«АСТАНА» – СУПЕР КОМАНДА!

Спорт
1 240 Views

«Астана» кәсіби футбол клубының ойыншылары 2017/2018 маусымда алдымен Еуропа Футбол Қауымдастығының Чемпиондар лигасында лат-виялық Юрмаланың «Спартагынан» (1:0 және 1:1), польшалық Варшаваның «Легиясынан» (3:1 және 0:1), басым түсіп, шотландиялық Глазгоның «Сел-тигіне» (0:5 және 4:3) жол беріп, Еуропа лигасының топтық бәсекесіне түсіп қалды. Алайда мұнда олар тәп-тәуір өнер көрсетті. А тобында сынға түскен елордалық клуб он ұпай жинауға жетісті. Израильдік Тель-Авивінің «Маккабиін» екі ойында да қапы қалдырып (4:0 және 1:0), алты ұпай олжалап кетті. Чехиялық Праганың «Славиясымен» өз алаңында тең тарасып (1:1), сырт алаңда ұтып кетті (1:0). Тек испаниялық Вильярреалының осы аттас клубына ғана есе жіберуге мәжбүр болды (1:3 және 2:3). Сөйтіп, өз тобында екінші орынды еншілеп, плей-офф бәсекесіне жолдама алып отыр. Қазақстанның футбол тарихында бұрын-соңды дәл мұндай ең үздік нәтиже тіркелмеген. Олар бұған қоса-қабат қатарынан төртінші рет (2014, 2015, 2016, 2017 жылдары) ел чемпионы атанды. Егемен еліміздің Суперкубогын (2015), кубогын (2016) иеленді. Бір маусымда 17 миллион еуро табыс тауып, азулылармен терезесі тең шайқасқан. Бүгінде «Астана» УЭФА футбол клубтарының арасында 67-орынды иемденіп тұр. Әрине, мұның бәрі «2017 жылдың ең үздік футбол менеджері» атанған клуб президенті Саян Жақсыгелдіұлы Хамитжанов пен болгариялық білікті бапкер Станимир Стойловтың жүйелі жұмысының арқасында қол жеткен жетістік екені даусыз.

Швейцарияның Ньон қаласында орналасқан УЕФА-ның штаб-пәтерінде Еуропа лигасының 1/16 финалына жеребе тарту рәсімі өткізілгенінен бәріңіз де хабардарсыздар. Оның қорытындысы бойынша «Астана» футболшылары Португалияның «Спортингімен» кездесетін болды. 111 жылдық бай тарихы бар лиссабондық клуб 18 рет чемпион, 21 рет күміс, 27 рет қола жүлдегер атанған. Олар 1940 жылдан бері құрлық додаларына қатысып келеді. 1963/1964 жылдардағы Кубок иелерінің кубогы турнирінде жеңімпаз атанған. 2004/2005 жылдары УЕФА кубогының шешуші ақтық финалдық сайысында мәскеулік ЦСКА (Ресей) клубынан 1:3 есебімен жеңіліп қалған болатын. Былтыр Чемпиондар лигасының D тобында Испанияның «Барселона», Италияның «Ювентус», Грекияның «Олимпиакос» клубтарымен күш сынасты. Алдыңғы екеуінен кейінгі үшінші орынды иеленді. Сөйтіп, Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне түскен.

Жорже Жезуш жаттықтыратын лиссабондық «Спортингтің» сапында Руй Патрисиу (трансфер нарығындағы бағасы – 16 миллион еуро), Жереми Матье, Фабиу Коэнтрау, Бруно Сезар, Фреди Монтеро, Сейду Думбья және Бас Дост (20 миллион еуро), Брайн Руис, Вильям Карвалью (25 миллион еуро), :Желсон Мартиньш (20 миллион еуро) секілді майталман футболшылар өнер көрсетеді. Португалия ұлттық құрама командасының бүгінгі мақтанышына айналған бес дүркін «Алтын доп» иегері Криштиану Роналду кезінде осы клубтың намысын қорғағанын бәріңіз жақсы білсеңіздер керек.

Таяуда елордалық клубтың конголық шабуылшысы Джуниор Кабананга Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласындағы «Әл-Наср» командасына ауысып кетті. Олар біздің легионерімізді екі миллион еуроға сатып алып отыр. Бұл клуб бес рет ел чемпионы және Азия кубоктары кубогының жеңімпазы атанған. Азия Суперкубогының және Парсы шығанағындағы клубтық чемпиондар кубогын екі рет еншілеген. 2015 жылы Бельгияның «Серкль Брюгге» клубынан «Астанаға» ауысып келген Джуниор 95 кездесуде 38 доп соғып, 9 нәтижелі пас берген. Үш дүркін Қазақстан чемпионы атанып, жылы ел кубогының финалында «Қайрат» қақпасына жеңіс голын соққан. Конго Демократиялық Республикасы құрамасының сапында 2017 жылғы Африка Ұлттар Кубогы турнирінің үздік сұрмергені деп танылған.

Астаналық клубтағы тағы бір «қара маржан» – Патрик Твумасиға (трансфер нарығындағы бағасы – екі миллион еуро) да «құда түсушілердің» қатары да күн санап арта түсуде. Сөз орайы келгенде Дмитрий Шомконың да трансферлік бағасы екі миллион еуро екенін тілге тиек ете кетейік. Команда сапына Бақтияр Зайнуддинов, Марко Станоевич қосылған. Владислав Прокопенко жарақатынан енді ғана айығып келеді.

Қос команда арасындағы алғашқы кездесу 15 ақпанда «Астана-Аренада» өтті. Ойынның жетінші минутында елордалық Марин Томасов есеп ашты. Жалпы, алаң иелері кездесудің бірінші кезеңінде жаман ойнаған жоқ. Өкінішке орай екінші таймның басындағы 11 минутта үш доп соққан қарсыластар жеңісті жерлестерімізден жұлып әкетті. «Спортингтің» сапынан Бруну Фернандеш (48, пенальтиден), Желсон Мартиньш (50), Сейду Думбья (56) көзге түсті. 47 минутта өздерінің айып алаңында қолына доп тигізіп, ескерту қағазын алған Юрий Логвиненко арадан 15 минут өткенде тағы да ойын тәртібін бұзып, алаңнан қуылды. Сөйтіп, он ойыншымен қалған «Астана» «Спортингке» 1:3 есебімен жол беріп қойды.

Қарымта кездесу 22 ақпанда Лиссабондағы Жозе Алваладе атындағы стадионда өтті. Бұл ойын 3:3 есебімен тең аяқталды. Алаң иелерінен Бас Дост (3), Бруну Фернандеш (53,63), ал «астаналықтардан» Марин Томасов (37), Патрик Твумаси (80), Дмитрий Шомко (90) соқты. Осылайша қазақстандық клубтардың Еурокубок бәсекелеріндегі ең ұзаққа созылған сапары аяқталып отыр.

«Астана-Аренада» Суперкубок үшін болған бәсекеде Қазақстан чемпионы – «Астана» мен ел кубогының иегері – Алматының «Қайраты» өзара күш сынасты. Жанкүйерлер «Ел классикоға» балаған бұл ойын алаң иелерінің айқын басымдылығымен өтті. Қарсыластар қақпасына жауапсыз үш гол салған Григорий Бабаянның шәкірттері Суперкубок жеңімпазы атанды. Голдарды Иван Маевский мен Миран Томасов (екеу) соқты. Осылайша «Астана» – супер командаға айналып отыр.

Қазақстан чемпионатының алғашқы турында астаналықтар Оралдың «Ақжайық» клубының қақпасына жауапсыз үш доп соғып, ірі есеппен жеңіске жетті. Екінші турда сырт алаңда ойнап, талдықорғандық “Жетісуға” жауапсыз екі доп соқты. Осылайша екі ойында өз қақпасына доп жібермеген олар 6 ұпаймен премьер-лига командаларының көшін бастап тұр.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *