Тәжірибелі журналист Балжан Ануарбекқызы Аринова «Әділет» республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық газетінің Астана қаласы мен Ақмола облысындағы қаласындағы арнаулы тілшісі қызметіне кірісті. Әріптесімізге шығармашылық жетістіктер мен сәттілік тілей отырып, автордың «Ана жайлы толғаныс» атты материалын назарларыңызға ұсынамыз.
ӨМІРБАЯН БЕТТЕРІНЕН
Аринова Балжан Ануарбекқызы 1970 жылы 8 наурызда Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ақкөл селосында дүниеге келді. Ұлты қазақ. Мамандығы журналист.
Әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін 1993 жылы бітірген. Еңбек жолын 1987 жылы Жамбыл облысы, Талас аудандық «Ленин жолы» газетінде қаріп тексеруші (корректор) болып бастаған.
1996 жылдары Балқаш қалалық баспаханасында «Сырлас» газетінде тілші, редактордың орынбасары. 2002 жылы Балқаш қалалық «Балқаш өңірі» газетінің тілшісі, редактордың орынбасарлығы міндетін уақытша атқарушы.
2004 жылы Балқаш қалалық эпидемиологиялық қадағалау басқармасының (СЭС) бас маман-аудармашы болып қызмет атқарған. 2004 жылы Қарағанды облыстық мемлекеттік қызметшілердің және білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында «Мемлекеттік тілді іс жүргізу» бойынша біліктілігін арттырған. Куәлік №000119 КАР.
2005-2010 жылдары Балқаш мыс қорыту зауыты түсті металлдар цехында, «Балқаштүстімет» өндірістік бірлестігі басқармасында Мемлекеттік тілдегі аудармашы қызметін атқарған. «Қазақмыс» корпорациясы Жезқазған қаласындағы «Мысты өңір» газетіне Балқаш өндірістік аймағынан штаттан тыс тілші ретінде мақалалары жарық көрген.
2011 жылдан бастап 2025 жылға дейін «Педагогика мәселелері -Вопросы педагогики» республикалық педагогикалық ғылыми-теориялық журналында бөлім редакторы болып қызмет атқарған.
Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «Психология әлеуметтік білімдер» факультетін бітіріп, екінші жоғары білім алған.
2025 жылдан бастап Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және әлеуметтік ғылымдар Жоғары мектебі Бейінді магистратура магистранты. Үш баланың анасы, отбасылы.
АНАНЫҢ ЖҮРЕКЖАРДЫ ТОЛҒАНЫСЫ
Ел басына күн туған сонау ашаршылық жылдарындағы алаш аналарының жанкешті тірлігі ұлттың өркендеуіне қосылған үлес болғаны жайында ерлікке пара-пар әңгімелер ел ішінде аз емес. Соның бірі Зоя апаның айтқандары жүрек толқытады. Қолыма қалам алып, жүрегімнің түкпіріне сақтаған ана жайлы бір үзік сырды бүгін жазып отырмын. Ол кісінің анасының есімі Төлбасы екен. Мінезі жұмсақ, ел сыйлаған ақылды жан десетін.
Әлі есімде, – деп бастады апам өз әңгімесін, – ес біліп қалған кезімде қыз бала анасына жақын болады екен. Мен де Төлбасы шешемнің жанынан шықпай, шаруасын тындырып отырған оған: «Өзің жайлы айтшы», – деп мазасын алатынмын. Бірде мен өзіме қатты әсер қалдырған шешемнің тағдыры жайлы әңгімені тыңдап, хал-қадерімше жазып алған едім.
«Жасымда өте көрікті қыз болып бой түзедім, – деп жалғады ол әңгімесін. – Әкем ғұлама молда кісі болатын. Бойында емшілік қасиеті бар ол ауыл адамдарын және жас нәрестелерді емдеп жазатын. Тұрмысы жаман емес, орта шаруа еді. Бір күндері маған Шұбыртпалы елінің Көгала руынан құда түсті. Сол уақыттың салты бойынша әке-шешем жасау жасап, төрт түлік малыммен мені болашақ күйеуімнің жұртына шығарып салды.
Келін атанып келген жұртыма ақ отауым жарқырап тігілді. Күйеуім, обалы не керек, жақсы жан болғанымен, түскен үйімнің тұрмысы кедей болып шықты. Ата-енем тұрмысқа шықпай отырған қайын апама менің бар жасауымды беріп, іле-шала күйеуге шығарды. Өзім үш уық басын қосқан қоста қалып қойдым.
Уақыт өте тұла бойы тұңғышым – Ырысжан есімді қыз балам дүниеге келді. Күйеуім екеуміз бақытқа бөленіп, төркін жұртыма қыдырып барғанымда, олар маған ақ киіз үй тігіп, ішін жасауға толтырып, қайтадан отаулап шығарды. Қуанышымызда шек жоқ, күйеуіміз екеуміз ел қатарлы өмір сүріп жаттық.
Бірақ өмір өзгеріссіз тұрмайды екен. Тоқшылықтың да бір ащылығы бар екен. Тағдыр қосқан қосағым ауыл ішіндегі тойларда үнемі күресіп, балуандығымен көзге түсіп жүретін. Осындай бір күрестен кейін ол көз тиіп қатты ауырды. Екі жауырынының ортасына қап-қара дақ пайда болып, көп ұзамай дүние салды. Сөйтіп, жас жесір қалған мені ата-енем өзімнен он үш жас кіші қайныма қаратып қойды. Ол сенің әкең болатын.
Ата-енем әкең Шубайды «отауға бар» деп маған жібереді. Ол болса оттың маңайына отырып, ұяла мен жаққа жалтақ-жалтақ қарайды. Ойын баласын ішім сезіп: «Үйіңе бара ғой», – деймін. Ол да менің осы сөзімді тосып отыратын болуы керек, орнынан қуана ұшып түрегеліп, жүгіріп кете баратын.
Сол әкең ат жалын тартып мінгенге жарағанда бізді қосты. Кешікпей арасы үш жастан балаларымыз Қыдырқұл мен Төлеутай дүниеге келді.
Жоғалтқанымның орны толып, бас көтеріп қалған кезімізде, 1932 жылы топалаң тиген ашаршылыққа тап болдық. Біз отырған ауылдан халық жаппай көшіп, бет-бетімен бытырады. «Көл жағалаған өлмейді екен» дегенді естіп, қайын апам, жездем және өзімнің отбасым болып көшке еріп, Балқаш көліне қарай бет алдық.
Қазір ойласам, денем түршігеді. Жол бойы өліп жатқан жұрт, аштықтан ақыл-есі адасқан адамдар… Жаныңды түршіктірер бұл көріністен соң көштен қалып қоймауға тырысасың. Біздің көлігіміз – жалғыз түйе. Үстіне екі баламызды мінгізіп, өзіміз жаяу келеміз.
Жол ұзақ. Менің аяғым ауыр еді. Жол бойы ішім төмен тартып, толғатып келемін. Екі қолыммен түйенің жібінен тас қылып ұстап, көштен қалмауға қарбанамын. Бір уақытта босанатынымды сезіп, әкеңе:
«Маған сендердің өлмегендерің керек, көштен қалмай жүре беріңдер. Мен осы жерде қаламын. Аман-есен жаным қалса, қолымды көтеремін, байқай жүрерсіңдер. Ал егер өліп кетсем, маған бола бұрылмай кете беріңдер», – деп жолда қалып қойдым.
Толғақ қысып, жаным қатты қиналды. Екі жанарым арттарына жалтақ-жалтақ қарап, түйе үстінде кетіп бара жатқан екі балам мен әкеңе түсті. Оларды ішім қимаса да, амалым не?! Өмір мен өлімнің бел ортасында қалдым.
Шешем Төлбасы осы тұста тамағына келіп тірелген көзінің жасын жұтынып, ұзақ үнсіз қалатын. Мен оның өзіне-өзі келгенін тосатынмын.
…Көш ұзаған сайын жаным шығып бара жатты. Жапан түзде жалғыз қалсам, жағдайым не болмақ? Әйтеуір, не керек, шыр етіп жерге түскен баланы есім кіресілі-шығасылы күйде шүберекке орап, кіндігін қалтамдағы пышақпен кесіп, көшке қарай қолымды жанталаса бұлғадым. Әкең де үмітін үзбей, алыстағы менен қыбыр еткен қимылды тосып, бақылап бара жатқан екен. Бір кезде түйесін ойнақтатып, қуана жаныма жетіп келді.
Әлім кетіп әлсіреген мен жаңа туған нәрестені түйенің үстіне таңып бердім. Әкең мені аяп: «Өзің де түйеге отыр», – деді. Бірақ баланың жолдасы түсіп үлгермеген еді. Кіндігінің бір басын саныма байлай салып, ентіге алға қарай жүре бердім.
Біз көшке жеткенде, бауырына екі баламды қысып бізді тосқан қайын апам: «Ойбай-ойбай, баланы қайтесің, әлі жоқ әйелді қайтесің, таста! Мынадай заманда екеуі де адам болмайды», – деп безектеп жылады. Бірақ әкем Шубай ешкімді тыңдамай, жол бойы мен үшін тоқтап-тоқтап, бізді Балқашқа жеткізді.
Міне, қырғын салған ашаршылықтың азапты күндерінде Балқаш көлінің балығы талай жұртты аман алып қалды. Кейін әкем: «Көлігі барларды жұмысқа алады екен», – дегенді естіп, түйе арбасымен жаңадан салынып жатқан зауытқа жұмысқа кірді. Қыдырқұлым мен жолда туған Жолдыбайым іш ауруынан қайтыс болды. Ал Төлеутайымды кейін сұм соғыс жалмап кетті…
Содан Шубай әкем екеуміз бір қойды жетектеп, етегі Бетпақдалаға ұштасып жатқан Тайатқан тауының бауырындағы, Еспе өзенінің жиегіне орналасқан Ағыбай батыр атаның күмбезіне бардық. Апарған малымызды құрбандыққа шалып, батыр атаның аруағына құран оқып, сыйындық.
Түн болғанда әкемді бейіттің сыртына қалдырып, ішіне өзім жалғыз түнедім. Түн ауа көзім ілініп кетсе керек. Түсімде батыр ата орнынан тұрып, атқа мінген күйінде маған: «Бұл жерге жатпа, орныңнан тұр да үйіңе қайт», – деп, алақандарыма екі құстың балапанын салып жіберді.
Оянып кетсем, бейіт ішінде жатыр екем. Тез тысқа шығып, әкемді оятып: «Жүр, Шубай, бұл жерде қалуға болмайды. Алла амандығын берсе, жарылқайтын болды», – дедім.
Расында да бір айдан кейін бойыма бала бітті. Сол кездері ауылымызға тау кенін зерттеп жүрген геологтар көп келетін. Соның бірі – Зоя деген орыс әйеліне өзіңді есіктен беріп, терезеден қайта сатып алғанмын. Атыңды да соның есімімен «Зоя»– деп қойған едім. Екінші балапаным – інің Жақан еді»…
Ұзақ әңгімесінен кейін шерін тарқатқан Төлбасы шешем көңілдене маған қарап күлді. Жүзіне өзіме деген аналық махаббаттың ізін көріп, құшақтай алдым.
Бертінде анам қартайған шағында бір кездері өзіне жастығын қиып, өмірдің соқпағында адал жар бола білген әкеме жас әйел алып берді. Жібек атты менің екінші шешем анамды ғұмырының соңына дейін туған енесіндей сыйлап өтті. Бұл анамнан Бақыт сіңілім мен Ақан інім дүниеге келді. Алланың осынысына тәуба қыламын – деп әңгімесін аяқтаған еді.
Бүгінде Шубайқызы Зоя апа – Арқаның ардақты азаматтарының бірі, ұстаз, көп жылдар бойы кеңес-партия қызметтерін атқарған, белгілі спортшы, күрестен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы – Сағыжан Аманжоловтың адал жары, менің қайын енем.
Қиын жылдардағы, қазағымның әрбір отбасының басына түскен ауыртпашылығын, тартқан азабын, темірдей төзімімен жеңе білген дала интеллигенциясы атанған ата-бабалар естелігі – қабырғамызды қайыстырса да, рухымызды шыңдап тұратыны-ай, жарықтық.
Балжан АРИНОВА,
«Әділеттің» Астанадағы арнаулы тілшісі