АҒЫН СУДЫ ҮНЕМДЕУ КЕРЕК!

Қоғам
350 Views

«Тұрансудың» жағдайы қалай?

Еліміздегі суармалы алқаптардың 4/1 бөлігі Түркістан облысына тиесілі. Сондықтан ағын су мәселесі өте өзекті.

2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды каналдар қайта жаңғыртылатынын айтқан еді. Сонымен бірге жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшіруді тапсырды. Бұл ретте осы су нысандарын жергілікті деңгейде тиімді пайдалану арқылы Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Сауран аудандары мен Арыс, Кентау қалаларының 80 мың гектарға жуық суармалы жерін және Түркістан қаласын көгалдандыру жұмыстарын ағын сумен уақтылы қамтамасыз етуге мүмкіндік беріліп отыр.

Бүгінде өңірде шаруалардың суды қажеттіліктен артық пайдалануына, ағын су ысырабына жол бермеу және су беру тәртібін реттеу үшін облыста нақты тариф бекітілген. Нәтижесінде шаруаларға ағын суды тек қажеттіліктеріне сәйкес бөлу тәртібі енгізілген. Сонымен қатар су шығынын үнемдеу мақсатында «Түркістан» магистральды каналының бір бөлігін темір бетонмен қаптау жұмыстары аяқталып, барлық шлюздардағы су өлшегіштер есепке алынып, су балансын сақтау жұмыстары бір жүйеге келтірілген.

«Тұран су» мекемесінің міндеті – теңгерімдегі ағын су жүйелерін күтіп ұстау, реконструкциялау және егістіктерді ағын сумен қамтамасыз ету жұмыстарын жүзеге асыру.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Тұрансу» мекемесіне арнайы келіп, мекеме жұмысымен және алдағы егістік науқанына, көктемгі су тасқынының алдын алуға дайындық шараларымен жан-жақты танысты. Басқосуға облыс әкімінің орынбасарлары Арман Жетпісбай мен Ермек Кенжеханұлы да қатысты.

Сонымен бірге Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов пен «Қазсушар» РМК өкілдері қатысқан кездесу барысында «Тұрансу» ШЖҚ МКК басшысы Досхан Асылбекұлы мекеменің негізгі міндеттері бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен алдағы жоспарларды баяндады.

Облыс әкімі алдағы жауапты маусымға дайындықты пысықтап, көктемгі кезеңде су мөлшері деңгейінің көтерілуін қадағалау, су тасу қауіпінің алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Ең бастысы вегетациялық кезеңде өңір шаруаларын қажетті мөлшерде ағын сумен қамтамасыз ету негізгі міндет болып отыр. Жауапты науқан басталар тұста яғни көктемгі кезеңге су нысандарының дайындығын бағамдаған облыс әкімі жауапты сала өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

«Тұрансу» мекемесінің теңгерімінде стратегиялық маңызға ие ірі 12 су нысаны бар. Ал жалпы 5 суқойма, 3 су торабы, 3 магистралды каналы, 1 жасанды көл және 107 ішкі шаруа аралық каналдар, 3 өндірістік-техникалық базасы, 79 арнайы техникамен 15 құрал-жабдық мекеме теңгерімінде тұр.

Қазіргі таңда мекеме көктемгі егістік науқанына қызу дайындық үстінде. Биыл бірқатар канал тазаланады. Нақтырақ айтсақ, кәсіпорын теңгеріміндегі шаруааралық каналдарға (жалпыұзындығы 1120 км) механикалық тазалау жүргізілмек. Сонымен бірге иесіз, құжаты жоқ шаруааралық каналдарға (40) мемлекеттік акт жасап, кәсіпорын теңгеріміне қабылдау жұмыстары да жоспарланып отыр.

Облыс әкімінің тапсырмасынан соң, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы «Тұран су» МКК меншігіндегі су жүйелерінің жағдайымен танысты. Мақсат – көктемгі егістік науқанына дайындықты пысықтау, шаруаларды ағын сумен қамту ісін жүйелеу. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша шаруаларды ағын сумен қамту ісі тұрақты бақылауда.

Облыс әкімінің орынбасары суға жауапты басшыларға жауапты маусымға дайындықты пысықтап, көктемгі кезеңде жауын-шашынның мол түсуі ықтималдығына байланысты алдын алу шараларын күшейтуді және вегетациялық кезеңде шаруашылықтарды қажетті мөлшерде ағын сумен қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ ағын су тапшылығының алдын алу бойынша өңірде тиісті жұмыстар атқарылуда. Облыс аумағында 1200 шақырымды құрайтын 680 арықтар мен каналдар қоқыстан тазартылып, 952 шақырым арналар механикалық тазартудан өткізілді.

Мәселен, Төлеби ауданы аграрлы аймақ болғандықтан, каналдарды тазарту және қалпына келтіру жұмыстары жергілікті атқарушы органның назарында.

Осы мақсатта Кемеқалған ауылдық округіндегі «Қарақуыс» су қоймасының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Су айдынының сыйымдылығы — 1040 мың шекше метр, жалпы аумағы 13 гектарды құрайды. Құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 1 млрд. 123 млн теңге қарастырылған. Құрылыс жұмыстары биыл басталады.

Былтыр Төлеби ауданындағы «Қыр» каналының жарамсыз қалған 6 дана лотогының орнына 11 метрлік құбыр орнатылды. Сонымен қатар, «Атбұлақ», «Озерный», «Планировочный» каналдары және «Кент» магистралды каналының 480 метр аумағы қалпына келтірілді. «Тесіктас», «Горный камень», «Айналма» және «Блюскен-1» каналдары жөндеуден өтті.

Сондай-ақ Көксәйек, Қасқасу, Қаратөбе, Қоғалы ауылдық округтеріне қарасты «Жіңішке», «8-март», «Көксәйек», «Кент», «Қара-Шора», «Ұзын», «Таш», «Төңкеріс» каналдарының 6,5 шақырымы, «Науытсай», «Жаманжар», «Аққұм ішкі» және «Момынайтас» каналдарының 12,5 шақырымына механикалық тазалау жүргізілді.

Жыл басынан бері аудан аумағында төтенше жағдайларды болдырмау бағытында өңір басшысының тарапынан жүктелген тапсырма негізінде ұзындығы 7 шақырымға жуық канал механикалық тазалаудан өтті. Су тораптары жабылып, 55 елді мекен бойынша 50 шақырымға жуық ішкі арық-атыздар тазартылды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *