Балталы АМАНГЕЛДИЕВ: «ЖАТ АҒЫМҒА БОЙ АЛДЫРМАС ҮШІН ІШКІ СҮЗГІДЕН ӨТКІЗЕТІН РУХАНИ САНА ҚАЛЫПТАСУ ҚАЖЕТ»

Дін Руханият
662 Views

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы қыркүйек айының басында жариялаған кезекті Жолдауында қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтау,этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлықазаматымыз түсінуі қажет екендігіне айырықша тоқтап өтті.

Осы орайда қала аумағында тұрақты діни ахуалды қамтамасыз ету, жұртшылық арасында дін мәселелеріне қатысты сауалнамалар жүргізу арқылы әлеуметтік зерттеулермен айналысып, діни экстремизм мен кереғар діни ағымдар, секталар, олардың қоғамға зияндылығы әрі қауіптілігі тұрғысында жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келе жатқан Шымкент қаласы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Балталы Шажалыұлы Амангелдиевті жоғарыдағы тақырып төңірегіндегі әңгімеге тартқан едік.

ШЕТ МЕМЛЕКЕТ АЗАМАТТАРЫНЫҢ УАҒЫЗДАРЫН ТЫҢДАУҒА САҚ БОЛУ КЕРЕК

– Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы аумағында қанша конфессия бар?

– Қазақстан Республикасы аумағында 18 конфессия бар. Шымкент қаласы аумағында 11 конфессияға қарасты 31 діни бірлестіктер мен 106 филиалдар тіркелген. Тіркелген діни бірлестіктер мен филиалдар елдегі діни тұрақтылықты сақтауға өз үлестерін қосып отырады.

– Сіз басқарып отырған мекеме осы конфессиялардың қай бағытына басымдық бере отырып жұмыс жүргізуде?

– ҚР 2011 жылғы 11 қазанда бекітілген «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңында атап көрсетілгендей, олар өз жұмыстарын демократиялық, зайырлы мемлекет ретiнде орнықтыратынын, әркiмнiң ар-ождан бостандығы құқығын растайтынын, әркiмнiң дiни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретінін, ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге ала отырып жүргізеді. Аталмыш заңда айтып өткендей «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» ҚР аумағында тіркелген конфессия өкілдерімен өзара ынтымақта жұмыс жүргізіп келеді.

– Әлеуметтік желіде радикалды топтарға кіріп кеткен 84 мыңнан аса отандасымызды шығарып алғанын Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов жақында мәлімдеді. Ғаламтордағы ақпараттың қаншалықты экстремистік, радикалды бағытта жазылғанын қалай анықтауға болады? Бірер кеңес беріп өтсеңіз.

– Бүгінде ғаламтор желісінде діни уағызшылар мен насихатшылар тобының артқаны байқалады. Олардың ішінде дұрысы да бұрысы да бар. Енді бұларды қалай ажырата аламыз?

Біріншіден, дінді мешіттен немесе арнайы діни оқу орындарына барып үйренген дұрыс. Кейін ҚМДБ мақұлдаған дін уағызшыларын ғана таңдау керек.

Екіншіден, дәстүрлі діни уағызшылардың бейне роликтері, үгіт-насихаттары muftyat kz., kazislam kz., muslim kz., сияқты т.б. электронды сайттарында жүктеулі тұр. Қалаған уақытта сол сайттарға кіріп имамдардың және сол уағызшылардың уағызын тыңдай аласыз.

Үшіншіден, шет мемлекет азаматтарының уағыздарын тыңдауға сақ болу керек. Бұлардың қатарына тек шетел азаматтары емес, діни көзқарастары үшін Қазақстан жерінен депортацияланған азаматтар да кіреді. Өйткені кейбір адамдар сыртта отырып дін атын жамылып ел ішіндегі тұрақтылықты бұзуды қалайды.

Төртіншіден, ғаламтор кеңістігін тиімді пайдалана отырып, жалған ұрандарымен дінді бұрмалап, жастарға ықпал етудің түрлі жолдарын жасайды. Ал, шынайы діннің мазмұнын әлі жете түсініп үлгермеген жастар ғаламторды «кезіп» жүріп ұрынып қалуы да мүмкін. Мұндай жалған ақпараттарға ұрынбау үшін ішкі сүзгіден өткізетін рухани, мәдени сананы қалыптастыруымыз қажет. Бұл орайда білмегенді сұрауды, ізденуді, салыстыруды және оқып-талдауды тоқтатпағанымыз жөн.

ТӘЛІПТЕРДІҢ САЛАФИТТІК КӨЗҚАРАСТАҒЫ ТОПТАРДАН АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ НЕ?

– Ауғанстанда тәліптер билікке келгелі Орта Азия елдері етек-жеңін жинай бастады. Экстремистік бағыттағы тәліптердің салафиттік көзқарастағы топтардан айырмашылығы не? Тәліптер деген кімдер, ұстанымы қандай?

– «Талиб» араб тілінде ізденуші, шәкірт деген мағынасын білдіреді. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары Кеңес үкіметі коммунистік идеологияның аясын кеңейту мақсатымен Ауғанстанға басып кірді. Нәтижесінде көптеген босқын Ауған жеткіншектері Пәкістандағы Пешевардағы Диобенттік бағыттағы Хаккани медресесінде білім алады.

Кеңес Үкіметінің әскері 1989 жылы Ауған жерін тастап шыққаннан кейін билік басына келген моджахедтер мен тәлібтердің ара қатынасына жік түсіп, екі тарап бір-бірімен соғысуға мәжбүр болды. 1995 жылы Деобенттік мектептің өкілі Мохаммад Омар жетекшілігінде Ауғанстанның басым көпшілігін жаулап алды. Әу баста Мохаммад Омар Қандағар қаласын тәліб қозғаласының орталығы етті. Кейін 1996 жылы Кабул қаласын басып алып, тәлібтер Ауғанстан билігін қолына алды. Олар Ауғанстандағы мемлекет жүйесін Ислам шариғатына сай құрғысы келді. Мемлекеттің ең жоғарғы билік институты – «Ислам Шурасы» болды. Ал, мемлекет әмірі болып Мохаммад Омардің өзі сайланды. Тәлібтер билікке келе салып, қоғамдық қатынастарды Ислам шариғатын сай реттейтін саяси жүйені енгізді.

Негізінен, «Талибан» ұйымы діни, этникалық және саяси ұстаным тұрғысынан бірегей емес. Әсіресе, оның діни құрылымы өте күрделі. Тәліптер діни дүниетанымы қарама-қайшы радикалды топтардың басын қосып, ортақ мүддеге жұмылдыруда сәтті тәжірибе жасай алды. Олардың құрамында сүнниттік бағыттағы және мазһабтарды мойындамайтын псевдосалафилік сенімдегі ұйымдардың топтары да бар. Ақпараттарға сүйенсек, бүгінде Талибан қатарында «Ислам мемлекеті», «әл-Каида», «Лашкар-и-Тайба», «Жамағат-Ансаруллах», «Өзбекстан ислам қозғалысы», «Шығыс Түркістан ислам қозғалысы» сияқты террорлық және экстремистік ұйымдардың жасақтары жинақталған («Талибан» қозғалысына 15.03.2015 жылы сот шешімімен Қазақстан аумағында әрекет етуге тиым салынған).

Тәліптердің ұстанымы ақида тұрғысынан сәлафилік ақидадан өзгеше болғанымен, идеологиялық тұрғыдан ұстанымы бір. Сәлафилік идеология радикалды әрекеттерге алып келеді және сол тараптағы псевдосәләфилік ақиқатты алға тартады. Дәл осылайша тәліптердің ұстанымы ешқандай қоғамға зиянды көзқарас қалыптастырмағанымен, сол дәстүрлі ұстанымның өзін догматты түрде қабылдап радикалды топқа айналдырады. Яғни модерндік өзгеріске ұшырамаған жолдамыз деген алдамшы пікірге сенім білдіріп әр-түрлі қан төгістерге бой алдырып жатыр.

– Біз мынаны білгіміз келеді, Сирияға ағылып кетіп жатқан жылдардағыдай емес, одан бері елімізде жат ағымның алдын-алу бағытында пәрменді жұмыстар жүргізіліп келеді. Нәтижесі қандай? Радикалдар тобының азайғаны немесе көбейгені туралы мағлұматтарға тоқтап өтсеңіз?

– Жат ағымның алдын алу мәселесінде біздің елдің позициясы белгілі. Біздің ел – күшпен емес, біліммен жеңуді көздейді. Елбасының өзі қазақ елінің тарихында дәстүрлі дінді ұстанған зиялы қауымның болғандығын үнемі ескертіп, олардан үлгі алуымызды айтқан. Қазіргі таңда еліміздің әр аймағы бойынша дін мәселелерін зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Орталықтың өзіндік көптеген функциялары бар. Ал сол функцияның бірі — осы жат ағымның жетегінде кеткендерді кері қайтару. Бұл бойынша оңалтумен айналысатын арнайы дипломы бар теолог, дінтанушы, исламтанушы мамандар жұмыс істейді. Кейбіреулерімен жеке кездесулер ұйымдастырылса, кейбіреуімен құқық қорғау органдарымен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. «Жусан» операциясымен елге оралған азаматшалармен және экстремизм мен терроризм бабы бойынша сотталып, түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтарды оңалту бойынша да түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Шымкент қаласы дін мәселесін зерттеу орталығы теологтары жыл сайын 70-80 шамасындағы деструктивті көзқарастағы азаматтарды оңалтып отырады.

ШАРИҒАТТА БІР НӘРСЕНІҢ РАС — ӨТІРІГІНЕ КӨЗІҢ ЖЕТПЕЙ АҚПАРАТ ТАРАТУҒА БОЛМАЙДЫ

– Қоғамдағы кейбір азаматтарымыздың екпе салдыруға үзілді-кесілді қарсы болатыны неліктен? Олардың арасында көбіне керағар ағымдағы, кейде намазханмын дейтін дәстүрлі дін жолындағы азаматтар бой көрсетіп қалады…

– Ковид-19 ауруы қаншама жанның өмірін қиып жатқанын өз көзімізбен көріп отырмыз. Соған қарамай вакцинаға сенімсіздік танытып, оны жасатудан бас тартып, қарсы болып жүргендер де аз емес. Оның өзіндік себептері де бар, әрине. Әлеуметтік желілерде әркім әртүрлі жалған мәліметтерді тарату арқылы қоғам арасында үрей ұялатып жатыр.

Шариғатта бір нәрсенің шын — өтірігіне толық көзің жетпей ақпарат таратуға болмайды. Сондықтан да вакцинаға қатысты мәселелерде тек қана медицина қызметкерлеріне жүгіну керек. Өйткені Құран Кәрімде «Білмегендеріңді білім иелерінен сұраңдар» деген. Сондай-ақ басқа бір аятында «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» деген.

Ковид-19 ауруына шалдыққан кезде немесе одан сақтанудың жолдарын біз әлеуметтік желілердегі блогерлер, саясаттанушылар немесе имамдардан сұрағанымыз дұрыс болмайды. Діни тұрғыдан вакцинаның құрамында арам нәрсенің бар-жоғын ғана білу маңызды. Бұл орайда қазіргі вакциналарды алуға болатынын және қажет екендігі жайлы ҚМДБ-ның пәтуасы шықты. Соған қарамай арамызда вакцина салдырғанды шариғат тұрғысынан дұрыс емес деп уағыз таратып жүргендер де жоқ емес.

Ислам дінінде ең үлкен байлық денсаулық пен тыныштық екендігі жайлы көп айтылған. Жұқпалы аурулар жайлы Пайғамбарымыз (с.а.у) айтқан хадистері де жеткілікті. «Алапеске шалдыққан адамнан жыртқыш хайуаннан қашқандай қашыңдар (яғни қорғаныңдар). Алапес адам бір жерге баратын болса, сендер басқа жаққа кетіңдер. Алапеске шалдыққан науқасқа көп қарай бермеңдер. Олармен сөйлескен кезде де араларыңда бір немесе екі найза бойы қашықтықты ұстаңдар» – деген хадис шәріп арқылы ескерту жасайды. Пайғамбарымыз хадисінде жұқпалы аурудан қорғану бойынша шектеулердің жай-жапсарын үйретеді. Осы нәрселерді біле-көре тұрып, өзіміздің өмірімізге қауіп төндіруден сақтануымыз керек.

Алдағы уақыттарда бұрынғыдай тыныш замандарға қайту әрбіріміздің қолымызда. Өзіміз белсенділік танытып, ауруға қарсы тұруымыз керек. Өйткені Алла да әрекет еткен адамға, ұйымшыл қоғамға өз берекетін береді.

– Енді биылғы атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасап өтсеңіз?

– Белгіленген жоспарларды жүзеге асыру мақсатында қазіргі кезде Шымкент қаласы бойынша 4 аудандық ақпараттық-түсіндірме топтар (АТТ), олардың құрамында 60-қа жуық топшалар жұмыс жүргізуде.

Олардың қатарына мемлекеттік мекемелер қызметкерлері, дінтанушы, теолог мамандар, дәстүрлі діндер өкілдері, жергілікті маслихат депутаттары, ардагерлер, билер, зиялы қауым өкілдері, белгілі спортшылар, жастар барлығы 500-ге жуық адам енгізілген.

Дін саласындағы ақпараттық-түсіндірме топтар өз жұмысын негізгі 5 бағытта: ауыл округтер мен елді мекен тұрғындары; мекеме қызметкерлері; жоғары оқу орындары; орта арнаулы оқу орындары; мектеп оқушылары арасында жүзеге асыруда.

Іс-шаралар жоспарына сәйкес қала, аудандардағы ақпараттық-түсіндірме топтар үшін бір жылға арналған типтік тақырыптық бағдарлама, соған сәйкес қажетті әдебиеттер мен басқа да аудио, бейнематериалдар дайындалып, кездесулер барысында қамтамасыз етілді. Қала бойынша арнайы 50-ге жуық оқыту-семинарлар өткізілді. Нәтижесінде ақпараттық-түсіндірме топтар мүшелерінің халықпен өткізетін кездесулерінің тиімділігі, нәтижелілігі арттырылды.

Бүгінгі жағдайда ақпараттық-түсіндірме топтар жұмысы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі тарапынан берілген әдістемелік нұсқаулыққа сәйкес жаңа бағдарлама негізінде жүзеге асырылуда.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстардың өзекті бағыты – қаладағы жоғары және арнаулы орта оқу орындары жастары мен мектеп оқушылары арасындағы жұмыс болып отыр.

Қала, аудандық ақпараттық-түсіндірме топтары тарапынан бұл ортада кездесулер өткізуде. Алайда, бүгінгі эпидемиялық қатерлі жағдайға байланысты оқу орындарындағы жастардың барлығын бірдей толыққанды қамтуға мүмкіндік болмай отырғаны анық.

Сондықтан Шымкент қаласы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бірқатар пәрменді жұмыстарды қолға алып отыр. Атап айтқанда, Шымкент қаласының жоғары, арнаулы орта оқу орындары мен жалпы білім беретін мектептер жастары арасында дін саласына қатысты атқарылатын жұмыстардың нақты жүйесін қалыптастыру мақсатында арнайы нұсқаулық дайындалып, қала әкімінің орынбасары тарапынан бекітілді. Нұсқаулықта әрбір оқу орнында атқарылуға тиіс жұмыстар нақты көрсетілді. Нәтижесінде қаладағы жоғары, орта арнаулы орта оқу орындары мен мектептерде арнайы орталықтар және олардың жанынан ақпараттық-түсіндірме топтары құрылып, жұмыс жүргізуде.

Орталықтардың 1 жылға арналған жұмыс жоспарлары және ақпараттық-түсіндірме топтары кездесулерінің желілік кестелері жасалынып, бекітілді.

Жыл басынан бері, қазіргі күнге дейін 336 кездесу өткізілген, оның онлайн – 141, оффлайн – 195. Жалпы қамтылғандар саны 32 226 адамды құрады.

Жоспарлы түрде практикалық көмектер, семинарлар өткізіліп, оқу орындарындағы жұмыстар жүйеге келтірілді.

Ақпараттық-түсіндірме топтары тарапынан өткізілген кездесулер БАҚ құралдарында кеңінен насихатталуда.

Сондай-ақ, жастарды кереғар діни ағымдардың ықпалынан сақтау, жастардың діни иммунитетін көтеру мақсатында орталық тарапынан «Haqjoly.kz» діни ақпараттық порталы ашылып жұмыс жасауда. Жыл басынан аталмыш сайтта 180 мақалалар, 550 жаңалықтар, 132 бейнероликтер енгізілді.

– Алдағы жоспарлар туралы айтсаңыз?

– Алдағы уақыттарда білікті де, білімді және тәжірибелі мамандарымызбен жұмылып дін мәселесі бойынша көптеген түсіндірме жұмыстарын жүргізу басты мақсатымыз. Атап айтқанда:

— Жастарға деструктивті діни ағымдардың алдын алу және одан сақтандыру мақсатында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу;

— Қоғамда белең алып жатқан экстремизм мен терроризмнің алдын алу туралы сауалнамалар жүргізу арқылы қазіргі ахуалды зерттеу;

— Әлеуметтік желілерде талдау және мониторинг жұмыстарын жүргізу;

— Деструктивті діни ағымдардағы азаматтармен оңалту және психологиялық жұмыстар жүргізу;

Қорыта айтқанда, сан алуан ұлт және конфессия өкілдері мекен ететін біздің еліміз олардың тығыз өзара әрекеттесуінің мол тәжірибесіне ие және өркениеттер мен конфессиялардың жемісті сұхбатының мекені болу атағына бірден бір лайықты ел.

Біз қоғамда қалыптасқан саяси тұрақтылықты, ұлттар арасындағы ауызбіршілікті, ағайын арасындағы сыйластықты, адамдардың бір-біріне деген мейірімділігін көздің қарашығындай сақтауды жас ұрпаққа аманат етіп қалдыруға тиіспіз.

Сұхбаттасқан Құралай АХМЕТОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *