АНАМ МЕН ЕНЕМ – АРДАҒЫМ

Таным Тәрбие
2 841 Views

Өмірден өз орныңды табуда, дүниеге кірпіш боп қалануда асқар таудай әкең мен мөлдір қайнардай анаңның маңдай тері, өлшеусіз еңбегі бар. Қашанда ата-ананың орны бөлек. Артыңа қанша бұрылып қарасаң да енді қайтіп келмейтін тәп-тәтті балалық шақ пен қыр гүліндей бойжеткен кезімізді сағына еске аламыз. Кім де болсын өзінің сәби кезін, есейген шағын аңсайтыны рас-ау.

Жұмсаң жұдырығыңда, ашсаң алақаныңда тұратын кішкене ауылдан шыққан өрімтал қыз, Құдай бұйырып, бүгін көпбалалы ана атанып, перзентке деген шексіз махаббаттың құнына, маңызына ешнәрсе тең келмейтінін сезініп, замандастарыма, оқушыларыма, ұл-қыздарыма кішкене ой тастауды қош көрдім.

Жалпы адал жар, ибалы келін атануда, тіпті балаңа мейірімді ана болу да оңай емесін жүре, көре түсінеді екенсің… Дегенмен, алға нық қадам басып, осындай әдемі күй кешіп жатқаным – өмірде бір сәтте есімнен кетпей, жүрегімнің бір бөлігінен лайықты орын алғанбыз аналарымның арқасы.

Мен үшін құрсағында тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, тас емшегін жібітіп, кең дүние есігін ашып, жарық сәулені сыйлаған анатайымның орны, әрине, бөлек. Шешем Үндемес  Рахманқызы  фашизмге қарсы соғыс басталған жылы туған екен. Сұм соғыс ауыртпалығын, халық жоқшылығын көріп есейгендіктен де болар, ол – нағыз еңбектің адамы-тын.

Таңның атысы, кештің батысы ошағының отын өшірмей еңбектене білген асылым, әлі де көз алдымдасың. Күн шығар-шықпастан оянып, шек-шеті жоқ үйдің шаруасын шаруалап, күн ұясына кіргенде маңдайдағы терін сүртіп, сонда ғана демалатын ардақтым-ай, жанымда жоқ болсаң да, жүрегімдесің. Ділімнің төріндесің! Оң жақтан кетпей еркелеп жүрген шағымда талай келешегіме керек сырыңызды айттыңыз, ешкімнен кем етпей   өсірдіңіз, қыз балаға қажеттінің бәрін уақыт тауып үйреттіңіз, бағып-қақтыңыз. Ұлағатты ұстаз қызметіндегі адал жарыңыз – әкем Далабай Әйкешұлы әрқашан қасыңыздан табылды. Алты ұл мен төрт қыздың санасына ұлт тәрбие дәнін егіп, «Батыр ана» – «Алтын алқа» иегері атандыңыз. Әуелете шырқаған әндеріңізбен тербете жүріп, өмірдің ағы мен қарасын айыра білуді, тіршіліктің бұралаң жолында адаспай, ел үшін адал қызмет етуді ескерткен де, тапсырған да – нақ өзіңіз болатынсыз, жанашыр анашым!

Анамның берген өнегесін, баулыған тәрбиесін бойыма сіңіріп, табиғаттың заңымен, дәстүр соқпағымен туған ұямнан ұшып, Құдай қосқан қосағымның алтын босағасын аттадым. Иә, өзіңізбенен бірге тең көретін құрметтімнің бірі – оң аяқпен табалдырығын келін болып аттағанда ақ батасын беріп, құшағын жая қарсы алған, перзентінің таңдауын өз таңдауындай көрген асыл жан – енем Ырысбала Тоғымқызы  болатын. «Ене» деп айтсам, арадағы қарым-қатынас алыстап кететіндей ішкі жан дүниемнің қабылдауымен «Анашым» деп айтуға бел будым. Бұл ойым әсте қате болмады.

Кешегі күннің аналарының қайсысы болсын ойлары балаларының келешегі, ұя-әулетінің қамы, отбасының берекесі еді. Құдай қосқан асыл жарымның анасы да күнделікті үй шаруасынан шаршамайтын, қажымайтын. Ырысбала енем атына заты сай, ырыс пен берекенің өшпес шамшырағы еді. Менің жарықтық шешем құдағиын, яки Құдай бұйыртқан екінші анамды қатты сыйлап, тіпті «жеңге» деп еркелеп те қоятын.

Жеңге деуі қайынатам Наурызхан Оспанұлы екеуі бір елдің тумасы-тын. Өмір ағымы – таным ағымы. Адал келін болуды мақсат қойып, салмақты да сабырлы енеммен де он жеті жыл сырлас болып, ол кісінің өмірге керекті бай тәжірибесін, адами дүниетанымын бойыма сіңірдім. Ол кісі – бағыма бұйырған аяулы жан еді.

Қарап отырсам, қос анамның ұқсас жақтары да көп екен. Көз шырымының не екендігін сезінбей, ақ таңмен жарыса тұрып, кеш батқанша шаруа соңында жүрулері, қонақ келсе бала демей, үлкен демей бәйек болып күте білулері, бар дәмдісін кісіге тосатындары, төрт түлік малға деген өзгеше қамқорлықтары – тізе берсем таусылмас үйлесімдер екен,шіркін!

Елесі, жаңғырығы естен кетпейтін сәттер өте көп. 1998 жылдың шуақты жаз мезгілінің бір күні еді. Анам мен сырласы Аманбала шешеміз екеуі қара шаңырағымызға аңқылдай еніп: – «Ақымақ бас екі аяққа дамыл бермес» деген, ойлаған шаруамыз іске аспаса да, Ыршеке, Сіздің шәйіңіз көңілімізді көтерер деп келіп қалдық! – деп жатты.

– Өйбүй, шәй табылады, демдеріңді алыңдар, жайғасыңдар! деген енем есі шыға қарсы алып, самаурынды әп-сәтте тұтатып, дастарқанды жайнатып жіберді.

Содан үшеуі жарасымды әңгімелерін ортаға салып, шәй ұрттай бастады.

– Шәйіңіз еттен қадірлі болды-ау, мұның сыры неде екен? – деп тамсанған шешелеріміз балаша қуанып, алғыстарын білдіріп, кете барды.

Осы бір кішкене көріністен, аналарымның арасындағы талай жылғы жарасымды сыйластықтан «екеуін де тең көремін» деген ой туған болатын.

Енетайыммен мақтана алатын келін екенімді жасырмаймын. Бәз-біреулер күлер, шындыққа жанаспас деп ойлар, мейлі. Құдайдың құдыреті-ай десеңізші, өз орнын білгендігі сонша, «өзімдей болса ғой»деп тәрбиеледі. Не айтса да, көрсетсе де қабылдап жүре білдім. Күнделікті шаруаларды «оқудан қиын емес» деп айтатын мәтел сөзі күні бүгінге дейін құлағымда.

Арамыздағы келін мен ене арасындағы байланыстың мықты көпір болып қалануына жан анашымның да әсері бар. Соның бір дәлелі ретінде анамның үнемі айтып отыратын мына бір сөзі әрдайым есіме түседі: «Бес баланы әкесіз өсіріп, оқытып, тәлім-тәрбиемен алдын профессор деңгейіне жеткізген асылдардың бірі. Бүкіл ел сыйлайтын Наурызхандай әкеміздің жоғын жоқтатпай, отын өшірмей, балаларын өз күшімен қатарға қосқан жақсының жақсысы. Жетімін желеп, жесірін елеген қазақпыз. Қол ұшын созар туғандары мен Құдай қосқан көршісі, жанашыр ағайыны, ауылдас замандасы болса да барлық ауыртпалықты бір өзі көтерген жан. Қиындық пен небір сынаққа төзімді болудың өзі екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондай өмірдің ащысы мен тұщысын басынан өткізген ел анасына келін болудың өзі саған үлкен бақыт емес пе, құлыным!». Бұл – ана сөзі ғана емес, дәстүрді ойлаған дана сөзі еді. Бұл – Құдай сыйлаған құдағиының қадірін білген жанның шүкірі еді.

Анам жарықтық жылы да аялы алақанымен басымнан сипап, енем және қайынжұртым туралы тағылымды әңгіме айтқанда, әрі қуанып, әрі жылайтынмын.

Аналардың баға жетпес ерліктерін кітап бетінен оқып танысқан біз  үшін мұндай ізгі жайттарды өмірден оқып – тоқу зор мәртебе боп қала бермек.

Енемнің өміріме керекті өлшеусіз өнегесі туралы жалғыз менің анам ғана емес, көзкөрген сансыз адам қызыға, сүйсіне ауыз толтыра айтып, құрмет тұтқанда, төбем көкке бір елі жетпей,  қатты қуанатынмын.

Аттары да, заттары да алтыннан қымбаттыларымның ізгі істерін айтып тауысу мүмкін емес. Солардың бірегейі – ардақты анамның дәмі тіл үйірер тоқашы мен қадірі асқақ енемнің шөлдегенде шөл қандырар бал қымызын ауылымыздың жасы да, кәрісі де әлі күнге дейін аңсайды. Үлпілдек сары тоқаш пен тәтті қымызды қанша әрекет жасасам да анам мен енемнікіндей шықпайтын тәрізді. Сол кезде «әр нәрсенің өз иесі бар екен» деген халық сөзінің шындығына көзің жетеді. «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, бірін-бірінен бөле алмайтын қымбаттыларымдай болу немесе болмаққа әрекет жасау – мен үшін міндет. Бұл да – өмір мен тәрбие заңы.

Сынаптай аққан ғұмыр. Қазір анам да, енем де бақилық. Екеуі туралы естелікті бөлек жаза алмадым. Бәлкім олардың арманы да осы болған шығар: ұрпақты тұтастандыру, барған жерге «тастай батып, судай сіңу». Сөйтіп, мың жылдық дәстүрді жалғау. Мұны оларға әзиз аналары үйреткен болар.

Солай, менің ойымда, жадымда анам мен енем нәзік егіздерімдей біте қайнасып, табиғи үйлесіп кеткен. Күйбең тіршілікпен өтіп жатқан мына өмірде атқарған әр игі жұмысым нәтиже беріп жатса, ол – жаныма сая болған  бәйтеректерімнің арқасы. Олардың көрсетіп кеткен тура жолы әлі қажетімізге жетерлік жерге апаратынына кәміл сенемін. Жасап жатқан дұға– тілектерім қабыл болып, ол кісілердің тіршіліктегі бағы мен бақыты кейінгі ұрпақтарына жұғысты болғай.

Таң күліп атса – күлкілеріңізді, ту сыртымнан жылы леп соқса – ыстық құшақтарыңызды, отбасым ырыздық пен несібеге толы болса – мінездеріңіздің кеңдігін сезінемін. Өмір атты өзеннің ағысына қорықпай төтеп беретіндей етіп қанатымды қатайтқан қос қадірлім, Сіздерге Алла иман байлығын берсін!

Барлық қазақ келіні үшін анасы мен енесі бірдей ардақты болғай. Осыған бәріміз де жауаптымыз.

 

P.S. Жазба дүние болған соң, нақтылыққа барып, ата-енемнің аты-жөнін атадым. Осы үшін Жаратқаннан, әруақтан ғафу өтінемін.

Әлия ДАЛАБАЙҚЫЗЫ,

Еуразия гуманитарлық институты колледжінің оқытушысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *