ҰРПАҒЫ ЕСКЕ АЛАДЫ КЕМЕҢГЕРІН…

Тұлға
401 Views


ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ СОҢҒЫ САПАРЫ

Сонау сұрапыл соғыс жылдарынан кейін Қайнарбұлақ ауылы әлі етек-жеңін жиып үлгермеген кез еді. Қан майданның ортасынан аман-есен оралған ауылдың Жұмаділ секілді бас көтерер азаматтары колхоздың ертелі-кеш ұйымдастыру жұмыстарында жүретін. Жұмекең ауылдың жұтап қалған мал басын көбейтеміз деп бір тыным тапқан емес. Жиырма бестегі қылшылдаған жігіт Жұмаділ иығына екі кісі мінгесердей, бойы сырықтай екі метр, кездейсоқ алдынан адам баласы ұшырасып қалса қойша өңгеріп алып кете беретіндей қайратты азамат. Сөзіне де ісіне де мығым Жұмаділ бригадирдің айтқанын ауыл екі етпейтін…

Сондай күндердің бірінде әбден қалжырап еңсесі түскен елдің көңіл күйін аулағысы келді ме екен, ауылға күш атасы Қажымұқан келе жатыр деген сыбыс тарайды. Құлақтары елең еткен ауылдың қара сирақ бала біткені таң бозымен жалаң аяқ ауыл сыртына зымырай тартады.

Үлкен әулеттің қазіргі ұрпақтары

Сол күн 1948 жылдың 14 шілдесі болатын. Қырқадан аса ылдилап келе жатқан аттылы-арбалы еңгезердей батыр тұлғалы дәу кісі көздеріне түседі. Мәскеу көке ол шақтары асық тартып жүрген он жастағы бала-тұғын. Бәрінен бұрын құлдыраңдап жүгіре-мүгіре дереу палуан атаның қолын алып, сәлем берді. Ентіккен бала көңіл — әлгі арба үстіндегі алып денелі алпамсадай кісіге тамсана, әрі таңырқай қарады. Аты аңызға бергісіз бірде «Иван Черный», енді бірде «Чемпион Мұқан» атанған Қажымұқандай атаның бас құйқасы мен құлағы тілім-тілім, жейдесінің ашық тұрған денесі тыртықтардан көз сүрінеді. «Еее, жеңістің дәмі осылай келеді екен ғой!» деп ой түйіп үлгерді есті бала. Кенет:

— Балам, Байтан атаңның үйін көрсет! – деді амандықтан кейін арба үстіндегі гүрілдеген дауыс.

Бала Мәскеу жылдам жөн сілтеді, өзі де қарап тұрмай аттың басын Байтан атасының үйіне бұрып әкелді. – Мә, мына дорбаны бидайға толтыр, — деді сосын палуан ата күймеден өңгеріліп түсіп жатып… Қараса, дорба дегені дәу қанар екен. Мәскеу қанардың ішін бидай мен арпаға жартылай жеткізіп, қара қасқа аттың алдына жемдемекке тастай салды.

Кеш бата ауылдың ақсақалдары, жігіт ағалары Байтан атаның қара шаңырағында алқақотан бас құрап жинала қалды. Қазақтың атын жарты әлемге танытқан атақты жампоз ат арытып күнде көрші ауылға келе бермейді, кешқұрым талай қызықты әңгіме-дүкен құрылды. Сонда Қажекеңнің жасы жетпіс жетіде екен, жарықтық! Салмағы 162 келі болған деседі білген жұрт. Ғасырда бір туылатын тау тұлғалы аңыз адам әлі де білектегі күшін бермеген. Жауырыны қақпақтай. Ертесіне ауыл орталығына барып, қарақұрым халық жиналып, алып Қажы атаның өнерін тамашалады.

Мәскеу көкеміз қазір тоқсанға жақындап қалды… Сол кездегі күндерін аузының суын ағызып отырып әңгімелейді. Қазақтың Қажымұқаны көрші ауылда тұратын, ауыл арасы ет пісірімдей уақыт. Үзіліп қалған әңгімемізді жалғайық, содан Қажекең Қайнарбұлаққа келіп, алаңға шығады. Ат арбаны арқанға керіп, тісімен сүйреді, шойын темірді жіпше майыстырды. Жұрттың көзі алақандай болды. Ендігі кезек кеудесіне гранит тасты қойып, қақ жарғызу… Аңтарылған жұрт Қажымұқанмен ортаға кім шығады деп тосылып тұрғанда, палуанның көзі кенет Жұмаділге түседі. Ірі денелі Жұмаділді ымдап шақырып алып, Қажымұқан омырауына диірмен тасты қойып жатыр, «ал, енді кувалмен мына тасты ортасынан қақ жар!» деп бұйырды. Жұмаділ намысқа тырысып, дәу балтаны бар пәрменімен періп қалып еді, алғашында кувалданың ұшы тастың шетіне тиіп, бір қиыршығы екпінмен көзіне қарай ұшты. Құдай оңдап көз аман, қабағынан қан саулап қоя берді. Жерде шалқасынан жатқан Қажымұқан аспай-саспай:

— Ештеңе етпейді, бала! – деді. Жұмаділдің қан аққан бетін алақанымен сүртіп тастап: — Жалғастыр! – деп екінші қайтара бұйырды. Батырға оңы мен солы бірдей, не тұрыс?! Жұмекең бар күшін жинап, диірменнің дәл ортасына шойын балтаны сілтеп қалғаны сол, тас қақ жарылды! Қажекең орнынан тұрып ризалықпен «нағыз палуан болатын жігіт екенсің!» деген екен.

Осы көрініс тарихта қалды. Бұл танымал фото талай фильмдердің тамаша кадріне арқау болды. Қажымұқанның бұл соңғы сапары еді. Өйткені, 1948 жылдың 12 тамызында әйгілі күрес шебері дүниеден озды.

Ал сол оқиғаның куәсі, Қажымұқанмен бірге күшін көрсеткен Жұмаділ ағамыз 1983 жылдары алпыстан асқан шағында өмірден өтті. 1922 жылы Қайнарбұлақта кіндік қаны тамған Жұмекең атамыздың туғанына биыл жүз толды.

ҚАЙНАРБҰЛАҚТЫ КӨРКЕЙТКЕН ҚОС БАУЫР

Жұмаділ Жақыпұлы осыдан жүз жыл бұрын Сайрам ауданына қарасты Қайнарбұлақ ауылында туылады. Еңбек жолы 1939 жылы қой санақшысы болып бастап, «Қапланбек» зооветеринарлық техникумын бітірген соң, бригадир, зоотехник, ферма меңгерушісі қызметтерін атқарған. «Қайнарбұлақ» ауылының өсіп өркендеуіне аса зор үлес қосқан Жұмекең 1962-1972 жылдары Қайнарбұлақ ауылдық кеңесінің төрағасы, Сайрам аудандық атқару комитетінің, облыстық атқару комитетінің депутаты болып сайланған. Көптеген одақтық, республикалық слеттерге қатысып, делегат болған. 1952-56 жылдары Мәскеу қаласында өткізілген халық шаруашылығы жетістігі көрмесіне қатысып, дипломдармен марапатталған.

1972-82 жылдары зейнеткерлікке шыққанға дейін ауылда зоотехник болып жұмыс істеді. Жоғары дәрежеде көрсеткен еңбектері үшін «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Тылдағы еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. 1950-54 жылдары ауылға жер аударылып келген өзге ұлт өкілдері әзірбайжан, қарашай, түрік отбасыларына қамқор болып, қолдау көрсетті. Көмешбұлақ, Шіркін, Ошақты, Әсіларық, Сарыарық ауылдарында алғашқы орта мектеп, балабақша, дәрігерлік пункт, клуб және кітапханалардың ашылуына мұрындық болған. Жұмаділ ағамыздың атын атағанда інісі Шәріпбек Жақыпұлы да қоса аталады. Себебі, бір атадан тараған ағайынды екі бауырдың елге сіңірген еңбегі өлшеусіз. Шәріпбек Жақыпұлы Қайнарбұлақ ауылының тұңғыш мектеп директоры.

Шәріпбек Жақыпұлы 1935 жылы Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауылында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң, Шымкент қаласында орта білім алған соң қаладағы орта білім даярлайтын екі жылдық институтта қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне түсіп, сәтті аяқтағаннан кейін өзінің ұстаздық жолын Таскешу ауылында өзі бітірген мектепте дәріс беруден бастайды. Көп ұзамай Шымкенттегі педагогикалық институтты сырттай оқып аяқтап, ұйымдастыра білу қабілетінің арқасында Көмешбұлақ ауылындағы орта мектептің директоры қызметіне ұсынылады. Екі жылдан кейін өзі алғаш білім алған Таскешу ауылының сегіз жылдық мектебінде директорлық қызметін жалғастырады. 1965 жылдан өмірінің соңына дейін осы мектепте іскер басшы болып танылды. Сол кездері осы мектепте білім алған ұл-қыздарының бір тобы бүгінде есімі елге танымал азаматтар қатарында. Атап айтқанда Пернебай Әбубәкіров, Мырзатай Бөлешов, Тұрсынай Оразбаева, Қабылбек Төретаев, Дәуренбек Жақып, Шадыхан Жайманов, Мықтыбек Таймұханбетов сынды шәкірттері елдің еңбегі үшін аянбай тер төккендер.

Нышанбек Бекетанұлы, ауыл ақсақалы, ұлағатты ұстаз:

— Жұмаділ ағамыз ер тұлғалы азамат болатын. Сол Жұмаділ аға қазақ палуаны Қажымұқандай алыптың өзін аттан көтеріп түсіріп, көтеріп мінгізетін. Мен Жұмаділ көкемді де көрдім, Шәріпбекпен де бірге қызметтес болдым. Екеуі де ерте кетті, Жұмаділ ағамыз аяқтан қалды, ақыры сол дерті алпыс жасында алып тынды. Ал Шәріпбек-Шәкең отыздан асар аспас бақилық болды. Екеуі де жастық шағында жалындап, ел-жұртқа еңбек сіңіріп, ақыры көптің аузында ерлік істерімен есте қалды. Шәкең Қайнарбұлақтағы алғашқы мектепті ашып, басшылық етті. Олардың Қайнарбұлаққа сіңірген қызметі ерен десек болады. Осы күндері екеуінен тараған ұрпақ бір қауым ел. Адам ұрпағымен мың жасайды деген осы!

Міне, «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген. Нышанбек ақсақал айтқан елге есімі елеулі ағалы-інілі қос азаматтың кіндігінен өрбіген ұрпақтары бұл күні ас беріп, алыс-жақын көз көрген ағайынды жинап, бір қауым ел болған киелі шаңырақ Қайнарбұлақта жиын өткізді.

Жиын барысында Қайнарбұлақ ауылының құрметті азаматы, Еңбек Ері Жұмаділ Жақыпұлы мен ұлағатты ұстаз Шәріпбек Жақыпұлын еске алуға арналған «Бабалар рухын еске алу» атты еркін күрес турнирін өткізді. Турнирге Шымкент қаласы мен Сайрам ауданы бойынша елуге тарта жасөспірімдер қатысты. Боз кілемде білек сыбанып, күш сынасқан жас өскіндер әр салмақ бойынша күресті. Бапкерлер болса ең үздік палуан балаларын іріктеп алып келіпті. Тартысты әрі қызықты өткен сайыста бабы мен бағы қатар шапқан жас спортшылардың арасында таза жеңіс тұғырынан көрінген балалардың қатарынан 22-24 келі салмақта Бағжан Қадірбек, 26-28 келі салмақта Мейіржан Меделханның аты аталды. Ал 30-33 келі салмақта Асқар Нұраддин, 35-38 келі салмақта Әлішер Тұрдыниязов, 36-41 келі салмақта Әли Қожабай, 46-50 келі салмақта Дияр Шырынбаев алға суырылып шықты.

Өткеніңді ұлықтау, ата-бабаңның игі істерін насихаттау кейінгі ұрпаққа тиген енші. Осы орайда Жұмаділ ағамыздың үлкен ұлы Қожабек пен кішісі Дәуренбектен тараған ұрпағы зыр жүгіріп қызмет етті. Қожабек ағамыз әкесінің ізін қуып ауыл шаруашылығының үздік маманы атанған, ал Дәуренбек кешегі күнге дейін құқық қорғау саласында қызмет етті. Бүгінде үлкен әулеттің естелік айтар қадірлі ақсақалы. Шәріпбек ағамыздан

Осылай Қайнарбұлақтың іргесін қалаған, арқалы азаматтарымыз қолтаңбасын қалдырған ел әлі де өсіп-өне бермек. Бұрынғыдай қаладан онша-мұнша алыс та емес, қазір Шымкенттің территориясы кеңігендіктен Қайнарбұлақ ауылы қалалықтардың қатарында.

Бүгінгі атауы Қайнарбұлақ тұрғын алабы аталып кеткен, ауыл шырайлы Шымкенттің іргесіне тиіп-ақ тұр. Тақымыңдағы темір тұлпарды оталдырсаң жарым сағатта желдей есіп жетіп баруға болады. Қазір мұнда жеті мыңның шамасында халық мекен етеді. Осы кешегі күнге дейін Сайрам ауданына қарап келген Қайнарбұлақ ауылы бүгіндері Шымқала үшінші мегаполис статусын алғалы, Сайрамнан өтіп үшінші қала құрамына кірді. Бір кездері ардақты ағаларымыздың алақан табы тиген, жүрген іздері қалған Қайнарбұлақ келешекте те дами түспек.

Құралай АХМЕТОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *