Рүстем АШЕТАЕВ: «БІР МИЛЛИОН ХАЛЫҚТЫҢ ТАҒДЫРЫ ОЙЫНШЫҚ ЕМЕС»

Мәселе Қоғам
50 Views

Редакциямызға журналист, қоғам белсендісі Рустем Ашетаев мырза келіп Шымкент қаласында шешімін таппай отырған мәселелер аясында пікір білдірді. Қазіргі таңда Рустем жас болса да, бас бола білген нағыз қоғам белсендісі. Олай деуге толық негіз бар. Журналист қаладағы, облыстағы тіпті республикалық деңгейде өзекті мәселелерді көтеріп, оның шешілуіне жанашырлықпен атсалысып келеді. Бүгінде ол қала әкімдігімен диалогқа шығып, індет уақытында орын алған келеңсіздіктермен күрес үшін нақты зерттеулер мен дәйектерге негізделген ұсыныстарында алға тартуда. Назарларыңызға Рустем Ашетаевпен болған сұхбатты ұсынамыз.

– Бүгінде әлеуметтік желілерде халық пен биліктің арасында көпір болып, өз ойыңды ашық жеткізіп жүрген белсенді ретінде танылып келесің. Жалпы қоғамдағы мұндай келеңсіз жағдайларға атсалысып, халықтың жағдайын жақсартуға деген ниет, осы жолдағы еңбек қашан басталды? Бұл соқтықпалы жолға қалай келдің?

– Бұндай қоғамдық-саяси өмірге қалай келдім дегенде сонау 2016 жылдары жер мәселесі көтерілгеннен бастап дер едім. Оған дейін өзімді саяси белсенді ретінде көрсетпей, тек сыртқы саяси өңірлерге анализ жасап, сыни мақалалар жазумен шектелетінмін. 2016 жылы жер мәселесі көтерілгеннен бастап, ең алғаш өз ойымды ашық жеткізе бастадым. Көш жүре түзеледі дейді ғой. Сол сияқты барлығы бірден бола қойған жоқ, дегенмен уақыт өте келе ойым жинақталып, тәжрибе жинай бастадым. Негізі қоғамдық іске бір рет айналысқан соң, ол жерде тоқтамау керек екенін түсіндім. Ол бір. Екіншіден өз өзіме уәде бердім. Қазіргі 60-70-ке жеткен қарияларға қарап я бір істеген ерекше істері жоқ, я ұрпағына айтатын өнегесі жоқ. Осыларға қарап менде ойға шомдым «мен де ертең қарт болғанымда немереме не айтамын?» – деп. Мүмкін Қазақ елі ол кезде гүлдеп тұрар. Мүмкін қазіргі жағдай әлі де жалғасар. Сол кезде жас ұрпақ менен Сіз сол заманда өмір сүрдіңіз, бүгінгі күн үшін не істедіңіз деп сауал қойса?! Менің оларға айтар жауабым болуы қажет. Мен мынаны қолымнан келгенше осылай істедім, енді сендердің кезектерің деп айтуым керек. Егер айтарың болмаса сенің қадірің болмайды. Сол себепті осы оймен толғанып, қоғамдық өмірге 5 жыл өмірімді арнаймын деп түбегейлі шешім қабылдадым. Шын мәнінде тау қопару қолымнан келе ме, жоқ па оны маңдайдан көреміз, бірақ бес жылымды қоғам мүддесіне арнайтыным талқыланбайды.

Аш болсам да, тоқ болсам да тәуекел деп ойымды жүзеге асыруға көштім. Енді жас болғаннан кейін байыппен жүре алмаймын, ішімде от жанып тұр. Келдім де әртүрлі әлеуметтік мәселелерге араласып бастадым. Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелері бар, басқасы бар қай жерде көмек сұраса баруға тырысамыз. Сонымен қатар зейнеткерлікке шыққан заңгер ағаларымыз бар. Оларға да ештеңе қажет емес, тек қоғамға бірнәрсе берсем дейді. Сол кісілермен бірлесіп кеңсе аштық. Ағаларымыз қоғамдық өмірде болып жатқан мәселелермен келген азаматтарға әртүрлі кеңестерін, заң тұрғысынан білімімен бөлісіп отыру арқылы азаматтарды өз-өзін заңмен қорғауды үйренуіне үлес қостық. Осылай келе-келе көтеретін мәселелер шеңбері үлкейе берді. Мемлекеттік мәселелерге көштік, білім саласындағы былықтарды, атап айтқанда жалған диплом алудың алдын алуға күш салдық. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметте отыратын, тіпті сол ұстаздардың да дипломдары жалған екені анықталып жатты. Мұндай азаматтар елге, қоғамға қалай үлгі-өнеге болады деген оймен бұл істі терең зерттеуге көмектестік. Осы орайда бірнеше істің түбіне жетіп, сотқа дейін апардық. Біздің негізгі міндетіміз де сотқа дейін істің анық-қанығын, дерек-дәйектермен анықтау еді. Әрі қарай сот шешімін өзі шығарады. Осылайша біз бұл түйткілді мәселеге халықтың назарын аудардық, нәтижесінде жер-жерлерде жоғары оқу орнының дипломдарын тексеруді бастады. Бұл да біз үшін бір жетістік, бір жеңіс деп санаймын.

Тәжірибеміз толыққан соң мемлекеттік тағы бір мәселе – білім саласын әкімшілік жүйеге тәуелді етпеу керек деп ұрандады алға тарттық. Өйткені оның зияны көп болды. Атап айтқанда министрлік бағдарлама шығарады бірақ оны атқаратын жергілікті жердегі басшылары әкімші сайлайды. Яғни министрлікке бағынбайды. Енді бағдарламаны шығарған министрліктің өзінің тағайындаған адамы болса ғана ол оны дұрыс нәтижеге жеткізеді деп ойлаймыз. Біреу бағдарлама жасақтайды, ал екіншісі оны орындаса оң нәтижеге жету қиын болады. Сол себепті де білім саласы толықтай министрлікке бағынып, әкімшілік араласпау керек еді деген тоқтамға келдік. Әрине бұл мәселені көтермес бұрын, білім саласындағы тәжірибелі ағаларымызбен ақылдастық, зерттеп, зерделедік. Бір жылдан бері бұл мәселе көтеріліп, ағаларымыз бірнеше рет осы мәселемен Елордаға барды. Нәтижесінде осы бір-екі күндікте мәселе оң шешімін тауып отыр. Білім саласы әкімшіліктің құзыретінен алынып, тікелей министрлікке бағынатын болады.

– Нәтижелер көрініп жатыр демек, еңбек зая кеткен жоқ. Таяуда ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашық хат жолдапсың, не түрткі болды, мақсат не?

Иә, ол ашық хатта – Төтенше жағдай кезінде Шымкент қаласы әкімі өзінің құзыретін толық пайдалана отырып, керек істерді нәтижелі істей алмауына байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлынан Мұрат Әйтеновты қызметінен босатуды сұрадық. Себебі өздеріңіз де көріп отырсыздар, Қазақстан бойынша ең көп медицина қызметкерлерінің өлімі біздің өңірде орын алып отыр. Одан бөлек қордаланған мәселелер негізінде 10 себеп көрсеттік. Азық-түлік саласы болсын, дәрі-дәрмек болсын, дезинфекция саласы – барлығында Президент тапсырмалары дұрыс орындалмағанын көріп отырдық. Біз – қоғамдық белсенділер, ұйымдар барлығымыз осы Шымкент қаласының әкімдігіне бағынамыз. Осы індет басталардан бұрын, ақпан айында қала індетке дайын ба деген сұрақтың жауабын іздеуді бастадық. Не жетіспейді деген мәселелерді көтере бастадық. Дерт Қытайда болып жатқанымен ақыры бізге келу қауіпі бар екенін ескеріп, әкімдікке сауалдармен барған болатынбыз. Бірақ біз әкімнің өзінен жолыға алмадық. Әкім орынбасары Ерлан Садыр мырза қабылдады. Ол кезде бізге «толық індетпен күреске дайынбыз, пандемия бола қалған жағдайда іс-әрекет алгоритмі дайын», – деп мәлімдеген болатын. Осыдан кейін екі апта өткен соң наурыз айы басталғанда әкімге тағы да бардық. Ол кезде қалада масканың жетіспеушілігі басталып жатыр еді. Әкіммен бірге қаланың бас эпидемиолог маманы және денсаулық сақтау басқармасының басшысын да қоса шақырдық. Ол кездесуден бізде видео түсірілім бар, фейсбук парақшамда да жарияланған. Толғандырған сұрақтарымызды қойғанда әкімнен қала індетпен күреске толықтай дайын деген жауап алдық. Осылайша 14-і күні қалаға індет келді, бірақ айтылған сөз бен іс-әрекет сай келмей жатты. Бәрі дайын дейді, бірақ маска жоқ. Содан бастаған соң мұны аяқсыз қалдырмайық деп, қоғамдық бақылау штабын құрдым. Қоғамдық ұйымдардың жетекшілері мен бұл жағдайды қоғам болып отырып бақылау керек деген ойда әкімшілікке барып тіркеттік. Әкімге осы штабты құрдық, алдағы уақытта қандай төрт бағытта бірлесе жұмыс жасайтынымызды да көрсетіп хат жолдадық. Бірақ бізге ешқандай да жауап келмеді. Төтенше жағдай штабы да құрылды. Бірақ қалада бетперде тапшылығы қатты сезілді. Тек араға бір ай салып қана бұл мәселе өз шешімін таба бастады. Осы кезде біз де құр отырмайық деп, еріктілермен бірігіп 2000-ға жуық маска тігіп, автобустарда тараттық. Ол кезеңде бір бетперде құны 300 теңге болып тұр еді. Сондықтан да автобустарда маска тақпаған азаматтарға тарату қауіпсіздікті күшейтуге үлесін қосады деп сендік. Карантинде ғана үйден шыға алмадық,бірақ бәрін бақылап отырдық.

– Демек ойға келетін дүние осы мәселені бірге шешейік, біз де ел болып көмектесейік, халыққа қызмет етейік, Шымкент республикалық маңызы бар қала, яғни біріксек біз бұл індетті де жеңеміз деп әкімге бір емес, бірнеше рет қабылдауына сұрандыңыздар. Бірақ өкінішке қарай, әкіммен жолығу мүмкін болмады. Сол мәселелер бүгінге дейін қордаланып-қордаланып шешімін таппай келеді. Сол себепті де Президентке ашық хат жолдадыңдар. Яғни мақсат анық?

– Мақсат анық. Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов қызметіне алғаш келгеннен бастап ол кісінің өзіне ашық хат жолдаған болатынмын. Сол кезде журналистерді, қоғам белсенділерімен алғашқы кездесуін өткізген екен. Осы хатты соған қарап жаздым. Айтқым келгені «Сіз бұған дейінгі әкімдердің қателігін жасап отырсыз, өйткені журналистермен немесе сайттардың редакторларымен ешқандай қоғамдық пікір қалыптастыра алмайсыз, қоғамды біріктіре алмайсыз» дедім. Әкімнің негізгі міндет сол кезде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай «Біз естуші мемлекетпіз, қоғаммен бірігіп жұмыс жасаңдар деген болатын. Соған байланысты мен Сіз қоғамдық ұйымдармен, белсенділермен бірігіп жұмыс жасаңыз деп айтқан болатынмын. Бірақ әкімнен жауап болмады. Содан соң әкіммен кездесуге барғанда үш ұсыныс айтқан болатынмын. Оның біріншісі – көшеде көліктерді бақылайтын камералар онсыз да толы, сол себепті патрульдік машиналар босқа жүрмей бір бағытпен барсын, қайтарда дабылдатқыштарын қосып аулаларды, көшелерді араласын деген болатынбыз. Оның өзі үлкен көмек болар еді. Себебі халық өзін қорғауда екенін сезінетін болады. Көп ұрлық та, қылмыс та адамдардың ішінде болады ғой, сондықтан халықтың өзін қауіпсіз сезіне алуы маңызды. Белгілі маршрут құрып алып, көшеде де, аулаларда да жүрсін деген ой болатын.

Екінші ұсыныс қаламызда бір қоқыс мәселесін көтереміз деп, зерттеу жұмысын жүргізген болатынбыз. Сол кезде қалада ешқандай қоқыс жәшігінің мемлекеттік актісі жоқ екенін анықтадық. Оны біз зерттеп шығардық. Өйткені ол жерлер ешқандай да стандарттарға сай келмейді. Қай жер ыңғайлы сол жерге қоя берген. Неге мемлекеттік акт жоқ десек, бұрынғылары дүкендерге тағы басқа дүниелерге сатылып кеткен. Сол себепті қоқыс жәшіктері бос орындарға орнатыла салған. Ал осының кесірінен қоқыс таситын көліктердің жұмысы тежеледі. Стандартқа сай келетін жерден қоқысты алу үшін олар он минут уақыт жұмсайтын болса, бүгінде жарты сағат, бір сағат уақыт жұмсайды. Бұл өз кезегінде қаланың басқа бір нүктесінде қоқыс жиналып қалуына сеп болады. Осылайша қоқыс мәселесі шешімін таппай келген. Біз осы мәселені көтерген болатынбыз. Тезірек мемлекеттік акті жасаңыздар деп. Тіпті кей қоқыс компаниялары Алматыдағыдай қоқысты жер астына жинайтын жобаларға инвестицияны өзіміз құюға дайынбыз дейді. Ал инвестиция құю үшін мемлекеттік акт болуы қажет. Біз осы мәселені де жеткізген болатынбыз. Бірақ жарты жылдан ұзақ уақыт өтті. Әлі ешқандай нәтиже жоқ.

Ақсап тұрған тағы бір сала – денсаулық сақтау басқармасы. Бұл саланың алдынғы басшысы А. Байдуғалиев өз еркімен жұмыстан кеткен болатын. Қазір қайда жүргенін нақты білмеймін, естуімше ол кісінің үстінен іс қозғалып жатыр. Демек ол салада өзінің осыған дейінгі былығы болған. Ол кісі де жергілікті азамат емес еді. Онымен де таныстығым бар. Себебі өткен жылы Асар шағынауданында балалар емханасы болды ғой. Ол жерде жапсырмаларын ауыстырып, мерзімі өтіп кеткен дәрілерді пайдаланып жатқан кездерін анықтап, зерттеп, көтеріп соңына дейін жеткіздік. Қазір Қаратау аудандық прокуратурасы әлі де зерттеу жүргізіп жатыр. Өйткені ұзақ зерделеуді қажет ететін мәселе, бір жылға дейін. Солай жүріп сол кісімен танысқан болатынбыз. Сосын ол жұмыстан кетті, орны біраз уақыт бос тұрды. Сосын конкурс жасап қазір отырған азаматты тағайындады. Осы жерде қалада індет өршіп тұрған уақытта денсаулық саласына жауапты маманды шеттен әкелу дегенді өз басым түсіне алмадым. Сондай мамандар өзімізде жоқ па? Бұлай дейтінім кез келген маманды сырттан әкелген уақытта ол адам адаптация процесінен өтуі керек болатыны анық. Оған жарты жылдан астам уақыт та қажет болуы мүмкін. Ал бізде індет кезеңінде сондай уақыт бар ма? Пандемия деген соғыс уақыты ғой. Мүмкін осы кезде бұл лауазымға жергілікті маманды тағайындағанда ол игеріп кетер ма еді. Өйткені ол кімнің қабілеті қаншалықты, не мәселе бар біліп отыратын еді. Бұл жерде де кадр таңдауда қателік кетті ме? Осы уақытта ол кісі де өз еркімен арыз жазып жұмыстан кеткен екен. Демек індет уақытында Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласы екі рет басшысыз қалып отыр. Жаңасы тағайындалғаны жайында әлі естімедім. Бұл не деген сөз? Індет жүріп жатыр. Қалада дәрі-дәрмек жетіспейді. Дәрігерлерді қорғау саласы өте қатты ақсап, өлімі көбейіп жатыр. Аурып келген азаматтарға көмек көрсету жағы сын көтермей жатыр. Және осы кезеңде бізде кадрлық ауыстырулар орын алып отыр. Қазіргі уақытта бос орынға кім тағайындалатынын білмеймін, бірақ жергілікті азамат таңдалуы керек деп ойлаймын. Тағы бір мәселе дәрі-дәрмектің жетіспеушілігіне жауапты фармацевтикалық компаниялар дейді ел ішінде. Өзім осы саланы да кішкене зерттеп көрдім. Естеріңізде болса жақында доллардың бағасы көтерілді. Теңге құнсызданды. Ал бізге келетін дәрі-дәрмектің 85 пайызы сырттан келеді. Ол дәрілер валютаға алынады. Сол себепті дәрінің өз бағасына инфляцияның деңгейіне байланысты құн қосылады. Болмаса фармацевтика саласындағы фирмалар шығын көреді. Немесе мемлекет сол шығындарды өтеп беру мәселесін өз мойнына алуы қажет. Негізгі мәселе осы кездерде, яғни осыдан екі-үш ай бұрын басталған болуы керек. Мұқтаждық осы кезеңде басталған. Болжам сол кезде жасалуы қажет еді. Біз осы түйткілді шешпесек, онда екі-үш айдан соң дәріге мұқтаждық пайда болады не бағасы арзан сапасы төмен дәрілер көбейетініне сол кезде болжам жасалу қажет еді. Осыған дер кезінде көңіл бөлінді ма? Миллион тұрғыны бар қаланың дәріге қажеттілігі қанша? Ертең індет уақытында дәріге сұраныс екі-үш есеге артқан жағдайда оған жететін қоры бар ма? Егер жоқ болса жоғары жақтан арнайы көмек сұрап, тиісті шараның қабылдануына көңіл бөлу керек еді.

Енді мен тиісті деңгейде істелмей жатыр деп ойлаған сыни пікірлерімді әлеуметтік желіде жазып отырамын. Оған себеп Президентіміз айтқандай тыңдаушы мемлекет бола алмадық. Карантинің кесірі болды, басқасы бар бірақ тыңдаймын деген құлақ тыңдайды. Осылай тыңдайтын құлақ таба алмағандықтан Президентке ашық хат жазуға тура келді. Әртүрлі пікір жазып жатқанымызды әкімшілік тарапы да оқыса керек, соңғы күндері өздері диалогқа шақырған болатын. Әкімнің көмекшілері тағы басқа да сала мамандары. Бірақ мен әкімнің ата жауы емеспін. Ол кетсе де кетсін, кетпесе де кетсін деген ұстаным жоқ. бұл қамшы беру мақсатында ақсап жатқан тұстарды шынайы жеткізу болатын. Себебі өзім бастан аяқ ішінде жүрген болатынмын. Ойымды білдіруге шақырған екен. Барып ұсыныстарымды білдіріп қайттым. Кездесуде 5 мәселе туралы ой жеткіздім. Оның бірі – дәріханалардағы бағаның өсіп кеткені байқалады. Оны журналистер тағы басқа тұлғалар зерттеп жатады. Бірақ бұл заңсыздықтардың алдын алу тікелей құқық қорғау органына байланысты болғандықтан, осы мәселені шешуде сол басқарманың ресурстарын қолдану қажет екенін жеткіздім. Екіншісі еріктілердің штабы жайлы ұсыныс болды. Осы кезге дейін қандай мәселе болсын көзге көрініп тұрған нәрсе еріктілердің ортақ штабының болмауы. Еріктілер штабы деп маңдайшасына жазып қойып, бір ғимарат бекітілсе кез келген ерікті боламын деген азаматты сол жерге жинауға болар еді. Мұны неге айтып отырмын. Бұған дейінгі кезеңдерде мысалы Арыс жағдайында, басқа жағдайда әр топ өз алдына ұйымдасып, кейде бір мәлімет барлық топқа тарайды. Сосын бірнеше топ бір жерге барып қалып, ал бір жерлерге ешкім бармай қалған кездер болады. Осындай нәрселерді жүйелендіру үшін бір координациялық орталық ретінде жалпыға ортақ еріктілер штабын ашуды ұсындым.

Үшінші ой – дәрігерлердің мәселесі. Ол кісілерге жағдай жасауға байланысты. Қандай мәселелері бар, барып келуі, түскі тамақтары бәрі жеткілікті ма, соған зерделеу жұмыстарын жасау.

Төртінші – дәрілік қор жасақтау. Қазір індеттің екінші толқыны келе жатыр деген болжам бар. Оған біздің қала дайын ба? Қазір зерттеп жатқан шығар қанша кеткенін. Енді алдағы 1-1,5 айда сол дәрілік қорды жасақтап үлгеру.

Бесіншісі ұсыныс – біздің наурыз айында ашқан қоғамдық бақылау штабы билік өкілдерімен бірлесе отырып, қазір індетке қатысты барлық салаларды аралап, зерттеп бірге қорытынды жасауға байланысты ұсыныс жасадық. Яғни Төтенше жағдай штабы мен Қоғамдық бақылау штабы бірігіп жұмыс жасауы. Осындай 5 ұсыныс жасадық. Бұлар жүзеге аса біраз түйткілдің алдын алуға болады деп ойлаймыз. Ұсыныстарды қарастыруға, біразын қабылдауға уәде берді. Мүмкін алдағы уақытта қоғамдық бақылау штабымен қаладағы әртүрлі мәселелердің шешілуіне атсалысамыз деп отырмыз. Онымен нені айтқым келеді? Біздің қоғам үкіметпен індет кезінде де, тыныш күнде де бірігіп жұмыс жасау қажет. Осыны біріктіретін әкім, әкімшілік тарапынан қызметкерлер. Өйткені жалдамалы журналистермен блогерлер пікір де қалыптастыра алмайды қазіргі таңда. Белгілі бір қоғаммен үкіметті біріктірген құрал емес екенінде дәлелдеді. Енді әкім мырза жұмыс жасайды, осы бағытқа бет бұрады деп ойлаймын. Біреулер ойлап қалмасын неге жалғыз осы әкімге айтып жатыр деп. Мен осы кезеңге дейін бірнеше әкімдерге, Шөкеев мырзаға да сын жазған болатынмын. Көзіңмен көріп отырған соң үнсіз отыра алмайсың, ашық жаздық. Егер осыдан бой түзеп жатса құба құп. Біз жау емеспіз. Егер түзелмесе онда бір миллион халықтың тағдыры ойыншық емес. Сондықтан кадр таңдаудан шатаспау керек. Ал қоғамдық белсенділермен біріккен жағдайда әрі қарай жұмыс оң бағытта жүреді деп ойлаймын!

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сәуірбек ЖЫЛҚЫБАЕВ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *