатты екен. Батырға да жан керек, есім барда елімді табайын деп, өз жөніме кеттім. Ертесіне Ассы Байбатша мені ыржалаңдап қарсы алды:

– Қалай, Доқа, Бекежанды тәртіпке келтірдіңіз бе?

– Жоқ, – дедім, – ондай тәуекелге бара алмадым. Саусақтары болаттай екен, қанша дегенмен спорткомментаторы ғой. Кешегіден қалған бір бөтелке сейфте тұр. Екіншісін келесі айда талон алғанда әкеліп беремін…

32814 БОЖБАН

«Хабардың» белгілі журналисі Тілеуқабыл Мыңжасаровтың көптеген жыл Түркістан қаласында аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып қызмет атқарғаны бар. Сол жылдары оның аты қалың жұртшылықты аузына қаратқан мықты асаба ретінде дүркіреп тұрды. Әзіл-қалжың десе қамшы салдырмайтын Төкеңнің жүрген жері ойын-күлкі. Ол бірде райкомның ішіндегі фоеде аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Жарқынбек Құлбайыметовпен әңгіме-дүкен құрып тұрады. Бұл өңірде Қоңырат руынан тарайтын Божбан және Жетім ұрпақтары көп кездеседі. Божбан біткен ашық-жарқын, ер мінезді, мейірімді болып келеді. Тілеуқабылдың жанында тұрған жігіт ағасы Божбаннан тарайды. Сөзден сөз шығып, жақында ғана болып өткен халық санағы әңгіме болады.

– Жақа, сіз білесіз бе, бүгінде Түркістанда тұратын Божбандардың саны 32814-ке жетіпті, – дейді Қоңыратқа күйеу бала болып келетін Тілеуқабыл әзіл-шыны аралас.

– Ал, Жетімдер қанша болыпты? – дейді Жарқынбек бұл жаңалыққа елең ете түсіп.

– Жетімдердің саны 28646 екен, – дейді Төкең көзді ашып-жұмғанша бір өтірікті соғып қалып.

– Ойпырмай ә, – дейді Жақаң таң қалып – Жетімдер он екі ата болып тарайды емес пе, бізден көп пе деп жүрсем, аз екен ғой. Тілеуқабыл, сен барлық цифрларды жобалап айтпай, анық келтіріп тұрсың. Бұл деректерді қайдан алып жүрсің?

– Жақа, осыдан екі ай бұрын халық санағы өтті емес пе? Ақыры халық санағын жүргізесіңдер, бір графа қосыңдар да, әр руға кіретін жандардың есебін ала салыңдар деп қосымша тапсырма беріліпті менің естуімше. Оның Шымкент пен Алматыға, тіпті Мәскеуге де қажеті шамалы, өзіміз үшін керек.

– Бұл бір дұрыс шаруа екен, – дейді Жарқынбек – бірақ, Тілеуқабыл, менің бір күдігім бар. Біздің Түркістанда бар-жоғы 80 мың халық тұрады. Оның 32814-і – Божбан, 28646-сы – Жетім дейік, сонда толып жатқан басқа руларды, өзбек, татар, орыс ағайындарды қайда жібермекпіз?

– Бәсе, бәсе, – дейді Тілеуқабыл – мен де осыған күмәнданып тұрмын. Меніңше, ауданның халқын қосып жіберген болуы керек. Колхоз-совхоздарда 80 мыңдай халық тұрады. Кентау, Шәуілдірде біраз Божбандар бар, оларды да қосып жазып жіберулері ғажап емес.

– Міне, мынауың құлаққа кіреді, 200 мыңдай халықтың ішінен 32814 Божбан шығып қалуы әбден ықтимал, – дейді Жарқынбектің күдігі сейіліп.

Осы әңгімеден соң арада бір жыл өтіп, Түркістан қаласында бір беделді кісінің тойы болып, Тілеуқабыл асаба болады.

– Ендігі сөз 32814 Божбандардың атынан қаламыздың құрметті азаматы, кезінде жауапты қызмет атқарған ардақты ағамыз Сәрсенбай Абулаевқа беріледі. Бұл тойда отырған Божбандар үшін тосын жаңалық болып: «Ойпыр-ай, ә, біз 32814 екенбіз, құдайдың мұнысына шүкір, ешкімнен кейін болмай шықтық», – деп бір-бірімен сыбырласа-күбірлесе бастайды.

– Асаба дегендер желдірме сөздің шебері емес пе, әзілдеп тұрған болар, – дейді отырған Божбанның бірі.

– Көп десең аузың қисайып кете ме? – дейді екінші Божбан – асаба жігіт райкомның инструкторы, ол өтірік айтпайды, білдің бе?

Ардагер тойға деген құттықтауын айтып болған соң Тілеуқабыл микрофонды қолына қайтадан алып: «Ағамыздың осындай ұлағатты сөзінен кейін арнайы музыкалық сәлем бермесек болмайды», – деп ансамбльге иек қағады. Музыкант жігіттер өзбектің ойнақы әуенін бастап кеп жібереді.

– Бүгінгі тойда билеген де арманда, билемеген де арманда! Ортаға Божбандардың барлық бойжеткен қыздарын, келіншектер мен келіндерін шақырамын, – дейді асаба отырысты қыздырып. Сол-ақ екен, тойда отырған халық қырдағы қызғалдақтай дүр етіп, қыз-қырқын, жас келін тұрмақ кемпірлердің өзі билеп кетеді.

…Бір жыл өткізіп барып, Түркістанда үлкен той болып, асаба Тілеуқабыл 32814 Божбанның атынан қадірлі бір кісіге сөз береді.

– Тілеуқабыл, – дейді үзілісте баяғы аудандық оқу ісінің меңгерушісі Жарқынбек – Божбандардың саны 32814 деп өткен жылы да айттың, биыл да айтып тұрсың, сонда біз не азаймай, не көбеймей тұра береміз бе?

– Жақа, – дейді Тілеуқабыл – халық санағы он жылда бір-ақ рет болатындығын менен жақсы білесіз. Яғни, келесі халық санағы 1999 жылы болады. Өзгерістерді сонда ғана білеміз, әзірше ол осы қалпында қалады.

Уақыт аламан бәйгесіне қосылатын сәйгүліктен де жүйрік қой. Содан бері арада он жыл сырғып, халық санағы болып өтті. Осы уақыттың ішінде Түркістандағы Божбандардың саны қанша болды екен, ә? Оған басымызды қатырып, әуре болмайық, ағайын. Ол туралы Тілеуқабылдың «Хабардан» хабарлап жіберуі де ғажап емес.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *