Д.САТЫБАЛДЫ: «МАҚСАТ – ХАЛЫҚТЫҢ ТАБЫСЫН АРТТЫРУ»

Саясат Қоғам
264 Views

СОЗАҚТА ӨНЕРКӘСІП ӨНІМІ 519 МИЛЛИАРД!

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Созақ, Сауран, Бәйдібек аудандарын аралап, жергілікті тұрғындарымен кездесті. Облыс әкімі өңірді дамытуда осындай кездесулердің маңыздылығына тоқталып, тұрғындармен ақылдаса отырып атқарылған жұмыстар жемісті болатынын атап өтті. Созаққа барған сапарында облыс әкімі Дархан Сатыбалды:

– Алдыңғы аптада ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының қабылдауында болдым. Мемлекет басшысы облысты әрі қарай дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Бүгінгі кездесуде проблемалар ашық айтылып, әділетті түрде шешу жолдарын қарастырамыз. Мақсатымыз – Президентіміз ұсынған «Әділетті қоғам» идеясы жолында шынайы еңбек ету. Түркістан облысын дамытуда сіздердің еңбектеріңіз мол. Ауданды дамыту жұмыстарын жалғастырамыз, – деді.

Облыс әкімі былтырғы кездесулер нәтижесінде ел өтініші бойынша шешімін тапқан мәселелерге тоқталды. Атап айтсақ, Аққолтық елді мекенінде 75 орындық ауылдық клубтың құрылыс жұмыстарына 97 млн. теңге қарастырылып, пайдалануға берілді. Биыл Тасты ауылында 75 орындық ауылдық клубтың құрылысын жүргізу үшін бюджеттен 181 млн. теңге бөлінді.

Аққолтық елді мекенінде «Кселл» тарапынан байланыс арнасы мен интернет желісінің базалық станциясы орнатылып, интернет сапасы жақсарған. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында былтыр Созақ елді мекенінде 150 млн. теңгеге футбол алаңшасының құрылысы жүргізілген.

Тасты, Жуантөбе, Қаратау, Сызған, Құмкент, Жартытөбе ауылдары мен Қыземшек және Таукентте дәрігерлік амбулатория ғимараттарының жылыту қазандықтары жаңартылған. Аудандық орталық ауруханасына 57 млн. теңгеге реабилитациялық медициналық құрал-жабдықтар сатып алынған. Жұқпалы аурулар бөлімінің ғимаратына 32 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Шолаққорған ауылындағы «Ақшам» және «Наурыз» шағынаудандарының су құбыры желілерін салуға қаржы бөлінген.

Шолаққорған ауылының 16 көшесіне электр желілері жүргізіліп, 10 дана жаңа трансформатор мен 388 дана жарықтандыру шамы орнатылған.

Кездесуде тұрғындар тарапынан инфрақұрылымды жақсарту жөнінде өтініштер айтылды. Облыс әкімінің жеке қабылдауында да ұсыныстар беріліп, тұрғындардың сұрақтары тыңдалды. Дархан Амангелдіұлы әрбір өтініш назарға алынатынын жеткізді.

Былтыр Созақ ауданында өнеркәсіп өнім көлемі 519 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 100 млрд. теңгеге артты. Инвестиция көлемі 61,2 млрд. теңгені құрады. Алдағы екі жылда 475 млн. теңгеге 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 19,7 млрд. теңгеге жетті. Елді мекендердегі ішкі көшелерді жөндеу үшін бюджеттен былтыр 442 млн. теңге бөлініп, 34 шақырымды құрайтын 23 көше жөндеуден өтті. Осы жылы бюджеттен 27 шақырымды құрайтын 24 көшенің жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінді. Сонымен қатар ауданда облыстық маңызы бар 5 автомобиль жолын жөндеуге осы жылы бюджеттен қаржы қаралып, жұмыстар жүріп жатыр.

САУРАНДА САНСЫЗ ТІРЛІК…

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданына барып, тұрғындармен кездесті. Облысты, ауданды дамыту жоспары туралы баяндап, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Сұрақтарына жауап берді.

– Сауран ауданы жаңадан құрылған соң әлеуметтік-экономикалық дамуы жандана түсті. Дегенмен инвестиция көлемін ұлғайту жұмыстарын күшейту керек. Облыс орталығына жақын орналасқандықтан ауданның әлеуеті жоғары. Жаңа кәсіпорындар ашуға мүмкіндік мол. Екіншіден, орта ғасырлардан сыр шертетін тарихи Сауран қалашығы бар. Туризмді дамытуға болады. Аудан әкімі осы бағытта жұмыс жүргізуі тиіс. Сауран ауданын дамыту жұмыстары жалғасады, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімінің саурандықтармен былтырғы кездесуі нәтижесінде бірқатар мәселе шешімін тапқан. Иассы ауылдық округінің интернет желісінің нашарлығы туралы шағымға байланысты Еңбекші-дихан елді мекенінде «Билайн», «Кселл» операторының 4G стандартын қолдайтын жаңа станциялары орнатылды. Егізқара елді мекеніне баратын жол жөнделген. Ауданың инфрақұрылымын жақсарту бағытында жұмыс жалғасуда.

Кездесуде тұрғындар инфрақұрылым, жол, ауыз су, ағын су және өзге де мәселелерді қозғады. Жеке қабылдауда да облыс әкімі тұрғындармен пікір алмасып, мәселелерді шешу жолдарын бірге талқылады.

Былтыр Сауран ауданында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 8,1 млрд. теңгені, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 5,3 млрд. теңгені құрады. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5 мыңнан асып, 43,4 млрд. теңгеге өнім өндірді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17%-ға артық.

Сауран ауданы құрылғалы бері 26 млрд. теңге инвестиция тартылды, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2%-ға артық. Оның ішінде 20 млрд. теңгесі – жеке инвестициялар. 2022 жылы жалпы құны 3 млрд. 429 млн теңгені құрайтын 4 (жеке) инвестициялық жоба 384 жаңа жұмыс орнымен іске қосылды. Биыл құны 6,3 млрд. теңгені құрайтын 6 жеке инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде 195 жаңа жұмыс орны ашылады. Ауыл шаруашылығында 87 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 1,7%-ды құрады. Егіс көлемі 42 мың гектарға жетті.

Өткен жылы 34 шақырымды құрайтын 18 көшені жөндеуге 1,5 млрд. теңге бөлінді. Нәтижесінде қанағатты жағдайдағы жолдар үлесі артты.

Ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі 4,3 млрд. теңгені құрап, 24%-ға артқан. 30 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, құрылыс көлемі 44%-ға ұлғайып отыр.

Қазіргі таңда Сауран ауданында 5 мемлекеттік орган ғимараттарының құрылысы жүргізілуде.

АУЫЛДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСАДЫ

Ал бәйдібектіктермен кездесуде ауданды, облысты дамыту бағытындағы жұмыстар мен алдағы жоспарлар баяндалды.

Облыс әкімінің аудан халқымен былтырғы кездесуінде маңызды ұсыныстар беріліп, бірқатары орындалған болатын. Атап айтсақ, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 220 млн. теңге бөлініп, Жамбыл елді мекеніндегі 18 шақырымды құрайтын 6 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Жамбыл-Шаян» және «Бірлік-Сарқырама-Шалдар» автомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нысандар толық пайдалануға берілді.

Боралдай және Жоғарғы Боралдай елді мекендерінде инженерлік инфрақұрылым құрылысы жүргізілген.

Шаян ауылындағы кітапхананың құрылысына және Бәйдібек ата, Ағыбет елді мекендерінде дене шынықтыру кешендерінің құрылысына қаржылары бөлінді. Алмалы елді мекеніндегі тозған электр бағаналары ауыстырылып, ағымдағы жөндеу жұмыстары қазан айында жүргізілді. Сонымен қатар «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында былтыр Жолғабас елді мекеніндегі мектепке қосымша ғимараттың құрылысы және Ағыбет елді мекеніндегі мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ел өтініші орындалған.

– Жалпы, сіздер көтерген барлық сұрақтар біртіндеп өз шешімін табуда.

Кейбір мәселелерді шешу үшін бюджеттен қаржы қарастыру кезінде қосымша уақыт қажет. Президентіміз ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жоспарлануда. Мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, Бәйдібек ауданында өнеркәсіп пен инвестиция көлемін арттыру керек. Аудан басшысы осы бағытта жұмысты жандандыруы тиіс. Оған мүмкіндік бар. Облыс тарапынан қолдау болады. Мен негізі Бәйдібек ауданына жиі келіп тұрамын. Бұл жақтан елге танымал тұлғалар шыққан. Тұрғындары өте қабілетті. Ауданның әлеуеті зор деп есептеймін, – деді Дархан Сатыбалды.

Кездесуде тұрғындар екі мектепті күрделі жөндеуден өткізу, газ тарту, жол салу және өзге де мәселелерді қозғады. Бұл түйткілдер шешілетін болды. Облыс әкімінің жеке қабылдауындағы мәселелер де назарға алынды.

Ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 мыңнан асып, қазіргі таңда 6 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Халықтың табысын арттыру мақсатында арнайы жұмыспен қамту картасы бекітіліп, Бәйдібек ауданы бойынша былтыр 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. «Еңбек» бағыты бойынша 3 200 адам жұмыспен қамтылған.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында Шаян ауылында 300 орындық 1 жаңа мектептің құрылысы жүреді. Шақпақ елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаторияны күрделі жөндеуден өткізу үшін қаржы қаралды.

Аудандағы 51 елді мекеннің 43 елді мекені (84,3 пайызы) орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл бағытта жұмыс жалғасады. 16 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін 4,7 млрд. теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Жыл соңына дейін 4 елді мекенде құрылыс жұмыстарын аяқтап, газға қосу көзделіп отыр.

Былтыр Бәйдібекте негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 21,6 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 7,1 млрд. теңгеге артты.

Алдағы екі жылда жалпы құны 6,4 млрд. теңгеге 8 жобаны іске асыру жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы саласында 35,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілген.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *