Нұрбол ТҰРАШБЕКОВ, Түлкібас ауданының әкімі: «ЖАҢАРУ, ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДАМЫЗ»

Билік
2 034 Views

Республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газеті Түркістан облысының шығыс қақпасында орналасқан, жер жаннаты Түлкібас ауданында болып, тыныс-тіршілігімен танысып, аудан әкімі Н.Ә.Тұрашбековпен сұхбаттасып қайтқан болатын.

Әрине, ол аудан тізгінін алғаш екі жыл бұрын ұстаған кезде кей жұртта «Әлі жас қой, тындырары шамалы болар деген» дүдамал ойлар болғаны да рас. Бірақ осы аз ғана уақыт ішінде Нұрбол Әбдісаттарұлы өзінің ең алдымен тура сөйлейтін тектілігі мен талапшылдығын, ел мүддесіне қалтқысыз сіңірген елеулі еңбегін көрсете білді. Қажырлы еңбектің арқасында бүгінде Түлкібас түлеген, түрленген өлкеге айналып отыр. Соны өз көзімізбен көріп, оң істерге куә боп қайттық. Аталған сұхбаттың бейненұсқасын «ADILET.TV» сайтынан да көре аласыздар.

– Құрметті Нұрбол Әбдісаттарұлы, Түркістан облысының төрінде орналасқан киелі Түлкібас ауданына басшылық жасап келе жатқаныңызға екі жылдан асыпты. Осы аралықта атқарылған шаруалар туралы айтып өтсеңіз.

– Ауданымызда 111 250 халық тұрады. 13 ауылдық округ, 2 поселкелік округ бар. Елді мекендердің 98,8 пайызы газбен қамтамасыз етілген, яғни 62 елді мекеннің 60-ына көгілдір отын жеткізілген. Екі елді мекен Қайыршақты және Иірсу ауылдарына экономикалық жағынан тиімсіз болуы себепті әзірге газ жүргізілмей отыр. Бірақ қазіргі таңда Иірсу ауылы бойынша жобалық-сметалық құжаттар жасалып, 226 000 000 теңгеге мемлекеттік сараптамадан өткен соң халықты газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі.

Жол саласына келсек, аудан арқылы ұзындығы 59 шақырым Батыс Қытай — Батыс Еуропа көлік дәлізі өтеді. Сонымен қатар 250 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар жолдарымыз бар. Соның 90-95 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Өткен жылы Балықшы, Майтөбе, Жаскешу, Түлкібас елді мекендерін қосатын және Жабағылы ауылына баратын облыстық маңызы бар жолдар жөнделді. Ендігі кезекте Түлкібас поселкесіне баратын жеті шақырым жол жөнделіп жатыр. Сонымен қатар биылғы жылы Састөбе, Машат бағытындағы жолдарды жөндеуді бастаймыз. Батыс Қытай — Батыс Еуропа көлік дәлізінде ұзындығы 840 метр туннель құрылысы жүргізілуде, мердігер компания жыл соңына дейін аяқтаймыз деп отыр. Жаскешу ауылындағы көпірді мамыр айында пайдалануға береміз, Азаттық ауылындағы апатты көпір жөнделіп, 90 жылдық мерейтой кезінде ашылды. Аудандық маңызы бар жолдарға келсек, биылғы жылы Дауан-Бақыбек, Мақталы-Керейт, Қызылбастау-Машат жолдарын жөндеуге республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, қазіргі таңда мердігер компания анықталуда. Бұдан бөлек Талдыбұлақ-Майтөбе-Көксағыз-Қожамберді ауылдары бағытындағы жолдарды жөндеуге салалық басқармаға ұсыныс бердік. 114 разъезге баратын жол мен Машат – Мыңбай ауылдары арасындағы апатты көпірді де жөндеуді жоспарлап отырмыз.

Халықпен кездесу, жеке қабылдау кезінде көп түсетін өтініш-тілек — елді мекендердің ішкі жолдарын жөндеу бағытындағы сұрақтар. Биыл біз аудандық бюджет есебінен 48 шақырымды құрайтын 37 көшені жөндеуді жоспарлап отырмыз. Бұрын жылына бес-алты көшені ғана жөндеп келген едік. Жалпы аудандағы ішкі жолдар 442 шақырымды құраса, соның 113-і ғана қанағаттанарлық жағдайда. Сонымен қатар, 26 көшені жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама жасалды. 2021-2022 жылдарға дейін барлық ішкі жолдарымыздың 80-85 пайызын толық жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.

60 елді мекен жерінің халық тығыз орналасқан елді мекендеріне егжей-тегжейлі жоспар жасалып, инфрақұрылыс жұмысы жүргізілген соң тұрғындарға кезек бойынша үй құрылысына 4000 –ға жуық жер телімін таратып береміз. Бұл 2022 жылға дейін жерге кезекте тұрғандардың 80-85 пайызын қамтиды. Өйткені, есептегі азаматтардың 10-15 пайызы жерге де, үйге де кезекке тұрған. Бұл қазіргі таңдағы үлкен бір өзекті мәселе болып отыр. Сонымен қатар, аудан орталығында, Түлкібас және Састөбе поселкесінде әрқайсында 10 көпқабатты үйден салу жоспарлануда.

– Білім беру саласында қандай оң істер бар, соған тоқтала кетсеңіз.

– Ауданда бүгінгі таңда жалпы мектептер саны – 60, соның ішінде 45-жалпы орта мектеп, 5-негізгі орта мектеп, 9-бастауыш мектеп, 1-үш тілде оқытылатын дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты жұмыс істейді.Үш ауысыммен оқитын мектептер мен апатты жағдайдағы мектептер жоқ. Білім ошақтарында 22151 оқушы білім алуда. 18 мемлекеттік және жекеменшік әріптестік шеңберіндегі 26 балабақшада 7872 бала тәрбиеленуде. Балаларды қамту көрсеткіші 97,8 пайызды құрайды.

Өткен жылы ұлттық бірыңғай тестке 930 оқушы қатысқан, бұл – жалпы мектеп бітірушілердің 78,5 пайызы, облыс бойынша бесінші көрсеткішті құрап отыр. Биыл да түлектеріміз жақсы білім сапасын көрсетеді деген үміттеміз.

Халық санының өсуіне және білім алуға жоғары жағдай жасау мақсатында облыстық және аудандық бюджеттерден қаржы бөлініп, аудан орталығындағы Абай атындағы мектеп лицейі, Құлан ауылындағы А.Гайдар атындағы жалпы орта мектебі, Жаскешу ауылындағы С.Сейфуллин атындағы жалпы орта мектебі, Балықты ауылындағы А.Рыбалко атындағы жалпы орта мектебі күрделі жөндеуден өтсе, Азаттық ауылынан 600 орындық жаңа мектептің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, нысан 2019 жылы аяқталуы жоспарлануда. Сонымен қатар, аудан орталығындағы Пушкин атындағы жалпы орта мектебі 250 оқушыға арналған ғимарат құрылысы, Шақпақ баба ауылындағы С.Бреусов атындағы 200 орындық мектеп құрылысы, Түлкібас кентіндегі П.Шевцов атындағы жалпы орта мектебінің 150 оқушыға арналған ғимарат құрылысы, Жыланды ауылындағы О.Кошевой атындағы мектепке 150 оқушыға арналған ғимарат құрылысы, Мыңбай ауылындағы Жамбыл атындағы мектепке 150 оқушыға арналған ғимарат құрылысы, Сеславино ауылындағы осы аттас мектепте 150 оқушыға арналған ғимарат құрылысы, Абай ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектебіне 150 оқушыға арналған ғимарат құрылыстарына облыстық бюджеттен қаржы қарастырылып, іске асырылуда. Мыңбай мектебінің қосымша ғимарат құрылысын жүргізетін мердігер компания анықталуда. Сонымен бірге аудан орталығында 600 орындық жаңа мектеп құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Екі балабақша кәсіпкерлер күшімен салынып жатыр.

– Мәдениет саласын дамыту да кезек күттірмес мәселе. Соған кеңірек тоқталсаңыз.

– Мәдениет саласын дамыту мақсатында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен аудан өнерпаздары жыл басынан бері бұқара халық арасында 2822 іс-шара өткізілді. 2018 жыл ауданымызда облыстық деңгейде айтулы іс-шаралармен есте қалды. Атап айтар болсақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ежелден келе жатқан салт-дәстүрімізді дәріптеп, кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында «Салбурын – мереке ғой саятшыға» бірлескен облыстық этномәдени іс-шарасы Ақсу-Жабағылы қорығының бөктерінде жоғары деңгейде өтті. Іс-шараның басты мақсаты – саятшылық, салт-дәстүр өнерін насихаттау болды.

«Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру негізінде Елордамыз – Астананың 20 жылдығына, Түлкібас ауданының 90 жылдық мерейтойына орай аудан аумағында орналасқан 15 ауылдық округ, кенттер әкімшіліктері арасындағы «Астана – өз елім, Түлкібас – атамекенім» атты аудандық өнер фестивалі кең көлемде өткізілді. Онда әр ауылдық округ, кенттер өнерпаздары өз концерттік бағдарламаларын аудан тұрғындарына паш етіп, мерекелік көңіл-күйге бөледі.

Облыс әкімі, Қазақстанға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру аясында облыстық «Ақсу Жабағылы алауы — Шұбайқызыл жалауы» қызғалдақ фестивалі жоғары деңгейде аталып өтті. Іс-шарада Оңтүстік өлкесінің, соның ішінде Түлкібас аймағының таңғажайып табиғаты, қазақ қызғалдақтарының орналасқан аумағын қорғау, қалпына келтіру сондай-ақ жастарды елін, жерін сүюге тәрбиелеуге баулу болды.

Түлкібас ауданының 90 жылдық мерейтойына орай «Түлкібасым -Тұраным» атты театрландырылған қорытынды мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шараға республикаға, облысқа танымал айтыскер ақындар және өнер қайраткерлері, жерлестеріміз Сәкен Қалымов, Индира Расылхан, сондай-ақ республикамыздың өнер тарландары – Бауыржан Исаев, Нұрлан мен Мұрат, «Өнер қырандары» театры ұжымдары көрермен халыққа мерекелік концерт пен демалыс кешін ұйымдастырды. Сонымен қатар, осы мерейтой аясында ғылыми конференция өтті. Оған ауданымыздан шыққан, зиялы қауым, мемлекет және қоғам қайраткерлері – Зауытбек Тұрысбеков, Оразалы Сәбден, Мекемтас Мырзахметұлы, Мархабат Байғұт жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Сондай-ақ, аудан туралы толық мағлұмат жинақталған 640 беттен тұратын «Түлкібас» атты кітап жарық көрді.

Айтулы мерейтойға орай 87 жылдық тарихы бар аудандық «Шамшырақ» қоғамдық-саяси газетінің ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа баспаханамен қамтамасыз етілді. Баспахана газетпен қатар әртүрлі бланкілерді басып, өзін-өзі қамтып отыр. Ал бұрын жеті миллион теңгені басқа баспаханаларға беріп келген болатынбыз. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және ауданымыздың айтулы мерейтойына орай Машат, Мыңбай және аудандық мәдениет үйі ағымдағы жөндеуден өтіп, орталық саябақ аумағы толығымен абаттандырылды. Биылғы жылы бес мәдениет үйі пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, аудандық орталық кітапхана ағымдағы жөндеуден өтіп, ішінен жастардың бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған «КАРВОРКИНГ» орталығы ашылып, пайдалануға берілді. Ауданымыздың батыс қақпасының жанына «Туған жер» кіші бағдарламасының басым бағыттары бейнеленген стелла ашылды. Сондай-ақ, киелі өңірдің мерейтойына орай демеушілер есебінен аудан орталығында қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың ескерткіші бой көтерсе, Түлкібас стансасында тұңғыш қазақ инженері Мұхамеджан Тынышбаев пен бала Тұрар Рысқұлов бейнеленген ескерткіш орнатылды.

– Елдің әл-ауқатын көтеретін бірден-бір сала ауыл шаруашылығы. Осы салада қандай тың өзгерістер бар?

– Ауданымыздағы ең басты сала – ауыл шаруашылығы саласы. 63401 гектар егіндік жер, 57655 гектар жайылым бар. Бүгінде егін егу жұмыстары жүргізіліп бітті, шаруа қожалықтары жанар-жағар маймен толық қамтылды. Алдағы кезеңде аудандағы 572 шақырымды құрайтын 111 канал күрделі жөндеуден өткізіледі, сөйтіп 10 615 гектар жерге су баратын болады. Бұл дегеніңіз егістің өнімділігін еселеп арттырары сөзсіз. Тағы бір айта кетеріміз, арық-атыздарды, акведуктарды, каналдарды тазалауды демеушілер көмегімен жүргіздік. Нәтижесінде суармалы жер көлемі артып отыр, еңбек өнімділігі де еселенуде.

Мал шаруашылығына келсек, қазір 3000 басты құрайтын «Адал» шаруа қожалығы салынып бітті, соның жарығын жүргізуге, жолына, тағы басқасына көмектестік.

Түлкібас ауданы таулы аймақта орналасқандықтан алма бау шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Түлкібас алмасы – ежелден сапа мен экологиялық таза өнімнің эталоны, бренд саналып келген. Сондықтан, ауыл шаруашылығы өнімдерінің ішінде жеміс-жидек шаруашылығы негізгі даму бағыты ретінде қолға алынған. Бүгінгі таңда аудан аумағында жалпы 3347 гектар алма бау бар. Соның ішінде 310 гектары қарқынды бау. Мемлекет тарапынан көрсетілген (2007-2018 жылдар аралығында) қолдаудың нәтижесінде аудан бойынша барлығы 2500 гектар жерге жаңа алма бау отырғызылды. 2018 жылы жеміс-жидектен 25 150 тонна өнім жиналды. Оның бір бөлігі аудан көлемінде жұмыс атқарып тұрған, жалпы сыйымдылығы 8,9 мың тоннаны құрайтын алты жеміс-жидек және көкөніс сақтайтын қоймаларда сақталып, республикамыздың барлық аймақтарына экологиялық тұрғыдан таза өнім сатылды. Жеміс-жидектің сақтауға жарамайтын бөлігі аудан көлемінде жұмыс атқарып тұрған жеміс-жидекті қайта өңдейтін кәсіпорындарда өңделіп тұтынушыға ұсынылады. Түлкібас ауданының агроөнеркәсіп кешенін дамытудың аймақтық бағдарламасына сәйкес 2022 жылы алма бау көлемін 4487 гектарға жеткізіп (соның ішінде 1000 гектар қарқынды бау), жылына 60-65 мың тоннаға өнім өндіру жоспарлануда. Аудан көлемінде «Көктал» шаруа қожалығы алма бау көлемін 260 гектарға, «Кентау» ЖШС барлық бау көлемін 210 гектарға (соның ішінде қарқынды бау көлемі 160 га), «Мөлдір» ЖШС қарқынды алма бау 110 гектарға отырғызылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда.

2019 жылы 250 гектар (соның ішінде 50 га қарқынды бау) жер көлеміне алма бау отырғызу жоспарлануда.

Алма бау шаруашылығымен қатар аудан көлемінде жаңғақ шаруашылығын дамыту да қолға алынуда. Бұрынғы мерзімдерде жаңғақ ауданымыздың елді-мекендеріндегі үй іргелік жер телімдерінде отырғызылып, өнім алынып келген. 2018 жылы ауданның ауылшаруашылық тауарын өндірушілері 257 гектарға жаңғақ отырғызып, статистика басқармасының мәліметіне сәйкес, 2018 жылы аудан көлемінде 627 тонна жаңғақ өнімі жиналған. 2019 жылы тағы да қосымша 135 гектар жерге жаңғақ отырғызу жоспарлануда.

– Түлкібастың туризм саласындағы әлеуеті жоғары. Осы салада қандай жұмыстар атқарылуда?

– Бүгінгі таңда ауданға 13628 турист келген. Оның – 683-і шетел азаматтары. Ауданда көрікті жерлердің тізімі жасалып, келген туристерге ауданды таныстыру мақсатында туристік маршруттар жүргізілді.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жол бойында қазіргі таңда ірі үш жобаның құрылысы іске асырылуда. Олар:

«Құрылыс» ЖШС жол бойы қызмет көрсету орталығы, жобаның жалпы құны 346 млн. теңге, сыйымдылығы 100 орын, жаңадан 25 жұмыс орны ашылады. Құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталды.

«Шұқырбұлақ» жол бойы қызмет көрсету орталығы, жобаның жалпы құны 150 млн. теңге, сыйымдылығы 50 орын, жаңадан 12 жұмыс орны ашылады. Құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталды. («Бизнестің жол картасы-2020» бойынша 25 млн. теңге көлеміндегі газ құбырын жүргізу жұмыстарына құжаттар әзірленуде).

«Шақпақ» жол бойы қызмет көрсету орталығын қайта құрылымдау, жобаның жалпы құны 76 млн. теңге сыйымдылығы 30 орын, жаңадан 10 жұмыс орны ашылады.

Табиғи емдік туризмді дамыту мақсатында:

«Жайлау» емдеу-сауықтыру орталығы, жобаның жалпы құны 347 млн теңге, сыйымдылығы 100 орын, жаңадан 50 жұмыс орны ашылады, жоба 2019 жылы іске асып, 2000 турист қамтылады.

Саумалмен емдеу орталығы («Нұрлыхан» ШҚ) жобаның жалпы құны 340 млн, сыйымдылығы 50 орын, жаңадан 10 жұмыс орны ашылады, жоба 2019 жылы іске асып, 1500 турист қамтылады. Облыстық бюджеттен инфрақұрылым жұмыстарына 103 млн. теңге қаржы қарастырылып, қазіргі таңда 55 млн. теңгесі бөлінді.

Сыйымдылығы 70 орындық «Этнопарк» құру жобасы, жобаның жалпы құны 417,0 млн теңге, жаңадан 30 адамға жұмыс орны ашылады.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру мақсатында ауданда 1 ірі, 4 орта, 23 кіші және 4 қосалқы, барлығы 32 кәсіпорын жұмыс атқаруда. Оның ішінде белсенді жұмыс атқаратыны – 22, маусымдық жұмыс атқаратыны – 10.

Нәтижесінде 20 761,2 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 102,6 пайызға артты. Бөлшек сауда тауар айналымы 6 729,4 млн. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 103,1 пайызға артқан.

Сонымен қатар 300 орындық санаторий ашу жоспарланып отыр. Тағы бір ойдағы жобамыз – ауданда веломаршруттар ашып, спорттық туризмді дамытуды жоспарлап отырмыз.

– Халықпен етене араласатын әкім ретінде Сіздің халықпен кездескенде көңілге түйген ойларыңыз қандай?

– Біз халықпен тығыз байланыстамыз, бұл бағытта ешқандай кедергілер жоқ. Үнемі қоғамдық қабылдаулар, жиындар, жоспарлы кездесулер өтіп тұрады. Бүгінде еліміз 20 жыл бұрын түсімізге де кірмеген өрлеуге қол жеткізді. Алайда, бір қынжылтатыны – халықта жұмыс істеуге деген құлшыныс жоқ. Кейде мердігерлер ауылдардан жұмысшы таппай жатады, мемлекеттен ала берсем деген масылдық ойдан әлі де құтыла алмай отырмыз.

Атаулы әлеуметтік көмек тарату бойынша ұйымдастыру шаралары жүргізілуде. Соны алу үшін ел ішінде қорадағы малын сатып жіберу, кірістерін жасыру фактілері де кездесіп жүр. Біз қазір алған көмекті тойға, қарызға өтемей, мал алу немесе жеке кәсібін, тігін цехын ашсын деген түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Ауданда 6024 отбасы көпбалалы болса, 1033 отбасы жағдайы төмен болып саналады. Ауыл әкімі, биі, тағы басқа азаматтардан құралған комиссия 2018 жылдың аяғында 1962 отбасыны есепке алып, көмек береміз деп ойлағанбыз. Олар округтегі әр отбасының жағдайын бес саусақтай біледі. Дегенмен, бүгінгі 1 сәуірдегі жағдай бойынша 2198 отбасыдан асып кетті. Көп отбасылар сол көмекті алу үшін малын сатып, тіпті ажырасуға дейін барып отыр. Біздің мақсат – қаржы алған отбасыға кәсібін ашуға көмек беруді ұйымдастыру, мемлекетке қайта-қайта қол жая бермеуді түсіндіруге әрекет жасап отырмыз. Ал, мал жаюға жер керек болса, біз қарастырып береміз. Тек халықтан жұмыс істеуге ынта болса болғаны. Мысалы, тігін цехын ашса, өнімін аудандағы мекемелерге өткізіп береміз, тауық асыраса, жұмыртқасын ауданда сатуға мүмкіндік жасап береміз. Бұл қаржы түптеп келгенде, аудан экономикасына жұмыс жасауы керек. Меже бойынша жұмыссыздық деңгейі қазір 5,2 пайыз болса, соны 4,7 пайызға дейін түсіруіміз керек. 486 азамат мемлекет есебінен кәсіпкерлікке оқып, қолдау қорынан 2 млрд-тан астам теңгеге жеке кәсібін ашуға даярланып отыр.

Былтыр біз алғаш рет ауданнан шыққан кәсіпкерлердің салықты ауданға төлеуін ұйымдастырдық. Нәтижесінде 472 млн. теңгенің салығы аудан бюджетіне түсті. Сонымен қатар, мүлік, көлік салықтарын 100 пайыз төлеуге қол жеткіздік. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін анықтап, тіркеттік. Аудандық мәслихатпен келісіп, пайдаланылмай жатқан жер үшін 10 есе артық көлемде салық төлейтін етіп қойдық. Жоғарыдағы бастамалардың барлығы ауданның экономикалық жағдайын көтеруге көп көмегін тигізіп отыр.

– Өзіңіз білесіз, облысқа жаңа басшы Ө.Шөкеев сынды іскер тұлға келіп отыр. Сіздің осы бастамаларыңыз бен атқарып отырған жұмыстарыңызды қолдары сөзсіз. Еңбегіңізге жеміс тілейміз. Тағы бір көкейде жүрген мәселе – Түлкібас атауын Түркібасы деп өзгерту қандай деңгейде жүріп жатыр?

– Иә, әрине Өмірзақ Естайұлы – білікті басшы. Талапшыл, жаңашылдықты қолдайтын азамат. Сол кісінің қолдауымен көптеген оң істер атқарылуда. Ал аудан атауын өзгерту мәселесі тұрғындардың тілек-өтініштеріне сәйкес қаралып, аудан, облыс деңгейіндегі комиссияларда қолдау тапты, қазір республикалық ономастикалық комиссия қарауында. Заңға сәйкес оң шешім шықса, онда аудан тарихи атауын қайта алатын болады. Өздеріңіз білесіздер, былтыр ауданның 90 жылдық мерейтойы аталып өтті. Сондай-ақ, «Жастар жылына» орай аудан орталығындағы «Тұңғыш Президент» саябағының ішінен жастардың кешкі уақытын тиімді пайдаланумен қатар ауданда жастардың жеке сауық құруына бағытталған «Жастар аллеясын», Састөбе кентінен «Жастар гүлзарын» ашу және Мичурин ауылдық округіндегі орталық саябақты мамыр-маусым айларында ерікті жастардың және демеушілердің көмегімен абаттандырып, «Жастар саябағы» деп қайта атау беру жоспарымызда бар.

Сонымен қатар аудан жастарын жан-жақты дамыту мақсатында аудан әкімдігі мен Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті арасында екіжақты меморандум түзілуде. Алдағы аптада меморандумға қол қою рәсімін өткізіп, ауқымды іс-шараларды бірлесіп өткізу жоспарлануда.

– Құрметті Нұрбол Әбдісаттарұлы, Сізге уақытыңызды бөліп, бізге берген мәнді де мағыналы сұхбатыңызға үлкен алғыс айтамыз. Ел мүддесі үшін атқарып жүрген еңбегіңізге табыс пен сәттілік тілейміз.

Сұхбаттасқандар

Қуанышбек БОТАБЕК,

Алмас ҒАБДУЛЛИН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *