АРДАКҮРЕҢ АҚЫН, ҒИБРАТТЫ ҒАЛЫМ

Тұлға
50 Views

АЗ-КЕМ АНЫҚТАМА:

АЛАШТЫҢ АРДАҚТЫ АҚЫНЫ Камашке (Қойлыбай) Дәулетқанұлы Асанов 1964 жылы 10 қарашада Жаңаарқа ауданы, Ақтау ауылында дүниеге келген. 1991 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған соң «Қарағанды жастары» («Замандас»), «Орталық Қазақстан» газеттерінде тілші, облыстық «Шипагер» газетінде Бас редактор болып журналистік шыңдалудан өтті. Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері. Тәуелсіздіктің 20-25 жылдық мерейтойлық мемлекеттік медальдарының иегері. Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиаты. 1998 жылдан Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті журналистика бөлімінде ұстаздық етіп келеді. Филология ғылымының докторы, профессор.

Жалпы Қойлыбай Дәулетқанұлының ғылым, әдебиет, қоғамдағы өмірбаяны көпке үлгі. Әсіресе жастар үшін ерекше маңызды. Ол Қазақ Ұлттық Әдет-ғұрып, Салт-дәстүр Академиясының академигі. Қазақстан Жоғары оқу орындары арасындағы 2011 жылдың үздік оқытушысы. Қарағанды облысы әкімінің үздік журналистерге берілетін дәстүрлі «Алтын сұңқар», тіл жанашырларына арналған «Тіл майталманы» сыйлықтарының иегері. 2023 жылы республикалық үздік журналистерге берілетін «AMANAT-Медиа» сыйлығының жеңімпазы. Мәдениет саласы бойынша «Еңбек ардагері» медалінің иегері (2024 жыл). Әр жылдары Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамоталары, Алғыс хаттарымен марапатталған. Қ.Д.Асанов 1987 жылдан Қарағанды облысындағы халық шығармашылығы жұмысына белсенді араласып келеді. Республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында мәдениет, өнер, тарихи тұлғаларға қатысты көптеген проблемалық-танымдық мақалалар жазып, хабарларға қатысып, өзінің ғалымдық-қаламгерлік көзқарасын көпшілік талқысына ұсынып отырды. Журналистика, ұлттық публицистика, ғылыми-ағартушылық, тарихи-танымдық, көркем-әдебиет бағытында 15 кітабы жарық көрген.
Қойлекең жалпы журналистика саласында 40 жылға жуық жұмыс істесе, соның 27 жылдай уақытын Қарағанды университетінің журналистика кафедрасында оқытушы-профессор ретінде қызмет атқарып келеді. Журналистика мамандығын тәжірибелік және теориялық тұрғыдан ұштастыра білген маман. Кәсіби біліктілігін жетілдіру барысында Қытай Халық Республикасы Үрімші қаласының теле-радио мекемесінде тәжірибе алмасып қайтқан. Қазіргі электронды ақпарат құралдарындағы заманауи соны жаңалықтарды оқу процесіне енгізуде жемісті еңбек етуде.
«Телерадио хабарлары – тілі мен стилі», «Баспасөз тілі, стилі», «Журналистің сөйлеу мәдениеті», «Публицистика өнері», «Публицистің шығармашылық шеберлігі», «Теле-радиожурналистің сөйлеу өнері», «Журналистің кәсіби этикасы» тағы басқа көптеген пәндерге оқу бағдармаларын әзірлеп, оны оқыту процесіне тиімді пайдалана білді.
Болашақ журналистердің шебер де шешен сөйлеу қабілеттерін теориялық және тәжірибелік тұрғыда шыңдауда тыңғылықты жұмыстар жүргізді. 2002 жылы Е.А.Бөкетов шығармашылығынан кандидиттық диссертациясын сәтті қорғады. (10.01.10-журналистика мамандығы), 2010 жылы 10.01.10. – журналистика шифрында Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың журналистика ғылыми кеңесінде журналистика мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғады.
Республикалық «Хабар», «Qazaqstan» бұрынғы «Мәдениет» телеарнасында, «Ел арна», облыстық «Saryarqa» телеарналарында бірнеше рухани-танымдық хабарларға қатысты.
Қ.Д.Асановтан дәріс оқып, білім алған көптеген түлектер қазір республика көлеміндегі түрлі БАҚ саласында жемісті еңбек етуде. Жалпы ұстаз – ғалым Қ.Д.Асанов Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы Қарағанды облысы журналисткасының талантты жас мамандармен толығып, қанаттануына, дамуына, мектеп болып қалыптасуына зор үлес қосып келеді.
Қазақ руханиятындағы зиялы қауым оны арқалы ақын ретінде жақсы біледі. Ардакүрең ақынның жыр маржандары оның поэзиялық жинақтарында сайрап жатыр. «Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді» дегендей, Қойлекеңнің жыр маржандарының дәмін білгіңіз келсе, мына өлең жолдарына назар аударыңыз:

Жазира жылдар, керім күн,
Өзектен от боп өрілдің.
Боз дала саған сүйсіндім,
Шырайы сенсің өмірдің!

Десе де ғұмыр қас-қағым,
Арманның көрдім асқағын!
Байтағын жердің аралап,
Шарладым зеңгір аспанын!

Біреудің баспай соқпағын,
Күрең жал күлік баптадым.
Ақ уыз нұрды сімірдім,
Қарсы алып алдан ақ таңым!

Аймалап кейде ай нұры,
Ұмытқым келді қайғыны.
Айналды аппақ сағымға,
Азулы ердің айбыны.

Сонардан соңғы сергелдең…
Жастықта бәрін жөн көргем.
Тәңірге тәубә қыламын,
Қиналған сәтте дем берген.

Түн қатып жүрген бөрідей,
Серт емген соңғы Серідей.
Жүректе қалды шемен боп,
Көңілдің мұзы ерімей…

Еңку де еңку жер шолып,
Бетеге бастым, бел қонып.
Безбүйрек тағдыр, бедеу күн,
Салмағын сездім енді анық.

Саясыз талдың сәні жоқ,
Ғұмырдан сақта мәні жоқ!
Артымда қалды аңыз күн,
Шертілер сырым әлі көп…

Ашайын сұрап кешірім,
Алпыстың емен есігін…
Жөргектің исі аңқыған,
Қайдасың алтын бесігім!

Ақынның өлеңдері қалың оқырманның қошеметіне бөленген «Құба таң, құлын дүние», «Қойлыбайдың қобызы», «Сәуірдің соңы құралай» сияқты жыр жинақтарында өрнектелген.
Профессор Камашке Дәулетқанұлы Асанов медиа мәселелерін, журналистиканы терең зерттеген ғибратты ғалым. «Телерадио хабарлары – тілі мен стилі», «Баспасөз тілі, стилі», «Журналистің сөйлеу мәдениеті», «Публицистика өнері», «Публицистің шығармашылық шеберлігі», «Телерадиожурналистің сөйлеу өнері», «Журналистің кәсіби этикасы» тағы басқа көптеген пәндерге оқу бағдармаларын әзірлеп, оны оқыту процесіне тиімді енгізген зерделі зерттеуші. 2002 жылы Е.А.Бөкетов шығармашылығынан кандидаттық диссертациясын 10.01.10 – журналистика мамандығы бойынша сәтті қорғаса, 2010 жылы 10.01.10. – журналистика шифры бойынша «Айтыс өнерінің публицистикалық сипаты» атты тақырыпта Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың журналистика ғылыми кеңесінде журналистика мамандығы бойынша докторлық диссертациясын жоғары деңгейде қорғады.
Ғалымның ғылым жолындағы жетістіктерін толығырақ білу үшін қазақтың маңдайға басар ғалымдарының мына бір пікірлеріне көз жүгіртіңіз:
Рахманқұл Бердібаев, академик:

– Сондай-ақ ізденіс барысында айтыс өнерінің ұлттық идеологияның ұйтқысы екені мен қоғамдық ой қалыптастырудағы рөлі һәм үгітшілдік, насихатшылдық сипаттарына да ғылыми байламдар келтірілген. Айтыстағы дәстүр мен жаңашылдық көріністері арқылы шығармашылық өнердің қалыптасу, даму кезеңдеріндегі саяси-әлеуметтік жағдайлардың болмысы ашылып, уақыт пен қоғамның халық мұрасына тигізген әсер-ықпалы сараланған. Қ.Д.Асанов зерттеуінде айтыстың жаңару, жаңғыру үрдістері тікелей азаттық идеяларымен сабақтасып жататыны зерделенген. Қорытындылай айтқанда, ғылым ізденісті мақсаты айқын, өзектілігі өткір мәселе ретінде тани отырып, айтыс өнерін мемлекеттік, ұлттық маңызы зор шығармашылық фактор ретінде бағалауға мүмкіндік аламыз.
Шеризадан ЕЛЕУКЕНОВ, филология ғылымының докторы, профессор:
– Тәуелсіздік алған кезеңнен бері ұлт әдебиетін жаңаша таным сүзгісінен өткізіп, жаңаша парықтауға зор көңіл бөлініп отыр. Рухани мұраны игерудің жаңа қарқыны тың әдістемелік шешімдерді қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда Қ.Д.Асановтың зерттеу жұмысы өзінің тақырып көкейкестілігімен, бүгінгі таңдағы өзекті мәселені шешуге қажеттілігімен ерекшеленеді. Диссертацияда айтыс жырларының идеялық құнары, әлеуметтік мазмұны, қоғамның ділгір мәселелерін жеткізудегі публицистикалық серпіні, көркемдеу амалдары сияқты ерекшеліктері сындарлы пікірлер, ғылыми негізді ойлар арқылы ашылып отыр.
Намазалы ОМАШЕВ, филология ғылымының докторы, профессор:
– Алдымен – айтыс өнерінің бұрын-соңды зерттеу нысанына іліге қоймаған ақпаратты-деректі, үгітшіл-насихатшылдық қырларын, яғни публицистикалық сипатын айқындау болып табылса, екіншісі – ұлттық публицистика тарихын тереңдете түсер теориялық тәмсілдерге бойлауы дер едік. Мұның сыртында аталмыш тақырып аясында өрбіп отыратын тәуелсіз ел көзқарасындағы жаңаша пайымдау, тың ой-пікірлер зерттеу өзектілігін барынша айқындай түсетін құбылыстар деп түсінген жөн. Зерттеу кілтін көне дәуірдегі сөз өнері бастауларынан бастаған ізденуші Қ.Д.Асанов негізгі тақырыптан ауытқымау үшін ауыз әдебиетінің қандай үлгілерін мысалға алса да, оны тек ақпараттық, деректілік тұрғысында қарастырып, уақыт пен қоғам арақатынасы негізінде саралауға әрекеттенген.
Темірғали КӨКЕТАЕВ, ғасыр ғұламасы, профессор:
– Қойлыбай – шын мәнінде ақын азамат. Ол ақындықты базбіреулерше кәсіпке айналдырған жоқ, оны шынайы өнер ретінде бағалады. Өзінің азаматтық болмысы, бойындағы таланты соған лайықты болды. Өз басым Қойлыбайдың айтыскерлік қабілетін жақсы білемін. Ол кешегі Шөже, Кемпірбайдың дәстүрімен айтысты. Сөздің қадірін білді. Қара сөзге жүйрік шешендігі өз алдына бір төбе. Одан кейінгі тағы бір қыры – ғалымдығы дер едім. Айтыс өнерін зерттеген еңбегін оқып шықтым. Жиырма жылдан астам уақытын айтыс додасында өткізген ақын үшін бұл тақырып таңсық емес. Айтысты жеріне жеткізіп зерттеді. Өйткені бұл тақырыптың табиғаты Қойлыбайға өте жақын. Сондықтан да оның зерттеген ғылыми жұмысы өзекті болып саналады. Үшінші қыры – ұстаздығы. Өзі ағарту саласына журналистикадан келді. Журналистің шығармашылық ұстаханасында әбден пісіп-жетілген. Болашақ журналистерді сөз өнерінің қадыр-қасиетін білетін осындай мамандар оқытуы керек.
Бауыржан ЖАҚЫП, филология ғылымының докторы, профессор, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы:
– Айтыс өнерінің әлеуметтік мәні мен қоғамдық маңызын айқындау тұрғысында зерттеуші ХІХ-ғасырдағы айтыс жырларына кешенді ғылыми талдаулар жасаған. Сондай-ақ ХХ-ғасырдың басындағы Кеңес дәуірі тұсындағы ақындар айтысының ақпараттық, насихатшылдық сипаты нақты мысалдар арқылы көрініс табады. Әсіресе, ғылыми жұмыстың 1941-1945 жылдар аралығын қамтитын күрделі кезеңі зерттеу өзектілігін барынша айқындай түскен. Ұлы Отан соғысы жылдарында өткізілген ақындар айтысының үгітшілік, насихатшылық, ақпараттық сипатын айқындайтын тұжырымдар кітаптарда жарияланған мәтіндік нұсқаларды ғылыми тұрғыда саралау негізінде ашылған. Соғыс жылдарында өткізілген ақындар айтысының мемлекеттік маңызын иделогиялық тұрғыдан қарастырған зерттеуші, айтыстың кеңестік қоғам үшін қаншалықты қажет болғандығын нақты мысалдар арқылы дәлелдейді. «Айтыс өнерінің тарихында, – дейді зерттеуші – дәл Ұлы Отан соғысы кезеңіндегідей азаматтық рух, патриоттық жігер болған жоқ шығар. Дәл сол жылдары айтыс өлеңдері жауынгер жанрға айналды. Айтыста ақындық сезім, лирикалық толғаныстардан гөрі нақты мәлімет, дерек, ақпарат көздері шешуші рөл атқарды. Соларды көрсете отырып ақындар нағыз жалынды насихатшылар бола білді. Жауды жеңіп, Жеңісті жақындату жолында айтыс ақындары өлшеусіз үлес қосты.
Осылай деп пікір білдірген автор Шашубай, Көшен, Маясар, Нұрлыбек, Құмар, Сұраубай, Болман, Сәттіғүл, Нұрқан, тағы басқа ақындар айтыстарынан мысалдар келтіре отырып, соғыс жылдарындағы ақындар айтысының саяси-қоғамдық маңызына жан-жақты тоқталады. Коммунистік партияның айтыс өнеріне іш тартып, оны идеология құралы ретінде пайдалана білгенін зерттеуші орынды көрсеткен. Ақындар айтысына үгіт-насихат құралы ретінде қараған кеңестік билеушілер, өздерінің ойлаған мақсатына жеткені де зерттеу барысында нақты мысалдар арқылы дәлелденеді.
Алаш әдебиетіндегі айтыс өнерін терең зерттеген Қойлыбай Асановтың еңбектері бүгінде еліміздің барлық университеттері мен орта және арнаулы оқу орындарында оқу құралы ретінде ерекше сұранысқа ие болып отыруы ғалым зерттеулерінің ерекше құндылығын аңғартады.
Сонымен қатар Қойлекеңнің Арқа өңіріндегі ірі рухани, мәдени, ғылыми шараларға белсене араласып қана қоймай, менеджерлік, ұйымдастырушылық талантымен ғылыми, рухани ортада ерекше танымал болуының өзі де оның тұлғалық қасиетін айқын аңғартуда.
Ол 60-тың асқарына зор абыроймен келіп жетті. Қазақ әдебиетіндегі белгілі ақын-жазушылар мен әйгілі ғалымдар да оның есімін ерекше ілтипатпен ауызға алуының ар жағында қажырлы еңбегі, адам атаулыны бауырындай сүйе білетін азаматтығы мен тектілігі, ірілігі жатыр. Алаштың ардакүрең ақыны, қазақ ғылымындағы ғибратты ғалым, ұлағатты ұстаздың асқаралы алпыс жасқа толған мерейтойы құтты болсын, ағайын!

Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, Қазақстан Республикасы Бас редакторлар клубының бірінші вице-президенті.
Астана қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *